Қазанда Нұрсұлтан Назарбаев атына көше берілмек
Татарстан Республикасындағы «Қазақстан» қазақ ұлттық-мәдени автономиясы Қазан қаласының бір көшесіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы бастама көтерді.
«Аталған автономия төрағасы Сағит Жақсыбаев Қазан қаласының мэрі Ильсур Метшиннің атына осындай ұсыныспен хат жолдады», – деп жазады «Татар-информ» АА.
«Нұрсұлтан Әбішұлы екі бауырлас халықтың арасындағы достық қарым-қатынасты одан ары жалғап, нығайта түсті. Экономика, білім, мәдениет саласында ықпалдастықты республикалық деңгейде де, өңіраралық деңгейде де қалыптастырды. Біз бұл байланыстардың тарихи маңызына терең мән береміз», – деді сұхбатында Сағит Жақсыбаев.
Ол Қазан федералды университетінің ғимаратында Бөкей ордасының соңғы ханы, Қазан императорлық университетінің құрметті мүшесі – Жәңгір ханға арналған мемориалды тақта орнатылғанын айтып өтті.
«Біз Қазан қаласының көшесіне Назарбаев есімін беру бауырлас екі халықтың арасындағы байланыстарды тереңдете түседі деп санаймыз», – деп атап өтті С. Жақсыбаев.
Пікір қалдыру