Әлем мамандары «Алтай адамзаттың байырғы қар шаңғы мекені» деп мойындаған (ФОТО, ВИДЕО)
Өткенде әлеуметтік желіде қар шаңғының шыққан мекені мен тарихи иесі туралы пікір қайшылық болып жатқанын көзіміз шалды. Иә, шын мәнінде таласты тақырып. Бірақ, Қытайға қарасты Алтай қаласын әлемнің біраз елі «Адамзаттың байырғы қар шаңғы мекені» деп таныпты. Ол Гиннестің рекордтар кітабына да кірген. Ал, қар шаңғының табанына жылқы терісін қаптап жасаған түрі Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесі жағынан «Қазақтың байырғы бейзаттық мұрасы» тізіміне кіріп, қорғауға алынған.
Қар шаңғы символға айналды
Бұл бүгінгі жаңалық емес. Осыдан 7-8 жыл бұрын атқарылған жұмыс. Қазір байырғы қар шаңғы мен Алтай тегене құйрықты қойы жыл сайын өтетін «Алтай қалалық қар-мұз, салт-дәстүр саяхаты» атты ауқымды спорттық шараның құт белгісі ретінде пайдаланылады. Сонымен қатар, жақында ғана Қытайда мемлекеттік 13 қысқы спорт жарысын өткені мәлім. Оның ашылу салтанатында қазақтың байырғы қар шаңғысын тепкен қазақ қария, Шыңжаңның ерекше белгісінің бірі, тарихи құндылығы ретінде қатысты. Ал, жабылу салтанатында Алтайдан арнайы барған қазақ-моңғолдың шаңғышы жігіттері тау басынан 13 саны формасында сырғанап түсіп, 13 реткі қысқы спорт бәсекесінің символын сомдады.
Ал, көптеген әлем елдерінде бар, қысқы олимпиададағы негізгі спорт түріне айналған қар шаңғының мекені қалайша Алтай бола қалды? 10 мың жыл бұрын Алтайда пайдаланылған шаңғының мұрагері қазақ деген тұжырым қандай негізде жасалып отыр? Біз осы сұрақтардың жауабын білмек үшін Алтайда тұратын белгілі журналист, қаламгер, Алтай аймақтық телеарнасы бас директорының орынбасары Ризабек Қасенұлына хабарластық. Р.Қасенұлы жақында ғана осы қар шаңғының тарихына арнап «Тасқа ойылған» тарих атты төрт бөлімді пьесса жазған. Ол көпшілікке көрсетілді де…
Ризабек Қасенұлы
Жағырапиялық жағдай
– Ризабек Қасенұлы, Алтайды «Адамзаттың байырғы қар шаңғы мекені» атандыруға не себеп болды?
– Біз бұрын шаңғыны қар шаңғы немесе тері табанды шаңғы деуші едік. Қазір «қазақтың байырғы қар шаңғысы» атап отырмыз. Алдымен қар шаңғының осы Алтай өңірінде негіз қалауының, қазіргідей базарлы болуының өз себебі бар. Өйткені, Алтайдың анау Қазақстан шекарасындағы Аққабадан бастап, шығыстағы Шіңгіл ауданына дейін созылған мың шақырымдық тау алқабы, жер түзілісінде жазық, қырат, тау, шың-құз, орман, өзен-көл бәрі кезігеді. Бұл – қар шаңғы тебуге мүмкіндік беретін өте ыңғайлы орта. Сондай-ақ, Қытайдағы он үлкен тұщы көлдің қатарына кіретін, Алтайдың Буырылтоғай ауданына қарасты алып Үліңгір көлінің шалқар айдыны, қыста шаңғы тебуге табылмайтын майдан. Жағырапиялық жақтағы осындай ерекшелігі қар шаңғыны Алтайға телудің, Алтайда дамытудың бір себебі деп қойыңыз.
Сонымен бірге, аты айтып тұрғандай Алтайда алты айға жуық қыс болады. Ауасы таза болғандықтан бұл өңірдің қары кристалдай нығыз, сусылдап тұрады. Жылбырап жатқан жоқ. Әрі қар қалың түседі. Шаңғы тебуге өте қолайлы.
– Ал, Алтай қаласы байырғы қар шаңғы мекені ретінде Гиннес кітабына қалай кірді?
– Қар шаңғы десе біздің көз алдымызға ең алдымен тау басындағы тамаша курортты аймақтары бар, спорттық кешендері кемел, заманауи шаңғымен зымырап жүрген еуропаның дамыған, мәдениетті елдері келетіні шындық. Соған қарап, «әй, шаңғы осылардың ата-бабасынан қалған өнер болар» деп ойлайсыз. Рас, халықаралық жарыстарда көбіне солардың өкілдері жеңіске жетндң. Ондайда Алтайды шаңғы отаны дегенді қойып, ол жерде шаңғы тебетін адам бар деп ойлауға қорғанатын болуың мүмкін.
Әлбетте, солтүстік Еуропа шаңғышылары мығым. Ол жақта бұл спорт түрі дамығаны шын. Мәселен, халықарада шаңғы спортының отаны ретінде Норвегия мемлекетін таниды. Ол да таулы, қары қалың түсетін ел. Өйткені, Норвегиядан байырғы қар шаңғы суреті табылған. Оны археологтар зерттеп, 4500 жыл бұрынғы сызба деп тұрақтандырады. Және байырғы қар шаңғы мекені солар болып шыға келеді.
Кейін Швециядан, Ресейдің Орал тауынан да қар шаңғы суреті табылды. Оның тарихын ғалымдар 8 мың жыл ары апарды. Бірақ, Норвегия әлгі атағын ешкімге берген жоқ.
Тарихи факт
– Ал енді осығұрша елдің алдына Алтай қалай түсіп кетті?
– 2005 жылы Алтай қаласына қарасты «Дұндырбұлақ» деген жерде жартастың астындағы үңгірден көне заман суреті табылды. Онда бір қатарда кетіп бара жатқан жеті адам бейнеленген. Бастарында шошақ бас киімдері бар. Алдыңғы төрт адамның артында жылқы, сиыр секілді малдың бейнесі салынған. Ал, қалған үш адам белдерін сәл бүгіп, сыңар таяққа сүйене шаңғы теуіп барады. Аң аулау сәті сызылған көрініс. Алайда бұл сурет тасқа қашалмаған, біртүрлі бояумен сызылған сурет болып шықты.
– Бояу дейсіз бе? Соншама ұзақ уақыт қалай өшпеген сонда?
– Иә, бояумен салыныпты. Енді, тым арғы тарихты қазбасақ та, бұрынғы қазақтар рауағаш, қарағайдың қабығы, шүкір, жоса секілді заттарды бояу орнында пайдаланып, тон-шалбар, өзге де тері киімдерін, мүлік-мүкамалдарын бояп кигені талассыз шындық.
Ал, тастағы суреттің осынша ұзақ жыл сақталғаны бізге де ғажап сезілді. Содан бұл мәселеге арнаулы ғалымдар, тарихшылар араласты. Шындығында, бояуды ертедегі тас дәуірінің соңғы кезінде-ақ адамдар пайдалана бастаған. Оның үстіне Франция, Испания секілді мемлекеттерде 20-30 мың жыл бұрын тасқа бояумен салған әр мазмұндағы тарихи суреттер табылыпты. Бояудың құрамын тексерген ғалымдар сызбаның қай дәуірге жататынын анықтайды екен.
Оның жанында Алтайдағы жартас суретінің уақытын 12 мың жыл деп санауы орынды секілді. Әрі бояумен сурет салу дәстүрінің ежелгі адамдарда, тайпаларда болғандығы, Алтайдағы сызба суреттің де ерте тарихқа тән екенін нықтай түсетін факті болды.
Бірақ, бұл талас тудыруы да мүмкін. Қар шаңғы туралы бұрынғы тарихи деректі, көзқарасты, бағытты басқаға бұруы мүмкін. Осыған орай Норвегия бастап әлемнің он неше елінен ғалымдар келіп тексеру жұмысына қатысты. Ақыры шындықты негізге алып, нақтылы факт бойынша зерттеу жүргізген ғалымдар, бұл суреттер 10-12 мың жыл бұрын салынған деген қорытындыға келді. Тіпті, кейбіреуі өшкіндеу суреттердің тарихын 20 мың жылға дейін барады деген пікірлерін айтты.
Сонымен қатар, норвегиялық зерттеуші Нельсон деген кісінің 1891 жылы шыққан кітабында «қар шаңғы спорты Алтай тауларындағы бір тайпадан шыққан болуы мүмкін» деп жазыпты. Тіпті, тарихшылардың атасы делінетін Геродоттың жазбаларында да Алтай тау жүлгелерінде шаңғымен, ешкі аяқ, ат тақамен жүретін рулар бары туралы айтқан екен.
Осының бәрі Алтайдағы жартас суретін зерттеп, оны 10 мың жылдың алдындағы жәдігер ретінде тұрақтандырған қорытындыға сай болды. Содан шетелдік ғалымдар да бірауызды пікірге келді. Байырғы қар шаңғының ең ерте суреті Алтайдан табылды деген тұжырымға тиянақтады. 2007 жылы «Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Алтай тауы ең байырғы қар шаңғы мекені» деп Гиннестің рекордтар кітабына кірді. Қытайда Гиннес рекордтар кітабына тізімдейтін штабтың бөлімшесі бар. Ол «Шаңхай дархан әлем Гиннес рекордын жаңалау орталығы» деп аталады. Сол жерде тіркеліп, куәлігі сол кездегі Алтай қаласының әкімі Қадым Рақымұлына табыс етілді.
– Алтайды мекен ететін басқа ұлттар талас тудырған жоқ па?
– Алтайдағы халықтың 51 пайызы қазақтар. Өзгелердің саны көп емес Ханзу мен ұйғыр кейін келіп қоныстанған. Моңғолдар өте аз. Сол себепті, қар шаңғының иесі қазақ болып белгіленуі табиғи еді. Ал, тарихта анау сақ, ғұн заманынан тартып, Алтайды мекен етпеген түркі тайпалары кемде-кем. Қазіргі қазақ болса, жаңағы айтылған ұлыстардың ұрпағы. Сондықтан, қазақтың байырғы қар шаңғысы деп жасқанбай айтуымызға болады.
– Қар шаңғының бұдан да көне суреттері, деректері табылса қалай болады? Гиннестің тізімдігінен Алтайды шығарып тастай ма?
– Гиннестің кітабына кіретін дүниелер өте көп. Мәселен, осы Алтайдың өзінен он мың адам қатысқан Қаражорға биі, бәленбай метрлік дастарқан дегендер Гиннеске кіріп жатыр. Саны көп. Бірақ, осы нәрселерді жыл сайын арнайы саралаудан өткізіп тұрады екен. 2008 жылы қар шаңғы Гиннеске кіргенне бір жыл өткен соң осындай бағалау болды. Дүниежүзі бойынша Гиннес рекордына тізімделгендердің ең таңдаулысын саралау болды. Яғни, «еңдердің» ішіндегі «еңді» бағалау. Сол кезде Алтайда пайда болды деген қар шаңғы екі мәртебеге ие болды. Оның бірі – Гиннестегі 2008 жылдың ең толымды нысаны сыйлығы, екіншісі – Гиннестің ішіндегі «еңдердің» сыйлығы. Сонымен, Аққабадан тартып, Шіңгілдің басына дейінгі 1 мың шақырымдық Алтай тауы жүлгесін «Адамзаттың байырғы қар шаңғы мекені» деп атады. Әрі сол атағы әлі сақталып келеді.
Алтай көлемінде қаңтардың 16 күні «Байырғы қар шаңғының пайда болған күні» деп белгіленген. Оны жыл сайын еске түсіріп тұрамыз. Былтыр Швеция, Норвегия, Финляндия, Аустралия, Чехия, Америка, Польша, Моңғолия секілді 30-дан астам мемлекеттен уәкілдер келіп, осы атаулы шараға қатысты. Биыл да 10-нан астам мемлекеттен адамдар келді. Алтай қалалық әкімшілік пен спорт мекемелерінен де Норвегияға адамдар барып, қар шаңғы конференциясына қатысып қайтты. Ең бастысы, норвегтер байырғы қар шаңғы мекені ретінде Алтайды мойындап отыр. Осы конференцияларда қар шаңғының тарихына қатысты зерттеулер, жаңа деректер ортаға салынады. Егер, қар шаңғыға қатысты бұдан да көне тарихи жәдігерлер, фактілер табылып жатса ол міндетті түрде зерттеледі. Қазірге дейін ондай ештеңе табылған жоқ. Біз «адамзаттың байырғы қар шаңғы мекені» атағымызды әлі сақтап тұрмыз.
– «10 мың жылдың алдында Алтайда қазақ болған жоқ, оның бүгінгі иегері қалайша қазақ болады» деген пікір, даулы көзқарастар айтылған жоқ па?
– Әрине, ол да айтылды. Жақында ғана өзге ұлттың тілшілері маған осы мазмұндас сұрақ қойды. Қытайдың мемлекеттік негізгі заңында әке өлсе баласы, не жұбайы мұрагер деп көрсетілген. 10 мың жыл көлемінде және одар бергі кезеңдерде Алтайды түркі тайпалары, ұлыстары, хандықтары, тіпті имериялары мекендегені тарихта тайға таңба басылғандай сайрап жатыр. Ал, бүгінгі күні олар жоқ болғанымен, олардың ұрпағы саналатын біз әлі бармыз ғой. Аспаннан түскеміз жоқ, осы өңірде жасап келеміз. Оның заңды мұрагері біз болатынмыз қисынға сыйып тұр. Жай қисын емес, ғылыми зерттеумен дәлелденіп, халықара солай шешім қабылдап отыр.
– Ары қарай қар шаңғыны дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бұйыртса, алдағы уақытта қар шаңғыны мемлекеттік жарыстарға кіргізу мүмкіндігін қарастырудамыз. Азия олимпиадасының қатарына қосамыз ба деп шапқылап жүрген азаматтар бар. Шаңғы бабаларымыздың қолданған қатынас құралы екені анық. Алғашында шаруашылық мақсатта пайдаландық. Онымен аң ауладық, ауыл арасына қыдырдық, алыс жерлерге сапар шектік. Енді міне, қысқы спорт түрлерінің қатарына қосамыз ба деп отырмыз. Өйткені, соған лайық дүние. Қазіргі олимпиада құрамында бар қар шаңғының атасы осы. Оны шеттетіп, немқұрайлы қарағанша, тарихи жәдігер, ерекше құндылық ретінде бағалаған дұрыс. Ал, оның қадірін арттыру, насихаттау, бағалау басқа емес, алдымен бізге керек. Өйткені, ол қазақтар, олардың ата-бабалары өмір сүрген Алтайдағы ең көне мұра ретінде танылды.
– Алтайды «байырғы қар шаңғы мекені» деп атандырудың сол аймаққа, ондағы жұртқа, қазақ ұлтына қандай пайда-зияны бар?
– Қазір дүние ғылым-техника, мәдениет, спорт бәсекелеріне толы. Бір ұлтты бай мәдениеті, тарлан тарихымен де өлшейді. Ал, байырғы қар шаңғының осындай мәртебе алып, қазақтың атын шығаруға себі тиіп жатыр. Сонымен қатар, қазіргі жас ұрпақтың осыбір көне спорт түріне деген қызығушылығын арттырды. Алтайда екі үлкен қар шаңғы спорты алаңы салынған. Аптасына екі сыныпты сол алаңға тегін апарып, шаңғы үйретеді. Сонда, апта сайын 100 бала қар шаңғыға жаттығып жатыр деген сөз. Оның үстіне, Шыңжаң көлемінде 13 ұлттың ішінен оза шығып, осы қар шаңғы спортынан тұңғыш рет мемлекеттік жарыста алтын медаль алған Ерзат Мәжитұлы атты алтайлық қазақ жігіт болатын.
Шаңғы мұрагері Сыламбек Сақашұлы
Бұл жетістік осындағы байырғы қар шаңғының әсері. Алтайдан байырғы қар шаңғы шықпаған болса, бұндай табысқа қол жеткізе алар ма едік?! Ал, қар шаңғының осындай мәртебеге ие болуы, аймақ халқының экономикалық кірісін арттырып жатыр. Себебі, Алтайға АҚШ-тан тартып, Еуропаның әр жерінен, Қытайдың іші-сыртынан сан мыңдаған саяхатшы келеді. Бұл туризмді дамытып, халықтың табысына оң әсер етуде. Олардың ішінде байырғы қар шаңғыны, қазақ деген ұлтты көреміз деп келетіндер бар. Шаңғыны көру үшін ақша төлейді, сатып алады, ақы төлеп шаңғы жасауды, онымен жүруді үйренеді. Алтай қаласының іргесіндегі Ноғайты қыстағында тұратын Сыламбек деген ақсақалымыз бар. Ол кісі байырғы қар шаңғы бейзаттық мұрасының жалғастырушы, мұрагері ретінде белгіленген. Сыламбек ағамыз бастаған бір топ қар шаңғы жасау шеберлердің өзі арнаулы бір ауыл. Сонда шаңғы жасайды, саяхатшыларға үйретеді, көрсетеді. Қысқасы, бұл ұлттық қүндылығымызды танытуға, тарихымызды бекемдеуге, экономикамызды жақсартып, туризмді дамытуға пайдасы көп.
– Әңігемеңіхге рахмет!
Қосымша ретінде
Алтайды қар шаңғы мекені атандырған сурет үңгірдің ішінде екен. Жергілікті халық бұрыннан білетін сол суретті Қытай қар шаңғышылар қоғамы төрағасының орынбасары, шаңғы зерттеушісі Шан Жаужиан деген адам бастап зерттепті. Қар шаңғыны «Қазақтың байырғы бейзаттық мұрасы» ретінде тіркеу үшін біраз жұмыстар атқарып, қажетті материалдар даярлап, тарихи, ғылыми сипаттары туралы мақалалар жазған қаламгер, мәдениеттанушы Тасқын Ысқақұлы да бала кезінде ауыл адамдарының қар шаңғыны шаруашылық, қатынас құралы ретінде пайдаланатынын айтады. Байырғы қар шаңғыны тарихи мұра ретінде еншілеп алуға моңғолдар да өтініш білдіріпті. Бірақ, жылқының терісінен жасалған түрін қазақтар иеленген екен. Себебі, Алтай тауын тарихтан қазақтың арғы аталары саналатын түркі көшпенділері мекен еткендіктен, оның заңды мұрагері қазіргі қазақтар болатыны талас тудырмауы керек дейді Т.Ысқақұлы.
Қар шаңғының жасалуы, тарихы, сипаты туралы, қазақтың бейзаттық мұрасына қалай айналғаны туралы жоғарыдағы видеодан тамашалауға болады.
Мұрат Алмасбекұлы
baq.kz
Пікір қалдыру