Қамшының құдыреті
Көне грек тарихшысы Геродоттың жазбаларында сақтар жайлы жазып кеткен мынадай бір дерек кездеседі.
Сақтар Азия мен Еуропаны жаулап, есімдері төрткүл дүниенің аузында жүрген кезі. Ай демей, күн демей ұзақ жылдар бойы өмірлері ат үстінде өтіп, не бір қанды жорықтарда жаудың бетін қайтарып, жортуыл жолдары ұзара-ұзара бір кезде Еуропа асып кетіпті. Осындай бір ұзақ жорық елу жылға созылыпты. Басып алған жерлеріндегі халықты тізе бүктіріп, туған жұртына оралуға асықпай жата берген екен. Содан күндердің күнінде жат елде жүрген сақтар туған жеріне оралуға шешім қабылдап, күлдір-күлдір күреңдерін мініп, жалаулы найзасын қолдарына алып, күн түбінен кері аттаныпты.
Ерлері соғысқа кеткен сақ арулары күйеулерін ұзақ жыл күтіпті. Ерлерінен ешқандай хабар жоқ һәм өлі-тірісін білмеген әйелдер өздерінің соқыр құлдарына тиіп, олардан бала туып алған екен. Құлдардың соқыр болған себебі, сақтар оларды әйелдерге қарамасын деп көздерін ойып алып тастаған екен. Сөйтіп, сақ жауынгерлері елдің шетіне келсе, құлдан туған ұлдар қолдарына қару ұстап, оларды елге кіргізбей, соғысады. Құлдардан мұндайды күтпеген сақ жауыргерлері айран-асыр болыпты. Айқас ұзаққа созылады. Құлдар алдырмайды, сақтар да беріспейді. Әркім бар қабілетін салып қылыштасады. Құлдарды жеңе алмай, амалы таусылған сақтар кеңес құрады. Сонда бір ақылгөл қария: “Ей, сақ жауынгерлері! Осы біз не істеп жүрміз? Біз өз құлдарымызбен соғысып жүрміз. Біздер қарумен соғысқандықтан олар өздерін тең санап, алдырмай жүр. Бар қару-жарақтарымызды тастап, қамшы алып шығайық. Алыста тұрып қамшыны ысылдатып, көрейік. Олар қамшының суылын естіп, өздерінің құл екендігі есіне түсуі тиіс, яғни, олардың қанындағы құлдық сезімін оятайық” дейді. Сақтар бұл кеңесті мақұл көріп, құлдарға қамшымен қарсы шығады. Қожайынның айқайы мен қамшының ысылын естіген құлдан туған ұрпақтардың қанындағы құлдық санасы оянып, соғысты тастай қашыпты.
Ерлан Алтай
Пікір қалдыру