|  | 

Саясат

Сапырылысқан сапарлар сырына үңiлсек, не байқаймыз?

Әлемнiң алпауыт елдерiнiң басшылары Қазақстанға жиi сапарлайтын болды. Соңғы бiр-екi айдағы сапарларды сараласақ, Астанаға Украина президентi Петр Порошенко, Ресей прези­дентi Владимир Путин, жақында Жапония премьер-министрi Синдзо Абэ, ендi мiне, күнi кеше ғана АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Джон Керри келiп кеттi. Керридi қабылдаған күннiң ертесi президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбританияға ресми сапармен ұшып кетiп, сол елдiң премьер-ми­нистрi Дэвид Кэмеронмен кез­дестi. Қайтар жолда Н.Назарбаев Францияға соғып, Франсуа Олландпен келiссөз жүргiзедi деп күтiлуде. Әлем елдерiнiң басшылары бiзге нелiктен келгiштеп кеттi? Керри мен Назарбаев жабық есiк жағдайында не туралы сөйлестi? Президент Ұлыбританияға не үшiн сапарлады? Бiз осы сұрақтарды саясаттану ғы­лымдарының кандидаты, “Тәуе­келдердi бағалау тобының” жетекшiсi Досым СӘТБАЕВқа қойып көрдiк.

 «АҚШ ПЕН ЖАПОНИЯДАН ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙГЕ ҚАРЫМТА ЖАУАП»

–             Соңғы бiрнеше айдың iшiн­де Қазақстанға П.Порошенко мен В.Путиннен бастап, Үндiстан премьер-министрi мен Жапония премьер-министрi, ендi мiне, АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Джон Керриге дейiнгi тұлғалар келiп кеттi. Жанама нәрселердi шетке ысырсақ, бұларды негiзi­нен бiрнеше мәселе қызықтырды. Бiрiншiден, аймақтық қауiпсiздiк. Екiншiден, энергетика. Үшiн­шi­ден, Қазақстан және Орталық Азияның өзге елдерiмен экономикалық әрiптестiк. Мәселен, Порошенконың сапары, бiрiншiден, Қазақстанмен экономикалық әрiптестiктi, екiншiден, Астана Украинаға әртүрлi мәселеде, оның iшiнде Ресеймен қарым-қатынаста қолдау бiлдiрсе екен деген ниеттi көздесе, Путиннiң сапары ең алдымен аймақтық қауiпсiздiк пен ырың-жырыңнан тарам-тарамы шығып жатқан Еуразиялық экономикалық одақта не болып жатқанын талқылауға бағытталды.
Ал Жапонияның премьер-министрi мен АҚШ мемлекеттiк хатшысының сапарын аймақтағы мүдденi айқындау, нақтылау ретiнде қарастыруға болады. Мұ­ны АҚШ пен Жапонияның аймақта тым белсендi болып кеткен Қытай мен Ресейге қайтар­ған қарымта жауабы деуге болады. Азиялық аймақта Жапония мен Қытай үлкен геосаяси бәсекелестер екенiн ескерсек, Жапония премьер-министрi Синдзо Абэ үшiн Қытай белсендiлiгi үлкен қауiп болып көрiнгенi анық. Ал Джон Керри мұндай қауiптi Ресейден және Қытайдан көрдi. Қытай аймақтағы елдермен экономикалық әрiптестiктi күшейтiп жатса, Ресей Ұжымдық қауiп­сiздiк келiсiмшарты ұйымы ая­сында әскери механизмдер арқылы аймақтағы ықпалын арттыруда. Бұл әсiресе, соңғы уақытта ресейлiк әскерилердiң Ауғанстанға қатысты мәлiмдеме­лерiнен-ақ байқауға болады. Мәселен, олардың тарапынан Ауғанстанның солтүстiгiндегi жағдай Орталық Азияда әскери ықпалын артыруға әкеп соқтыруы мүмкiн екенi ашық айтылды. Бұл мәселелер АҚШ-ты алаңдататыны анық. Өйткенi АҚШ та Орталық Азияны геосаяси және экономикалық мақсаттарының шоғырланған аумағы деп қарастырады.
Десек те аймақтағы елдердiң АҚШ-қа деген қарым-қатынасы әртүрлi. АҚШ-тың Қазақстанмен қарым-қатынасы түзу, әрiптестiк деуге келедi. Бұрынғыдай суық қарым-қатынаста болмаса да, Өзбекстанмен арасы әлi де салқын. Ал Қырғызстанмен қарым-қатынасы нашарлады. Тәжiк­станмен қарым-қатынасы түзу тәрiздi, бiрақ бұл ел Ресейге қатты тәуелдi. Түрiкменстан АҚШ-пен белсендi қарым-қатынас орнатуға тырысып жүр. Биыл­ғы жылдың көктемiнде Түрiк­менстан Құрама Штаттардан әскери көмек сұрағаны бар. Яғни, АҚШ-қа келгенде, бiздiң аймақ бiржақты көзқараста емес. Бұл жайтты АҚШ та, Ресей, Қытай тәрiздi геосаяси ойын­шылар да өз мақсаттарына пайдаланғысы келедi. Өйткенi Ресейге деген Орталық Азия елдерiнiң қарым-қатынасы да бiртектi емес. Әйтеуiр қалай бол­ғанда да Түрiкменстан мен Өзбекстан Ресейдi әскери қамқоршы ретiнде көргiлерi кел­мейтiнiн, тек өз күштерiне немесе басқа ойыншылардың кө­мегiне сүйенетiнiн ашық айтты.
Былайша айтқанда, iрi геосая­си ойыншылардың бұл аймаққа араласа бастауының басты себебi – энергетика мен қауiп­сiздiк.
ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАР БАР ЖЕРДЕ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНА КӨЗ ЖҰМА ҚАРАУҒА БОЛАДЫ
–             Джон Керри келгенге дейiн әлеуметтiк желiде АҚШ мем­лекеттiк хатшысы Қазақстандағы сөз бостандығы мен адам құқықтарына назар аударса екен деген тiлектер айтылып жатты. Тым жұтаң ресми ақпараттан бас­қа Джон Керридiң Астанада нақты не талқылағаны ашылмаған күйi қалды. Сiздiң ойыңызша, Н.Назарбаев пен Д.Керри жабық есiк жағдайында не туралы сөйлестi?
–             Жабық есiк жағдайында ең алдымен қауiпсiздiк мәселесi талқыланды. Бұл – Ауғанстандағы, Украинадағы және Сириядағы ахуал. Астанада Сирия мәселесi жөнiнен екi мәрте келiссөз өткенiн бiлесiздер. Оған Сирия оппозициясының айтарлықтай ықпалды емес бөлiгi қатысты. Бiрақ не десек те, Қазақстан Сирия мәселесi жөнiнен де ара ағайын болғысы келедi.
Тағы бiр ауызға алынған нәрсе – елiмiздiң Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүше болуы, байытылған уран сақтайтын халық­аралық отын банкiн құру. Яғни экономикалық және инвестициялық әрiптестiк пен қауiпсiздiк мәселесiне көбiрек мән берiлдi. Ал адам құқықтарына келсек, бұл ретте қос стандарттарды бай­қаймыз. АҚШ үшiн Орталық Азия елдерiмен тығыз қарым-қатынас ұстау маңызды. Тiптi бұл елдер демократия стандарттарынан алыс болса да, бұлар – маңызды серiктестер, сол себептi Вашингтон олармен қарым-қатынас­ты бұзғысы келмейдi. Әсiресе, Қытай мен Ресей адам құқықтарынан өздерi алыс болғандықтан, өздерi қарым-қатынасты кү­шейтiп жатқан елдердегi бұл мәселеге айтарлықтай назар аудармайтынын АҚШ ескерiп отыр. Вашингтон бұл режимдер мiнсiз емес, автократиялық екенiн жақсы бiледi, бiрақ өзi үшiн аса маңызды екенiн түсiнiп, көп нәрсеге көзiн жұма қарайды. Ал бұл сыртқы саясатта алдыңғы орынға қандай да бiр құндылықтар емес, конъюнктура шығатынын дәлелдейдi.
–             Әлем елдерi басшыларының бiзге жасаған сапарлары Қазақстан маңызды геосаяси ойын­шыға айналып, ықпалы артқанын көрсете ме, әлде бұл мемлекеттер бiздi тек майлы шелпек деп қарастыра ма?
–             Қазақстан өзiн әр уақытта әртүрлi процестерге қатысуға дайын модератор, ара ағайын ретiнде көрсетiп жүрдi. Қазақстан – Орталық Азия елдерiнiң iшiнен сыртқы саясаты айқын әрi түсiнiктi, әзiрге қысқа мерзiмдегi экономикалық, саяси ахуалы тұрақты жалғыз мемлекет. Бұл өзге геосаяси ойыншыларға тиiмдi екенi түсiнiктi. Қазақстан да Өзбекстан тәрiздi билiк транзитiнiң алдында тұр. Бiр жағынан сыртқы ойыншылардың қызығушылық танытуының бiр себебi де осында. АҚШ, Ресей, Қытай, Жапония да аймақтағы ахуалдың ушығуына мүдделi емес. Оларды Өзбекстан мен Қазақстанның болашағы алаңдатады. Өйткенi ахуалдың уыстан шығып кетуi мүмкiн екенiн ешкiм жоққа шығармайды.
Жоғарыда айтып өткенiмдей, Қазақстанға қызығушылық танытудың сыры мынада: бiрiншiден, энергетикалық ресурстарға деген қызығушылық пен елiмiзге салынған инвестиция. Олар бұл инвестицияны сақтап қалуға әлек. Қазақстан – Орталық Азия­ның өзге елдерiмен жұмыс iстеуге мүмкiндiк ашатын ыңғайлы әрiптес. Бұл – екi. Үшiншiден, Қазақстан посткеңестiк кеңiс­тiкте дағдарысты шешетiн келiс­сөз алаңына, ара ағайынға айналғысы келедi.
“БИЛIК АУЫСУДЫҢ АЛДЫНДА ТАМЫРДЫ БАСЫП КӨРУ”
–             Сыртқы ойыншылар билiк ауысудың алдында қызығушылық танытып отыр дедiңiз. Демек, әлем ел­дерiнiң басшылары бiздегi ахуалды өз көзiмен көру, байыптау мен тамырды басу үшiн келе ме?
–             Иә. Ол да бар. Мұндай деңгейдегi кездесудiң мақсаты – басшыны көру, оның халын бiлу, билiк өзiнiң алдындағы мәселелердi қалай қабылдап, шешiп отыр, соны байқау. Қысқасы, осылайша ахуалды тек­сергiсi келедi. Кез келген елге сапарлаудың алдында басшыға өзi баратын елдiң ахуалы туралы талдамалы ақпарат берiледi. Яғни Керри сапардың алдында бәрiн естiп-бiлiп келедi де, жеке кездесуден өз пiкiрiн түйедi.
–             Сапар нәтижесiнде ен­дi кiмге бәс тiгуге болады деген қорытынды жасай ма?
–             Әрине. Бiздiң аймаққа қызығушылық танытатын геосаяси ойыншылардың бәрiнде билiк қалай ауысады, одан кейiнгi ах­уал қалай өрбитiнiн көрсететiн бiрнеше нұсқасы бар. Ресей, Қытай мен АҚШ-та осы сце­нарийлердi жасайтын және жасаған кезде өз мүдделерiн ес­керетiн талдау орталықтары бар деп есептеймiн.
–             Ендi президент Н.Назар­баевтың Ұлыбриятанияға жасаған сапарына ойыссақ. Президент Д.Кэмеронмен кездесiп үлгердi, қайтар жолда Парижге соғып, Ф.Олландпен кездеспек. Бұл сапар Астананың Еуразиялық экономикалық одақта бол­ғанына қарамастан, көпвекторлы саясатты ұстанатынын көрсете ме? Жалпы, сапардың түпкi мән-мақсаты не?
–             Орталық Азияның өзге елдерiмен салыстырғанда, Қа­зақстан бұрыннан Батысқа да, Шығысқа да ашық екенiн бiлдiрiп келедi. Еуропа елдерiне сапар – елiмiз үшiн Еуропа одағы, Еуропа елдерi маңызды серiктестер екенiн көрсетедi. Әсiресе, экономика саласында. Қазақстанның тауар айналымында Еуроодақ 1-орынға ие екенi белгiлi. Ұлыбританияға келсек, мемле­кетiмiзде британдық бизнес жұмыс iстейдi, осы елдiң инвестициялары бар. Тiптi бұрынғы премьер-министрi Тони Блэр кеңесшi болып жұмыс iстедi. Яғни Ұлыбританиямен әртүрлi бағытта қарым-қатынас орнаған. Кейбiр қазақстандық олигархтардың Ұлыбританияда ак­тивтерi мен жылжымайтын мүлiгi бар екенi жасырын емес.
Францияға сапарға тоқталсақ, индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында француз инвестицияларын тартуды көздейдi. Назарбаев пост­ке­ңестiк кеңестiкте бәрiмен жақсы қарым-қатынас орнатқан жалғыз басшы имиджiн қалыптастыруға тырысып жатыр. Модератор, дәнекер болушы, ара ағайындық жасаушы бет-бей­несiн қалыптастырғысы келедi. Бiр нәрсе қолынан келсе, қай­сыбiр жайттар қолдан келмей жатыр. Сирия оппозициясының келiссөзiн ұйымдастырғанымен, Украина дағдарысын реттеу рөлiн Минск тартып алды. Астана бұған қынжылды, кейiдi. Қазiргi уақытта сол ұпайын қайтаруға тырмысып, дағдарысты шешу жолдарын ұсынып жүргенi содан. Мына сапарлардың бiр мақсаты да осы.
–             Әңгiмеңiзге рақмет!

elnur-alimova@mail.ru
Әңгiмелескен Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.
zhasalash.kz

Related Articles

  • Tridon Mk2 зениттік қондырғы

    Tridon Mk2 зениттік қондырғы

    Швеция мен Дания Украинаға арнап британ-швед өндірісіндегі заманауи Tridon Mk2 зениттік қондырғыларын сатып алуға бірігіп кірісті. Кешен әсіресе жақын қашықтықта ұшатын ирандық «Шахед» дрондарына қарсы ең тиімді қарудың бірі. Қазіргі уақытта Tridon Mk2 өз класындағы ең озық әуе шабуылына қарсы жүйе саналады. Tridon Mk2 зениттік қондырғысының басты ерекшелігі атыс қарқыны. Ол минутына 300 оққа дейін жаудыра алады. Осылайша әуе кеңістігіне енетін шағын дрондардың көзін жылдам әрі дәл жоюға мүмкіндік туады. Тағы бір артықшылығы атылатын 40-мм снарядтардың құны небәрі 27 долларды құрайды. Экономикалық тұрғыдан тиімді екенін дәлелдейді. Қару-жарақ саласындағы мамандар Украинадағы әскери қақтығыстарды ескере отырып, арзан әрі тиімді әуе қорғанысы қаруына сұраныс жоғары екенін айтады. Tridon Mk2 жүйесінде қолданылатын арнайы британдық

  • Тек тілге байланысты…

    Тек тілге байланысты…

    Қазақ Республикасында бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол- қазақ тілі. Қазақ тілінен басқа ешбір екінші тілге мемлекеттік мәртебе берілмеуі керек! Отыз жылдан астам уақыттан бері геосаяси ахуалды сылтауратып келдік. Енді біздің де мінезімізді һәм мысымызды көрсететін уақыт келді. ҚР-ның азаматы һәм салық тапсырушы қатардағы тұрғыны ретінде талап етемін! Алдағы бес жылда Қазақ Республикасында елеулі демографиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда 2030 жылынан кейін қазақтардың республикадағы жалпы үлесі 80-85% ке дейін артады. Славян халықтарының өсімі азайып 10%-ға дейін түседі. Есесіне елдегі түркітілдес өзбек, татар, ұйғырлардың өсімі еселеп өсіп тіпті 10-15 жылда орыстардың орнын басып озуы мүмкін. Сол кезде Қазақ Республикасындағы жалпы түркітілдес халықтардың үлес салмағы 85-90% ке жетеді. Нәтижесінде қазақ мектептерінің саны,

  • Қызық…

    Қызық…

    1989 жылы Қазақ ССР-дың мемлекеттік тілі біреу, ол қазақ тілі болған. 2026 жылы Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл біреу, ол қазақ тілі болмақ. Мәселе, 37 жылдан бері публикацияға тіл туралы баптың 1- тармағын көрсетіп (қоғамдағы ұлтшылдықты басу үшін) ал ісжүзінде 2- тармақпен баса жұмыс істеуінде жатыр. 1989 жылдан бері қазақ тілінің құзіреті конституцияның күшінен көбірек қазақ ұлтшыларының инерциясының арқасында өркендеді. Өйткені қазақтілді орта урбанизацияланды, былайша айтқанда қаладағы мәдени аймақтарды қазақтілді ішкі миграция басып алды. Қазақша мектеп, бала-бақша, орта және шағын бизнес тб бәрі ішкі миграция мен урбанизацияның есебінде көбейді. Конституцияда мем-тіл қазақ тілі деп көрсетілсе де мем-жүйе 2-тармақпен жұмыс жасады. Ал кейбір мекемелер мен облыстардағы қазақ тіліне басымдықтың берілуі тікелей демографиялық

  • “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін. “Жаңа конституцияның” 9-бап 2-тармағы тұрғанда құжаттар ешқашан қазақша жасалмайды. Тек аударма тілі болып қалады. Себебі мемлекеттік бюрократия 9-баптың 2-тармағына сүйеніп, іс-қағаздарды орысша жасап үйренген. Сол себепті іс-қағаздың бәрі алдымен орысша жасалады, кейін қазақшаға қалай болса солай аударылады. Сол себепті 1-тармақтың болғаны қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл мәртебесінде болуына еш көмектесе алмайды. Бір ғана жолы бар: конституцияда мемлекеттік тіл де, ресми тіл де – қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазылып тұруы керек. Құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасының ғана заңды күші болуы тиіс. Сол кезде басқа тілдердегі нұсқасы жай аудармасы болады. Сол кезде ғана қазақ

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: