|  | 

Әлеумет

Кооперацияны дамытуға не кедергі?

Ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, осы уақытқа дейін қаншама бағдарлама қабылданды. Сөйте тұра өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін экспортты айтпағанда, ішкі нарығымызды төл өніммен толыққанды қамти алмай келе жатқанымыз рас

Осынау олқылықтың орнын толтыру мақсатында былтыр жыл соңында «Ауыл шаруашылығы кооперациясы» туралы заң қабылданып, ол биылдан бастап күшіне енген болатын. Таяуда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен пікірсайыста аталған заңның артықшылықтары мен кемшін тұстары, орындалу барысы талқыланды.

«Ауыл шаруашылығы кооперативі: өзекті мәселелер және оның шешу жолдары» деген тақырыпта өткен отырысқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары, шаруа қожалықтары мен кооператив иелері және жоғары оқу орны оқытушылары қатысты. Онда биыл қаңтар айынан бастап күшіне енген заңды түсіндіру жұмыстары толыққанды жүргізілмегендіктен, ауыл жұрты кооператив құрудың жай-жапсарынан бейхабар отырғаны туралы сөз болды. Расында да, шаруа қожалықтарының иелері заңның шыққанын еміс-еміс естігенмен, оның артық-кем тұсы, тиімділігі туралы білмейтінін жеткізсе, енді бірі тіпті тұңғыш рет естіп тұрғанын айтып, таңданысын жасырмады. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі Стратегиялық жоспарлау және анализ департаментіне қарасты Агробизнес басқармасының басшысы Азамат Құрманов болсабұл пікірмен келіспейтінін білдірді.

Азамат Құрманов.

Азамат Құрманов.

Оның айтуынша, министрлік тарапынан түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп отырған көрінеді. Тіпті алдағы уақытта жергілікті әкімдерді арнайы оқыту курстарынан өткізу жоспарланып қойыпты. Алайда шынтуайтқа келгенде, сөз басқа, іс басқа болып тұрған сыңайлы. Олай дейтініміз, қарапайым шаруаларды былай қойғанда, өңірлердегі ауыл шаруашылығы саласының мамандары да жаңа заңның іске асыру тетіктері туралы ақпараттың жеткіліксіз екенін мойындап отыр. Мысалы, Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығыҚаржаубай Ыбырайымұлының айтуынша, кооперация туралы заңды іске асыру бойынша ережелер, жалпы ақпараттық нұсқаулықтар жоқ екен.

Ақпарат аз, түсінік көмескі болған соң, сенімсіздік те болмай тұрмайтыны белгілі. Халық арасында «Онсыз да қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған қысылтаяң шақта кооперативке бірігіп, ертең ондағы мал-мүлік талан-таражға түсіп кетпесіне кім кепіл?» деп күмәнмен қарайтындар да баршылық. Сондықтан ауыл тұрғындарының күдігін сейілтіп, сенімін арттыра түсу үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, 11 пилоттық жобаны жүзеге асыруды бастап кетіпті.

Ақмола облысы, Қарабұлақ ауданынан келген «Жер-ана-Астана» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Гүлмайра Баймақованың айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға деген халықтың ынта-ықыласын сол ауылдың лидерлері, яғни халықтың сеніміне ие адамдар арқылы қалыптастыра аламыз.

Гүлмайра Баймақова.

Гүлмайра Баймақова.

«Мейлі қанша жерден аудан әкімдерін оқытыңыз, министрлік, басқарма мамандарын ауыл-аймақты аралатып, үгіт-насихат жүргізіңіз, бірақ негізінен жұмысты ауылға беделі бар, қарапайым адамдардың тілін таба білетін, солармен бірге көз ашқалы қатар жүріп, еңбек еткен, ыстық-суыққа бірге төзген, ауылдың шынайы болмыс-келбетін жақсы білетін адамдар арқылы жүргізген жөн»? – дейді кәсіпкер.

Пкірсайыс клубының модераторы Қалқаман Сарин «Жалпы, «ауылы аралас, қойы қоралас» деген қарапайым қағиданы ұстанған қазақ деген халық үшін кооператив деген ұғым әуелден жат емес. Сондықтан ежелден бірлесіп, ұжымдасып өмір сүрген, еңбек еткен қазақ қоғамы үшін кооперацияны бүгінгі заман талабына сай өңгеріп алып кету онша қиын іс көрінбеуі мұмкін. Әйтсе де, ежелден үйір-үйір жылқы ұстаған, отарымен қой айдап, табын-табын сиыр баққан халқымыз бүгінгі таңда ауыл шаруашылығына келгенде, неге күрделі мәселелерге тіреліп қалып отыр?!» деп жиналғандарға көптің көкейінде жүрген өзекті сауалды ортаға салды.

Осы орайда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «ішкі нарықты төл өнімдерімізбен қамтып, экспорт сұранысын да қанағаттандыруға не кедергі болып отыр?» деген мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, оның маңызды бірнеше себептерін анықтағанын айта кету керек. Алдымен, палата мамандары «Магнум», «Арзан», «Рамстор», «Метро» сияқты ірі сауда желілерінің бірінші басшыларымен тікелей кездесіп, олардың негізінен қандай тауар сатып тұрғанына назар аударған. Аталған сауда орындарында ауылшаруашылық тауарларының көбі импорттық тауарлар болып шыққан. Мәселен, картоп Пәкістаннан, жеміс-жидек Өзбекстан мен Қырғызстаннан, сүт өнімдері мен ет өнімдерінің көбі Ресей мен Беларуссиядан. Мұның себебін түсіндірген сауда желілерінің басшыларының сөзімен де келіспеске болмайтындай.

Қалқаман Сарин.

Қалқаман Сарин.

«Қазақстанда шаруашылықтар өте майда. Сондықтан олар бізге тиісті деңгейде тауарларды жеткізіп бере алмайды. Мәселен, тауарды сауда айналымына кіргізу үшін оны алдын ала дайындау қажет. Оны жуу, тазалау, арнайы орамдарға орау, колибровкасы бар. Міне, осындай жұмыстар бізде ұйымдастырылмаған. Екіншіден, тұрақтылық жоқ. Науқанның кезінде, тамыз, қыркүйек, қазан айларында жаппай бәрі бізге арзан бағада жеткізеді де, қалған уақытта ол тауарлар жоқ Қазақстанда. Ал менің сауда орталығыма жыл он екі ай, 365 күн бұл тауарлар келіп тұруы керек. Себебі, тұтынушылар бізге бір келеді, екі келеді, үшінші келгенде сол тауарды тағы таппаса, келесі жолы мүлде келмейтін болады. Сондықтан, мен ондай үлкен тәуекелге бара алмаймын» дейді олар.

Жалпы, қазір мемлекет ауыл шаруашылығы саласын қолдаудан кенде қылып отырған жоқ, тек сол қолдауды пайдалана білу тетіктерін білген жөн. «Атамекен» ҰКП агроөнеркәсіп кешені хатшылығы хатшысының орынбасары Дінмұхамед Әбсаттаровтың айтуынша, әр өндірілген сүтке, етке және де ол асыл тұқымды мал асырайтын болса, жоғарғы деңгейде сүт пен ет беретін мал асыраса, оның жемінен бастап, сауылған сүтіне, өткізілген етіне дейін мемлекет тарапынан қолдаулар бар. Соның барлығы жеке тұрғындарға қолжетімсіз болып отырса керек.

Дінмұхамед Әбсаттаров.

Дінмұхамед Әбсаттаров.

«Мәселен, ет бағытында үш деңгейде қаржылай көмек беріледі. Ең алдымен, малдың азығын дайындауға мемлекет тарапынан қолдау бар. Асыл тұқымды мал асырап жатқан болса, оның бірінші деңгейінде 3000 бас ірі қара мал асырайтын болса, оған 220 теңгеден мемлекеттен қайтарымсыз қаражат беріледі. Екінші деңгейде, ол 1500 басқа 170 теңгеден береді. Үшінші деңгейде 400 бастан кем болмауы керек. Одан бөлек, асыл тұқымды бұқа сатып алатын болса, оған 154 мың теңге беріледі, ол бұқаны жыл бойына асырауға, жем-шөбімен қамтамассыз етуі үшін 108 мың теңге тағы беріледі», – дейді Әбсаттаров.

Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданына қарасты Аралтөбе ауылында жақында құрылған «Рахат+» кооперативінің төрағасы Абзал Нығметтің айтуынша, кооперативке бірігуді ауылдың 55 жеке үйіқолдап, алты жүз бес бас малын қосқан. Аудан әкімдігі тарапынан мал жайылымына 5 мың гектар жер бөлініп және арнайы құдықтар қазып беретін болыпты. Дейтұрғанмен, онда да күрделі мәселелер жетерлік екен.

Абзал Нығмет.

Абзал Нығмет.

«Біз кооператив құрар кезде оның артық-кем тұсын ешкім түсіндіріп бере алған жоқ, әу баста. Өзімізше жобалап, асыл тұқымды бұқа алып, онымен қосқан аналығымыздың субсидиясын халықпен бөлісеміз деп ойладық. Сөйтсек, мұның механизмдері біз ойлағаннан басқаша болып шықты. Адам болған соң, сенімсіздік болмай тұрмайды, қолында азғантай малынан айрылып қалам ба деген қауіп те жоқ емес ел-жұртта. Мен кооператив басшысы ретінде мемлекеттен бөлінген барлық игіліктерді алып, байып кетіп жатыр екен деп те ойлайтындар бар. Енді әне-міне, малды өріске шығарып, асыл тұқымды бұқамен қосып, тұқым өзгертуіміз керек, оған дайындығымыз да жоқ, шыны керек. Ауылдықтар кооператив құрамына алты жүздей бас мал қосты, оны түгел өріске алып кетем десем, біразы келіспеуі мүмкін, өйткені сауып отырған сиыры, бір отбасы соған қарап отыр. Сондықтан алты жүз бас малдың шамамен төрт жүзін сауынға алып қалуы мүмкін иелері. Сонда екі жүз бас малға ғана субсидия аламыз ба? Қалған төрт жүз бас малға да алсақ деп сұрап отырмыз, ол жағы әлі белгісіз бірақ» дейді өндірістік кооператив жетекшісі Нығмет.

Ал Ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешені Экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты филиалының директорыКәкімжан Сарханов: «Бізде қазір тік және көлбеу деген екі жүйе бар. Тік жүйеде кооперативке кірген азаматтардың өз меншігі өзінде қалады да, өздері атқаратын қызмет түрлерін кооператив арқылы атқарады. Әзірге бізге осы қолайлы болып отыр. Өйткені дәл қазір ауылдықтарға «жеріңді қос, малыңды қос» деуге келмейді. Мысалы жер туралы заң бар, жердің 98% жалда, ал субаренда деп келесі бір адамға бере алмайды, әрі мал-мүлкіңді қос десең, оған сенімсіздікпен қарайтыны рас. Осы секілді күрмеуі қиын күрделі мәселелер көп» дейді.

Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының негізгі көксегені қайтсек, мемлекеттен берілетін субсидияны ала аламыз болып кеткен секілді. Әрине, қаражат қажет, бірақ қандай мақсатқа, оны қайда, қалай жұмсау керек?

«Онсызда «шықпа жаным, шықпалап» отырған майда шаруашылықтарды кооперативке біріктірген соң, мәселен, сүтін өткізуге шағын зауыт  ашуға, малдың жем-шөбін дайындауға тағы басқа керек-жарағына қаражат керек болады. Оны қайдан алады? Мысалы «кооперативке қаржы кепілдіксіз беріледі» дейді, бірақ бұл сөз күйінде ғана айтылып отыр әзірге. Осы қаржы мәселесін шешу керек алдымен», – дейді Сарханов.

Сайып келгенде, бүгінгідей алма-ғайып кезеңде «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп әркім өз бетінше тірлік қылмай, ортақ мүдде, ортақ істің төңірегіне бірігіп, жұмыла еңбек ету уақыт талабы болып отыр.  Пікірсайыстан ұққанымыз, кооператив құрудың артықшылықтары көп, бірақ әлі де нақтыланбаған кемшін тұстары да жетерлік екен. Қалай дегенмен, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын өрістетуге негіз қаланды. Ендігі мәселе соның дұрыс ұйымдастырылуында, бөлінген қаржыны ұқсата білуде болып отыр.

НПП РК “Атамекен”

Related Articles

  • Жер сілкінді, ал санамыз сілкіне ме?

    Бірінші, Алматы жер сілкініс белдеуі аймағына жатады, ол ғылымда әлдеқашан дәлелденген, оған құмалақ ашып жаңалық айтудың керегі жоқ. Орталық Азияның қауіпті сілкініс белдеуінің бір жолағы Қазақстанның біраз аймағын қамтып жатыр. Жер кеше сілкінген, бүгін сілкінді, түптің түбінде ертең де сілкінеді және сілкіне береді. Жер- күнәнің көптігі үшін сілкінді деп аңыраған жұртқа құрғақ ақыл айтатын қаймана уағыз қай қоғамда болсын табылады, жер- атеист пен тәңіршілге “Аллаһты еске салды” дейтін міскін ой, асығыс тұспал қай жамағатта болсын табылады, бірақ табылмай тұрғаны ҒЫЛЫМ, мән берілмей тұрғаны да осы. Екінші, жерді кім сілкісе де мейлі, маңыздысы ол емес, онсыз да сілкініс белдеуінде тұрып жатырмыз, “ұйқыдағы” сілкініс пен жанар тау бізде онсыз да баршылық. Мәселе

  • Әйелдің бағы бес елі екен. Өйткені ол АҚШ-та тұрады…

    Полицейдің жуан білегіне қолын сүйеп, басын иіп шексіз ризашылықтың ишарасын білдіріп тұрған мына әйел күн бұрын дүкеннен бес жұмыртқа ұрлап, қолға түседі. Оқиға орнына жеткен Уильям Стейси ұрының қолына кісен салып, қамаудың орнына бес жұмыртқаға бола басын қатерге тіккен бейбақты сөзге тартады. Сұрай келе үйінде төрт баласы ашқұрсақ отырғанын, екі тәуліктен бері нәр татпағанын біледі. Шиеттей бала-шағамен айына 120 долларға ғана жан бағатынын, оның өзін біреуге ұрлатып алғанын естиді. Мән-жайға қаныққан офицер сол жерде әйелді босатып, үйіне жеткізіп салады. Күдігін сейілту үшін отбасының жағдайымен танысып, байғұс ананың алдамағанына көз жеткізеді. Кетерінде ұрлық жасау – тығырықтан шығар жол еместігін айтып, бұдан былай заң бұзбауын ескертеді. Бие сауым уақыт өткен соң ашқұрсақ

  • Талдықорғанда дәрігерлерге ескерткіш ашылды

    Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында «Аяулы алақан» аллеясы ашылды. Жетісудың бас шаһары Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толуына орай, қаланың көркіне-көрік қосатын тағы бір жер орын тепті. Бұл мекенде ақ халатты абзал жандарға деген алғыстың нышаны ретінде «Аяулы алақан» мүсіні қойылған. Жоба авторы, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов. Мүсінде адамзаттың қос алақаны бейнеленген. Ал екі уыстың арасында жапырағы жайқалған жас ағаш өсіп тұр. Бұл жан жылуының әр тіршілік иесіне өмір сыйлай алатынын бейнелеп тұрған ерекше сәулет өнері. «Пандемияның алғашқы күндерінен-ақ Елбасы үндеуімен еліміз бірігіп, індетті жеңуге жұмылды. Қиын жағдайда алдыңғы қатарда күрескен – медицина қызметкерлері болды. Бүгінгі ашылған «Аяулы алақан» ескерткіш – аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген

  • Жетісуда 60 жуық жанұя баспаналы болды

    Талдықорғанда алпысқа жуық отбасы баспаналы болды. “Болашақ” шағын ауданында берілген көппәтерлі тұрғын үйдің жалпы ауданы 5 мың шаршы метрден асады. “Талдықорғанда соңғы 20 жылда аймақтағы барлық салалар бойынша өсу қарқыны орын алды. Қала жан-жақты дамыды. Жаңадан шағын аудандар ашылып, түрлі әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бұның барлығын жасау үшін, қазынаға түсетін салықтың көлемі де артуы керек. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 860 млрд. теңгені құрап отыр. Осының арқасында бүгінгі деңгейге жетіп отырмыз. Елбасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауы да қазіргі нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отырғанын атап өткен жөн”,- деді облыс әкімі Амандық Баталов. Жаңа пәтер кілтін алғандардың арасында қартаналар, көп балалы және әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасылар да бар. “Балам

  • Талдықорғанда жаңа эко-автобустар қолданысқа берілді

    Бүгін, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, облыс орталығының Талдықорғанға қоныс аударуының 20 жылдығы аясында айтулы оқиға өтті. Көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында қалада автобус паркі жаңартылды. “Жетісу” ӘКК арқылы жалпы сомасы 2,3 млрд.теңгеден асатын газбен жүретін 55 экологиялық автобус сатып алынады, олар тасымалдаушыларға 7 жылға лизингке беріледі (жылдық 4% – бен). Оның 32-сі қала тұрғындарына пайдалануға берілді. Мереке қарсаңында орталық алаңда облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен “Ютонг” маркалы 32 жаңа автобустың алғашқы партиясын-тапсыру салтанаты өтті. Қалған 23 автобус (14 ПАЗ және 9 “Ютонг”) жыл соңына дейін Талдықорған көшелерімен жүреді. “Бірнеше күн бойы жаңа автобустар қалалық бағыттар бойынша сыналды. Жалпы, олар барлық заманауи талаптарға жауап береді. Олардың кейбіреулері – 10 метр, басқалары-8,5

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: