Этнос өкілдері арасында жанжал туындаса, оған тек арандату түрткі болуы мүмкін
Егер этнос өкілдері арасында жанжал туындаса, оған тек арандату түрткі болуы мүмкін дейді қазақстандықтардың жартысынан көбі
Алайда, респонденттердің бестен бір бөлігі Ата Заңымызда көрсетілген бапқа қарамастан, кейбір этностардың құқықтары тең емес деген пікірде
Алматы, 2016
| DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстан Республикасындағы этносаралық ауызбіршілік» тақырыбында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 3192 адам қатысты. Әйелдер – 69%, ер азаматтар – 31%. Іріктеу ықтималдығы 95%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 1,75%-дан аспайды.
Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама. Зерттеу 2016 жылы 15-23 тамыз аралығында жүргізілді. |
Еліміздегі этносаралық және дінаралық қарым-қатынасты қазақстандықтар жалпы дұрыс деп бағалайды. Тек, зерттеу барысында анықталған кейбір фактілерге тиісінше назар аударылуы керек. Бұл туралы ақпарат Demoscope бюросы жариялаған зерттеу қорытындысында жарияланды.
Қазақстандықтардың жартысынан көбі (61%) елімізде этнос өкілдері татту-тәтті өмір сүріп жатыр дейді. Ал, қалғандары этносаралық қарым-қатынаста туындаған бірқатармәселелерді атап өтті. Респонденттердің 23%-ы «кез-келген отбасыда болатын ұрыс-керіс секілді ара-арасында келіспейтін жағдайлар болып тұрады» дейді. 4% қатысушылар «күрделі болғанымен, бірқалыпты әрі қауіпсіз» деген жауапты таңдады. Ал, «ушығып тұр. Уақыт өте келе нашарлап барады, бұл түрлі қақтығыстарға ұласуы мүмкін» деп алаңдап отырған сауалнама қатысушылары – 12%.
Егер елімізде этнос өкілдері арасында жанжал туындаған жағдайда, ол қолдан жасалуы мүмкін немесе арандату, үшінші тараптың ортаға түсуінен болуы ықтимал дейді қазақстандықтардың жартысынан көбі (62%). Бұл жауап нұсқасын таңдаған қатысушылардың басым бөлігі – жастар екен. Нақты айтсақ, 66%-ы 18-29 жас аралығындағы қатысушылар.
Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 17%-ы этносаралық қақтығыстарға экономикалық мәселелер себеп болуы мүмкін дейді. Олардың ойынша, адамдар дағдарыс кезінде кінәлі тарапты іздей бастайды. Бұл жауапты таңдаған респонденттердің басым бөлігі – Батыс Қазақстан (23%) және Ақтөбе (21%) облыстарының тұрғындары.
Тіл мәселесіне орай туындаған қайшылықтар этносаралық жанжалдарға ұласу мүмкін деген жауапты респонденттердің небәрі 5%-ы таңдады. Ал, қалған 16% қатысушылар аталған барлық себептердің жиынтығынан орын алуы мүмкін дейді.
Сауалнама қорытындысы бойынша, респонденттердің 59%-ы «ең алдымен, мен – қазақстандықпын. Мен үшін төлқұжатта жазылған ұлт атауы мен қай этникалық топқа жататыным азаматтығымнан маңыздырақ» деп жауап берді. Ал, бұл жауапқа қарсы пікір білдіргендер – 4%. Олар «өз этносым мен ұлтымның өкілімін. Мен үшін азаматтық – екінші орында» дейді. 26% қатысушылар азаматтық та, ұлт да мен үшін бірдей маңызды десе, олар екі бөлек дүние деген жауапты таңдағандар – 11%.
Респонденттердің 81%-ы Ата Заңымызда көрсетілгендей, барлық ұлттар заң алдында тең, олардың барлығы – қазақстандықтар дейді. Алайда, 19% -ы тең емес, кейбір этностардың құқықтары көбірек немесе азырақ деген нұсқаны таңдады. Бұл жауапты таңдаған қатысушылардың 23%-ы Атырау, 24%-ы Алматы облысында өмір сүреді. Атырау облысы әр түрлі ұлт өкілдері аз шоғырланған аймақ болып есептелсе, Алматы облысы бірнеше ұлт өкілдерінің басын қосқан облыстардың бірі.
Респонденттердің 84%-ы елімізде этникалық және діни себептерге байланысты ешқашан қысымға ұшыраған емес, қиындыққа да тап болмады. Ал, 13%-ы үшін «кейде қысым көрсетілді, қауіп те болды». Бірақ, бұл жағдайлар оларды қатты алаңдата қоймаған екен. Қысым мен қауіп-қатерге әрдайым ұшыраймын, әсіресе соңғы уақытта жиілеп кетті деген қатысушылар – небәрі 3%.
Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың пікірінше, Қазақстанда ең тату тұрып жатқан орта – дін өкілдері арасында. «Қазақстанда діни топтар арасындағы қарым-қатынасты қалай бағалайсыз?» деген сауалға 66%-ы «Достық қарым-қатынас. Ешқандай қиын мәселе жоқ» деп жауап берді. Кез-келген отбасыда болатын ұрыс-керіс секілді ара-арасында келіспейтін жағдайлар болып тұрады деген нұсқаны таңдаған қатысушылар 18%-ға тең. Ал, 12%-ы күннен күнге нашарлап барады, бұл қақтығыстарға ұласуы мүмкін дейді.
Жоба жайлы:
DEMOSCOPE өзекті мәселелер бойынша Қазақстан азаматтарының ой-пікірін жедел анықтауға бағытталған. Сауалнамалар тұрақты 7-15 күн аралығында, телефон арқылы (Қазақстан Республикасының халқы көп шоғырланған аймақтарында) және Интернетте жүргізіледі.
Сауалнама тақырыптары БАҚ пен әлеуметтік желілерге жасалатын мониторинг қорытындысы негізінде таңдалады. Сондай-ақ, demos.kz сайтында кез-келген интернет қолданушы сауалнама тақырыбын ұсына алады.
DEMOSCOPE халықтың ой-пікірін анықтауға арналған құрал ғана емес, қазақстандықтардың өзекті мәселелер бойынша көзқарасын білдіруіне мүмкіндік беретін пікір алаңы.
Жоба Конрад Аденауэр атындағы қордың демеушілігімен жүзеге асырылады.
Сауалнама қорытындысы Конрад Аденауэр атындағы қордың және «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығының жеке пікірін білдірмейді. Олар тек қана сауалнамаға қатысқан барлық Қазақстан азаматтарының көзқарасын жариялайды.

Пікір қалдыру