|  | 

Тұлғалар

Ақыт қажы шығармашылығының зерттелуі

Aqit hajiАқыт қажы Үлімжіұлы қазақтың ұлы суреткерлері мен ғұламалары Абай мен Шәкерімнен кейін аты аталатын, күллі қазақ халқына ортақ дүлдүл ақын. Оның өмірі ақынның тарихи отаны Қазақстаннан тысқары жерде өтті. Бірақ, ол қайда өмір сүрмесін қазақтың мұңы мен мұқтажын жырлап, сөз етті. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін аса ауыр болғаны белгілі.

Бұл кезеңде Қазақстанда Кеңестік билік орнап, елдің бас көтерер зиялыларының барлығы бірдей жаппай репрессияға ұшырап жатса, Қытайдағы қазақтар гоминдан билеушілерінің езгісінде жанышталып, ары қарай Шың Шы Сайдың зұлымдық саясатының құрбаны болды. Сол кездің тарихи деректерінен тек қазақ қана емес сол елдегі аз ұлт өкілдерінің тағдыр талайының аса аянышты халін көреміз. Ол кезде қазақтар өмір сүрген Алтай тауының күншығысын Алтай деп, солтүстік шығыс бетін, яғни қазіргі Моңғолияға қарайтын бөлігін Қобда деп атайтын. Ақыт болса осы екі өлкеде қатар өмір сүрген, Алтай мен Қобда қазағына тел ақын. Ал, Моңғолияда социализмнің орнауы да ондағы саяси-тарихи жағдайды мүлдем өзгертіп жіберді. Ақыт ақынның өмірі осы кезеңмен тұспа тұс келді. Қытайдағы Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағы мен Моңғолиядағы Баян-Өлгий аймағында кезек өмір өткізген ол жырларында осы екі елдегі қазақтардың әлеуметтік жағдайынан хабар береді. Ақыттың шығармаларының көбі діни, насихат бағытында болып келеді. Және оның нәзира дәстүріндегі жырлары да жеткілікті. Демек, Ақыт қалдырған мұраларға қарай отырып, оны кітаби ақындар қатарынан көруге болады.

Ақыт қажы шығармашылығы мен өмірбаяны жайындағы алғашқы деректі 1898 жылы орыстың түркі тілдерін зерттеуші ғалым, профессор Н.Катановтың «Деятель» журналындағы Ақыт шығармашылығы туралы алғашқы арнайы мақаладан кездестіреміз [1].

Бұдан кейін Ақыт Үлімжіұлының шығармашылығы ұзақ уақыт бойына әдебиет зерттеушілерінің де, әдебиетшілердің де жалпы қоғамның назарынан тыс қалады. Оның өзіндік ақиқи себептері де бар. Мәселен, Ақыттың жастық шағы жалаулаған, жігіттік өмірі алаулаған, дүниетанымы өсіп, ой өрісі жетілген ізденіске толы жылдары өткен Моңғолия оны Қытай азаматы деп шеттесе, Қытайдағы зерттеушілер оның саяси көзқарастарына сай, қоғамдық қызметі мен ұлттық күрескерлігіне орай мемлекетке қарсы адам ретінде әшкерелеп оның шығармаларын зерттемек тұрмақ атын атауға тиым салды. Сөйтсе де, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында қоғамдық өмірде орын алған саяси жылымық Ақыт атын бірден жарқ еткізіп тарих қойнауынан жарыққа алып шықты. Соның нәтижесінд ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында Ақыттың шығармашылық өмірін зерттеу ісі іргелі түрде Моңғолияда қолға алынып, ден қойылады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Қабидаш Қалиасқарұлы 1972 жылы Баян-Өлгийде тұрақты түрде шығып тұратын әдеби журнал «Шұғылада «Ақыттанудағы алғашқы талпыныстар» атты мақала жариялайды [2]. Қ.Қалиасқарұлы бұдан кейін құрастырған «Халық ақындары» атты кітабында оның жырлары мен өлеңдерін бере отырып, ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы жайында егжей-тегжейлі көлемді баяндайды. Бұл кітап Баян-Өлгий аймағының «Өлгий» баспасынан 1973 жылы жарық көрген.

Осы кітап жөнінде сол «Шұғыла» журналында Т.Бодауханның «Халық ақындары» және Ақыт» деген мақаласы жарық көреді. Онда «Ал, Ақыт жайлы бұрынды соңды сөз болмаған десек те болады. Автордың кітабында ден қойған өзекті мәселе – осы Ақыт творчествосы. Автордың Ақыт жайлы ерінбей еңбектеніп, көл көсір тер төккенін ақынның өмірбаяны мен осыншама еңбектерін ту Алматыдан бастап, ауыл ақсақалдарынан көп жылдар бойы жинап, зерттегендігін айқын көреміз. Ақынның прогресшіл шығармалары діни керітартпа қиссаларының көлеңкесінде көрінбей жатқан нағыз алтынның өзі еді. Автор бұл жинағында осы «Алтын қоймасының» аузын ашты. Ақыттың өмірі мен творчествосын терең зерттеп, теориялық талдаудан өткізді» делінген [3].

XX ғасырдың 70-ші жылдары қылышынан қан тамған қызыл саясаттың құрығынан сескенген баянөлгийлік зерттеушілер «Ақынның прогресшіл шығармалары діни керітартпа қиссаларының көлеңкесінде көрінбей жатқан нағыз алтынның өзі еді» деп Ақыт жырларын жарыққа шығару үшін осындай, саясаттың ұстанымына сай келетін жол ойлап тапқан. Сондықтан да, аталмыш еңбектерде Ақыт шығармаларының негізін құрайтын, ел аузында молынан сақталған, сарғайып, сары тап болып сандық түбінде жатқан діни қиссаларынан гөрі әлеуметтік сарындағы, халқын, жұртын адамгершілікке, өнер білімге, бірлік берекеге шақырған жырларына көбірек назар аударылады. Осыны Қабидаш Қалиасқарұлы аталған кітабында былай деп ескертіп өтеді: «Оның жаңашыл жырлары басқасынан көлемі жағынан шағын, бірақ салмағы, құндылығы демократтық идеясы жағынан бұрынғы том-томдық бүкіл творчествосынан асып түсер құнды мұра» [4]. Сондай ақ, «Халық ақындары» және Ақыт» мақаласының авторы Тоқанұлы Бодаухан Ақыт жырларының «Халық ақындары» [5] кітабына енгенін қазақ әдебиеттануындағы ірі жетістік ретінде бағалай отырып, өз қолында әлі жарияланбаған «Қалам сия – көз жасы» атты 375 жолдық дастанының қолжазба ретінде сары майдай сақтаулы тұрғанын сөз етеді. Бір айта кетерлігі, баянөлгийлік қаламгерлердің көбі халықтық жыр дастандарды, халық ақындарының мұраларын жинауға бел шеше кіріседі. Бірақ, олардың Қ. Қалиасқарұлынан басқасының ғылыми атағы жоқ еді. Яғни, олар әдебиеттану саласының көкжиегін кеңейту жолында атақ қууды мақсат тұтпаған. Тек халық мұрасының жиналуына, оның өмірлік мағыздылығына басты мән берген. Бұл іске жұрт болып, жұмыла кіріскенін көреміз. Демек, Ақыт ақын шығармаларын халқы ұмытпаған, саясат санасынан сызып тастағысы келсе де жадында сақтап, келешек ұрпағына жалғағанын, қажетті кезінде жарқыратып, жайнатып алып шықты. Соның нәтижесінде аз уақыттың ішінде Ақыт мұрасынан қомақты дүние жиналып үлгіреді.

Т. Бодаухан «Қалам сия – көз жасының» өнер білімге шақыратын, өзге жұрттың оза шапқанын, қазақтың мешеу болып қалғанын айтатын жыр екендігін жазады. Ыбырай Алтынсариннің «Өнер білім бар жұрттар»… өлеңіндегідей қазақтың өнер білімнен кенже қалғандығына налығандығы байқалады. Жоғарыдағы мақалада автор: «Ақынның бұл жыры бұрын соңды баспа бетін көрмегендіктен жатқа айтушылар, көбінесе толық емес, әне жер, міне жерінен үзінділер ғана айтып жүр. Ал, сол үзінділер әредік баспа бетінен де табылады. Мәселен, «Боз інген» жинағындағы «Жер емшегін емген жұрт» және «Адамшылық қылсақ деп» атты екі өлеңнің екеуі де «Қалам сия» жырынан алынған. «Адамшылық қылсақ деп» жырының 18-жолы мен 19-жолы арасында 35 жол қалып қойған. Ой желісі, ұйқасы, жазбалары арқылы көз жеткізуге болады. Құрастырушылар әдейі қалтырған дейін десең:
«Ойбай, қазақ, намыстан,
Өнер ізде алыстан.
Қайласыз халық көртышқан,
Қайлалы халық арыстан»
деген сияқты не түрлі асыл, ойлы шумақтар қалып жатыр. Сондай-ақ «Халық ақындарында» «Қалам сия» жырынан «Ояналық, шыңдалып» деген атпен 16 жол берілген. Бұл «Бозіңгендегі» «Жер емшегін емген жұрт» өлеңінің басы, екеуінің арасында небәрі 4-ақ жол қалған. Ал, «Өзіне-өзі өлген жұрт, сыдырғыштай сымдалып» деген жолдары екеуіне де кірген. Бұл фактілерге қарағанда «Қалам сияның» толық нұсқасы жоқ. Әркімнің жат айтуынан алынған үзінділер сияқты» деген ой қорытады.

Т. Бодауханның «Бозіңген» жинағы деп отырғаны 1972 жылы Алматыда баянөлгийлік қаламгер, әдебиет зерттеушісі, жазушы Соян Қажыбайұлының құрастыруымен Қазақстанда тұңғыш рет жарық көрген Баян-өлгийлік халық ақындары мен заманауи ақындарының жырларының жинағы. Бұл жинақта да Ақыт Үлімжіұлының «Шолақ қол әйел» дастаны енген. Демек, ақыттану ісі Баян-Өлгийде 60-шы жылдардың аяғы, 70-ші жылдардың басынан-ақ қолға алынды. Ал, Ақыт жырларын ең алғаш ғылыми айналымға енгізген ғкалым филология ғылымдарының докторы, профессор Қабидаш Қалиасқарұлы. Соян Қажыбайұлы Ақыт Үлімжіұлының «жырларын «Бозіңген» жинағына енгізу арқылы Қазақстанға тұңғыш рет танытқан адам.

Осы «Бозіңген» жинағы жайында «Шұғыла» журналының 1973 жылғы №4 санында ҚазССР Ғылым Академиясы, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Елубек Байтоқовтың «Бозіңген – сүбелі туынды» атты мақаласы жарық көрді. Автор бұл кітаптың қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес екенін айта отырып, «Ауылы аралас, қойы қоралас дегендей, тағдыры, мақсат-мүддесі бір туыстардың бай ауыз әдебиеті мен бүгінгі ақын жазушыларының шығармаларын бір ктіпақа топтастырып, жарыққа шығару өте игілікті іс болды, оқырман қауымды зор қуанышқа бөледі» [6] деп жазады. Бірақ, мақалада жинаққа енген ауыз әдебиеті мен халық ақындарының мұраларын талқылау мақсат болмаған сияқты. Онда тек: «Кітап екі бөлімнен құралған, бірінші бөлімде тұрмыс-салт жырлары, халық әндері айтыс, мақал-мәтелдер, жұмбақтар мен ертегілер, дастандар, белгілі халық ақындарының шығармалары топтастырылған. Ауыз әдебиетін жинап бастыру жұмысы өте қиын, күрделі еңбек екені мәлім. Халықтың асыл мұрасын жинау аса ұқыптылықты тілейтін, ғылыми сұрыптауды қажет ететін қиын іс. Таптық, халықтық сыпаттағы әдеби шығармаларды таңдап-талғап алу жұмысына да көп еңбек сіңген» дей келе автор жинақтың екінші бөліміне, жаңашыл ақындардың шығармаларын талдауға ден қояды. Бұның да өзіндік себептері бар деп бағамдауға тура келеді. Біріншіден, ғалым «Таптық, халықтық сыпаттағы әдеби шығармаларды таңдап-талғап алу жұмысына да көп еңбек сіңген» дейді, яғни ондағы халық ақындары мен халықтың жырларды талдаудан, оған жылы лебіз білдіруден сақтанғандық байқалады. Екіншіден, Ақыттың жинақтағы «Шолақ қол әйел» қиссасы діни туынды. Сол себепті де социалистік реализм бағытынан ауытқып кетуден қорыққан. Мәселені май шаммен қарап үйренген кеңестік идеологиялық дәстүр кітаптың бірінші тарауы жайында ауыз ашуға жол бермеген секілді.

Ақыт жырларының ғылыми түрде жүйелене түсуі өткен ғасырдың 90-шы жылдарына сәйкес келеді. Қайта құрудың арқасында жазықсыз құрбандардың аты қайта жаңғырып, тарихтағы ақтаңдақтар аршыла бастағаны мәлім. Осы тұста Ақыт Үлімжіұлының «діни тағылымды қиссалары да оқырманмен қауышуға мүмкіндік алды. Жоғарыда келтіргеніміздей ақынның сандық түбінде сарғайып жатқан асыл мұралары ендігі жерде іркіліксіз жарыққа шығуына жол ашылды. Осы тұста Ақыттың жырларын көпшілікпен таныстыруды ақын, әдебиет зерттеушісі Кәкей Жаңжұңұлы нықтап қолға алады. Ол Ақыттың 125 жылдығын атап өту үшін, осы мәселені талқылау мақсатында Ұланбатырға арнайы барып, ресми келісімге қол жеткізіп, қайта қайтқан жолда ұшақ апатқа ұшырап, бұ дүниеден озды. Кәкей Жаңжұңұлы Ақыт Үлімжіұлының «оқырманымен қайта қауышқаннан кейін, оның тұңғыш жинағын құрастырып шығарады. Жинақ «Қажыбаян» деген атпен 1991 жылы Өлгий баспасынан жарық көрген. Осы жинаққа Кәкей Жаңжұңұлы оның хиссалары мен дастандарын және назымдарын енгізеді. Жинақтың «Ақыт жайлы аз сөз» атты алғысөзін жазған Кәкей Жаңжұңұлы оның өмірбаянынан қысқа мәлімет бере отырып, кең көлемде ғылыми мақала ұсынады. Кәкей Жаңжұңұлы осы мақаласында Ақыт Үлімжіұлына мынадай қорытынды береді: «Ақыт… күллі қазақ халқының өзі тұрғылас, замандас санаулы шоқ жұлдыздарының бірі. Ақыт өмірі мен творчествасы жайлы жүйелі зерттеу, толыққанды деректер әлі жарық көрген жоқ. Оны қойып шығармалары тегіс жинақталып, оқырмандарына дерліктей ұсынылып біткен жоқ. Ақыт ортақ саналатын осынау үш елде жарияланған күрделі еңбек әзірге жоқ деуге болады. Алда Ақыт Үлімжіұлының 125 жылдық мерекесін күллі қазақ болып салтанатпен тойлай отырып, қазіргі Қытай, Моңғол, Совет, Түркия еліне таралған мұраларын жинап, басын қосып толық жинақ етіп шығару, ақынның өмірі мен шығармашылдық дәстүрін жан жақты терең зертеу, қала, елді мекен, мәдениет орындарына Ақыттың атын беріп есімін есте қалдыру істері қолға алынса ғұлама ақынға, оның мұраларын көрсетілген үлкен құрмет болар еді» деп келешек ұрпақтан үлкен үміт күтіп, асыл аманатын артады.

Оқырман К. Жаңжұңұлының осы жинағы арқылы Ақыттың 1895-1909 жылдары аралығында Қазан қаласында жарық көрген жинақтары жайында естіп біледі. Кәкей Жаңжұңұлы оның «Қисса и Сейфулмәлік»(Қазан, Домбровский баспасы, 1895, 1909, 1914 жылдар, бастырған: Шамсалдин Құсайынов), «Тәржүма-и Ахид бин Уәләд Гүлімжі-Алтайский (Қарымсақов)» (Қазан, Университет баспасы, 1897 жыл, Бастырған: Мұхамед Нәжит Ғалиакпаров), «Қисса и Ғабдулмәлік» (1902, 1904, 1909 жылдар. Бастырған: Шамсалдин Құсайынов), «Ахуал қиямет» (Насихат-толғау, Қазан. 1908. Бастырған Кәрімовтар), «Қисса и Минахіб пиран Ғазиз ан» (Қазан, Университет баспасы, 1909 жыл), «Әбиат-Ғахидия» (Қазан, 1909 жыл, бастырған Құсайынеов балалары) атты 7 кітабы жарық көргендігін жазады. Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан жарық көрген Ақыт Үлімжіұлының «Жиһаншаһ» атты кітабының алғысөзінде «1891-1914 жылдары аралығында оның Қазан, Орынбор, Семей баспаларында 9 кітабы 17 рет басылған делінген[7]. Ал, Моңғолияда Ақыт Үлімжіұлының 120, 125, 130 жылдық мерейтойлары аталып өтіп, «Қажыбаян», «Жиһаншаһ», «Ғақылия» кітаптары жарық көрді. Демек, шетте болса да ақын жырлары біршама жүйелене түсті деген сөз.

Ақыт қажы Қытай мен Моңғолиядағы қазақ жазба әдебиетінің көшбасшысы. Бірақ, ақыттану ісі Қытайда біршама кеш басталды. Бұның обьективті де, субьективті себептері болды. Ақыт Үлімжіұлы 1940 Шыңжаң билеушісі Шың Шы Сайдың қолынан түрмеде азаппен қаза табады. Бұл Шыңжаңда аласапыран туғызған заман еді. Гоминдаңшылар мен Кеңестік армияның тайталасып тұрған кезі. 1949 жылы Қытайда социалистік революция жеңді де, Үкімет басына Мао Цзе Дун келді. Мао алғашқы кезеңде Кеңестер одағымен одақтас болуға талаптанғанымен, кейін бұл райынан бас тартып, советтер әлемінен қол үзеді. Бұл кезеңдерде ескіден бас тарту, әрбір мәдени мұрадан күдіктену, әдебиет мәдениет мұраларын жоққа шығару жолға қойылғаны белгілі. 1968-1978 жылдары жүргізілген «Мәдениет төңкерісі» мәселені тіпті ушықтырып жіберген. Елдің есі Мао Цзе Дун өліп, оның орнына таққа Дэн Сяопин отырған сәттен бастап жиналды. Рухани мәдени мұраны жинау, әдебиет пен тарихтағы ақтаңдақтардың орнын толтыру ісі де осы кезеңнен бастап қолға алынды. Ақыттану ісі де осы кезде қолға алынды. «Азаттық» радиосының интернет парақшасына сұхбат берген қытайлық қаламгер Зейнолла Сәнік өзін ақыттанушылардың бірімін деп таныстырған. Ол қазір Ақыт шығармашылығы мектеп оқулығына енгендігін айтады: «Мәдени төңкеріс аяқталып, заман тынышталғаннан кейін ғана, Ақыт еңбектері жариялана бастады. Бұл – 1980 жылдары еді. Содан бері Ақыт еңбектері газет-журналдарда үзбей жарияланып келеді.

1993 жылы Ақыттың 125 жылдығы, ал 1998 жылы 130 жылдығы Үрімжіде салтанатпен тойланып өтті. Сондай-ақ, ол кісінің 3 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Төртінші томы баспада. Яғни, ақын еңбектерін жинау ісі де біршама жолға қойылды»[8] дейді Зейнолла Сәнік.

Ақынның баласы Ғазез Ақытұлының «Ақыт Үлімжіұлы» атты кітабы Алматыда 2008 жылы «Мұсылман баспа үйінде» басылып шықты. Таралымы – 2000 дана [9]. Кітапты құрастырып, баспаға ұсынған Ақыт Үлімжіұлының мұраларын зерттеушілердің бірі Гүлнар Сейткәрімқызы Омарова. Бұл кітапта он алты бұлақ көздерінің тізімі беріліп, Ақыт қажы жайлы жан жақты деректер қамтылған. Әрі шығармалары мен өмірбаянына ден қойылған. Ақыттың ақын ғана емес оның ағартушы ұстаз, қоғамдық қызметтеріне қатысты ой толғамдардың орын алғаны да орынды болған. Бұны ақынның баласы жазып отырғандықтан, оның өміріндегі кейбір көмескі деректердің басы ашылып, айқындала түскен. Сонымен қатар Ғазез Ақытұлы Ақыт ақынның мұрагері ғана емес, өзінің әдебиет зерттеушісі екендігін ақынның шығармашылығына жасаған талдауы арқылы танытып отыр.

Ақыт шығармашылығы Қазақстанда филология ғылымдарының докторы, профессор Зұфар Сейітжановтың «Ақыт ақын» атты «Қазақ университеті» баспасынан 2002 жылы шыққан оқу құралы арқылы қазақстандық әдебиет сүйер қауымға танылады. [10]

2007 жылғы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан жарық көрген тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлының «Моңғолиядағы қазақтар» кітабында да Ақыт Үлімжіұлының аты жиі кездеседі [11]. Тарихшы бұл кітабында Ақынның өлеңдерін өлкенің тарихы мен табиғатын таныстыру мақсатында пайдаланған. Сол арқылы ақын Ақыттың тарихтағы рөліне маңыз беріп, айғақтай кетеді:

«Даян көлге құятын өзен аты Г. Н. Потанин Кулагач деп жазған. Қазақтар бұл өзен және өзен бойындағы даланы «Қу ағаш» деп атайды. АқытқажыҮлімжіұлы өзінің әйгілі «Алтай» толғауында:
Қашқырты, Құсты, Қайырты,
Жайлауы соның аралы.
Шағандара, Қу үйдің
Аюы бар балалы… – деп жырлаған еді» дей келе:
Қазақтар Делуінге 1890 жылы келе бастады. Осы өлкеде бірер жыл өмір сүрген Ақыт қажыҮлімжіұлы «Алтай» толғауында:
Бұлғынның басын өрлесе,
Қобдаға барып асады.
Мінер жаққа бұрылса,
Дэлуінді басады.
Пәлен дейтін ағаш жоқ,
Тезекпен етін асады.
Қара жел қатты соққан күн,
Топырағын шашады, – деп Делуін табиғатын қазақы жан дүниесімен айшықтаған»

2007 жылы Дүниежүзі қазақтарының «Атажұрт» баспасынан жарық көрген Жәди Шәкенұлының «Қытайдағы қазақтар» атты кітапта Ақыттың 20-дан астам назиралық дастандар жазғаны айтылады [12]. Автор бұл кітапта ақынның үйрену мектебі жайынан аз мағлұмат бере кетеді. Әуелі Ақыт жырларының Абаймен үндестігін сөз ете отырып, 1909 жылы жарық көрген Абай шығармаларының 1915 жылы Асқар Татанайұлының қолына түскендігін жазады. Яғни, бұл – Ақыттың үйрену мектебінің бастауы халық жырлары мен бай ауыз әдебиетімен қоса Абай жырлары болғандығының дәлелі. Жоғарыда айтып өткен, Баян-Өлгийде басылған «Қажыбаян» кітабының бірінші беті
«Ақындар бізден бұрын өткен талай,
Әсіресе, Құнанбай баласы Абай
Солардай өткір сөзді таппасам да,
Ойымды жеткізейін құрай, жамай» деген Ақыт қажының өлеңі басылған. Демек, Ақыт Абай Құнанбайұлын өзіне ұстаз тұтқан.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қытайда ақыттану ісімен айналысқан Зейнолла Сәнік: «Ол кісі, әсіресе, 1907-1908 жылдары қажыға барып оралғаннан кейін, Абайдың ақындық ізімен жүріп, Абайша жырлап, Абайша өмірге мән беріп, ағартушылық бағытта насихат өлеңдерді өте көп жазған еді. Ол тек Абайша 8, 11 буынды өлеңдер жазып ғана қойған жоқ, оның «Сегіз аяқ» өлеңіне еліктеп, «Қос аяқ» деген өлең жазып қалдырған» дегенді айтады [13].

Сондай-ақ, «Қытайдағы қазақтар» кітабында Жәди Шәкенұлы: «Ақынның 1903 жылы жазған «Керей ишаны Мұхаммед мөмін» деген еңбегінен белгілі болғанындай орыс жерінен қашып барған Мажбулла деген үлкен оқымысты Мырзабақа деген атпен Ақытқа ұстаз болған. Ақыт осы адамнан араб, парсы тілдерін үйреніп, араб, парсы, шағатай тілдеріндегі тарихи, ғылыми әдебиеттер арқылы шығыс әдебиетінен молынан танысады» дейді [14]. Жалпы, Ақыт мұраларында шығыстық шайырлардың ізімен жазылған жыр дастандар, назымдар өте көп. Ол Мұхаммед пайғамбар (с.а.с), Мұхамед Құнапия, Смағұл қатарлы исламдық ірі тұлғалар өмірінен тарихи жырлар жазады әрі «Ғадыл ханның үкімі», «Мұса пайғамбардың мойындауы», «Мұсаның Қызырға жолдас болуы», «Ескендір Зұлқарнайын» тектес жиырмадан атсами назиралық дастандар жазған. Егер, «Ескендір Зұлқарнайынды» Абайдың да жырлағанын еске алсақ, Ақыт ақынның бұл тұста Абаймен жарысқа түскендігін бағамдау қиын емес.

Ақыттың бұдан кейінгі үйрену мектебі ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы бүгінгі таңда әдебиеттану ғылымында «Зар заман әдебиеті» деп үкіленіп жүрген халық жыраулары мен ақындары болғаны даусыз. Біріншіден, Ақыт ХХ ғасырдың басында өмір сүрді. Бұл кезеңде Қытайдағы қазақтар мен Қазақстан арасындағы шекара мүлдем жабық болса да, Әсет Найманбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Жүсіпбекқожа Шайқысіләмұлы, Зият Шәкерімұлы секілді көрнекті ақындардың Қытай жеріне өтуі екі ел арасындағы әдеби рухани байланыстың тереңдеуіне жол ашады. Бұл адамдар тек өздері ғана қоныс аударған жоқ. Сонымен қатар, Қазақстандағы қалыптаса бастаған жаңа мизам әдебиеті мен бай ауыз әдебиетінің үлгілерін, халықтық жырларды ала барды.

Ал, 2007 жылы «Атажұрт» баспасында «Жиһаншаһ» жинағы басылды. 2008 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен Жазушылар одағы бірлесе отырып, туғанына 140 жыл толуын атап өтті. Қазір Қазақстанның мерзімді басылымдары мен интернет-парақшаларынан Ақыт жайлы танымдық мақалаларды жиі кездестіреміз. Филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақованың «Туған тіл» журналында «Аллаһ сөзін жырлаған, Алаштың Ақыт ақыны» [15] атты көлемді зерттеу мақаласы жарық көрді.

Бұл мақалада ғалым «Алаш ақынының көркем сөздері тәуелсіздік кезеңнің басты рухани асыл ойлары болып қала бермек» деген ой түйеді. Біз де осы оймен шағын мақаламазды аяқтауды жөн көріп отырмыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Катанов Н // «Деятель», 1898, №8-9 сандар, 429-430 б.
2. Қалиасқарұлы Қ // «Баян-Өлгий қазақтарының ауыз әдебиеті». Өлгий. 1969, 167 б.
3. «Шұғыла» // «Ақыттанудағы алғашқы талпыныстар». 1976, №9, 67 б.
4. Қалиасқарұлы Қ // «Халық ақындары». Өлгий. 1973, 63 б.
5. Бодаухан Т // «Халық ақындары» және Ақыт» // «Шұғыла» 1974 жыл, №1, 80 б.
6. Байтоқов Е // «Бозіңген – сүбелі туынды» // «Шұғыла», 1973 жыл, №4, 79 б.
7. Ақыт қажы // «Қажыбаян». Өлгий, 1991. 123 б.
8. Зейнолла Сәнік // Абайша жырлаған Ақыт қажының атын атауға тиым салынса, енді оның шығармалары оқулықтарға енді// www. azattyq.org, 16.04.2009
9. Ғазез Ақытұлы // «Ақыт Үлімжіұлы». Алматы: Мұсылман баспа үйі – 2008, 138 б.
10. Сейітжанов З // «Ақыт ақын». Алматы: Қазақ университеті баспасы, 2002.
11. Қинаятұлы З // «Моңғолиядағы қазақтар». Алматы: Атажұрт – 2007.
12. Шәкенұлы Ж // «Қытайдағы қазақтар». Алматы: Атажұрт – 2007, 238 б.
13. Ақыт Үлімжіұлы // Шығармалары. І том. Үрімжі: Шыңжаң халық баспасы, – 1994, 688 б.
14. Шәкенұлы Ж // «Қытайдағы қазақтар». Алматы: Атажұрт – 2007, 195 б.
15. Ісімақова А // Аллаһ сөзін жырлаған, Алаштың Ақыт ақыны // «Туған тіл», 2009 жыл, №2.100 б.

 

Дәулеткерей Кәпұлы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
Қазақ әдебиеті кафедрасының докторанты. 

baq.kz

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

    Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым. Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан

  • Алыстағы ағайынның Атамекенге оралу жолын тұңғыш ашқан қазақтың қаһарман қызы

    Ол кім дейсіз ғой, турасын айтсам ол Сағат Зақанқызы. Тоқсаныншы жылдардағы алғашқы көш Моңғолия қазақтартарынан басталған. Сол көшті алғаш бастаған адам Сағат Зақанқызы. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Жарғақ құлағы жасттыққа тимей, сонау қиын-қыстау заманында алыстағы ағайындардың жолын ашқан осы адамды қазақтың қаһарман қызы атауымыздың өзіндік себебі бар. “Көш басшысымен көрікті”  “Көргені жақсы көш бастар”  дейді атам қазақ.   Осы екі ауыз сөздің астарына үңіліп қарасақ, онда, үлкен мән мағына бар екеніне көз жеткіземіз.       Бұрынғы ауыл көшінің өзінде, көш басшылары төрт түлік малдың өрісінің жағдайына қарай, әр мезгілдегі ауарайының өзгерісіне сай, көшіп қонуда бір басына жетіп артылар  үлкен жауапкершілік  жүктесе, Моңғолияда тұратын қандастарымыздың бір жарым ғасыр ғұмыр кешкен ел жерінен ,

  • КЕНЕСАРЫ ХАНҒА ТАҒЗЫМ

    Жүз елу жыл! Биыл Кенесары ханның шәйіт болғанына бір жүз елу жыл толды. Кенесары ғана емес. Наурызбай бахадұр сұлтан, Ержан сұлтан, Құдайменде сұлтан. Қыпшақ Иман батыр, Тама Құрман батыр, Дулат Бұғыбай батыр, Дулат Жауғаш батыр, Дулат Медеу би, қылыштың жүзі, найзаның сүңгісі болған тағы қаншама азамат. Қазақ Ордасының ең соңғы жарақты жасағында қалған үш мыңнан астам аламан. Бәрі де шәйіт болды.Кенесары ханның, оның ең соңғы жауынгер серіктерінің қасиетті қаны шашылған ақырғы сағатта төрт ғасыр бойы төре таңбалы қызыл туы желбіреген ұлы мемлекет Қазақ Ордасы шайқалып барып құлады. Алаш баласы сонау Үйсін, Ғұн, Түрік заманынан тартылған, Алтын Ордаға жалғасқан, Қазақ Ордасына ұласқан, Орталық Азия төсінде жиырма ғасырдан астам, ғаламат ұзақ уақыт

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: