|  |  | 

Көз қарас Спорт

«Заманың шабуылшы болса, қорғаушы болып шал»

КОММЕНТАТОРЛАРЫНЫҢ ТIЛI ҚАШАН ТҮЗЕЛЕДI?

Бүгiнде “Ел болам десең – телеарнаңды түзе” деген сөз мәтелге айналып, өзектiлiгiн танытып тұр. Жұрт сан алуан ақпаратты электронды ақпарат құралдарынан алатын, интернеттен iздейтiн, телеарналарға көбiрек телмiретiн заман туды. Сол телеарналарымыздан көпшiлiктiң сүйiп көретiн көрсетiлiмдерiнiң бiрi – спорт хабарлары. Бiрiмiз – футболды, екiншiмiз – бокс­ты, үшiншiлерiмiз – күрестi, ендi бiреулерiмiз – мәнерлеп сырғанау мен хоккейдi немесе ауыр атлетиканы көрудi қалаймыз. Тек қазақ тiлiнде хабар тарататын “Қазақстан” мен “Kazsport”телеарналарының ашылуы, спортсүйер қауымға отандық телеарналарымыздан әлемдiк дүбiрлi додалардың, олимпиадалар мен әлем және Еуропа, Азия чемпионаттарының, түрлi халықаралық жарыстардың, елшiлiк турнирлердiң тiкелей эфирден көрсетiлiп, елiмiздiң мемлекеттiк тiлiнде ақпарат берiлiп жатуы – Тәуелсiздiк тұсындағы азды-кем жетiстiгiмiз. Көршiмiз Өзбекстан мен Әзiрбайжан сияқты телеарналарымызды жаппай ұлт тiлiнде сөйлете алмасақ та, барымызды бағалап, қазақ тiлiнде ақпарат тарататын аздаған телехабарлар сапасы мен олардың тiл мәдениетiн көтеру аса маңызды мiндет болып отыр. Телеарна тiлi мен хабарлар маз­мұны жөнiнде соңғы кезде сын көп айтылып жүр. Солардың басым көпшiлiгi мiн түзелсiн деген iзгi ниетпен айтылған орынды пiкiрлер. Оларға ден қойған ләзiм. Бiз де БАҚ тiлiне жүрдiм-бардым қарай алмайтын тiл мамандарының бiрi ретiнде осы мәселеге оқтын-оқтын соғып жүрмiз. Бұл жолы спорт комментаторларының тiлi жөнiндегi кейбiр пiкiрлерiмiздi ортаға салсақ деймiз.
ХХ ғасырдың 50-60-жылдарынан берi игерiле бастаған комментаторлық кәсiптiң дамуына Өмiрзақ Жолымбетов,  Сұлтан­ғали Қаратаев, Диас Омаров, Рабат Жәнiбеков, Жақсылық Темiрбеков, Қынабай Аралбаев, Мейрам Жанәдiлов, Қайрат Жантикин сияқты алдыңғы буын қал-қадерiнше еңбек сiңiрдi. Орта, жас буын арасында да бұл салаға маманданып жүргендер бар. Мектеп қалыптаспаған деген пiкiр басым болғанмен, қазiргi буынның алдында бұл кәсiптi уақыт талабына сай игеру мiндетi тұрғаны анық. Мә­селенiң тарихына көп тоқталмай, бүгiнгi комментаторлар тiлi жайы­на көшер болсақ, бiзде спорт комментаторларын дайындауға, олардың тiлiне жете мән бе­рiлмейтiнiн күн сайын көрiп жатамыз. Оған мың бiр мысал келтiруге болады. Бiрақ оның бәрiн қағаз бетi көтермей­тiндiктен, жекелеген мысалдармен ғана шектелмекпiз. Комментатор Ержан Көшкiнбаев: “Ойыншылар алмасты. Неге екенiн бiле алмаудамыз” (29.06.2014.Мексика – Голландия); “Жарақат алған ойыншының кiм екенiн бiле алмау­дамыз” (30.06.2014. Франция – Нигерия); Бiз уақытты мүлде қарамаудамыз (Германия – Аргентина); …көре алмаудамыз (5.07.2015) – дедi. “Бiле алмаудамыз”, “қарамаудамыз” деп қай қазақ сөйлейтiн едi? Бүйректен сирақ шығармай-ақ, “…бiле алмадық”, “…бiле алмай отырмыз”, “…қарамадық” немесе “…қараған жоқпыз”, “…көре алмай қалдық”, “аңғара алмай отырмыз” десе болар едi ғой. Қазақ тiлiндегi айналдырған төрт-ақ түрлi жалғауды дұрыс қолдану үшiн қанша бiлiм қажет?
Ойыншылар алмасуы орын алуда(30.06.2014. Франция – Нигерия); Немiс құрамасы гол соға алмауда. Әзiрге Мюллерге мүмкiндiк бола қоймауда. Жылдам шабуыл көрсетпеуде. (Германия – Аргентина); Аргентина құрамасы жеңуде. Талап етуде (5.07.2014). Неғылған қаптаған “уда” мен “уде”. Естiр құлаққа ерсi. Тиянақсыз тұжырым, баянсыз баяндауыш, бұлдыр ой. Қай атамыз көз алдында болып жатқан құбылысты немесе оқиғаны осылай баяндаушы едi? Осы сөйлемдердi “Ойыншылар алмас­ты”, “Немiс командасы гол соға алған жоқ”, “Әзiрге Мюллерге мүмкiндiк тимей тұр”, “Жылдам шабуыл көрсете алмай жүр”, “Аргентина құрамасы жеңiп жатыр”, “талап етiп жатыр” деп айтуға болмас па едi? Оқиға дәл сол сәтте болып жатқандықтан, мұндайда комментаторлардың етiстiктiң нақ осы шақ және жедел өткен шақ тұлғасын көбiрек пайдаланғаны орынды. Ара-арасында өткенге шолу жасап, болашаққа болжам айтам десе, өткен шақ пен келер шақтың өзге түрлерiн де қажетiне жаратсын.
Бiз сөз етiп отырған комментатор тағы да мынадай сөз тiркестерi мен сөйлемдердi айт­ты: “Перес әлi де доппен. Әйтсе де немiстер доппен. Кезектi рет… Орыс тiлiндегi “…с мячом”, “очередной раз” деп басталатын сөйлемнiң құрылысын тiкелей көшiрiп, сәтсiз сөз тiркестерiн пайдаланбай-ақ, ойын қазақша жатық айтуына әбден болатын едi. “Германия допқа иелiк ету басымдығына ие” деген сөйлем (Преимущество во владении мячом сейчас у сборной Германии), Сол аяғы мықты соққыға ие (Имеет мощный удар с левой ногой). “Ешқандай маңызға ие емес (Не имеет никакого смысла) деген сөйлемдер де қазақша емес. Орыс тiлiнен өте сәтсiз аударылған шала-жансар сөйлемдер. Комментатор “мән”, “маңыз” сөз­дерiнiң де мағынасын ажыратпай қолданғаны көрiнiп тұр. “Басымдыққа ие” (преимущество во владении), “ие емес” (не имеет) сияқты сүреңсiз, көшiрiндi тiркестердi тiзбелемей-ақ, “…басым түсiп тұр”, “…басымдық танытты” деп, ал кейiнгi сөйлемдi “Еш мәнi жоқ” десе, қалың қазаққа түсiнiктi боларына күмән жоқ.
2014 жылғы 30 маусымнан 1 шiлдеге қараған түнде әлем чемпионатынан Германия мен Алжир командаларының ойынына комментарий берушi Асхат Сағын­аев “Ойыншылар алмасуы орын алуда”, “….жасыл алаңнан тұра алмауда” деген орыс сөйлемiнiң қалыбына салынған сөйлемдердi “удалатып” бiрiнен соң бiрiн айтып жатты. “Мақтаулы немiс командасы алжирлiктерге қарсы еш қайрат өткiзе алар емес” – дедi. Осы матчта ол “қайрат өткiзе алар емес” деген тiркестi екi рет қолданды. Комментатордың “қайрат өткiзу” деген жасанды тiркестi қайдан тапқанын, кiмнен үйренгенiн бiлмедiк. Тiл бiлетiн қазақ “қайрат көрсеттi”, “қайрат көрсете алмады” деп сөйлеген болар едi. Сондай-ақ оның екi-рет қолданған “…бiзге түсiнiксiз қалды” деген қолданысы да қазақша дұрыс сөйлейтiн адамның сөзi емес. Мұны естiгендердiң қай-қайсысы да “Ойпыр-ай, мына жiгiт “…бiз түсiнбедiк”, “…түсiнiксiз” деп неге айтпайды” деп ойлары анық. “Немiстiң машинасы шаб­уылды бiр бастаса, тоқтамайтынын алжирлiктер бiлмейдi емес” деу орнына “алжирлiктер жақсы бiледi”, “алжирлiктерге мәлiм” десе несi кетедi екен деп, қарап отырып қынжыласың.
5 шiлде күнгi Германия мен Франция құрамалары ойнаған матчта Ермұхамед Мәулен “…арты артынан соққы жасап” дедi. Комментатордың осы жағдайға сұранып тұрған “бiрiнен соң бiрiн”, “қайта-қайта” деудiң орнына, “арты-артынан” деген естiр құлаққа ерсiлеу қолданысты тауып алғанына таңғаласыз. 2014 жылғы 13 шiлде күнгi жартылай финалдағы Голландия мен Аргентина құрамалары ойынында Ермұхамед Мәулен “Бiр-бiрiн тартып жатқан қасқырлар әйтеуiр. Мен әйтеуiр… Белсендi болып жүр әйтеуiр” деп тағы да бiрнеше рет әйтеуiрлеттi. Сол сиқты Ермұхамед Мәулен “және” шылауын да жиi әрi орынсыз қолданады. Оның “Көлеңкедей зып берiп аяқ астынан пайда бола кетедi” деген сөйлемi де қисынсыз құрылған. Күн сәулесi немесе жарық бар жерде адамның көлеңкесi одан қалмай ерiп жүредi. Ол зып берiп күтпеген жерден шыға келмейдi. Оның “Голландия командасы бүгiн мынандай ойыншылармен алаңда. Мұндай тәжiрибелi бiраз физикасы бар ойыншы” деген сөйлемдерi де келiсiп тұрған жоқ. Алғашқысы орысша сөй­лемнiң сәтсiз аудармасы. Екiншi сөйлемдi оқығанда, адам басына “бiраз физикасы бар” ойыншының “химиясы жоқ па екен” деген кекесiндi ой ерiксiз ке­ледi. Мұнда да орысшадағы “физический” дегенге жармаспай-ақ, ойыншының дене ерек­шелiгiне қарай қазақтың “шымыр”, “қайратты”, “тығыршық денелi”, “мығым”, “бұлшық еттi” деген сияқты көптеген сөздерi мен сөз тiркестерiн пайдалануға болады ғой.
Комментатордың кейбiр сөздерi мен ойларын тыңдап отырып қарадай күйiнесiң. “Аргентиналықтар бiр ешкiмге айтпай жылдам шабуыл жасап жiбердi. …“Заманың шабуылшы болса, қорғаушы болып шал” деген мақал шығаруға болады. …Ауылдағыдай “пеналтиде қақпаға мен тұрайыншы” деген әңгiме жоқ бұл жерде” деген сөйлемдердi ол не үшiн айтып отыр екен деген ойға қаласың. Футболда ешбiр команда “Бiз қазiр қарсыласымыздың қақпасына шабуыл жасаймыз” деп жар салмайтыны бесенеден белгiлi. Мағынасын майыстырған мақалы да қисынға келiп тұрған жоқ. Пеналтиде қақпаға құраманың қақпашысы тұратынын әркiм-ақ бiледi. Ендеше, өз-өзiнен түсiнiктi, түсiндiрудi қажет етпейтiн осындай нәрселердi сөз қылудың не керегi бар. Мұның атын боссөздiлiк дегеннен басқа сөз таба алмай отырмыз. Тележурналистiң “победный гол” тiркесiн тiкелей аударып, “жеңiстi гол” деп қолдан­уын да құптай алмаймыз. Қазақша жеңiске жеткiзген голды “жеңiс голы” деген дұрыс. Ермұхамед­тiң “мүмкiндiктi мүлт жiбермей”, “тоғыздыққа топ еткiздi” сияқты ұтымды қолданыстарымен қатар, ұйқас қуалап, бастырмалатып, төгiп-төгiп айтам деп мүлт кетiп жататын тұстары да аз емес. Мәселен, “…ду қолшапалақ жасауда”, “немiс немiстiлiгiн жасады” және т.б. Тiл байлығы тәп-тәуiр бұл комментатор қызыл сөзге көп әуестенiп, ұйқасқұмарлыққа ұрынбай жағдаятты дәл, нақты бейнелеп айтуға көбiрек ден қойса, жақсы маман болуға әлеуетi жетедi деп ойлаймыз. Ол осы чемпионатқа қатысты бiр сұхбатында: “…өзiм­нiң матч жүргiзгенiме көңiлiм толмады. Ел телевизиясында тәжiрибие жетiспейдi” деген пiкiр айтыпты. Оның “болдым, толдым” демей, осылай өзiне қатаң талап қойып, сын көзiмен қарайтыны үздiксiз iзденiп, кәсiби шеберлiгiн жетiлдiруге ұмтылатын жас болар деген ойға жетелейдi.
“Қыспаққа алуда, Бордоны”, “Болады, жеңiске жетуге” деп сөйлемiнiң аяғын басына шығарып сөйлеудi ұнататын Рауан Оқас та өзiнiң сөз қолданысына көп көңiл бөлгенi жөн. Оның “Үш ұпай үшiн екi команда талас жүргiзетiн болады”, “доп сақтау­лы” (мяч сохранен), (Қайрат – Астана. 28.06. 2015) және “допты көп жоғалтуда”, “…көсiле алмау­да”, “доппен Бордо”, “Исаэлдоппен”, (27.08.2015. Қайрат – Бордо) сияқты сәтсiз қолданыстардан арылғаны абзал. Бiздiң комментатор жiгiттердiң сөзiн тыңдағанда сүйiнiш орнына күйiнiшiң, ризалық орнына наразылығың көбейiп кетедi. Қалың көпшiлiкке қызмет етiп отырған мамандардың тiлi жатық, сөзi сыпайы, айтар ойы анық болса екен дейсiң. Бразилия чемпионатын көргеннен кейiн “Қазспорт” телеарнасының сол кездегi директоры Диас Ахметшәрiпке тiкелей телефон соғып, комментатор жiгiттердiң тiлiне жете көңiл бөлмесе болмайтынын айт­тық. Телеарнаның қазiргi басшылығы да мұны айрықша қаперiне алар деген үмiттемiз.
“Kazsport” телеарнасы 2015 жылғы 19 қараша күнi кешкi сағат 10-да Мәскеуде өтiп жатқан   мәнерлеп сырғанаудан “Гран При” сериясы бойынша жарысты көрсеттi. Тiкелей эфир. Комментаторы Айжан есiмдi қарындасымыз. Жалпы алғанда комментатор жап-жақсы түсiнiк­темелер берiп, орнықты сөйледi. Алайда оның сөз қолданысында да кемшiлiктер болды. Мысалы, канадалық спортшылар жұбы туралы айта келiп, “Екеуiнiң жас айырмашылығы бес жасты құрайды” дедi.Орыс тiлiнен тiкелей аударып алынған тiркес орнына “аралары бес жас”, “жас айырмашылығы – бес жас”, немесе спортшылардың атын атап “Бәленше түгеншеден бес жас үлкен”, “түгенше бес жас кiшi” десе, әр қазаққа түсiнiктi болар едi. Итальяндық жұптың жастары туралы да ол “жас айырмашылықтары” деу орнына “Екеуiнiң ара жастары он үш жас” дедi. “Жарыстың ең соңында болып, әлемдiк рейтингтiң басында тұрған спортшылар шығады” деген сөйлемдi “Әлемдiк рейтинг­тiң басында тұрған спортшылар жарыс соңына қарай шығады” десе, айтылмақ ой ұғынықты әрi қазақ сөйлемiнiң қалыбы бұзылмас едi. “Екеуi жаңадан құрыл­ған жұп болып есептеледi” (считается), “…қатемен орындап” (исполнив с ошибками) деген сөйлемдердi “екеуi жаңадан құрылған жұп”, “қате орындап” десе, сөйлем әрi қазақша, әрi ықшам болып шығары сөзсiз. Өкiнiшке, қайғылы жағдайға ешбiр оқиға, шара, әрекет орайластырылмайды, керiсiнше, қуанышты жақсы жағдайларға қарай орайластырылады. Сондықтан “Өкiнiшке орай, көре алмаймыз”, “Өкiнiшке орай, Франциядағы қайғылы жағдайға байланысты…” деген сөйлемдердi “к сожлению”-мен басталатын орыс сөйлемiнiң үлгiсiне салмай-ақ, “…көре алмайтынымыз өкiнiштi”, “Франциядағы қайғылы жағдайға байланысты… өкiнiштi” деп айтса, мағыналық қайшылық та, құрылымдық қателiк те туындамайды. Бiзде жиi қолданылып жүрген осы үлгiмен сөйлем құрамасам болмайды деп санаса, “өкiнiшке қарай” дегенi жөн екенiн қаперiне алар деп айтып отырмыз. Комментатордың “сонымен қатар” деп “қ” әрпiн анық айтуға тырыспай, сөз жiгiндегi әрiптердiң өзара ықпалдастығын ескерiп “сонымең ғатар” десе, көпшiлiк құлағына әлдеқайда жағымды, жатық естiлетiнiн де бiле жүргенi абзал.
“Kazsport” телеарнасынан жуырда (5.11.2015) өскемендiк “Торпеда” мен “Звезда” командаларының ойынын көрдiк. Тартысты өткен хоккей жарысында комментатор болған жiгiттiң аты-жөнiн ести алмадық. Оның сөздiк қоры бiршама бай, қазақы теңеу­лер мен ұтымды тiркестердi орнымен қолданған сәттерiне сүйсiндiк. Мысалы, “қақпа алдындағы қарбалас” “қорғаушыны тықсырып үлгердi”, “қияс кеттi”, “қақшып үлгердi” сияқты көз алдымызда болып жатқан жағдаят­ты қазақша ұтымды да дәл сипаттап берген тұстары тiлдi тәп-тәуiр бiлетiнiн байқатты. “Жақсы қақпашы – жарты команда” деумен қатар қақпашы туралы “…алдынан атып шыққан жоқ” және “жiгiт екенсiң Жиляков”, “Звезданы” жерге түсiру керек” деген сынды авторлық қолданыстары сондай сәттi қолданыстар қатарына кiредi. Осындай ұтымды сөйлеп отырған комментатордың өзi айтқандай “қияс кеткен” тұстары да болды. Мәселен, “Шантыка сұңғыла пас бердi” деген сөйлемiндегi “сұңғыла” сөзi орынсыз қолданылды. Тiлiмiздегi “көп бiлетiн, бiлгiр және зерек, зерделi” деген сын есiм негiзiнен бойында осындай қасиетi бар адамдарға қатысты қолданылады. Ал тамаша пас берген хоккейшiнiң өзi емес, берiлген пастың да сұңғыла болатынын алғаш естiп отырмыз. Бұл комментатордың “жаңалығы”. Оның “Соңына дейiн қысқылау керек”, “…қысқылап жiберу керек” деген қолданысы да жарасым тауып, “қысқылау” сөзi мағыналық тұрғыдан орынды жұмсалып тұр деуге келмейдi. Бұл жерде “қыспаққа алу”, “қыспақтау”, “қыспалау” деген етiстiктер айтпақ ойды мейлiнше дәлiрек жеткiзедi. Комментатордың “… өз тiзгiнiнде жүргiзетiн болады” деген қолданысы да көңiлге қонбайды. Бiрiншiден, қазақ бұлай сөз қолданбайды. Екiншiден, бұл қолданыс түсiнiктеме берушiнiң “өз айтқанына көндiретiн”, “өз айт­қанынан шығармайтын болады” деген ойын бере алмайды. “Өз тiзгiнiн бiреуге беру” (комментатор сөзiмен айтқанда – бiреудi өз тiзгiнiнде жүргiзу) ықпал етуден, басқару тетiгiнен айырылу деген кереғар мағынаны бiл­дiредi. Сондай-ақ “Зытқып бара жатқан “Звезданың” 16 нөмiрлi ойыншысы Семен Кошелев” деген сөйлемдегi әдеби тiлде қолданыла бермейтiн “зытқу” сөзiнiң орнына “жүйткiп”, “зымырап”, “заулап”, “зулап” етiстiктерiнiң бiрi қолданылғанда, көпшiлiкке түсiнiктiрек болар едi деп ойлаймыз. Сондай-ақ ол басқа әрiптестерi сынды “…қол жеткiзуге тырысуда”, “…көрсетуде”, “…шабуылдауда” және “…орын алған жоқ”, “…орын алған болатын” (имел места) сияқты орыс тiлiнен тiкелей аударыл­ған сәтсiз сөз тiркестерiн қолданды. “Жалғыз ғана шабуылшымен жасалған шабуыл нәтиже берген жоқ” деген сөйлемi де сол қатарға кiредi. Осы сөйлем­дi “Жалғыз ғана шабуылшы жасаған шабуылдан нәтиже шықпады” (шабуыл нәтиже бермедi) десе, құлаққа жатықтау естiлер едi.
Спорт комментаторларының тiлiнде жиi кездесетiн “соққы бағыттады” деген сөз тiркесiнiң де төркiнi – орыс тiлi. Бiздiң тiлiмiзге орыс тiлiндегi “направил мячь” (направил мяч в ворота) тiркесi бiршама бұрмаланып аударылған. Орыс тiлiнде “соққы бағыттады” – “направил удар” деген тiркес қолданылмайды. Олар соққыны емес, допты бағыттады (направил мяч) деп қолданады. Бiздiң комментаторлардың да “соққы бағыттады” деп жүргенi сол допты алаңның ортасына, қақпаға немесе алаңның арғы жақ бұрышына қарай, белгiлi бiр бағытқа тебу ғой. Сондықтан логикалық тұрғыдан “соққы бағыттады” емес, “допты бағыттады” деу орынды. Ең дұрысы, орысшадан тiке аудармай-ақ, “допты қақпаға қарай тептi”, “қақпа жаққа тептi”, “алаң ортасына қарай тептi” десе, сiрескен аударма тiркес­тен арылып, қалың көпшiлiкке түсiнiктi сөз саптау үлгiсiн естiр едiк-ау.
Орыс тiлiндегi “потерял мячь” тiркесiн тiкелей аударып, “допты жоғалтып алды” дейтiн де комментаторлар бар. Алаңда екi команданың қақпашылары мен ойыншыларын қосқанда 22 адамның баққаны бiр доп болса, оның үстiне жүздеген, мыңдаған көрушiлер мен жанкүйерлердiң ортасында, айдың, күннiң аманында ол қайда жоғалып кетуi мүмкiн? Орыс комментаторларының сөзiне жармаспай-ақ, “Пәленше доптан айырылып қалды”, “Пәленшенiң добын Түгенше алып кеттi” десе, айтыл­ған сөйлем әлдеқайда түсiнiктi әрi қазақша болмас па едi.
2015 жылғы 26 қараша күнi АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтiп жатқан зiлтемiрден әлем чемпионатын көрдiк. Осы чемпионатта түсiнiктеме берушiлердiң бiрi поляк зiлтемiршiсiн таныстырып жатып, “Ағайынды Зелин­ский­дiң кiшiсi десек болады” дедi.“Кiшiсi десек болады” деп, дәл бiр комментатордың өзi оның кiшi екенiне күмәнданып тұрғандай сөйледi. Мұндай сөз қолданысты естiген қазақ тiлiн бiлетiн кез келген телекөрушiге “кiшi Зеленский” немесе “Адриан Зелинскийдiң iнiсi Томаш Зелинский” деп неге айтпайды екен деген ой келерi күмән туғызбайды.
“Былтыр Алматыда бұл спортшы 175 келiнi ауыздықтай алмаған”, “… бұл салмақты ауыздықтай алмаған” деген қолданыс­тары да көпшiлiк көкейiне қонып тұр дей алмасақ керек. Тiлiмiз­дегi “ауыздықта” етiстiгi “аттың ауыздығын салу, жүгендеу” деген негiзгi мағынасымен қатар “тiзгiндеу, тыю, тәртiпке бағындыру, еркiне көндiру” сияқты ауыспалы мағынада да жұмсалады. Бiз мысал етiп отырған қолданыстың “еркiне көндiру” деген мағынаны негiзге алу арқылы пайда болғаны аңғарылып тұр. Жалпы, қазақ тұрмысынан туындаған “ауыздықтау” сөзiн асау, бағынбай, бой бермей жүрген тiршiлiк иесiне қатысты қолдану орынды боларын сөз мағынасына мән беретiн тiл тұтынушылары пайымдаса керек. Ал зiлтемiр –жансыз темiр. Ауыздықтайтындай ол бұлқынып, буырқанып, тулап ешкiмге бағынбай жатпайды. Қойған орнында тапжылмай тұрады. Сондықтан “175 келiнi ауыздықтау”, “салмақты ауыздықтау” деп бейнелеп жеткiзудi тауып айтылған тартымды қолданыс дей алмаймыз. Баспасөзде спорт пен құқық қорғау салаларына қатысты жиi кездесетiн “бағындыру” (Алмас Өтешов 422 келi салмақты бағындырды)мен “құрықтау” (Құрт ауруын құрықтау мiндет!) етiстiктерiнiң қолданыстары туралы да осыны айтуға болады.
Комментатордың “Ресейлiк спортшы бұл салмақты оңай көтере алды” деуi де қазақ тiлiн бiлетiн адамның сөзi емес. Әдетте “көтере алмады” деп айтамыз. Ал “оңай көтере алды” деген не сөз? Қай қазақ бұлай сөйлеушi едi? Бұл сөйлемдi естiген адам оның орыс тiлiндегi “Российский спортсмен легко смог поднять этот вес” деген сөйлемнiң аудармасы екенiн бiрден аңғарады. Осыны “Ресей спортшысы бұл салмақты оңай көтердi”, “…еш қиындықсыз көтердi”, “…қиналмай көтердi” десе, кiмнiң тақиясына тар келедi?
2015 жылғы 17 қазанда “Қазақстан”, “Қазспорт” телеарналары тiкелей эфирден көрсеткен Геннадий Головкин мен Давид Лемье арасындағы бокс жекпе-жегi кезiнде спорт комментаторы Асхат Сағынаев бiршама тәуiр түсiнiктемелер бердi. Алайда оның “сонымен” (и так), “болып есептеледi” (считается), “Дегенмен, бiз өз кезегiнде,..”, “…өз кезегiнде” (в свою очередь) “аса күтудемiз” (очень ждем) деген сияқты орыс­қол тiркестердi жиi қолдануы сөзiнiң көркiн қашырды. Сол сияқ­ты “басына тиген” деу орнына “бастан жұмсалған соққы” (удар в голову) деп сөз саптауы да құлаққа ерсi естiледi. Сонда осы үлгiге салсақ, “iштен жұм­сал­ған соққы”, “кеудеден жұмсалған соққы” деп сөйлеуiмiз керек шығар.
Бiздiң спорт комментаторлары I Петр заманынан берi келе жатқан орыс тiлiндегi “крепкий орешек” фразеологизмi негiзiн­де жасалған “оңай шағылатын жаңғақ емес” оралымын өте жиi қолданады. Бiрiншiден, осы аударманың өзi оңып тұрған жоқ. “Оңай шағылмайтынның” орнына “оңай шағылатын” және жаңғақты “жаңғақ емес” демей-ақ, “оңай шағылмайтын жаңғақ” деу қисынға көбiрек келедi. Дұрысы, “крепкийдiң” орнына “қатты”, “берiк”, “мықты” сын есiмдерiнiң бiрiн алып, “қатты жаңғақ”, “берiк жаңғақ”, “мықты жаңғақ” деп аудару әлдеқайда ұтымды болар едi. Бәрiнен де дұрысы –таза орыстық ұғымға жармаспай-ақ, мықты спортшыларға қатысты өз тiлiмiздегi “оңайлықпен берiлмейтiн”, “берiспейтiн”, “қайтпас қайсар”, “тастай берiк”, “құлжаның сақасындай” сияқты қазақ ұғымына сай теңеу­лер мен эпитеттер, сөздер мен сөз тiркестерiн қолдану. Олар тiлiмiзде жетiп артылады. Жасанды, аударма тiркестен гөрi ұлттық ұғымнан туындаған қолданыстар тiлдiк сезiмi бар, сөз мәнiсiн ұғатын тыңдаушы мен көрушiнiң көңiлiне бiрден ұялап, құлағына майдай жағады.
2015 жылғы желтоқсанның 23-i күнi “Кazsport” телеарнасынан Қарағандыда бокстан өткен Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған турнирдi көрдiк. Комментатор Ермек Төрениязов осы турнир барысында “Ақтық сында Алмас Тiлеубергеновтен басым түскен болатын”, “…ақтық сында жеңiске жеткен өзбекстандық боксшы…”, “Жәнiбек Әлiмханұлы ақтық сынға жолдама алған жоқ” дедi. Одан кейiн де “ақтық сын” тiркесiн бiрнеше рет қайталады. Басқа да спорт журналистерi мен комментаторлар бұл сөздi қолданып жүр. Ретсiз, орынсыз қолданыс. Қазақ тiлiндегi “ақтық” сөзi “ақырғы, соңғы” деген мағынаны бiлдiретiнi рас. Алайда бұл сөздiң де қолданатын орны, мағыналық реңкi бар. Мәселен, “ақтық демi шықты” (қайтыс болды, соңғы тынысы үзiлдi), “ақтық демi таусылғанша” (жантәсiлiм болғанша; ең соңғы демiне дейiн), “ақтық тiлек” (өлер алдындағы ең соңғы өтiнiш), “ақтық сөз” (жантәсiлiм алдындағы ақырғы сөз, тiлек). Спорт жарысындағы мәре, финал, бокстағы соңғы раунд спортшының өмiрiндегi, тiрлiгiн­дегi ең соңғы сыны емес қой, одан кейiн де өмiр бар. Сондықтан бұл сөздi дәл осы тұста қолданудың еш ретi жоқ. Ермек iнiмiздiң “Былғары қолғап ше­берлерi айтарлықтай шаршап қалды” деген сөйлемi де түсiнiксiз. “Айтарлықтай” сөзi “елеулi, ауыз толтырып айтатындай, қомақты, үлкен, зор” деген мағынаны бiлдiредi. Айтарлықтай iс тындыруға болады. “Айтарлықтай жаңалығым жоқ” деуге болар. Ал ендi “айтарлықтай шаршап қалды” дегендi алғаш естiп отырмыз. Бұл қолданыстың әдеби нормадан айтарлықтай ауытқу екенiн айту керек.
Спорт комментаторларының өздерi комментарий беретiн салаларының мән-жайын, жай-жапсарын жақсы бiлуi өте маңызды. Одан да маңыздысы – олардың тiлдi жетiк бiлуi. Олардың негiзгi құралы – тiлi. Егер олар кәсiби тiлдi жетiк меңгермесе, сөзге шорқақ, сөз байлығы жұтаң болса, сол бiлгенiн де көпшiлiкке ұғынықты, сыпайы, әсерлi етiп жеткiзе алмайды. Жүйесiз, жа­уапсыз сөйлеу – көрушi мен тыңдаушының жүйкесiн тоздырады.
Бiздiң спорт комментаторларының басты кемшiлiктерiнiң бiрi – орыс тiлiнiң шырмауынан шыға алмау. Қазақтың бай сөздiк қорын дұрыс пайдалану орнына жасанды, аударма тiркестерге орынсыз жүгiнiп, орыс сөйлемi­нiң үлгiсiне салып сөйлеу жиi ұшырасады. Әйтеуiр сөйлеп отыру қажет деп мағынасыз көп­сөздiлiк пен боссөздiлiке ұрынатындары да бар. Сөз мағынасын ажыратпай, әр сөздi саралап, қазақ танымын, тiл заңдылықтарын ескермей сөйлей беретiн­дер де табылады. Абайша айтқанда тiл деген “Бiлгенге – маржан, бiлмеске – арзан” қазына ғой. Сондықтан оған әркiм өз өресiнiң биiктiгi тұрғысынан қарайды. Әркiмнiң өз өлшемi бар. Сөйлей алатындардың көбi тiлдi бiлем деп ойлайды. Ал шындығында нағыз тiл қадiрiн бiлетiндер ғана жұрт алдында сөйлеу дегеннiң қандай зор жауапкершiлiк екенiн сезiне алады. Кейiнгi жылдары бiздiң телеарналарда осы жауапкершiлiктi сезiнетiндер селдiреп кеткендей көрiнедi де тұрады. Спорт арнасы мен спорт хабарларын қарап отырып та, кәсiби спорт журна­листерiн дайындауға, комментаторлардың тiлiн жетiлдiруге жете мән беру қажет екен-ау деген ойға қалдық.
Шерубай Құрманбайұлы,
филология ғылымдарының докторы, профессор, 
ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесi
zhasalash.kz

Related Articles

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: