|  | 

Тұлғалар

ХАН КЕНЕНІҢ ҚОШТАСУЫ

kenesari qan

Әй, қырғыздар, қырғыздар,
Жиналып бәрің тұрсыңдар,
«Ноқталы басқа бір өлім»,
Қазақтың ханын жеңдік деп,
Өлгенімді естіртіп,
Алатау шығып ырлаңдар,

«Болсадағы бас кеспек,
Тіл кеспек жоқ» деп азырақ,
Қоштасайын ел жұртпен,
Дауысымды Құдай жеткізер,
Ұшқан құс, ақша бұлтпенен.
Қош болыңдар киелі,
Саялы бақ тау тасым,
Өзім жүрген жерлерім.

Мен өлген соң той тойлап,
Манаптарың масайрар.
Жантай менен Орманбет,
Сарнатар қобыз, сырнайын,
Басты кесіп алсаңдар.
Кеудемде қалар қыл мойын,
Горшаков талап еткендей,
Қиқаланбасын сүйегі,
Орындалсын тілегі.
Өз қылышыммен шапқайсың,
Шыдаса егер қаймықпай,
Жан алғыштың жүрегі.

Қандарың көп төгілді,
Қыздарың өксіп бұрымды.
Соғыстың аты соғыс қой,
Сәби де өлді тұлымды.
Азаттыққа шақырған,
Естімедіңдер үнімді.

Ел болсын деп келіп ем,
Қазақ қырғыз бірігіп.
Қарсы шығып жау болдың,
Ақ патшаға тығылып.
Мұсылмандықтан безініп,
Мылтығының даусынан,
Аяғына жығылып.
Қайта айналып қан сасып,
Көрісерсіңдер қазақпен,
Бүгін адасып кеткенмен,
Орыстан көрген зорлықтан,
Бастарыңа түскен азаппен.

Қазақтың жауы қазақта,
Сыпатай бастап қашқан топ.
Басын алар Ағыбай,
Мына жарық дүниеде,
Сатқындарға орын жоқ.
Қош болыңдар, қазақтар,
Ел едіңдер қаһарлы,
Бастарыңды қоса алмай,
Ішімде кетті қан қатып.
Тістеуде кетті бармағым,
Орындалмай арманым.

Сыпатайдың қылғаны,
Ұмытылмас кек болды.
Батырларымның басына,
Ажал төніп, бұлт қонды.
«Мен сендікпін, хан ием,»
Дегеніне иланып,
Сеніп қалдым қайтейін.
Куәге тартып Байзақты,
Бас игенін қимадым.
Үйсіндегі бауырлас,
Бөлем еді, сыйласым.

Нысанбайдай жыраудың,
Жазығы жоқ қырғызға,
Өлердегі тілегім,
Босатыңдар екеуін,
Менен қайтсын кектерің.
Ханның басын алсаңдар,
Мақсаттарыңа жеткенің.

Ағыбай түссе есіме,
Сарыарқа кірер түсіме.
Жауының апай төсіне,
Найзасын қарыс қадаған.
Ағыбайдай ер қайда?
Сары қымыз ішкізіп,
Мыңдап жылқы өргізген,
Сарыарқадай жер қайда?
Көзіме ыстық жас келер,
Сары белдер түссе ойға.
Қорғай алмай мен сені,
Тұтқын боп түстім қырғызға.

Ажалдан әсте қашпаймын,
Өлемін деп саспаймын.
Маған да келді бір нәубет,
Талайдың алдым бастарын,
Көзінің төгіп жастарын.
Күліп қарсы алар өлімді,
Түк басқан менің жүрегім
Басым шарлап кетсе де,
Петербор, Омбы жерлерін.
Денем қалар қара жер,
Қойынында көміліп.
Ит жесе де ризамын,
Сүйегімді кеміріп.
Жеті қазнаның бірі ғой,
Жолдас болған өмірлік.
Рухым жетер еліме,
Сарыарқа, Көкше төріне.
Аман болса ұрпағым,
Тартпай қоймас тегіне.
Азттық үшін алысып,
Жетпей қоймас сертіне.
Қол бастар ұл табылар,
Дүние жинап бас ұрмас,
Алтын менен күміске.

Қош бол, менің, Сарыарқам,
Күрес жолын бастаған.
Абылайлап ұран сап,
Елін, жерін қорғаған.
Қол бастатып Бөгенбайға,
Даңқ пен ерлік жайлаған.
Жалғастыра алмай ісіңді,
Игере алмай күшімді,
Өз кінәмді түсініп,
Өлімге басты байладым,
Ақ адал ісім морт кетіп,
Сүйегім қалды далада.
Тілін шайнап жүр еді,
Сатқындық жасап ұстатты,
Сыпатайдай жиенің.
Жабылып қырғыз қарғадай,
Арқамнан таспа тілерсің,
Ойыңа келгенді істерсің.

Қош бол, жазира туған жер,
Көк орай шалғын жасыл бел.
Орындалмаған арманым,
Аманат болсын сендерге.
Қоштаспаймын арманмен,
Сендер теңдікке жеткенше
Рухым менің оятар,
Қара жер-бесік, тербетсе.
Сендермен бірге жүрегім,
Азаттық үшін алысып,
Батырлық болсын тірегің.
Қош болыңдар, қазағым,
Хан көтеріп Абылайлап,
Қияға мені салып ең,
Қайырылды қанатым,
Шықсамдағы ұрандап.
Менің арман мұңымды,
Жеткізер жырау Нысанбай.
Сұрап алдым бас тігіп,
Байзақ датқа екеуін.

Жекпе жекте өлмедім,
Алмас қылыш майырлып,
Алысып жүріп өлмедім,
Қиқаланып шабылып.
Нысанбай, Байзақ серігім,
Қош, есен сау болыңдар,
Жолыңды Алла оңғарсын,
Елге сәлем айта бар,
Тәптіштеп жырлап берерсің,
Ханыңның қалай өлгенін.
Намазын оқып бесіннің,
Тақтаға басты қояйын,
Батырмай күнін жұманың,
Қырғыздар шықсын құмардан.
Ақ патшадан алатын,
Алсын 3000 сыйлығын.
Ренішсіз күтіп алайын,
Құдайдың жазған бұйрығын.

Ен жайлатсам деп едім,
Қазақ пенен қырғызға,
Алатау, Ыстық көлдерді.
Еділ менен Жайықтың,
Алтай, Ертіс, Шу бойы,
Арасындағы жерлерді.
Түркістан болып бас қалаң,
Салтанатты сарайға,
Орнатып ханның ордасын.
Бақытын тапқан мәңгілік,
Қазақ қырғыз қосылған,
Хандық болсын деп едім.

Қайта оралып Науаным,
Ағыбай тілін алмады-ау.
Науан сыртта жүргенде,
Тиісе алмас еді маған жау.
Бұғыбай, Иман, Жоламан,
Жанайдар, Жәуке, Толыбай,
Бұқарбай, Дулат, Наурызбай,
Бұйырмас жерден бұйырды,
Топырағы қырғыздың.
Амал бар ма, Құдайға,
Ағып түсті жұлдызың.
Таусылған жері осы екен,
Қырық бес жаста дәм тұзым.
Қоса алмай кеттім қайтейін,
Үш жүздің басын ардақтап,
Шапағаты шалқар, мейірлі,
Аман болсын, қазағым,
Түзелер әлі-ақ заманың.
Әмин, Аллаһу әкбар!

ХАН КЕНЕ

Жолымбет Мәкіштің facebook парақшасынан алынды

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

    Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым. Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан

  • Алыстағы ағайынның Атамекенге оралу жолын тұңғыш ашқан қазақтың қаһарман қызы

    Ол кім дейсіз ғой, турасын айтсам ол Сағат Зақанқызы. Тоқсаныншы жылдардағы алғашқы көш Моңғолия қазақтартарынан басталған. Сол көшті алғаш бастаған адам Сағат Зақанқызы. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Жарғақ құлағы жасттыққа тимей, сонау қиын-қыстау заманында алыстағы ағайындардың жолын ашқан осы адамды қазақтың қаһарман қызы атауымыздың өзіндік себебі бар. “Көш басшысымен көрікті”  “Көргені жақсы көш бастар”  дейді атам қазақ.   Осы екі ауыз сөздің астарына үңіліп қарасақ, онда, үлкен мән мағына бар екеніне көз жеткіземіз.       Бұрынғы ауыл көшінің өзінде, көш басшылары төрт түлік малдың өрісінің жағдайына қарай, әр мезгілдегі ауарайының өзгерісіне сай, көшіп қонуда бір басына жетіп артылар  үлкен жауапкершілік  жүктесе, Моңғолияда тұратын қандастарымыздың бір жарым ғасыр ғұмыр кешкен ел жерінен ,

  • КЕНЕСАРЫ ХАНҒА ТАҒЗЫМ

    Жүз елу жыл! Биыл Кенесары ханның шәйіт болғанына бір жүз елу жыл толды. Кенесары ғана емес. Наурызбай бахадұр сұлтан, Ержан сұлтан, Құдайменде сұлтан. Қыпшақ Иман батыр, Тама Құрман батыр, Дулат Бұғыбай батыр, Дулат Жауғаш батыр, Дулат Медеу би, қылыштың жүзі, найзаның сүңгісі болған тағы қаншама азамат. Қазақ Ордасының ең соңғы жарақты жасағында қалған үш мыңнан астам аламан. Бәрі де шәйіт болды.Кенесары ханның, оның ең соңғы жауынгер серіктерінің қасиетті қаны шашылған ақырғы сағатта төрт ғасыр бойы төре таңбалы қызыл туы желбіреген ұлы мемлекет Қазақ Ордасы шайқалып барып құлады. Алаш баласы сонау Үйсін, Ғұн, Түрік заманынан тартылған, Алтын Ордаға жалғасқан, Қазақ Ордасына ұласқан, Орталық Азия төсінде жиырма ғасырдан астам, ғаламат ұзақ уақыт

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: