|  | 

Әлеумет

Өзің жаңылдың ба, өзгені жаңылдырдың ба, Гүлнәр қарындас!

 Jadi shaken(Гүлнар Меңдіқұлованың жақындағы «Каравандағы» сұхбаты үшін) 

Гүлнәр қарындас, екеуіміз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бауырында диаспораның пұшпағын біріміз орысша, біріміз қазақша илеп едік. Онда сен қазақшаға қақалып сөйлейтінсің. Мен орысшадан одағайлап жүретінмін. Сенің қазақ тақырыбын қаузағаныңа сырттай тілеулес болдым. Десе де, екеуіміз бір есіктен кіріп шықсақ та екі ұлттың өкілі сияқты шүйіркелесе алмайтынбыз.
Өсекке көп ілінгенімен өзегінде жамандығы жоқ Талғат Мамашев бір жолы маған: «Меңдіқұлованың әкесі қазақтан шыққан көрнекті архитектор Малбағар Меңдіқұлов деген кісі болған. Өзі академик Манаш Қозыбаевтың алдын көрген талапты қыз. Енді міне диаспора тақырыбын көтеріп жүр» деп сені мақтағаны бар. Тіпті қауымдастық тарапынан алынған ғылыми тақырыптарды қорғап еңбек жазғаның үшін мемлекеттік бағдарламаға да бір кітабыңды кіргізгенбіз сол жылдары.
Әрине, бұл өзі талас-тартысы көп ауқымды тақырып болғасын аусай түсіретін кезі де көп. Жазғандарыңның басым бөлігі жақсы, айғақты дүниелер болғанмен, қолыңа іліккеннің бәрі майлы жілік болмады. Талғаусыз пайдаланған кей әдебиетіңде үстірт дүниелер де кезігетін. Бірақ қазақ үшін ғой деп, әсіресе, тағдыры тарыдай шашқан шеттегі бауырларға қалам тартқаның үшін кешіріммен қарайтынбыз, қорғайтынбыз.
Айналайын-ау, енді мына сорақы сөздеріңді оқып, аңырып отырмын. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дегендей қазақ деп қан жылап жүр екен десек, жұрттың ойына кірмейтін сөздер айтып, «арғы» қазақ пен «бергі» қазақтың ортасына от лақтырғандай, бұл қай қылығың!
Қазақтар сөнген оттың орнында қалған күлді үрлеп, өшкені жанып, өлгені тіріліп жатқанда барын жоққа шығарып, «қара жорға» хақында ғайбат, күпірге барасың.
Қыз балаға бұлайша айту ұят та шығар. Кешір, айналайын!
Ғалымдықты қағаз бетіндегі жаттанды әдебиеттен іздеп даланың тастарына қашалған, мүк басқан жартастарға үңілуге шамаң келмеген шығар. «Қазақ-моңғол бір киіз туырлықпыз» деп, арасына аудармашы салмай, бір түркінің шаңырағында жүрген бағзы күндегі ортақ мәдениетінің сарқыты болған «қара жорға» қай шымбайыңа батты!? Оны зерттеу үшін орысша ойлауың жетпейді, шырағым. Манаш ағаның алдын көргенің шын болса, ол кісі мұндайыңды білгенде, баяғыда-ақ ұлтты залалсыздандырудың жолын ерте қарастырар ма еді, қайтер еді!
Әлем өркениетінің көшіне таза қанымызбен, текті болмысымызбен кірсек деп жанталасып жатқанда, барды жоқ қылуға талпынған қарындас-ау, тектілігіңе сенген түріміз осы ма! Мынау сенің сөзің бе, емес пе білмеймін. Сенгімде келмейді. Мынадай жолдар жүр, сіз айтыпсыз: «Қара жорғаны» бізге қытайдың қазақтары алып келді және озбырлы түрде қазақ мәдениетіне сіңістіре бастады. Бидің музыкасы бір сарынды, қимыл-қозғалысы бір қалыпты… Бабаларымызда жауынгердің рухын паш ететін әскери салт-дәстүрлік билер болған. Олар бірсарынды, бірқалыпты емес және «Қара жорғаға» түк қатысы жоқ… Бұлай демес едім. Бірақ, «Қара жорғаның» адамды трансқа түсіретін ерекшелігі бар. Себебі, мұндағы қимыл-қозғалыс медитацияға жақын және адамның психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Қазақстанда бұл би алғаш рет 1932 жылы «Айман- Шолпан» спектаклінде орындалған. Алайда Қытайдан тарихи отанына көшіп келген қазақтар бізге моңғол биін алып келді. Бұл би Қытай мен Моңғолиядағы қазақтар арасында кең таралған. Мұның бәрін көріп, біліп отырған адам ретінде үнсіз қала алмадым».
Гүлнәр қыз, Сіз ең алдымен қазақ болып ойлап көріңіз, сосын қазақ болып, осы биді білмесеңізде білмек талаппен билеп көріңізші. Қандай қимыл-қозғалысы ұнамады? Сізше, күйексіз текеше селкілдей жөнелетін өзге билер немесе жалаңаш кіндігін жарнама етушілер өрескел көрінбей, бүкіл буын-буынды әдеппен қозғайтын тағылымды би – қара жорға ерсі көрінді ме?
Енді бірде: «Биге қатысты қандай да бір тарихи деректер бар ма?» деген сауалға: «Жоқ, бірде-бір жерде қазақ жігіттерінің «мас адамша қозғалып» билегенін кездестіргем жоқ. Біздің, көшпелілердің табиғаты мұндай «мас» қимыл-қозғалыспен үйлеспейді» депсіз. Сіз қанша көшпеліні көрдіңіз, зерттедіңіз? Көшпелі табиғаттың иісі мұрныңызға келе ме? Әлде империялар илеуінен шығып, редакциялық өңдеу арқылы өз қолыңызға тиген дүмбілез дүниелерді әлі ақиқат санап жүрсіз бе!? Тәуелсіз сананы түп төркінге бұрып еркін ойлай бастаған бүгінгі қазақтың бетбұрысынан қалтарыста қалдыңыз ба!?
Одан ары қарай: «Мұндай мәлімдеме жасаудан қорықпайсыз ба?» деген сауалға: «Қазақ мәдениетінде мұндай бидің жоқ екенін біле тұра неге қорқамын? Мені қолдайтындар көп. Себебі, адамдар бұл бидің өздеріне жат екенін сезеді. Сізге, Эйфель мұнарасын қазақ салды десе сенбейсіз ғой, солай емес пе? Бұл да сол сияқты» деп қисынсыз пәтуа іздепсіз.
Сіздіде оқыған, тоқығаны көп қазақ қанды дейді-ау. «Қара жорғаны» тәуелдеу мен «Эйфель мұнарасының» арасы жер мен көктей. Ойлау тереңдегігі, логика, философиялық талдау тұрғысынан қарағанда сіздікі «Қожанасырдың жауабы» болған. Және де «өзің білме, білгеннің тілін алма» дегендей, «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» болған. Өз сөзіңізді шындық біліп шіренгіңіз келеді.
Сонымен, Гүлнәр қарындас, сіз әбден шаршаттыңыз. Мені емес, менің халқымның тіліне, тарихына, өнеріне өгей көзбен қарағаныңыз үшін, соларды шаршаттыңыз.
Бұл бұл ма, бұдан да сорақысы, ары қарай: «Қазақтардың Отанына оралуының басқа да себептері бар дейді…» деген екі ұшты сұрақ сізді басқа бағытқа жетелегендей. Әр екі жақтың күткен жауабы да сол шығар, Сіз «дымды да ымды да» тез түсінесіз.
Түсінбесеңіз былайша жауап берер ме едіңіз: «Нені айтып отырғаныңызды түсініп отырмын. Кейбір сауатсыз ғалымдар: «Қандастар қазақ санын көбейту үшін көшіп келіп жатыр» дейді. Бірақ, 2015 жылға дейінгі деректі қарасақ 24 жылда Қазақстанға 956 мың қазақ көшіп келген.Тіпті миллионға да жетпейді. Сондықтан бұл арада санды ойнатқан дұрыс емес», – деп шай ішіп отырған қыз досыңызға айтқандай, әңгіме ұшығын ары созасыздар: «Жергілікті халық оралмандарды жақтыра бермейтін жағдай қалыптасты «Оларға жер, баспана, жәрдемақы беріледі, сонда біз тоқалдан тудық па?» деген әңгімелер айтылады. Осы негативтен арылудың жолы бар ма?» дейді журналист отқа май тамызғысы келіп. «Іздегенге сұраған, тисе терекке, тимесе бұтаққа», сізде қарап тұрмайсыз: « Екі жақпен де жұмыс істеу керек. Біріншіден, оралмандар өзін тәртіпті ұстауы тиіс. Кеудесін қақпауы керек және осында тұрып келе жатқан адамдармен жағаласпауы қажет. Әйтпесе, шынымен де осында келе сала ауыздары көпіріп: «Мен тарихи отаныма оралдым» дейді.
Оралдың екен, ел қатарлы өмір сүр. Жұмыс істе. Осындағы тұрғындардың асына таласпа…Осы оралмандарға жұмыс істеуге кім кедергі келтіріп отыр? Сосын олар бір жаман тенденцияны қалыптастырып алды. Бірнәрсе бола қалса Президентке жазады. …
Анығында, бір уақытта қазақстандық қоғамның қандастарға деген ниеті түзу еді, бірақ олар «қылық» шығара бастағасын оралманға деген көзқарас та күрт өзгерді».
Гүлнәр, қарындас жаңа ғана бір сөзіңізде «кейбір сауатсыз ғалымдар» деген сілтеме қолданыпсыз. Енді осы топқа сізді де кіргізу-кіргізбеу мәселесін ойлану керек сияқты.
Себебі, сіз «диаспора» тақырыбын зерттеп, наныңызды содан тауып жеп жүріп, тақырыптың тақиясын ауыстырып аласыз. Осы топыраққа көшіп келгеннің бәрін «оралман» деп бір шыбықпен айдапсыз.
Жақсы білсеңіз керек еді: «Оралман – Атажұртына түбегейлі қоныс аударып келген этникалық қазақтарға берілетін уақытша мәртебе. ҚР азаматтығын алған соң олар «оралман» болып табылмайды» деген анықтаманы.
Ел тарихына, жер тарихына, өз халқының өткеніне жаны ашып бүйрегі бұратын адамның аузынан: «оралмандар өзін тәртіпті ұстауы тиіс. Кеудесін қақпауы керек және осында тұрып келе жатқан адамдармен жағаласпауы қажет. Әйтпесе, шынымен де осында келе сала ауыздары көпіріп: «Мен тарихи отаныма оралдым» дейді. Оралдың екен, ел қатарлы өмір сүр. Жұмыс істе. Осындағы тұрғындардың асына таласпа…» – деген түйеден түскендей сөздің шығуы қаншалық өкінішті!
Әумесірлеу бір еркектің аузынан шықса: «ой, дөрекі, көргенсіз. Жапалақ құс мақтанса жардан тышқан алдым дер, жаман адам мақтанса, жақсының аяғынан шалдым дер. Не шатадан туған тексіз біреу, не жақсыдан туған жаман біреу» деп, жәтта кеп балағаттар ма едік?!. Айналайын, қарындас, тойған қозыдай томпиған түріңді көріп, саған бірдеме деуге аузымыз бармайды. Мүмкін, байқаусызда доңыздың шұжығын көбірек жеп қойып, ұшынып кеткен жоқ па дегенді де ойлап қоям. Ұлтын құраған халықты «оралман» «осындағы тұрғын» деп бөлуің, араздыққа бастар сөзді айтуың қандай жаман! Енді-енді ел болдық па деп етек-жеңімізді қымтап, есімізді жия бастағанда.
Кеше ғана алғыс айту күні мерекесінде өзге ұлт өкілдері көзіне жас алып: «біз телім-телім болып, қаңғырып келгенмізде осы қазақ халқының мерейлі құшағында аман қалып өсіп-өндік» деп елжіреп еді. Олармен өз бауырларымызды салыстырып көрейікші. Қайсы оралман «кеудесін қағып жүр», қайсысы «осындағы тұрғындардың асына таласып жатыр?» . Қайта тұрғылықты бауырларымен әр түрлі нағашы-жиен, құдандалық жолымен балдай батып, судай сіңіп, қазақ болмысын әрлеп жатқан жоқ па!? Шетел қаржысының, тобарының осы елге құйылуына мұрындық болып, заттық және рухани жыртығымызды жамауға өз үлесін қоспады ма?! Қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да қазақ қазанын қайнатуға өз әлінше еңбек етіп жатыр ғой.
Елбасы шеттегі қазаққа бүйрек бұрады, жаны езіліп шақырғаны да рас. Елбасы «ана» қазақты жақсы көріп кетті ме деп араға от тастаған өгей ойлылар болған шығар. Жатқа да керегі қазақтың арасына жік салу. Алайда қазіргі таңда алыстағы ағайынды отанына оралтудың екінші керуені қоңырауын қағып жатқанда жағымсыз, сумақы сөздер жаныңды түршіктіреді. Мәңгілік ел ретінде бас көтерген қазақ бәйтерегінің тамырын кеміргісі келетін қара бас құрттар қанша ма?! Тәуелсіздік тұғыры – бар қазақтың тілеуі, жатса-тұрса күбірлейтін дұғасы!
Мүмкін, жат жұрттан бұйырған көп сыйлық сіздің де «тіліңіздің ұзаруына» себеп болған шығар. Халықарадағы кейбір топтар мен марапат берушілердің өз ұлты мен мемлекетін жаман көрсетушілерге де көбірек бүйрек бұратыны бар емес пе.
Айналайын, Гүлнәр! Біз бір сөзді жаңылып айтсақ, үлкендер: «аузына шайтан салған шығар, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейтін еді.
Сен өзің жаңылдың ба, өзгені жаңылдырдың ба. Өзің сүріндің бе, өзгені сүріндірдің бе?! Жәй біреу айта салса бұлайша бүлінбес едік. Жұрт алдында жүрген диаспора тақырыбын зерттеп жүрген ғылым докторы, профессор Г.Меңдіқұлованың сөзі дегесін, жасың менен үлкен болса да ағалық айбатпен айтуыма тура келді. Қарындас дегенім, қызды сыйлаған қазақы бауырмалдығым, жақын тартқаным. «Енесі тепкен құлынның еті ауыра ма», ол жағы саған сын!
Айналайын, наурыз тіршіліктің басы, адам түгілі «Самарханның көк тасы ериді» дейтін қасиетті ай ғой. Аңдаусыз айтсаң сөзіңді қайтып алғын! Бір адамның кешіре салуы оңай-ақ. Бірақ жазылып бітуге айналған жарасын қайта тырнасаң халықтың ғазалын қозғарсың. Көз жасы енді ғана құрғаған халқымыздың онсызда көргені аз ба еді!? Қыз баланы, әйел заты – ананы жамандыққа қимаған елміз. Алладан тәупиық сұрайық!!!

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ
жазушы

gulnar mendikul

Related Articles

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

  • Тек тілге байланысты…

    Тек тілге байланысты…

    Қазақ Республикасында бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол- қазақ тілі. Қазақ тілінен басқа ешбір екінші тілге мемлекеттік мәртебе берілмеуі керек! Отыз жылдан астам уақыттан бері геосаяси ахуалды сылтауратып келдік. Енді біздің де мінезімізді һәм мысымызды көрсететін уақыт келді. ҚР-ның азаматы һәм салық тапсырушы қатардағы тұрғыны ретінде талап етемін! Алдағы бес жылда Қазақ Республикасында елеулі демографиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда 2030 жылынан кейін қазақтардың республикадағы жалпы үлесі 80-85% ке дейін артады. Славян халықтарының өсімі азайып 10%-ға дейін түседі. Есесіне елдегі түркітілдес өзбек, татар, ұйғырлардың өсімі еселеп өсіп тіпті 10-15 жылда орыстардың орнын басып озуы мүмкін. Сол кезде Қазақ Республикасындағы жалпы түркітілдес халықтардың үлес салмағы 85-90% ке жетеді. Нәтижесінде қазақ мектептерінің саны,

  • “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін. “Жаңа конституцияның” 9-бап 2-тармағы тұрғанда құжаттар ешқашан қазақша жасалмайды. Тек аударма тілі болып қалады. Себебі мемлекеттік бюрократия 9-баптың 2-тармағына сүйеніп, іс-қағаздарды орысша жасап үйренген. Сол себепті іс-қағаздың бәрі алдымен орысша жасалады, кейін қазақшаға қалай болса солай аударылады. Сол себепті 1-тармақтың болғаны қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл мәртебесінде болуына еш көмектесе алмайды. Бір ғана жолы бар: конституцияда мемлекеттік тіл де, ресми тіл де – қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазылып тұруы керек. Құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасының ғана заңды күші болуы тиіс. Сол кезде басқа тілдердегі нұсқасы жай аудармасы болады. Сол кезде ғана қазақ

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: