Қытай қазақтары «Қара жорғаны» ҚХР-дың 24 аймағында биледі (ВИДЕО)
Қытайдағы қазақ студенттері бірлестігінің белсенділері Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қара жорға» биін Қытайдың 24 аймағында орындап, қазақстандықтар үшін құттықтау бейнебаянын дайындады.
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылды Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу жылы деп жариялады. Оны естіген кезде, дайындыққа кірісіп кеттік, сәуірден бастап қазанға дейін 24 аймаққа барып, барлығында «Қара жорға» ұлттық биін орындап, түсірдік. Бұл біздің Қазақстандағы отандастырымызға сыйлығымыз әрі Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне құрмет көрсетуіміз», – деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Қытайдағы қазақ студенттері бірлестігінің орынбасары, Хуайбэй қаласы (Аньхой провинциясы) халықаралық саясат зерттеулері орталығының студенті және тағылымгері Жігер Қабинұлы.
Оның айтуынша, бейнебаянның түсірілуін ұйымдастыруға Қытайдағы қазақ студенттері бірлестігінің 3 мыңға жуық мүшесі қатысқан. «Қара жорға» биі тек Шыңжаң-Ұйғыр автономдық округінде ғана емес, Хэнань, Цзянсу, Аньхой, Чжэцзян, Сычуань, Цинхай, Ганьсу, Гуандун, таудағы Тибет автономдық ауданында және ҚХР-ның басқа да аймақтарында орындалған. Бейжіңде Жігер Қабинұлы Тяньаньмэнь алаңы мен Ұлы Қытай қорғанында биледі.

Пікір қалдыру