|  | 

Сұхбаттар

Қазақ тілі – ІТ мен өркениет көшінде өз орнын табарына кәміл сенуіміз керек

Жуырда National Geographic журналының қазақ тіліндегі алғашқы саны жарыққа шықты. Бұл мемлекеттік тілде таралатын тұңғыш шетелдік басылым болып отыр. Басылым алғашқы санынан-ақ еліміздегі маңызды экологиялық проблемаларға назар аударып отыр. “Арал тағдыры – адам тағдыры” деп аталатын мақалада ғаламшардағы ең үлкен су қоймасы, Орталық Азияның маңызды стратегиялық нысаны – Арал теңізінің жай-күйі баяндалған.

“National Geographic Қазақстан” журналының негізгі мақсаты, құрылтайшылардың айтуынша, экологиялық мәселелермен қатар, еліміздің қайталанбас сұлу табиғатын, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесінің алуандығын насихаттау. Сондай-ақ, қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне ақпараттық қолдау көрсету. Осы мақсатта журнал ұжымы биыл еліміз бойынша бірқатар зерттеу экспедициялары мен фотокөрмелер ұйымдастырмақ екен. Осы ретте журналдың жауапты редакторы Мақсат Ясылбайұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

TENGRINEWS: Журнал Орталық Азия аймағы бойынша бірінші болып Қазақстанда жарық көріп отыр. Бұл идея қалай пайда болды? Қалай жүзеге асты? Сатылап әңгімелеп берсеңіз.
Мақсат Ясылбайұлы:

NatGeo Wild телеарнасын көрген сайын, шіркін, осы арна неге қазақ тілінде көрсетілмейді екен деп армандайтын едік. Іші-бауырыңа кіріп, жануарлардың жанында жүргендей әсерге бөлейтін бағдарламаларына қарап тамсанатынбыз. Кейін білдік, National Geographic деген құрамына көптеген ұжымдар кіретін үлкен қауымдастық екен. Сол қауымдастықтың ең негізгі темірқазығы осы National Geographic журналы. Журналдың алғашқы саны 1888 жылы жарық көрген болатын. Содан бері 128 жыл бойы адамзатқа тек ғылым-білім бағытында ақпарат таратып келеді.

Көркемдеп айтсақ, Құдайға шүкір, енді міне, бір кездегі сол арманның жалына қос қолымызбен жармасқандай болып жатырмыз. National Geographic журналы Орталық Азия бойынша алғаш рет Қазақстанда жарыққа шығып отыр. Және бұны біз ерекше мақтан тұтамыз. Журнал құрылтайшысы – отандық медиа-нарықта танылып үлгерген KAZMEDIA HOLDING ЖШС компаниясы. “Бұл идея қалай пайда болды” деген сұраққа қысқаша осылай жауап беруге болады. Ең бастысы жақсы идея болса болды. Қалғаны табанды еңбектің еншісінде.

TENGRINEWS: Журналдың тұңғыш санында Президент Нұрсұлтан Назарбаев “Мен әлемге әйгілі басылымның Қазақ жерінде, қазақ тілінде жарық көруін ана тіліміздің халықаралық деңгейдегі тағы бір жетістігі деп бағалаймын деп, батасын берген екен. Әйгілі журнал жайлы және қазақ тіліндегі нұсқасы жайлы қазақ оқырманы не білуі керек? Басылымның мақсаты не? Табиғат туралы ғылыми мәліметтермен қоса қандай миссиясы болады?
М. Ясылбайұлы:

Шынымен де, алғашқы номер дайындалып жатқанда редакциямызға Елбасымыздың өзі арнайы құттықтау жіберуі біз үшін үлкен тосын сый болды. Бұл хат шығармашылық ұжымды бір серпілтіп тастады. Өз басым бұны “осындай тың дүние жүзеге асып жатыр” екен деп, ол кісіні дер кезінде ақпараттандырып отырған Президент баспасөз қызметіндегі азаматтардың кәсібилігі дер едім. Елбасы өткен жылдың қыркүйек айында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ жиынында қазақша баяндама жасағанын білесіз. Біз тура сол кезде Вашингтонда журналдың лицензиясын алу, жұмыс процесін пысықтау бойынша америкалық әріптестерімізбен келіссөздер жүргізіп жатқан болатынбыз. Елбасы National Geographic журналының қазақша шыққалы жатқандығы туралы сол жолы естіп білген болуы керек деп ойлаймын. Ал енді журналдың не жазатыны, тақырыбы көпшілікке мәлім. Сұхбатта бәрін айту мүмкін емес. Нақтырақ білу үшін әрине алып оқу керек.

TENGRINEWS: Аударманы ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударатындарыңыздың да белгілі бір мақсаты бар шығар. Үйреншікті болып кеткен орыс тілінен жасалатын аударма мен түпнұсқадан аударудың қандай ерекшеліктері бар? Мұнда жер-су атаулары, ғылыми терминдердің қазақша баламалары сияқты мәселенің де бір ұшы шығып отыр дегендей…
М. Ясылбайұлы:

“Үйреншікті боп кеткен” деген сөз басқаша айтқанда стереотип деп аталады. Бүкіл әлем ағылшын тілі мұхитынан азық алып отырғанда біздің көлшікке телміргеніміз жөн бе? Стереотипті өзгертпей, сана жаңармайды. Әрине басталған істің қиындығы аз болмайтыны сөзсіз. Кейде жаңылыс кетуің мүмкін. Кейде дұрыс болады. “Ештеме істемеген адам ғана қателеспейді” деген сөз бар емес пе? Дегенмен қазақ тілі ғылым мен технологияның тілі бола алатынына, ІТ мен өркениет көшінде өз орнын табарына кәміл сенуіміз керек.


Журналдың ақпан айында шыққан алғашқы саны  

TENGRINEWS: Ал аудармадан өзге, еліміздің әсем де бай табиғаты жайлы тың, төл мақалаларыңыз жариялана ма? Осы арқылы еліміздің табиғатты пайдалану, қорғау жөніндегі органдарының жұмысына ақпараттық бақылау қоясыздар ма?
М. Ясылбайұлы:

Келісімшарт бойынша журналымыздың алғашқы сандарында әлемдік мазмұнды аударып беріп отырамыз. Онда да біз өз оқырмандарымызға қызықты деген зерттеулерді іріктеп аламыз. Бірте-бірте жергілікті мақалалар бере бастаймыз. Бірақ оларды дайындау ұзақ уақыт пен көп күшті талап етеді. Қазір біз бірнеше тақырып бойынша зерттеулерімізді жүргізіп жатырмыз. Мемлекеттік органдардан қазірше ұсыныс білдіргендері жоқ. Бірақ ортақ жобалар жасап, бірлесе зерттеу жүргізуге біз дайынбыз.

TENGRINEWS: Аңызға айналған Newsweek апталығы 2007 жылдан бері шығыны көбейіп, 2012 жылы бір жола электронды нұсқаға өтті. Осындай медиа алпауыттардың күйреп жатқаны (бәлкім жаңа өріске шығуы) жайлы мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Көптің көкейінде жүрген бір сұрақ – қазіргі дағдарысқа байланысты журнал шығару қиын көрінеді. Баспа таблоидтарының барлық түріне де алғашқы жарна қажет. Мұның қомақты қаражат болуы керек екені белгілі. Алайда сіздер осы дағдарыстың нағыз қызған шағында іске кірісіп отырсыздар. Журнал өзін ақтай ала ма? Осы жағдайды түсіндіріп берсеңіз.
М. Ясылбайұлы:

- Бұл сұрақ – өте өзекті және кесіп жауап беру қиын сұрақ. Бірақ Сіз бұл сұрағыңызбен баспа индустриясындағы шетін мәселені дөп басып отырсыз. Өмір алға жылжыған сайын, адамдардың санасы да ұдайы өзгеріп отырмақ. Қоғам дамуымен қатар, технология да қарыштау үстінде. Бірақ қоғамда өзгермейтін де құндылықтар бар. Мысалы, кино пайда болғанымен театр жоғалып кеткен жоқ. Сол секілді газет-журналдардың дәуірі аяқталып, барлығы интернетке ауысып кете қоймасы анық. Рас, белгілі бір деңгейде динамикасы төмендеуі мүмкін. Оған қоғамдық поп-мәдениет те белгілі бір дәрежеде әсер етуде. Бірақ бүгінде жарнаманың он-лайн нұсқасына қарағанда қағаздық нұсқасы тұтынушыға көбірек әсер ететіні дәлелденіп жатыр. Сондықтан еуропаның кейбір басылымдары қайтадын өзінің қағаздық нұсқасына қайтып жатыр. Екіншіден, сапалы қағаз бен экологиялық таза бояуға басылған құнды мәлімет қай заманда да сенімділік пен зиялылықтың бір көрсеткіші болып қала бермек.

TENGRINEWS: Өзіңіз жақсы білетіндей, ақын-жазушыларымыздың ең бір көп жазатын тақырыбы табиғат еді. Алайда, бүгінде еліміздің табиғатын өңірлердегі, ауыл-аймақтардағы қаламгерлер ғана тілге тиек ететін сияқты. Бас ақынымыз Абайдың кезінде “Жазғытұры”, “Жаз” сияқты өлеңдерінен бастап күні кешегі Аралдың қасіреті жайлы жырлар журнал беттерінде жарияланып отыра ма? Осы арқылы табиғат тақырыбының өрістеуіне септігін тигіземіз дей аласыздар ма?
М. Ясылбайұлы:

Ұсынысыңыз өте орынды. Бұл тақырыптағы дүниелерді біздің сайтымыздан табуыңызға болады.

TENGRINEWS: Ендеше қадамдарыңызға сәттілік тілей отырып, қызыққан, білгісі келетін оқырманымызға журналға жазылудың жолдарын және индексін айтып өтсеңіз.
М. Ясылбайұлы:

Өзіңізге де көп-көп рақмет. National Geographic журналын оқығысы келетін азаматтар еліміздің барлық ірі қалаларындағы газет дүңгіршектерінен, супермаркет, әуежай, жанармай бекеттері, тағы да басқа орындардан таба алады. Бағасы бар болғаны 660 теңге. Бірақ делдалдық қызметті қоса есептегенде бағада аздаған өзгеріс болуы мүмкін. Сол үшін бір жылға бір-ақ жазылу арзанға түседі. “Қазпошта” мекемесі арқылы жазылу индексіміз – 74886.

Сұхбатты дайындаған Ардақ Құлтаев

tengrinews.kz 

Related Articles

  • “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    Елена ВЕБЕР Атом электр стансасын салу және пайдалану экологиялық қатер және төтенше жағдайда адам денсаулығына қауіпті ғана емес, оған қоса соғыс барысында Украинаның Запорожье АЭС-індегі болған оқиға сияқты бопсалау құралы дейді әлеуметтік-экологиялық қордың басшысы Қайша Атаханова. Ол мұның артында көптеген проблема тұрғанын, қазақстандықтарға АЭС салу жөніндегі референдум қарсаңында біржақты ақпарат беріліп, онда тек пайдалы жағы сөз болып жатқанын айтады. Сарапшы АЭС-тің қаупі мен салдары қандай болатыны жайында ақпарат өте аз деп есептейді. Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова – радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін ширек ғасырдан астам зерттеп жүр. Ол бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес жатқан аудандарда зерттеу жүргізген. Қарағанды университетінің генетика кафедрасында оқытушы болған.

  • “Қазақстан дұрыс бағытта”. Деколонизация, Украинадағы соғыс және Қаңтар. Балтық елшілерімен сұхбат

    Дархан ӨМІРБЕК Балтық мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілері (солдан оңға қарай): Ирина Мангуле (Латвия), Эгидиюс Навикас (Литва ) және Тоомас Тирс. Совет одағы ыдырай бастағанда оның құрамынан бірінші болып Балтық елдері шыққан еді. Өзара ерекшеліктері бар болғанымен, сыртқы саясатта бірлігі мықты Латвия, Литва және Эстония мемлекеттері НАТО-ға да, Еуроодаққа да мүше болып, қазір көптеген өлшем бойынша әлемнің ең дамыған елдерінің қатарында тұр. Ресей Украинаға басып кіргенде Киевті бар күшімен қолдап, табандылық танытқан да осы үш ел. Соғыс басталғанына екі жыл толар қарсаңда Азаттық Балтық елдерінің Қазақстандағы елшілерімен сөйлесіп, екіжақты сауда, ортақ тарих, Ресей саясаты және адам құқығы тақырыбын талқылады. Сұхбат 8 ақпан күні алынды. “БІЗДЕ ҚАЗАҚСТАНДЫ ДҰРЫС БІЛМЕЙДІ” Азаттық: Сұхбатымызды Балтық елдері мен Қазақстан арасындағы сауда қатынасы

  • “Саясаткерлер пафоспен сөйлегенді жақсы көреді”. Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының болашағы бар ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы мәртебесіне ие елдердің басшыларының Самарқанда (Өзбекстан) бірігіп түскен суреті. 11 қараша, 2022 жыл Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) оныншы саммиті өтіп жатыр. Бұл кездесу не береді? Түркия Ресейдің Украинамен соғыстан бас көтере алмай жатқанын пайдаланып, аймаққа ықпалын күшейтуге тырыса ма? Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының, әсіресе әскери салада болашағы бар ма? Азаттық осы жөнінде Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университеті саясаттану кафедрасының доценті Әсел Тутумлумен әңгімелесті. ТҮРКИЯНЫҢ МҮДДЕСІ МЕН ЫҚПАЛЫ ҚАНДАЙ? – Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) оныншы саммиті өтіп жатыр. Ұйым азаматтық қорғаныстың бірлескен механизмін нығайтуға мүдделі. Сондай-ақ күн тәртібінде аймақтағы және сырттағы саяси-экономикалық оқиғаларды талқылау мәселесі тұр. Саммиттің уақыты мен геосаяси контексі жөнінде

  • АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты өзгерді ме? Елші Дэниел Розенблюммен сұхбат

    Дархан ӨМІРБЕК  АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюмнің Азаттық радиосына берген сұхбаты АҚШ дипломаты Дэниел Розенблюм Қазақстанға елші болып келгеніне бір жылға жуықтады. Оған дейін ол Өзбекстандағы елші қызметін үш жыл атқарған. Орталық Азияға маманданған дипломат аймақ басшыларының Нью-Йоркте президент Джо Байденмен оңаша кездескені саяси жетістік дейді. Азаттық елшіден сұхбат алып, C5+1 саммитінде адам құқығы тақырыбы қаншалық қозғалғанын, Қазақстанға төнген санкция қаупін және АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты қалай өзгергенін сұрады. НЬЮ-ЙОРКТЕГІ КЕЗДЕСУ ҚАЛАЙ ӨТТІ? – АҚШ президенті Джо Байден жақында Орталық Азия басшыларымен C5+1 форматында кездесті. Саммит алдында құқық қорғау ұйымдары осы жиында адам құқығы басты назарда болса екен деп үміт білдірді. Бұл үміт ақталды ма? – Нью-Йоркте өткен C5+1 саммиті

  • “Украинадағы соғыс ондаған жылға созылуы мүмкін”. Британ генералымен сұхбат

    Важа ТАВБЕРИДЗЕ Украин сарбаздары зенитті қарумен атқылауда. Архив суреті. Ұлыбритания бірлескен күштерінің бұрынғы қолбасшысы, қорғаныс және қауіпсіздік тақырыбында кеңес беріп, дәріс оқитын генерал сэр Ричард Бэрронс майдандағы айла-тәсіл, өндірістік мобилизация және Украина мен Батыс елдері таңдауы соғыстың ондаған жылға жалғасуына қалай әсер ететінін айтып берді.  Генерал сэр Ричард Бэрронс Ұлыбритания бірлескен күштерінің бұрынғы қолбасшысы. Қазір Universal Defense & Security Solutions қорғаныс және күзет компаниясын басқарады. Ол Азаттықтың Грузин қызметімен сөйлесіп, Украинадағы соғыс неге ұзаққа созылатынын талдап берді. Азаттық: Украинада соғыс басталғалы бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде қандай сабақ алдық? Ричард Бэрронс: Еуропа үшін жоғары деңгейде сабақ алатын дүниелер болды. Біріншісі, 90-жылдары Қырғиқабақ соғыс аяқталғаннан кейін көбі “енді соғыспайтындай болдық” деп ойлағанымен,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: