Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – ресми өкілі Алтай Әбибуллаевтың мәлімдемесі
2015 жылы 28 маусымда Өзбекстан шекара жасағы қызметкерлерінің қару қолдануы салдарынан отандасымыз Уәлихан Ахметов оқ жарақатынан қаза тапты.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Қызыл Әскер ауылының тұрғыны болған У.Ахметовтың барлық жақын-туыстарына шын ниетімізден көңіл айтамыз.
Оқиға 2015 жылы 28 маусымда сағат 22.30-да мемлекеттік шекараның қазақстан-өзбекстан теліміндегі №178 шекара белгісі аумағында (Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы) орын алды. Өзбекстан шекара жасағы Сырдария трансшекаралық өзенінен балық ауламақшы болған Қазақстан Республикасының екі азаматына қатысты қару қолданды. Алған жарақаты салдарынан У.Ахметов сағат 23.05-те көз жұмды.
Осыған байланысты біз табанды қарсылығымызды білдіре отырып, нәтижесінде бейбіт заманда Қазақстан Республикасы азаматтары мерт болатын Өзбекстан шекара қызметінің заңсыз атыс қаруын пайдалануы мемлекеттеріміз арасындағы Мәңгілік достық туралы шарт (31.10.1998) және Стратегиялық серіктестік туралы шартқа (14.06.2013) негізделген достық, татуластық және стратегиялық серіктестікке сондай-ақ, Шекара өкілдерінің қызметі туралы үкіметаралық келісімге (13.12.2000) қайшы келетінін мәлімдейміз.
Біз болжалды тәртіп бұзушыларға қатысты атыс қаруын қолдану заңға қайшы әрі жол берілмейтін шара деген ұстанымды қатаң қолдаймыз және Өзбекстан тарапынан Қазақстан азаматының қазасына қатысты толыққанды ақпарат беруін талап етеміз.
Жоғарыда аталған оқиға бойынша Өзбекстан тарапының жан-жақты әрі айғақты тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуын талап етеміз.
Уәлиханның қазасына байланысты Қазақстанның Ташкенттегі Елшілігі Өзбекстан СІМ наразылық нотасын ұсынуға құзыретті.
Қазақстан СІМ шақырылған Өзбекстан елшісіне де аталмыш нота ұсынылатын болады.
Пікір қалдыру