|  |  |  |  | 

Көз қарас Руханият Суреттер сөйлейді Қазақ шежіресі

Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

Bazarbek Atygay
Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз.
Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта қандай да бір қоғамдық маңызы бар инициативаны ортаға салар кезде осы фактор ескерілмесе болмайтын шығар.
Сонымен герб. Немесе біздегі баламасы – елтаңба. Біріншіден, мен геральдика маманы емеспін және гербті міндетті түрде ауыстыру керек деген аңсаған арманым, алға қойған мақсатым жоқ. Өзімнің жеке пікірім, бізде осы герб деген термин орынсыз қолданылып жүргендей көрінеді. Жер бетіндегі біраз мемлекеттерде ресми бекітілген герб жоқ. Мәселен, ағайындас түрік жұртында. Жапония мен Францияның да ресми герб жоқтығынан қайғырып жатқан түрі көрінбейді. Әлбетте әртүрлі таңбалар, эмблемалар қолданылады. Мысалы, АҚШ-тың да гербі жоқ, мемлекеттің басты мөрі деген таңбасы бар. Мұны айтып отырғаным, қазір көптеген ағайын дуылдатып жүрген “Киелі Елтаңба”, “Қасиетті Елтаңба”, “Құндылығым – Елтаңбам!” сияқты ұрандардың қандай да бір сакралдық, басқаша айтқанда, киелі дейтіндей негізі жоқ екендігін ескерту ғана.
Қазақ қазақ болғалы басты таңба саналған, қаншама даңқты жеңістер мен қан жұтқан жеңілістерде қазақтың туынан түспеген бәйтерек архетипі, қазақша айтқанда «төре таңба» мүлде ескерілмеген кезде де жоқтаған ешкім болған жоқ. Оны айтасыз, 2006 жылы гимн өзгергенде де «бұл қалай?» деген жан болмады.
Мәтіні қиын, әуенінен совет заманындағы талапқа сәйкес «Марсельеза» сарыны аңдалатын гимнді мұқым қазақ баласы кез келген уақытта, далада да, үйде де қосыла шырқайтын «Менің Қазақстаным» алмастырды. Тың игеру деген күмәнді науқан басталып, қазақ ата қонысында жатқа айналып, азшылық болып қалғанда қос саңлақ Шәмші мен Жұмекен елдің езілген көңілін жебеп тудырған рухты әннің сөзін аяқ асты өзгертіп тастағанда, Шалкиіз айтпақшы, «Тебінгінің астынан ала балта суырысып, тепсінісіп келгенде, Тең атаның ұлы едің, Дәрежеңді артық етсе Тәңірі етті!» – деп тепсінбек түгілі, ашық қынжылыс білдірген ешкім болмады. Мен сол кезде «Қазақстан» ұлттық арнасында жұмыстанып жүргем, мәтінді өзгертпеу туралы пікір айтуды сұрап талай мықтыға қолқа салдық. Бәрі ат-тонын ала қашты. Бір депутат «айтайын, дәйекті сөз жазып беріңдер» деп сұрап алды да, артынша «менен бұрынғы мәтінді жақтап сөйле деп сұрағандар болды, бірақ, меніңше, жаңа мәтін керемет» – деп айнып, сұхбат берді. Сол депутат – қазір де депутат. Мүмкін, Құдай оңдап, аруақ разы боп, Жұмекеннің мәтіні өзінің таза қалпында оралып жатса, жаңағы депутатымыз баяғы біз жазып берген сөзді айтып та қалар.
Енді тікелей герб туралы. Әуелде бірден байқалған ерекшелігі – жалпы композициясынан бұрынғы советтік гербтердің ықпалы сезіліп тұрды. Одағайлау көрінген сурет – мүйізді, қанатты ат бейнесі болды. Мүйіз – Берел обасынан табылған басына алтын жалатқан мүйіз кейпіндегі қаптама кигізілген атты еске салады. Яғни, біздің бағзыдан-бағзы өнеріміздің белгісі деп түсіндірді сол кездегі тәпсіршілер. Қанат та солай екен. Тек қанат қауырсындары масаққа ұқсатылыпты, бұл да өзгеше көркемдік шешім деп дәлелденді. Бірақ сол кездің өзінде дәл осы шешімнің «наив-арт» аталатын әуесқой көркемсурет бағытының стилін еске салатыны туралы пікірлер жекелеген суретшілердің күңкілі боп қала берді.
Ең қызығы, авторлар да, комиссия да фунералдық, яғни қабірстандық артефактылардың өз семантикасы, біз түсінгеннен басқа мағынасы болатындығын ескермегенге ұқсайды. Бұл туралы скиф-сақ қабірлерінен табылған әшекейлерді зерттеген, олардың көне мифтер мен демонологияға қатысы туралы пікір түйген мамандардан кеңес сұраған да ешкім болмаған сияқты. Әлбетте, бұл ежелгі обалардан табылған, байырғы жерлеу ғұрпының ғана емес, наным-сенімнің де куәсі саналатын ғажайып бұйымдарды эмблема, таңба ретінде қолданбау керек деген сөз емес. Бірақ осы ретте мамандардан тыңғылықты кеңес алғанның еш артығы жоқ.
Осы орайда жалпы Алтайлық мәдениет аталатын мәдениет типтерінің бәріне ортақ, соның ішінде қазақ халқының қиялында барынша жетілген, неше ықылымнан бері қазақпен бірге жасап келе жатқан ою мен өрнек семантикасына шындап назар аудармай жүргеніміз өкінішті. Оюдың тілі дейтін графикалық тіл болған, оны түсінген адам көп жағдайды сөзсіз-ақ ұғына берген дейді мамандардың бірсыпырасы. Мүмкін, алдағы уақытта осы ою-өрнекке көңіл бұрармыз.
Гербке байланысты аз-кем ой осы. Қашан ауыстырылса да, мемлекеттік таңба, эмблема түбі бір ауыстырылатын шығар. Ауыспауы да мүмкін. Бірақ, дәл осы мәселе төңірегінде соншама дау сабайтындай себеп көріп тұрған жоқпын. Ауысып жатса, сол рәміз, таңба көрген адамның есінде бірден жатталып қалатындай жүрекке жылы, айқын және бір қарағанда оп-оңай көрінетіндей қарапайым болса, кәнеки. Көркемөнердің атасы Леонардо Да Винчи: «Қарапайымдылық – кереметтіліктің ең биік шыңы» /«Простата – наивысшая форма утонченности»/ – деген екен.
Бір күндері түбі ту да өзгеретін болар. Мүмкін, Қазақстан деген атаудан Қазақ Республикасы немесе Қазақ Елі деген атауға да ауысатын уақыт келетін шығар. Және совет кезеңінен қалған қаншама сарқындыдан арылуға тиіспіз. Бұл, әрине, тек символдарға ғана емес, ел басқару ісіне де, қоғам өмірінің басқа да кілтипанды тұстарына да қатысты мәселе.
Қазақ халқы тек аңыз бен советтік стереотиптердің шырмауында өмір сүруге тиіс емес!

Related Articles

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Сардар Алмат Тобабергенұлы – өз дәуірінде ел басқарған, беделді тұлғалардың бірі болған. Ол Ырғызда болыс қызметін атқарып, халық арасында сыйлы адам ретінде танылған. Алмат Тобабергенұлының ерлік пен елдік тоғысқан дара жолын кейін балалары Самырат пен Төремұратта жалғыстырды. Ал оның шөбересі Ғалымжан Әбдісаламов Еуропа мен Орта Азияға танымал қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы болған. ХІХ ғасырдың басында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңғы он жылдығында өмірден өткен алмат Тобабергенұлы басындағы билігі мен беделін елінің игілігіне, жұртының тұрмыс-тіршілігіне арналған өз заманының айтулы тұлғаларының бірі еді.  «Аржағы да атақты ер…» Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды

  • Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті.

    Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті.

    Бүгін Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Панфилов көшесі бойындағы сахнада Наурыз мерекесіне арналған «Ән қанатындағы Наурыз» атты жас орындаушылардың дәстүрлі ән кеші жоғары деңгейде өтті. Алматы қаласы ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап ұлт мәдениетінің ұйытқысы, ордасы қызметін атқарып келеді. Дәстүрлі өнердің ірі өкілдері, зерттеушілері осы қалада тұрып, еңбек етті. Қазір де профессионалдық типтегі дәстүрлі музыканың ең ірі ошағы – Алматы. Мұнда этномузыканың белгілі қайраткерлері, дәстүрлі домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, әнші-термешілер әзірлейтін арнаулы орта және жоғары оқу орындары, өнер ұжымдары шоғырланған. Қазақ көне музыка аспаптарының жер бетіндегі жалғыз музейі мен еліміздегі жалғыз дәстүрлі өнер театры да осында. Соңғы уақыттары Алматы қаласында дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген жас өнерпаздардың арнайы ән кеші өтпеп еді.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: