|  |  | 

Көз қарас Саясат

Ресей қазақты ешуақытта жарылқаған емес

Мұндай ащылау әрі күйінішті­леу тақырыпты мен оқырманды жалт қарату үшін, не болмаса мақаламды өткізбекке бола қойып отырған жоқпын. Архивте көп отырамын, архивпен көп жұмыс істей­мін, енді сондағы көзбен көріп, қолмен ұстағандарымды оқырман қауымға ұсынайын деп шештім.

***
Қазақтың ұлттық рухын жою – Ресейдің отарлау саясатының бір­ден-бір мақсаты еді. Архив дерек­те­ріне сүйенсек, 1737 жылы орыс­тың Анна Иоановна деген әйел патшасының жарлығымен Сібір өлкесінде құл саудасымен айналысу заңдастырылды. Бұл құжат 1822 жылы М.Сперанский да­йындаған «Сібір қазақтарын бас­қару ережесі» шыққаннан кейін ғана өз күшін жойды. Демек, Ресей қазақтарды тауар есебінде ба­зарға апарып, заңды түрде 85 жыл құл саудасымен айналысты. Бүгінгі тілмен айтсақ, құл саудасы бизнесімен шұғылданған.
Мұны кейбір зерттеушілер қа­зақ-жоңғар соғысымен байланыс­тырады. «Сол кезде тұтқындар көбейіп, тақыр кедейге айналған қазақ отбасыларының саны артты. Жұт кезінде бұларды кім асырап-сақтайды? Ажалдан аман алып қалу үшін оларды құл ретінде са­туға тура келді…» деп түсіндіреді. Біздіңше, бұл – құл саудасымен айналысқан орыстарды ақтап алу үшін айтылған пікір.
Ал 1755 жылы шыққан патша жарлығына орай басыбайлы шаруалары бар орыс қожайындарға құлдарды сатуға немесе тауарға айырбастауға, оларды шоқынды­руға құқық берілді. Орыс селола­рының жан басын қазақ қыздарын күң есебінде сатып алу арқылы толықтырып отыруға XIX ғасырға дейін рұқсат етілді.
Саудаға түскен қазақтардың құны базар нарқына байланысты өзгеріп тұрды. Мәселен, 1737 жылы 40 жастағы қазақ әйелі – 12 сомға, ал 30 жастағы қазақ жігіті әйелімен бірге 1 ат, 1 құлын және 16 сомға сатылған. 1748 жылы Әулие Петр қорғанындағы 25 жастағы бұхарлық әйел құлынды бие мен шұғадан тігілген шекпенге айырбасталған. 16 жастағы бұ­хар­лық бозбала 12 сомға, 20 жастағы қазақ жігіті 15 сомға сатылған.
Сол кезде қара малдың екі пұт еті – 80 тиын, ал аттың құны 91,5 тиын болғанын есепке алсақ, құл саудасы кәдімгідей тиімді кәсіп болғанға ұқсайды (Біз бұл жерде зерттеуші В.Черниковтың дерегін келтіріп отырмыз – А.К.).
Егер бодан халықтың азаматын құл есебінде сатып, заңды түрде бизнес көзіне айналдыруға рұқсат берілсе, бұған саяси-құқық­тық тұрғыдан қандай баға беруге болар еді? Мәселенің осы жағы кімді болса де бейтарап қалдыр­май­ды деп ойлаймыз. Әсіресе, ғалымдарды.
Өздерінің қазақ мектебін ашу­дағы мақсатын патша өкіметі ен­дігі бір деректе былай деп түсін­діреді: «…қазақ мектебін ашудағы мақсатымыз – ордалық­тар­ға жас­тайынан орыс тілі мен грамматикасын насихаттап, әдет-ғұрпы­мыз­ды бойына сіңіру арқылы олар­ды өздерінің тұрмыс-салты­нан без­діру, сырт айналдыру. Қа­зақ мекте­біндегі оқу олардың ақыл-ойын асқақтату үшін емес, тек осы мақ­сатқа бағытталуы ти­іс». Орыс ға­лымы, граф Сухо­телень «қазақтар Ресей үшін ас­тығымыз бен матамызды тұтыну­шы және шикізат өндіретін көшпелі халық есебінде пайдалы. Оларды жартылай жабайы (полудиком) жағдайда ұстауымыз қажет» дей­ді.
«Ана тілімізді, жалпы рухани дүниемізді, ұлттық құндылықтары­мызды көркейтейік, өркендетейік деген игілікті іс-әрекетіміз, ынта-ықыласымыз неліктен ылғи тығы­рыққа тіреледі, қарсылыққа ұшы­райды?» деген сұрақтар туын­даған кезде, менің ойыма ылғи да патша заманында жасалған осындай қастандықтар, оның қанжоса іздері орала береді…
***
Патшалық Ресей осылай екен, ал енді Ресейдің большевиктері, яғни жаңа өкімет, Кеңес өкіметі қазаққа, оның құқына қалай қара­ды? Бұрынғысынша. Тіпті бұлар тек қазақты ғана емес, жалпы адам өлтіруді, адамның көзін жою­ды мүлде «оңайлатып» жіберді.
Мәселен, жаппай жазалау нау­қаны Лениннің көзі тірісінде-ақ қолға алынды. Жаңа өкімет өзінің қызметін халықты қорқытып-үркітуден бастады. 1918 жылдың 21 ақпандағы РСФСР Совнарко­мының «Социалистік отанымызға қауіп төнді!» деген декретіне сай ВЧК органдарына контрре­волю­циялық, қызметтік және басқа да жалпықылмыстық оқиғаларды соттан тыс қарауға, айыпкерді қылмыс жасаған жерінде атып тастауға құқық берілді. Партия көсемі В.Ленинге, Петроград ЧК-сінің бастығы М.Урицкийге қас­тандық жасалуына байланысты РСФСР Совнаркомы 1918 жылдың 5 қыркүйегінде «қызыл террорды» бастап та жіберді.
Саяси қарсыластарын жеңіп шығу үшін әуелі Ленин, содан соң Сталин өздерінің төңірегіндегілер­мен сонау 1881 жылы, яғни ІІІ Александрдың кезінде-ақ жай соттың орнына «шапшаң соттарды» іске қосып, мұны «ерекше кеңес» деп атаған-ды. Сталин бұл әдісті өмір бойы басшылыққа алды. Ол осындай құзырлы меке­ме­ні, яки «шапшаң соттау», «шұғыл да әділ жазалау» сотын құрды. Бұл құрылым көсем өлгенге дейін (1953 жылға дейін) жұмыс істеп тұрды.
С.М.Кировтың қазасынан кейін, яғни 1934 жылы ВЦИК қылмыстық кодекске өзгертулер енгізді. Осы құжат бойынша: 1) істі қарау 10 күннен аспауы керек; 2) айыптау қорытындысы айыпкерге сот болардан 1-ақ күн бұрын беріледі;   3) іске адвокат қатыстырылмайды; 4)айыпкерден немесе оның атынан кешірім сұрағандардың өтініш­тері қабылданбайды; 5) ату жазасы қолма-қол орындалуы тиіс.
Мұның соңы тағы да сойқан зұлматқа, екінші үлкен террорға ұласты. Бұған 1937 жылғы пар­тияның ақпан-наурыз пленумында Сталиннің өзі дем берді. 1937 жылдың маусым айында ОК-нің пленумында Ежов сөйледі. Ол: «контрреволюциялық астыртын ұйым бар, еліміз жаңа азамат соғысының қарсаңында тұр, міне, оны Иосиф Виссарионович Ста­линнің дана басшылығымен мемлекет қауіпсіздігі органдары ғана тоқтата алады», – деді. 1937 жыл­дың шілде айында барлық партия комитеттері мен НКВД органдары Сталин, Ежов және Вышинский қол қойған, бұрынғы дұшпан таптардың, кулактар мен белсенді антикеңестік элементтер­дің және жалпы қылмыскерлердің құйыр­шық­тарын кең көлемде жою туралы нұсқау алды.
Содан кейін Ежов №00447 бұй­                   рығына қол қойып, 1937 жыл­дың 5 тамызынан бастап бұл операция төрт ай бойы үздіксіз жүргі­зілді. Барлық өлкелер мен об­лыстарға қанша адамды тұт­­қын­дау туралы тапсырма берілді. Олар екі кате­горияға бөлінді: 1-топтағылар – қолма-қол атылды. 2-топтағылар 8-10 жылға сотталып, лагерьлерге жіберілді. Осы мерзім ішінде 268 950 адам реп­рессияға ұшырап, оның 75 950-і бірден оққа ұшты. Алайда, бұл көрсеткіш аздау болып көрінді білем, жергілікті жерлерден «үс­теме жоспар» қа­былдана бастады. Етке мал өткіз­ген сияқты. Элеваторға астық өткізген секілді. Мәселен, БКП(б) Орталық комите­ті 1937 жылдың 3 желтоқсанында Қазақстан К(б)П Орталық комите­тінің репрессияға ұшырауға тиісті адамдардың санын 1-категория бойынша – 600 адамға («қазаққа» деп ұғыңыз), ал 2-категория бо­йынша – 1000 адамға ұлғайту жө­ніндегі ұсыны­сын бекіткен. Ұсынысты кім жаса­ған? Қазақстан­ның қазақ емес басшылары. «Бәл­кім, «жоспарды артығымен орын­даңыз!» деп оларға тапсырманы Кремльдің өзі беруі де мүмкін.
Іле-шала КСРО прокуроры Вышинский еліміздің барлық прокурорларына шифрланған жеделхат жіберді: «1937 жылдың 30 шілдесіндегі Ежовтың №00447 бұйрығын орындау үшін іс жүргізу ережелерін сақтау, тұтқындау үшін алдын ала санкция алу қажет емес», – деп атап көрсетілді. Он­сыз да оңып тұрмаған хал-ахуал одан сайын ушыға түсті. Қазақ зия­лылары бірінен соң бірі ұста­лып жатты. 1937 жылдың 2 шілде­сінде Қазмұқан Күлетов, тамыздың 3-і мен 17-сі аралығында Темірбек Жүргенов, Мұқаш Орымбаев, Ілияс Жансүгіров, 24 қыркүйекте Сейітқали Меңдешев, Сәкен Сей­фуллин, 10 қазанда Рамазан Құр­ман­ғалиев және т.б. абақтыға қа­малды. НКВД бұлардың «бәрі троцкийшілермен, оңшылдармен сыбайлас жандар», – деп түсінік берді. 1937-38 жылдары қазақтың небір жайсаңдары мен марқас­қалары, ұлттың сүт бетіне шығар қаймақтары, «қазақтың ақыл-ойы» деп есептелетін ірі азаматтары осы заңмен сотталып, осы заңмен жойылды.
***
Осы ретте енді еріксіз ХIII-XIX ғасырлардағы Испаниядағы ин­квизиция, яғни арнайы діни сот ойға оралады. Әдепсіз мінез көрсеткен күдікті адамдардың, католик дініне қарсы кісі деп таныл­ғандардың ісін арнайы трибунал қарады.Сот аса құпия жағ­дайда жүргізілді және сот қорғау­шысыз өтті. Соттау үшін пәлендей дәлел іздеудің қажеті жоқ болды, өйткені біреу «көрдім», «байқап қалдым», «сездім», «пәленшеден естідім» деген сияқты сандырақтап бірдеңе айтса, бітті, сотқа негіз та­былды деп санай беріңіз. Ал сот­тың мақсатының өзі – күдіктіні қайтсе де қаралау, өлім жазасына кесу, яғни – өртеу еді.
Міне, осындай соттың шешімі­мен жазықсыздан жазықсыз небір дарынды ғалымдар, дана жазушылар, көрнекті ақындар, талантты әскери қолбасшылар, дәрігер­лер отқа өртенді. Енді бір ғана мысал. Салыстырмалы түрде. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Ыбырай Смағұлов 1937 жылдың 3 қарашасында Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексі­нің 58-бабымен айыпталып, НКВД «үштігінің» үкімімен (соттың емес, «үштіктің!») оққа ұшты. Не­ге? Бай тұқымынан, молда. Алаш­орданы насихаттаған, колхозды құртуға әрекет жасаған… Сылдыр сөз. Небәрі 5-6 беттен тұратын қылмыстық іс. Архивтен алып оқы­дық. Ешкімге зияны жоқ, саясаттан аулақ жүретін, бала-шаға­сын асырап жүрген колхозшы ешбір дәлелсіз, адвокаттың қаты­суын­сыз осылай атылып кеткен. Ыбы­рай Смағұлов 52 жылдан соң (1989) ақталды. Қазір оның не­ме­ресі Серік Ескендірұлы Ыбыраев – белгілі, елге сыйлы азамат. Астанада тұрады, дәрігер.
Үңіле қарасаңыз, сталиндік жүйенің инквизиция әдісін түгел­дей қабылдағанын айқын көресіз. Айырмашылық бар ма? Сәл ғана айырмашылық бар. Испандықтар айыпкерді отқа жаққан, большевиктер оққа байлаған.
Көне тарихтан, кәрі тарихтан, дана тарихтан тағлым алғанға не жетсін?!
Амантай Кәкен
zhasalash.kz

Related Articles

  • Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Zhalgas Yertay Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ. Ол халықтың ішкі күші мен биліктің саяси еркіне қарайлап тұр Ертеректен бастайық. Баяғыда қазақтың басты проблемасы санында еді, ол рас. Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналған-ды. Ал қалада қазақша есту қиын болатын. Мектептерде, университеттерде, мемлекеттік басқаруда, бизнесте қазақ тілі шеттетілді. Сол кезде қазақ тілінің тағдыры демографияға тәуелді еді. Бұл логика ұзақ уақыт дұрыс саналған. Бірақ бүгінгі Қазақстанға қарасақ, жағдай өзгерді. Қазақтар көпшілікке айналды. Қазақ тілін түсінетіндер мен сөйлейтіндер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қазақ мектебіне баратын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазақ тілі күнделікті өмірдің негізгі тіліне айналды. Бірақ неге тіл мәселесі әлі өзекті болып тұр? Мәселе санға емес, санаға

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: