|  | 

Көз қарас

Жер мен көктi жалғаған Байқоңыр сауда-саттық орталығына айналмай ма?

Биыл адамзат баласының қазақ жерiнен ғарышқа ұшқан тарихи оқиғасына 55 жыл толды. “Байқоңыр” – адам баласын бұрын-соңды аяқ баспаған жаңа әлемге аттандырған тұңғыш айлақ. Оның тарихы 1954 жылы Кеңес Одағы алысқа ұшатын баллистикалық зымырандарды сынайтын қолайлы орынды табу үшiн Мемлекеттiк комиссия құрған кезден бас­талады. Кеңестер елiнiң бiрқатар өлкесiн аралаған комиссия сынақ полигонын Арал теңiзiнiң шығысындағы шөлейтте салған жөн деп табады. Оған жартылай шөлейт жердiң тегiстiгi, темiржол мен автокөлiк жолына жақындығы және жыл он екi ай күннiң ашық келетiнi, ал ең бастысы, бұл өңiрдiң зымырандарды ұшыруға Жердiң айналу жылдамдығын қосымша пайдалануға мүмкiндiк беретiн экваторға жақындығы себеп болады. 1955 жылы құрылысы басталған сынақ полигонында екi жылдан соң Р-7 құрлықаралық баллистикалық зымыраны ұшырылды. Ресми түрде 5-ғылыми-зерттеу сынақ полигоны (ҒЗСП) аталған орынды Кеңес үкiметi ғарыш сапарлары бастал­ғаннан кейiн де, бiраз уақыт әскери мақсаттағы баллистикалық зымырандарды сынақтан өткiзуге пайдаланды. Сондықтан 50-жылдары аумағында алып құрылыс басталған Қазақстанға назары ауған шетелдiк барлау қызме­тiн алдау үшiн, Кеңес үкiметi Алатаудың солтүстiк сiлемiндегi Байқоңыр дейтiн елдi мекенде ағаштан ғарыш айлағының алып макетiн тұрғызған. Бiр дерек бойынша, кеңес баспасөзiнде жер серiктерiн ұшырған орын ретiнде Байқоңыр атауының қолданылған себебi де содан делiнедi.

1957 жылы 4 қазанда Байқоңырдан ұшқан Р-7 зымыраны жер маңындағы орбитаға әлемдегi тұңғыш жер серiгiн шығарды. Адамзаттың ғарышты игеру дәуiрiнiң тұсауы Байқоңырда осылай кесiлдi. 1961 жылдың 12 сәуiрiнде таңертеңгi сағат 9 07 минут өткенде Байқоңырдан Юрий Гагарин есiмдi адамзаттың өкiлi тұңғыш ғарыш сапарына аттанды. “Восток” зымыраны 1 сағат 48 минут iшiнде Жердi бiр айналып өтiп, Саратов облысына қонды. Айтпақшы, осы оқиғаға байланысты құжаттарда ғарыш айлағы тұңғыш рет “Байқоңыр” деп аталды.
Байқоңырдағы ең алғашқы iрi апат пен қайғылы оқиға 1960 жылдың 24 қазанында болды. Жаңа құрлықаралық баллистикалық Р-16 зымыранын сынау кезiнде зымыран қозғалтқышының өздiгiнен оталуынан шыққан өрт пен отын уынан 76 адам қаза тапты.
 Гагариннiң ғарыштық сапарынан кейiн Байқоңырда стратегиялық мақсаттағы жеңiл, орташа және ауыр санаттағы: “Циклон”, “Союз”, “Протон”, Н-1, “Зенит”, “Энергия” сияқты зымыран-тасығыштар сынақтан өттi. Тұңғыш автоматты планетаралық “Марс”, “Венера”, “Зонд”, “Вега” стансалары да “Байқоңырдан” көкке көтерiлдi. Әлемге танымал орбиталық “Салют”, “Мир” стансалары да “Байқоңырдан” ұшырылды.
 Осы уақытқа дейiн ғарышқа жөнелткен жүк көлемi жағынан әлемде Байқоңырмен ешбiр ғарыш айлағы теңесе алмайды.
 Кеңес Одағы ыдыраған соң, Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстанның иелiгiнде қалды. 1994 жылы Ресей қазақ үкiметiмен Байқоңырды 20 жылға жалға алу туралы келiстi. Жалдау ақысы – жылына 115 млн АҚШ доллары. 2004 жылы Ресей Байқоңырдың жалдау уақытын тағы 50 жылға созды.
РЕСЕЙ БАЙҚОҢЫРДАН ҚАНША ПАЙДА ТАБАДЫ?
Ресей соңғы жылдары ға­рыш­қа адам мен жүк жеткiзу жағынан әлемдегi ең iрi “жүк тасушыға” айналды. 50 жыл бұрын құрастырылған “Протон” секiлдi зымыран тасығыштарымен кез келген елдiң жүгiн орбитаға жеткiзiп беруге әзiр. Шетелдiк сарапшылардың есебiнше, Ресей ғарышқа сапардан жақсы табыс табады. Халықаралық ғарыш стансасына бiр шетелдiк ғарышкердi жеткiзу құны кей дерек бойынша 50 млн доллардың көлемiнде және оның оның құны бiрнеше млн долларға өседi деген сөз бар. 2010 жылы Ресей бiр ғана «Протон М» зымыранын ұшырудан миллиард долларға жуық табыс тапқан. Бұл Аэроғарыш комитетiнiң төрағасы Тал­ғат Мұсабаевтың аузынан шыққан дерек. «Зенит», «Союз», «Днепр» секiлдi зымырандармен ғарышқа ұшу бұдан да қымбат. Сонда Байқоңырды 115 млн долларға жалға алып отырған көршiмiз жылына кемiнде 1 жарым млрд доллар пайда көредi. “Байдың асын байғұс қызғандының керi” дей көрмеңiздер, жалға алған айлақтан қанша тапса да өз еркi ғой, тек Ресейдiң қалтасын майлайтын әрбiр ғарыш сапары Қазақстанға сор боп жабысып жатқанын бәрi бiледi. Әңгiме ғарыш тақырыбынан алыс жатқан ауыл қазағына дейiн атын жаттап ал­ған “Протон” зымыран тасығышы туралы. Өйткенi Ресей табысының қомақты бөлiгiн дәл осы зымыраннан тауып отыр.
БIРЕУГЕ БАҚ, БIРЕУГЕ СОР “ПРОТОН”
1967 жылдан берi Байқоңырдан 400-ден астам “Протон” зымыран тасығышы ұшырылған. Ресми дерек бойынша, оның 49-ы апатқа ұшыраған. Кеңес кезiнде тым көп құлаған “Протон” туралы естiп-бiлген жан санаулы болатын. “Протонның” көкке жет­пей, желкесi қиылған оқи­ғалар посткеңестiк кезде де тыйылмады. Солардың елеу­лiлерiне тоқталсақ, 1999 жылы “Протон” зымыран тасығышы екi рет Қарағанды облысының аумағына құлады. Сол кезде қазақ үкi­метiнiң Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру келiсiмшартын қайта қарастыру туралы мәлiм­деме жасағаны есiмiзде. Зымыран ұшырудың алдында қазақ үкiметiнен рұқсат алу, Байқоңырдан ресейлiк әскери зымырандарды ұшыруға тыйым салу талаптары да көтерiлдi. Ол әңгiме ақыры сөзбұйдаға салынып кеттi.
2007 жылы “Протон-М” зымыран тасығышы Жезқазған қаласынан 40 шақырым жерге құлап, төңiрегiн аса улы отын – гептилмен ластады. Дәл сол күнi Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев Жезқазғанда болған едi. Қазақстан экологиялық өтемақы есебiнде 60,7 млн доллар талап еткенiмен, Ресей 2,5 млн доллар ғана төлеуге келiстi.
2013 жылы “Протон-М” ғарыш айлағындағы ұшыру кешенiнен 2 жарым шақырым жерде құлап, 600 тонна отынның көп бөлiгi жарылыс кезiнде жанып кеттi. 2015 жылы 16 мамырда мексикалық телекоммуникациялық жер се­рiгiн геостанционарлық орбитаға шығаруға тиiстi “Протон-М” зымыран тасығышының үшiншi сатылы қозғалтқышы iстен шығып, зымыран мен жер серiгi ауада жанып кеттi.
“Протон ­М” зымыран тасымалдаушысы 2-шi бөлшегiнiң сипаттамасы Отынымен қосқандағы салмағы – 167 828 кг.
Құр­ғақ массасы – 11 715 кг.
Отын массасы – 156 113 кг.
“Протон” зымыран тасығышы аса улы отын – симметриялық емес диметилгидразин немесе “гептилдi” жағады. Ол өте улы және қатерлi iсiк тудырушы зат. Гептилмен ауыр уланудан адамның өкпесi қабыну секiлдi дерттерге шалдығып, өлiмге душар болады. Отыны жанып кеткен бөлшектерiнiң өзiнде екi тоннадан астам гептил болады. Олар топырақты ластайды, ал тазарту шығыны тым қымбат. Гептилдiң жерде ұзақ жатып алатыны аздай, топырақ құрамына енiп кететiн қасиетке ие. Ондай жерде өскен өсiмдiк атаулының түсi “қайнатылған” көкке ұқсайды. “Протонда” тотықтырғыш есе­бiнде қолданылатын азот тет­раоксидi су мен топырақты ауыр нитраттар мен нитриттермен ластайды. Осындай улы зат бүкiл елдi ластап бiттi, себебi “Протонның” бөлшектерi Қазақстанның барлық дерлiк аймағына құлайды. “Росавиакосмостың” бұрынғы директоры Юрий Коп­тевтiң дерегiнше, ғарышқа ұшырылған 250 зымыранның әрбiр оныншысы апатқа ұшыраған. Осы уақыт iшiнде Қазақстан аумағына кем дегенде 2 500 тонна гептил төгiлген. Ғалымдар гептилдiң цианит қышқылынан 6 есе улы екенiн дәлелдедi. Қазiр Қызылорда облысынан бөлек, Қарағанды мен Қостанай облыс­тары да осы улы отын қалдығымен ластанды.
1999 жылы “Протон” зымыраны құлағанда, Қарқаралы ауданының медициналық тексеруден өткен 50 мың тұрғынының 87 пайызынан түрлi аурулар анықтал­ған. Қызылорда облысының тұрғындарының экологиялық апаттан тапқан дерт саны жағынан алда тұрғаны ешкiмге жасырын емес. Алайда Қазақстан билiгi күнi бүгiнге дейiн гептилден келген кесапаттың шығынын ашық жариялаған да, Ресейден тиiстi өтемақысын алған да емес. 2013 жылдың шiлдесiнде құлаған “Протоннан” 600 тонна улы гептил төгiлгенi белгiлi. Ресей тарабы Қазақстанға 13 млрд теңге өтемақы төлеуi тиiс бол­ғанымен, Кремль қазақтар экологиялық шығынды дәлелдей алмады деген желеумен бақыр тиын да ұстатпады емес пе! “Протонның” зардабын тартқан жандар тiркеуге алынып, оларға тегiн медициналық көмек көрсету жағы да билiктiң ойына кiрiп шықпайды. Кей мамандар Қа­зақстандағы киiктердiң 40 пайы­зын құрайтын 90 мың бас киiктiң қырылып қалғанын осы гептилден көредi. Оның анық-қанығын анықтайды деген үкiметтiк комиссияның жұмысы да сиыр­құйым­шақтанып кеттi. Көршiме зияным тидi ау деп, гептилден бас тарта қояйын деген Ресей көрiнбейдi. Шетелдiк зымырандар отын ретiнде гептилдiң орнына тиiмдiлiгi жоғары сұйық сутегiн қолданады. Бiрақ ол ұшу құнын едәуiр қымбаттатады. Сол себептi де Ресей “Протон” ұшырудан бас тартқысы келмейдi. Ол аз десеңiз, мұндай зымыран түрлерiн 2025 жылға дейiн пайдаланатынын жария еттi. 2016 жылы ұшырылатын 18 зымыранның 12-сi гептилмен ұшатын “Протон” боп шықты.
КӨК ПЕН ЖЕРДIҢ, ЕКI ЕЛДIҢ ОРТАСЫНДАҒЫ БАЙҚОҢЫР 
Ресей Байқоңыр ғарыш айлағымен қоса аттас қаланы да 2050 жылға дейiн жалға алған. Яғни, бiз өзiмiз жалға берген үйдiң есiгiн қағып рұқсат сұрап қана кiремiз және ол жақта не боп жатқанынан хабарсызбыз. “Жаман үйдi қонағы билейдi” демекшi, Байқоңыр қаласында теңге мен рубль қатар қолданылады делiнгенiмен, мұнда рубльдiң дәуренi жүредi. Және мұнда теңгенiң құны көршiнiң валютасынан әлдеқайда төмен. Қазақстанға қарайтын қаладағы қазақша оқытатын бiрнеше мектеп тек былтырдан бастап өзi­мiзге қайтарылды. Бұған дейiн ол мектептер Ресейдiң оқулықтарымен оқып, салтанатты жиында көршi елдiң әнұранын шыр­қап, туын көтерiп келдi.
75 мың адамы бар қала тұр­ғындарының 62 пайызы Қазақстан азаматтары саналады. Бiрақ олардың едәуiр бөлiгiнiң баласы “Байқоңырдан” мыңдаған шақырым қашықтағы “бауырлас” аталатын бөтен елдiң тарихын оқып, идеологиясын сiңiру­де. Сөйте тұра, 20 жыл iшiнде Ресей Байқоңыр қаласын дамытуға көк тиын да жұмсамаған. Ғарыш айлағы мен Байқоңыр кешенiнде тұратындар әлi күнге таза ауыз су зардабын тартып келедi. Тұздылығы мен бактерия­лардың көптiгi жағынан бұл су ешқандай санитарлық талаптар­ға сай келмейдi. Ғарыш айлағының ауданындағы ең басты iндет – гепатит те сол асқынған күйде. Қала мен оған iргелес екi елдi мекендегi барлық құрылыс Қазақстанның қаржысына салын­ған. Экологиялық мәселелердi шешуге қажет қаржы Қызылорда облысының қазынасынан бөлiнедi. Асыңды iшiп, аяғыңды тепкен деген осы емес пе?
ҒАРЫШТЫҚ ОЙЫН-САУЫҚ ОРТАЛЫҒЫ
Тәуелсiз Қазақстанның тарихында елдiң үш азаматы ғарыш­қа ұшты. Былтыр британ әншiсi Сара Брайтманның ғарышқа ұшудан бас тартуына байланысты, Роскосмос 20 млн долларға үшiншi қазақ ғарышкерi – Айдын Айымбетовтi ғарышқа екiншi борт-инженерi есебiнде ала кеттi. Ресми дерек бойынша, Айымбетов бiрқатар отандық ғылыми-техникалық бағдарламаны орындап қайтқан. Бiздiң есiмiзде ғарышкерiмiз Халықаралық ғарыш стансасындағы ғарышкерлерге тамақ әзiрлеп бергенiмен есте қалды. Мил­лиондаған долларға жасалып, ақырында ғарыштағы “қоқысқа” айналған ҚазСаттың алғашқы сәтсiздiктерi туралы езгiлеудiң қажетi жоқ шығар. Қарапайым көлiк құрастыру қолдан келмей жатқанда, орасан зор ғылыми-техникалық әлеует пен ғылыми кадрларды талап ететiн саланы игеретiнiмiз туралы көпiрме сөзiмiзге сырт көздiң күлетiнi анық. Сондықтан әңгiменi ғарышты игеруге салған қаржымыздың қайда жұмсалатынына аз-кем тоқтала кетейiк.
Қазақстанның ғарыштық бағдарламалары мен жобаларына көз салсақ, ең бiрiншi кезекте олардың коммерциялық мақсат­қа бағдарланғанын байқаймыз. Әрине, бiрқатар ғылыми-зерттеу бағытындағы жобалар қолға алынып, ғарыш саласындағы нысандар салу қолға алынған. Бiрақ былтырдан берi оларға бөлiнетiн қаржы сұйылып кеттi. Экономикалық дағдарыс қазақ билiгiнiң ғарыштық амбициясын жерге түсiрдi. Дегенмен, билiк ғарышты қосымша табыс табу көзi жағынан игеруге құлшына кiрiскен секiлдi. Отандық деп айдар таққан, iс жүзiнде Ресейде жинал­ған жер серiктерi негiзiнен “майда-шүйде” ақылы қызмет түр­лерiн көрсетуге арналған. 2004 жылы Ресеймен бiрлесiп құрылған “Бәйтерек” ғарыш зымыран кешенi де бiрiншi кезекте ғарыш­қа адам мен жүк тасудан пайда көрудi көздейтiнi жасырын емес. Ресейдiң “батасын” алған қазақстандық шенеунiктер Байқоңырды “ЭКСПО-2017”-нiң ту­ристiк бағдарламасына енгiзiп жiбердi. Ақысын төлегендер ендi ғарыш айлағына саяхаттап, зымыранның қалай ұшатынын көзiмен көредi.
Бiр аңыз бойынша, кеңестiк космонавтиканың атасы саналатын Сергей Королевтен шөл далада не салып жатқандарын сұрағанда ол: “Стадион! Әлем­дегi ең үлкен стадион салып жатырмыз” деп жауап берiптi. Сол сөздi Королевтiң аузына құдай салғандай: стадион дегенiңiз сауық пен думан өтетiн орын емес пе? Қазақ билiгi ғарышты игеру дәуiрiнiң символы – Бай­қоңырды кезкелген ақшасын төлеп, қызығын көретiн үлкен стадионға айналдыруды армандайтындай көрiнедi. Несi бар, бiзде кезiнде дүрiлдеген зауыт-фабрикаларды ойын-сауық, сау­да-саттық орталығына айналдырудың мол тәжiрибесi бар емес пе?
Дәнеш ҰЗАҚ
zhasalash.kz

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Үздік ойдың үзінділері

    Үздік ойдың үзінділері Арма әлеумет! Мен қазір таза академиялық ғылыми ортада жүрмін. Өзімнің неше жыл бойы жинаған білімімді, оқыған оқуымды, шетелдік тәжірибемді, интеллектуалды қарым-қабілетімді шынайы қолданатын қара шаңырақтың ішінде жүрмін. Алматының бәрінен бөлек мәдени ортасы ерекше ұнады. Алматы қала мен дала дейтін екі ұғымның түйіскен әдемі ортасы екен. Ойлап көрсем мен бақытты перезент, бағы жанған ұрпақ екенмін. Әкем тұрмыс пен жоқшылық, жалғыздықтың тауқыметін әбден тартып еш оқи алмадым, небәрі үш ай оқу оқыдым-, деп менің оқуымды бала күнімнен қадағалады, шапанымды сатсам да оқытам деп барын салды. Ал мектепте бақытты шәкірт болдым. Маған дәріс берген ұстаздарым кілең дарынды, қабілетті кісілер болды. Университетте және шетелде мен тіптен ерекше дарын иелеріне шәкірт болдым.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

1 пікір

  1. قاينار قابىل ۇلى

    مەن قىتايداعى قازاق جەرىنىنەن، وسى كەرەي كز عا، كىرىپ ماقالالاردى وقىپ كوپ حابار- وشار يەلەدىم. كەرەمەت ەكەن. جولدارىڭ بولسىن.

POST YOUR COMMENTS TO قاينار قابىل ۇلى (Cancel)

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: