|  | 

Тұлғалар

Гүлзина БЕКТАС. АЛТАЙЫНЫҢ ОРМАНЫНА ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАРАҒАЙ

(Дидахмет Әшімханұлы туралы бір үзік сыр)

«…Көркем шығармада, мейлі, қанша кейіпкер болмасын, оның басты кейіпкері біреу-ақ. Ол – шығарма атты кең сахнада бүкіл рөлді жалғыз ойнап шығатын ұлы актер – автордың өзі. Ол қай кейіпкерінің аузынан сөйлесе де, алдымен оның харак­терін ашуға, одан типтік бейне жасауға, сосын шығарманың ішкі иірімінде өзінің өмірге, қоғамға деген жеке көзқарасын біл­діруге, адамдар арасындағы күрделі, күресті қарым-қатынастардың сыр-сипатын ашуға ұмтылады; сан түрлі құбылыстарға өзіндік бағасын береді; осы арқылы өзі өмір сүріп отырған ортаның немесе белгілі бір уақыт­тың психологиялық болмысын көрсетеді» дейді. Мұны айтып отырған жазушы Ди­дахмет Әшімханұлы. Иә, Дидағаның про­залық бес жинағы бар екен. Бес кітабының да бас кейіпкері өзі. Прозалық шығарма­лары бесеу ғана болғанымен, салмағы ауыр. Көтерген жүгі жеңіл емес. Ең бастысы, бас кейіпкер жүрген жол, бас кейіпкер салған соқпақ өзгеше…
Қайран, Дидаға! Алпыс бесіңізге са­нау­лы күндер ғана қалғанда бақилық болды­ңыз… Сізден қапияда айырылып қаламыз деген ой өңіміз түгілі, түсімізге де енбеген екен-ау! Тағдыр деген осы. Сіздің жарқын келбетіңіз, сіздің өзгеше әлеміңіз, сіз шерт­кен әдемі естеліктер ғана жанға қуат береді. Біз Дидағаны қаршадай кезімізден бастап таныдық. «Түркістанның» табалдырығын аттаған сәттен біз оған, ол бізге жақын еді. Бізді жақындатқан рухани әлем, рухани кеңістік болатын. Мәдениет әлеміне қалам тербеген алғашқы күннен-ақ Дидаға біз­дің рухани ұстазымызға айналды.
Әлі күнге алғашқы айтқан сөзі есімде. «Публицистиканың орны бөлек, қалқам! Онда аты-жөні белгілі қанша кейіпкер бол­са да, оның басты кейіпкері біреу-ақ, ол – халық. Публицист кім туралы, не туралы жазса да, оның негізгі фонында халық тұ­руы керек» дейтін. Біз сол үрдістен шыға алдық па, жоқ па, білмедік. Бірақ Дида­ғаның публицистиканың негізгі фонында әлеуметтің бар екенін, әлеуметке қызмет ету жолындағы жауапкершіліктің ауыр­лы­ғын сезінгені, шындық пен әділет дейтін ұғымнан алыстамағаны ақиқат еді.
Жақсылық дейтін қасиеттің бәрі Дида­ғаның өн бойынан табылатын. Өзінде бар­ды өзгеден көргісі келген себебі де осында. Өзі қадірлеген құндылықтарды өзгелерден іздегені де сондықтан.
…Әңгімешіл еді. Әңгіменің бәрі ұлтқа, әдебиетке, мәдениетке тірелетін. Дидаға ең алдымен қара сөзді ерекше қадір тұтты. Қара өлеңді көркем сөзбен кестелеген қа­ламгерді қасиет көрді. Соның бірі – Бейім­бет Майлин. «Неге Бейімбет?» дейтінбіз үнемі. «Өзің қарашы, Бейімбеттің әрбір сөзі сурет болып төгіліп тұрған жоқ па? Әң­гімені Бейімбеттей шебер жазған ешкім жоқ. Бейімбет көпсөзділіктен қашты. Әң­гімелерінің бәрі жұп-жұмыр, жып-жинақы. Артық-ауыс, кесіп-қырқып тастайтын дү­ние жоқ. Маған сенбесеңдер, өздерің Бейім­бетті оқыңдар» дейтін.
Бейімбетті бұрыннан қадірлеуші едік. Дидаға айтқан соң, тіптен Бейімбеттен ажырамайтын болдық. Дидағаң сүйсінген суреттер суреткердің кез келген шығар­ма­сынан табыла кететіні даусыз еді. Дида­ға­ның тағы бір ерекше қасиеті – өзі ұнатқан шығармасын жатқа оқитыны. Бірде каби­нетінде отырып, Бейімбет Майлиннің әң­гімелерін тағы талдай жөнелдік. Біз «Шұға­ны» айтып әлекпіз. Ол кісі: «Шұғаның» ке­реметтігіне дау бар ма? Сендер ана «Айт күндерін» оқыдыңдар ма? Құдайым-ау, неткен шеберлік, неткен сурет! Сенбесеңдер қараңдаршы…»
Аға дереу жатқа оқи жөнелетін…
«Ет желінді, қымыз ішілді, жұрт жина­лып елдің сыртындағы белеске шығып, жалау байлап, ойын қылуға айналды. Ақ­сақалдың сөзін тыңдаған жан жоқ.
Ат шабыс, күрес, тоқ бәйге.
Аштан өлген Бәкен мен Зейнепке көп­тің көрсеткен құрметі «тілеулері дұрыс екен, айт күні қайтты!..» болды»…
«Қараңдаршы, дәл бұлай шебер жеткізу Бейімбеттің ғана қолынан келеді» дейтін.
«Мәдениетті қазақ прозасы, тіпті дра­ма­ның өзі осы Жүсіпбектен басталады. Тек бір ғана Аймауытовтан айырылуымыздың өзі біздің әдебиетімізді жарты ғасырға кейінге ысырып тастады. Бір Аймауытов­тың өзі бір көркем қол, бір әскер сияқты еді! Әуезовтің өзі Жүсіпбектің шапанынан шыққан» дей­тін Қалихан аға әңгімесін еске түсіріп, «Сіз Бейімбет шығармаларын айта­сыз. Ал Қа­ли­хан ағаңыз Жүсіпбек Аймауы­товты жоғары қояды» дейміз.
«Қара шалдың Жүсіпбекті биік қоятын жөні бар. Жүсіпбектің шығармалары ақ өлең боп төгіліп тұр. Сурет қандай, сөз қан­дай! Қалихан ағаңның өзгеше қадір тұта­тыны сондықтан. Бірақ мен үшін Бейім­беттің жолы бөлек» деуші еді. Майлин әң­гімелерінің көркемдігін әсірелеп, сурет­тегені соншалық, Дидағаның арқасында әрқайсысымыздың Бейімбетшіл болып ал­ға­нымыз шындық еді.
…Мұқағалиды жақсы көрді. Жұмекен деп жыр шертетін. Жарасқанның әлеміне бір сүңгіп алатын. Шерағаңды ерекше қадір тұтты. «Шерағаңдай бас редактор болмай­тын шығар, сірә» деуші еді. Ол кісіні үнемі «редактор-генератор» санауы да сондықтан. Шерағаңнан алған тәлім-тәрбие, Қалтай Мұхамеджановтан бойға сіңірген ерекше қасиет – шәкірттерін тәрбиелеуге жететін жүз жылдық азық, мың жылдық қор еді. Ол сол тәрбиені өзінің айналасына жиналған жас дарындардың бойына сіңіре білді. Шер­­­хан Мұртаза, Оралхан Бөкей салған журналистикадағы соны соқпақ Дидахмет Әшімханұлының мектебіне ұласты.
…Дидаға жетелеген тағы бір әлем бар: Ол – Мұратбеков әлемі. «Алғашқы қар», «Менің қарындасым», «Қылау», «Райгүл» бізді бұрыннан қызықтыратын. Ал Дидағаң тамсана әңгімелеген кезде жазушы шы­ғармашылығына қалай дендеп еніп кетке­нің­ді байқамай қаласың. Сайын Мұрат­бековтың кітабын құшақтап жүргенің.
…Ұқыпты еді. Сол ұқыптылықты біз де бойға жинауға тырыстық. Оқуға түс­кен сәтінен бастап, күнделік жүргізгенін айтып еді. Алғашқы күнделіктері жеңіл-желпі, қарапайым нәрселерден тұрғанын, кейі­нірек салмақты ойларды қағазға түсіре бастағанын айтатын. Ол күнделіктерінде қазақтың беткеұстар қаймақтарымен ара­ласқан, бірге жүрген, солардың аузынан шыққан құнды ой-пікірлер, салмақты сөз­дер қағаз бетіне өріліп, ескерткіш болып қал­ды. Өткен жылы «Қазақ әдебиеті» га­зетінің 80 жылдығы қарсаңында Дидаға­-ның Шерхан Мұртазамен бірге әріптес бол­ған жылдары туралы жазылған күнде­ліктерін аттай қалап, сұратып алған еді. Күн­делік те тарих. Ол тасқа қашалып жа­зылған жазулар секілді, мәңгі өшпейді. Ол күнделікте өткен күндердің тарихы бар.
Ең өкініштісі, Дидағаның сары майдай сақталған сол қағаздардан коллеграфиялық бір кітап шығарсам деген арманына жете алмағаны. Ол кітапта Абайдың, Шо­қан­ның, Ыбырайдың қолжазбаларынан бас­тап, бүгінгі күнге дейінгі қолжазбалар енуі тиіс еді. Әттеген-ай, дейсің осын­дай­да…
…Алтайшыл еді. Туған табиғаттың сұ­лулығын кім жырға қоспаған десеңші?! Дидағаң да атамекені Қатон-қарағайдың сұлулығын сөзбен де, өлеңмен де жеткізуші еді. Оған дейін Алтай сілемдерін Оралхан Бөкей мен Қалихан Ысқақтың шығар­ма­лары арқылы танысқанымыз есімізде. Дида­ғаңның Алтайды жырлауы өзгеше еді бірақ. «Алтайды бір көрсем» деген арман Дидағаның әңгімесінен туындағаны рас.
Алтай – Дидағаның балалық шағы еді де, Алатауда есейді. Арда азамат болды. Тау баласының тауға қарап өсетіні сөзсіз. Ал­тайда туған ұлдың Алатауды ерекше жақсы көруі де сондықтан болар.
Бұқтырманы көргеніміз де, Тарбағатай тауларын шыққан кезіміз де, сұлу Алтай­дың табиғатына тамсанғанымыз да әлі есі­мізде. Қалихан аға «Қатын-қарағай» атап кеткен бұл аймақ табиғатының көр­кемді­гімен де ерекшеленеді. «Ойпырым-ай» дестік тұмса табиғаттың сұлулығына там­санған сәті­мізде. «Апыр-ау, мынау сұлу та­би­ғатта ақын, не болмаса, жазушы болмау қиянат қой». Аға біздің бұл ойымызға қар­қылдап бір күліп алып: «Өткенде менің бір досым «Алтай мен Нарынқолдан не жын­ды, не ақын туады» деген еді. Сол айт­қан­дай, сендерде мені ақын болмасаңыз, жын­ды болар едіңіз» деп тұрсыңдар-ау» дейтін. Дидағаның әдемі қалжыңына еріксіз күле­тінбіз.
Жұмағазы Игісін: «Өр Алтайдың өз жұртындай қарапайымдылығыңа қайран қалғам. Сен сол адами қалпыңнан ешқа­шан айнымадың. Сондай кінәратсыз һәм жобалғы ғұмыр кештің, сол қалпыңда өмір­ден өттің. Саған деген пәкізе пейілімді білдіргім келген шығар, сен елуге толғанда сен жайында бірдеңе жазғым келген. «Құдай-ау, жерортасы жасқа келгенше ештеңе тын­дыра алмай жүрген адам туралы не деп жазбақсың?!» дедің кәдімгідей шамыр­қа­нып. Араға он жыл салып, сен алпысқа то­ларда сұхбат алғым келген. «Әй, соны қоя тұрайықшы… Әуелі пайғамбар жасына келіп алайықшы» дедің әзіл-шыны ара­ластырып. Мен сенің сол сөзіңді ұстап қалдым. Осыдан тұп-тура екі жыл бұрын «Пайғамбар жасы» деп тақырып қойып, оншақты сауал жолдағам. Ол сауалдардың дені – адамдардың қадірі, қаламның қа­-дірі, жазуға деген адалдық, сөйлеу мәде­ниеті, аударма ауаны, аузында – Алласы, жүрегінде – иманы жоқ көлгір әрі жағым­паз «зиялы», тағы басқалар жайында еді. «Сауалдарың салмақты екен, оған атүсті жауап бере салуға болмайды, ойлануға мұр­сат бер» дедің. Сөйтіп, ойланып жүргенде ол жастан да өтіп кеттің. Ақыры, міне ойла­нып жүріп оянбай қалдың» деп жазады.
Ал қазір бізде де өкініш басым. Өмірде өкініштен қиын не бар дейсіз!
Күні кеше қасымызда жүрген ұстаздың аяқасты кетіп қалғаны да өкініш…
Үйренгеніміз көп пе? Үйренбегеніміз бе?
Әнебір жылы өзінің бір публицис­ти­ка­лық әңгімесінде әлдебір ақынның «Жауам деп келіп, жауа алмай кеткен бұлттар-ай!» деген өлеңін мысал еткен екен. Кейде Дида­ға да солай көрінеді бізге. Жаумады емес. Бірақ жазсам деген арманы одан да көп еді. «Көп жауа алмай қалған бұлтқа ұқ­сайды»…
Шығармашылықтағы отыз жыл! Аз ба, көп пе? Дидаға отыз жылдың тең жар­ты­-­сын кеңестік кезеңде өткізді, одан қалған жар­тысы Қазақстанның жаңа дәуіріне тие­сілі. Екі түрлі қоғамды бастан кешіргені аян. Бірі – басқа идеология, екіншісі – мүл­дем оған кереғар. Тақырып та басқа, ой да бас­қа! Әр кезеңнің проблемасы болады. Сол проблемаларды жырлаймын деп жүріп, уақытты өткізіп алды ма деп қорқамыз.
Өзі не деуші еді? «Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында сары бел. Сары белдің бауыры – сағым ба, әлде шал­қар көл. Шар-табақ Күн төбеде. Шал­қы­-ған ыстық жер көкте…» демейтін бе еді. Енді, міне сар желіп келген Сарыатан мәң­гілік мекеніне ерте аттанып кетті. Бұл да орны толмас өкініш…
Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет өкі­ніш­тен:
– Жер аңсаған сары атандай
алды-артыңа қарамай,
Асу асып кете бардың,
өз өлкеңді ара­лай.
Туған жерге тұлға болып,
еңсе болып тұ­рарсың,
Алтайыңның орманына қайта
оралған қарағай, –
деп жырын төкті.
«Түркістанның» бәйтерегі Қалтай Мұ­ха­меджанов өмірден озғанда сіздің көңіл айту жазғаныңыз әлі есімде…
«Иә, «Түркістанның» бәйтерегі құ­-лады. Жел мен күнге тигізбес панамыз еді саялы, қанаттыға қақтырмас, тұмсықтыға шоқытпас алақанымыз еді аялы. Айқай­шы­ға жүрер ағамыз, абыройға жүрер жағамыз, ақылға кеніш данамыз еді Қалағаң. «Түркі­станның» түлегіне ғана емес, түмен санды оқырманына да солай еді Қалағаң.
Ел ағасыз, «Түркістан» панасыз қалмас, бірақ Қалағаңның орны толмас. Өмірге де, өнерге де келер-кетер талайлар, бірақ дәл Қалағаңдай болмас» деген екенсіз.
Бүгін сізді жоқтай отырып, біздің де айт­қымыз келгені осы. Ел ағасыз қал­май­ды. «Түркістанның» да панасы бар. Бірақ сіздің орныңыз толмайды. Өмірге келер та­лайлар, талайлар да өтер, бірақ дәл сіздей аяулы аға, ардақты ұстаз қайта тумасы анық!

Інжу-маржан

(Дидахмет Әшімханұлының ойларынан)

…Көше аттарын жиі өзгерту жеңіл де емес, жөн де емес. Сондай-ақ көше мәдениетін көңіл­дегідей көтеру де бірер жылдың шаруасы бол­маса керек. Дей тұрғанмен, алдағы уақытта мына бір мәселелер ескерілсе деп ойлаймыз:
…Әркім өзіне шақ киім киеді, Ыбырай Алтын­сарин атамызға да өзіне лайық шапан жапсақ…
…маңдайымызға сауатсыздықты жазған жоқ, маңдайшаларға да мән берсек….
…небір транспорт тұрғанда «ат, көшесінде» атқа мінбесек…
…Алматының әр жерінде «Алматылықтар, Алматыны үлгілі қалаға айналдырайық!» деген ұран бар. Барлық ұран, безендірулер осындай қа­тесіз, әдемі жазылса…
…осыларды бір ретке келтірген соң: «Ау, об­лыс орталықтары, жағдайларың қалай?» десек…
Іске сәт!

***

«Кішкентай халыққа үлкен қанжар керек». Бұны 1981 жылы Шәміл айтқан.
«Кішкентай халыққа үлкен дос керек». Бұны 1941 жылы Әбутәліп айтқан», – дейді Расул Ғам­затов «Менің Дағыстаным» кітабында.
Ал 1991 жылы біз айтар едік: «Қазіргі кіш­кентай халыққа бәрінен бұрын асқақ рух керек». Рухы болмаса – қанжардан оған не пайда, үлкен достан не қайыр! Және қазіргі қанжар – қау­қарсыз, достың көбі – тұрақсыз.
Рухы жоқтың жігері, намысы жоқ: жігері, намысы жоқ халық – халық емес – тобыр. Айт­қанға көніп, айдағанға жүре беретін тобырдың малдан несі артық?!

***

Қай уақытта, қай елде болмасын, ұлттың ұлы перзенттері ең алдымен сол ұлттың рухын көтеруді ойлаған. Сол үшін күрескен, сол үшін қам жеген, қайғырған. Қараңыз: үнді елі ағыл­шындардан азат болған кезде Махатма Ганди: «Біздің халық ұзақ жылғы отарлық езгіде небір асылы мен қымбатынан айырылды. Солардың арасынан біз бір ғана қасиетті дүниемізді таяу арада қайыра алмаймыз ба деп қорқамыз. Ол – халықтың рухы. Одан үлкен байлығымыз да жоқ еді», – деп күйінген.

***

Қиын-қыстау кезеңдерде ел басқарған адам­дардың бірі – ақын, бірі – публицист болғаны да тегін емес. Демек…
Демек, халықтың, ұлттың, ұрпақтың жайын ойлаған адам алдымен әдебиет жайын ойласа керек.
Қазір біз дәл сондай сәттің үстінде тұрмыз. Дәлірек айтқанда, бәріміз өтпелі кезеңде тұр­мыз. Әрбір өтпелі кезең өз патриоттарын өмір­ге әкелетіні заңды: ашаршылық кезінде – Т.Рыс­құлов, Ғ.Мүсірепов, жаппай репрессия тұ­сында: «Ол жау болса – мен де жаумын» деп басын қа­терге тіккен тағы да Ғ.Мүсірепов пен че­кист Се­­рікқали Жақыпов, соғыс жылдарында – Бауыр­жан Момышұлы, Хрущев тұсындағы жер дауын-да – Жұмабек Тәшенов, кешегі Жел­тоқсан оқи­ғасында – ақын Жұбан Молдағалиев суырылып алға шығуы – нағыз саналы ерліктің үлгісі. Олар­ды ойласақ, біздің рухымыз көте­рі­леді.

***

Егер сіз болмағанда бір айда бір қазақ кі­табын сатып алсаңыз – ұлт алдындағы бір па­рыздан құтылғаныңыз;
Егер сіз келесі жылдың болмағанда бір бас­пасөзіне жазылсаңыз – ұлттық намысыңыз­дың сәл де болса оянғаны;
Егер сіз өз тіліңіздегі сол кітап пен баспа­сөз­ді ыждағатпен оқып отырсаңыз – күн сайын рухыңыздың өсе түскені;
Егер сіз оқығаныңызды насихаттай жүр­сеңіз – онда ұлттық санаңыздың самғау биікке ұм­тылғаны.
Қысқасы, саны аз халықтың саналы аза­мат­тары, бізге қазір ақыл да, намыс та, ерлік те, бәрі-бәрі керек. Ол үшін ең бірінші еліміздің ең­сесін, рухын көтере білейік. Рухты көтеретін ұлы күш – жоғарыда айтқан әдебиет, баспасөз. Ендеше, бәріміз жиылып осы әдебиет пен бас­пасөздің көсегесін көгертуге ұмтылайық!

***
Біз қалада күніне қаншама оқиға, қаншама құбылысқа кез боламыз. Соның әрқайсысына өзімізше баға беріп, шамамызша түйін де түйе жүреміз. Бүгін осы түйіндерді қуалай келіп, мынадай сауалдарға тірелген тәріздіміз.
Қалада «ассалаумағалейкум!» дейтін адам­ның «қай жерденсің?» дейтін дәстүрлі сұрағы бар. Сонда қанша жыл қалада тұрсақ та «қала­лықпын» деуге көбіміз қысыламыз. Неден қысы­ламыз?..
Бір интеллигенттің «монамахтың бөркі» деп киіп жүргені Аяз бидің жыртық тымағы емес пе екен?..
Сонау бір кезде қалаға даланың жусан иісін ала келген бәтеңкеміз ауылдың аздаған шаңын да жұқтыра келген сияқты. Соны кейбіріміз теуіп түсіре алмай, қырып келтіре алмай жүр­-ген жоқпыз ба?
Қала – қайнап жатқан үлкен қазан іспетті. Оның бетінде қаймағы да, көбігі де бар. Соның қайсысын қалқып жүрміз біз?..

***

Сексенінші жылдардың ортасында Орталық комитеттің газет-журналдарға берген бір ауызша тапсырмасы болған. Ол – Ілияс Есен­берлиннің тарихи романдарын сынау еді. Не үшін? Әрине, жаттанды желеу «ұлтшылдығы» үшін. Енді қараңыз: жылдар бойы тарихтың таяз, мәдениеттің шамалы, сауатың жоқ деп тұ­қыртып келген халықты сол романдар қандай биікке жетелеп, қаншама ұрпақтың рухын асқақ көтергенін білесіз бе? Білесіз. Жоғарыдағылар да, Мәскеу де білген. Сол себепті де қорыққан ол кітаптардан…

***

«Әр қоғамның ертеңі мықты болуы үшін оның бүгінгі әдебиеті мықты болу керек» дейді сын­шылар. Бұған да дау аз шығар…
В.И.Ленин революцияға дейін тікелей әде­биет туралы бірнеше мақала жазса, оның негізгі себебі: «Әдебиет – революция үшін пайдаланы­латын аса зор күш» екенін білген ол.

Пікірлер 

#1 Айт-Ман 10.06.2015 16:18

23-ікүні сәскеде Жаңаөзенге құдамның қазасына кетіп бара жатып, Ақтаудағы қыз-күйеуімнің үйінде жолдастарымды күтіп жатып мызғып кетіппін. Түсімде балам: “Ақтауға Дидахмет аға келіп кетті. Бір нәрселерге тапсырыс берген, соларды менен алып кетті” деді. Мен: “Япырмай, Ақтауға келіп тұрып, маған соқпай кеткені несі екен? “Бекет-атаға зиярат қылам, мені өзің алып барасың” деуші еді ылғи. Атаға енді бара алмай ма сонда?” деген ойлардың шырмауында жатып ояндым. Ұялы телефонға Жанат Әскербекқызы соғыпты, байланысып ем, осы суық хабарды естідім… Бауыры суық ажал қайран “жер аңсаған сары атанды” алып кетіпті! Тағы бір тірегім құлап түсті! Талай дауыл күндерде қанатымен қымтаған, не бір ауыр жылдарда ықтасын болған Өр Алтайдың тартып туған ақ перзенті -
қыран-ағам, нар-ағам, енді сен де жоқсың! Біздер өте аз қалдық. Бірақ ҚАЗАҚ бар ғой, соған шүкір етейік… Өткен күзде Астанадағы орталық кітапхананың жанынан құшақтасып қоштасып ек. Ағам сонда: “Біздің бауырлығымыз туыстықтан да терең, достықтан да жақын бауырлық қой. Сағынысып көрісіп жүрейікші, әйтеуір!” деп еді. Қоштасқан соң екеуміз екі бағытқа кеттік. Сәл жүргеннен кейін, біртүрлі қимастықпен артыма бұрылып ем, әудемге ұзап кеткен ол да жалт бұрылып қолын бұлғады. Үстінде көкшіл бешпеті бар-тын. Жалғанның парағын біз де жапқанша көз алдымда сол желбіреп, елбіреп қол бұлғап ұзап бара жатқан қалпында тұратын болады! Қош, қош, аяулы аға! Иманың жолдасың болсын! Бейіште нұрың шалқысын! Көрмеген қызығыңды, сүрмеген ғұмырыңды жеңгем мен перзентің һәм одан өрбіген ұрпағың көрсін! Сен әзіздердің дұғасындасың! Болашақта ғазилардың да дұғасында боласың! Адасқан “алас тайпасы” өз құбыласын табады, иншалла, ұзамай! Сен осыны ғана армандап, мұрат тұтып ең ғой!.. Арманың неткен асыл еді, мұратың неткен биік еді?! Келер де, кетер де сол асылды қуат, сол биікті мұрат тұтқай! Ди-аға, Сіз туралы жазылар кеп, айтылар сөздер алда. Ол Сөз ТАҢЫМЫЗ АТҚАНДА, КҮНІМІЗ ТУҒАНДА АЙТЫЛАДЫ!!!
qasym.kz

Related Articles

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Рэй ФЕРЛОНГ Андрей Ермак (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта). 2019 жыл. Андрей Ермак ұшақтан түсе сала өзінің бастығын құшақтады. 2019 жылы қыркүйекте президент Зеленскиймен жылы жүздесу жаңадан басталып келе жатқан саяси серіктестіктің басы еді. Бұл – Ермактың Ресей түрмесінде отырған 35 украиналықты Мәскеуден алып келген сәті. Ал 2020 жылы Ермак Зеленский әкімшілігінің басшысы болды. Бірақ Украинадағы жемқорлық шуынан кейін оның қызметіне жұрттың назары ауды. Себебі Ермак Украина энергетикалық инфрақұрылымына бөлінген қаржы жымқырылған коррупция схемасында негізгі рөлде болған деген ақпарат тараған. Бірақ тергеушілер бұл жайттың жай-жапсарын толық ашқан жоқ. Ермактың өзі Азаттықтың Украина қызметінің ресми сауалдарына жауап берген жоқ. Сонымен Зеленскийдің кеңсесін басқарып отырған Ермак кім? ТЕЛЕВИДЕНИЕДЕН

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

    Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

    Microsoft компаниясының негізін қалаушы және әлемдегі ең бай адамдардың бірі саналатын Билл Гейтс өзінің байлығын қайда жұмсайтынын ресми мәлімдеді. Кәсіпкер Африка елдеріндегі денсаулық сақтау, білім беру және кедейлікпен күрес салаларына шамамен 200 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. «Жуырда мен өз байлығымды 20 жылдың ішінде толықтай тарату жөнінде шешім қабылдадым. Қаражаттың басым бөлігі осы жерде, Африкада, түрлі мәселелерді шешуге көмектесуге бағытталады», – деді Билл Гейтс өзінің қорымен бірлескен баспасөз мәслихатында. Басты басымдықтар: – инфекциялық аурулармен күрес (соның ішінде безгек, туберкулез, ВИЧ); – ана мен бала денсаулығын жақсарту; – ауылдық аудандардағы білім беру сапасын арттыру; – таза ауызсу мен санитария инфрақұрылымын дамыту; Билл Гейтс: «Бұл – қайырымдылық емес, бұл – инвестиция.

  • ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Шоқан бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. * * * Омбыға оқуға жүрер алдында бала Шоқан әкесінің ел іші мәселесін шешудегі кейбір өктем, ожар қылықтарына көңілі толмай, «оқуға бармаймын» деп қиғылық салса керек. Тіптен көнбей бара жатқан баласын қатал Шыңғыс жәрдемші жігіттеріне байлатып алмаққа ыңғайланып: «Шықпаса көтеріп әкеліңдер, арбаға таңып аламыз!» − дейді. Сонда дәрмені таусылған Шоқан әкесіне: «Байлатпа! Абылай тұқымынан байланғандар мен айдалғандар жетерлік болған!» − деп тіл қатады. Бала да болса ақиқат сөзді айтып тұрған баласынан тосылған әке дереу Шоқанды босаттырып жібереді. * * * Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің бір

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: