Астанада пойыздар ішіне бір-ақ кіретін алты қабатты темір жол вокзалы бой көтеруде (фото)
Астанада жаңа темір жол вокзалының құрылысы қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен.
Халықаралық ЭКСПО көрмесіне арналған вокзал аумағы қазіргі қолданыстағы ескісінен 11 есе үлкен. Ұзындығы 630 метр, биіктігі 49,5 метр, ені 116 метр.
“Құрылысшылар тәулік бойы жұмыс жасауда. Қазіргі кезде іргетасы аяқталып, вокзалдың қабырғасы көтеріле бастады. 13000 тонна металл құрастырмасы (58 пайызы) игерілді. Вокзалдың негізгі қаусырмасын қарағандылық «Имсталькон» АҚ дайындауда”, – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы ірі жобаларды жүзеге асыру жөніндегі дирекцияның директоры Владимир Клинг.
Оның айтуынша, қазіргі кезде нысанда 1300 маман жұмысқа тартылған.
Жоба бойынша, пойыздар ғимараттың ішіне енеді. Ол үшін жабық үлгідегі алты эстакада салынуда. Эстакаданың ұзындығы 2550 метр болса, оған тіректердің 87-сі тұрғызылды.
Бүгінге дейін аралық құрылыстағы 17300 тонна (69 пайыз) металл қаусырмалары құрастырылды.
Жолаушыларға барынша қолайлы болуы үшін соңғы үлгідегі ғимарат қуат үнемдеу лифтілерімен, эскалаторларымен жабдықталады. Мұнда жер асты жылу алмастырғыштары вокзалды термальдық көздер арқылы қыздырады. Мұндай технология ғимаратты қыста жылытса, жазда салқындатады.
Жоба бойынша пойыздар алты қабатты вокзал ішіне кіре алады. Автокөлік құралдары да ондағы жолаушылар да вокзалға кіре берістегі 9,75 метрлік қабатта темір жол платформасына аялдайды.
Қолданыстағы қазіргі вокзал тәулігіне 7 мың адамға қызмет көрсетеді. Ал жаңа вокзал арқылы тәулігіне 35 мың жолаушы өте алады.
Елорданың басты темір жол қақпасы оған қосылатын Тобыл, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар бағдарларына жолаушыларды бір мезгілде сапарға аттандырады.
Жаңа Астана вокзалы кешені «Мыңжылдық» аллеясына орналасқан. Оны 2017 жылғы наурызда пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Дереккөз: ИА “Казинформ”
nur.kz
Пікір қалдыру