Теңгенi құлдыратқандар кiмдер?
КЕШЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАНКТЕРI МЕН АЙЫРБАСТАУ ПУНКТЕРIНДЕГI ДОЛЛАРДЫҢ ТЕҢГЕГЕ ШАҚҚАНДАҒЫ БАҒАМЫ 300 ТЕҢГЕДЕН АСЫП ТҮСТI.
Қазақстан қор биржасындағы таңертеңгiлiк сессия нәтижесiнде доллар сейсенбi күнмен салыстырғанда тағы көтерiлiп, 283,98 теңгеге жеттi. KASE-дегi валюталық саудаға нарықтың 23 ойыншысы қатысты. Ал валюталық сауда көлемi бар-жоғы 89 250 долларды құрады.
Соған қарамастан, кейбiр банктердегi долларды сатып алу бағамы күндiз 300 теңгеден асып түстi. Банк центркредит долларды 301 теңгеге сатса, Қазкоммерцбанк бiр доллардың құнын 299,62 теңге шамасында белгiлептi. Түстен кейiн банктер мен айырбастау пунктерiндегi доллар бағамы сәл арзандады. Түскi сағат үш шамасында Банк центркредит долларды 290 теңгеге сатып, 288 теңгеге сатып алып жатты. Қазкоммерцбанк бұл уақытта бiр долларды 285,56 теңгеге сатып, сатып алу бағамын 282,11 теңге шамасында белгiлептi. Басқа банктерде де осы шамалас айырбастау бағамы орнатылғанымен, бұл меже сағат сайын өзгерiп отырды.
Сейсенбi күнi Қазақстан қор биржасындағы таңертеңгiлiк валюта саудасының көлемi 71 350 доллар көлемiнде ғана болды. Соның өзiнде доллардың теңгеге шаққандағы көлемi 3,28 теңгеге қымбаттап, бiр доллардың құны 276,83 теңгеге жеттi. Ал кешкi сессияда бiр доллар 282,10 теңгеге жуықтады.
Болмашы ғана көлемде валюталық сауда жүргiзiп, теңгенi құлдыратып отырған қандай ойыншылар? Экономист Олжас Құдайбергенов ақпарат құралдарына берген сұхбатында Ұлттық банкке KASE-де жүргiзiлiп жатқан мәмiлелердi жария етудi ұсыныпты. Расында да, айналдырған жиырмаға жетер-жетпес ойыншы қатысатын валюталық саудада теңге күнделiктi қымбаттап отыр. Халық долларды шарықтатып отырған қор биржасының қандай қатысушылары екенiн бiлуi тиiс. Бұл ойыншылар теңге бағамын қолдан түсiрiп отырған болуы мүмкiн. Әйтпегенде, бiр күннiң iшiнде теңге қалайша 11 теңгеге арзандады?
Құдайбергеновтiң бұл ұсынысына Ұлттық банк әзiрге жауап қатқан жоқ. Ал бұған қатысты түсiндiрме беруден бас тартқан Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов доллар бағамы 300 теңгеге жетсе де, қазақстандықтардың өмiр сүруi бұдан өзгермейтiнiн айтыпты. “Өйткенi жалақы, сатып алу қабiлетi экономикадағы еңбек өндiрiсiне байланысты болуы керек”.
Министр соңғы бiрнеше жылдың iшiнде жалақыны екi мәрте көтергенiн ауызға алып, “жалақының көтерiлуi долларға емес, еңбек өндiрiсiне байланысты болуы тиiс. Азаматтар теңгемен есептеседi, импорттың көлемi үлкен екенi түсiнiктi. Бiрақ кәсiпорындарымыздың бәсекеге қабiлеттiлiгi бойынша жүргiзiлiп жатқан жұмыстар нәтижесiн беруi тиiс”, – дептi.
Қазақстандықтардың бүкiл сұранысын өтей алатын отандық өндiрушiлер жоқ болғандықтан, сырттан тауар сатып алатындықтан, доллардың шарықтауы халық тұрмысына әсер етпей қоймайтыны анық. Мұны министрi де, басқасы да жақсы бiледi. Әзiрге теңге құлдырауының шетi де, шегi де көрiнбейдi. Бiр доллар үшiн психологиялық меже – 300 теңгемен аяқталмауы мүмкiн.
zhasalash.kz


Пікір қалдыру