|  | 

Көз қарас

Батыс пен Чехиядағы ЖОО-ларда оқу туралы бір сөз

Chehya Батыста, әсіресе, Чехияда ЖОО-да оқу шарттары мен жоғары білім деңгейі туралы жеке чат, әйтпесе коммент ретінде жиі түсіп жататын сұрақтарға осы постым арқылы ортақ жауап беріп қояйын деп шештім. Бұл жазба жеке бас пікірімді ғана білдіреді.

Бұл мәселеге қатысты кім кеңес сұраса да, мейлі туысым болсын, мейлі дос-жаран, я бейтаныс отандасым болсын, ең бірінші айтатыным – жас қыз-жігіттерге бакалавр дәрежесін Қазақстанның өз университеттерінде оқу ләзім. Пост-советтік кеңістіктегі елдермен салыстырғанда Қазақстанның көптеген ЖОО-лары техникалық жабдықталу мен оқытушылық құрамы жағынан көш ілгері. Қандай да бір сала бойынша фундаменталдық білім негіздерін үйретуге шамасы бар. Қазақстанда бакалавриатта оқи жүріп ағылшын тілін үйрену тәсілдері, жергілікті және халықаралық ғылыми конференцияларға қатысу жолдары жетерлік. Ерінбеген адам бір ғана Британ Кеңесінен, я болмаса Америка мәдени орталығынан тіл жетілдіруге және Батыстың академиялық стандарттарымен танысуға қатысты кенеусіз пайдалы ақпаратқа қол жеткізеді. Интернет технологиялары дамыған заманда дүниенің қай бұрышында отырса да, талапты, мақсатшыл һәм жігерлі адам қалаған шет тілін ТЕГІН үйрене алады. 2001 жылы Пешаварда консул болып қызмет істеп жүрген бір көкшетаулық қазақ дипломатымен танысып, пуштун тілін қалай үйренгенін өз аузынан естіп таң қалған едім. 1980 жылдардың басында транзистор радиодан дари-пуштун тіліндегі хабарларды тыңдап, өзі қатарлы ауғанстандық мектеп оқушыларымен хат жазысып жүріп үйреніп алған. Кейін ол білімін Мәскеуде ұштаған. Қазір пуштунша сөйлегенде пешаварлықтарды жаңылдырады. Мобильдік байланыс пен интернет жоқ заманда осындай дәрежеге жеткен. Екіншіден, ел ішінде бакалавриатта оқып жүрген кезде жас студенттің анық қабілеті мен академиялық алымы қалқып су бетіне шығады, неге жарамды екені көрінеді, әрі өзінің де қай мамандыққа бейім екені байқалады. Ақыл тоқтатып, тинейджерлік максимализмі басылады. Міне, осы кезде барып магистрлік дәрежені нақты қай мамандық бойынша жалғастырып, түпкілікті қандай кәсіпке бет бұратыны айқындалады. Осы шақта өзі қалаған мамандыққа қатысты Батыстың үздік деген бір университетіне құжат тапсырса болады. Бұл жерде де грант алудың түрлі жолдары бар, Қазақстанның пост-советтік кеңістікте баламасы жоқ “Болашақ” атты бағдарламасы әуелгі нысана болуы керек. Сосын барып Ұлыбритания мен АҚШ және Еуропа Одағы үкіметтері мен ЖОО-лары бөлетін гранттарды көздеу керек. Талапты жасқа бірі болмаса, бірі бұйырады. Сол себепті өз туыстарымның бала-шағасының 99 пайызы бакалавриатты Қазақстанда оқыды. Ешбірін мектеп бітіре салып шетел асуға ынталандырған емеспін.

Ал әке-шешесі шетелде оқу ақысын төлей алатын жастар, әлбетте, бакалавр дәрежесін болсын, магистр дәрежесін болсын Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкада иеленуге ерікті. Жеке байқағаным – соңғы жылдары ірі бизнес иелері тұрмақ, қазақстандық орта дәулетті адамдар, тіпті шағын кәсіпкерлер балаларын жаппай шетелге оқуға жіберіп жатыр. Кейбір таныстарымның айтуынша, Қазақстанның университетінде оқыту мен Чехия сияқты Орталық Еуропа елдерінде оқыту құны парапар. Дәл осы Чехия университеттеріне қатысты жеке көзқарасымды айтайын. Біріншіден, қазақстандық студент бір жыл уақытын дайындық курсында чех тілін үйренуге жоғалтады. Өйткені Германиядағы сияқты Чехияда да мемлекеттік тілді меңгерген адам сол елдің университетіне түссе, тегін оқиды. Екіншіден, чех тілін үйреніп алғасын университетке түсу емтиханын тапсырған кезде қазақстандық абитуриенттердің көпшілігі Прагадағы әлемдік рейтингте алғашқы 300-дің қатарына әрең ілінетін ары кетсе үш-төрт деңгейі жоғары университетке өте алмайды. Көбіне облыстық, я шағын қалалық университеттеріне түседі. Ондай жерде оқыдыңыз не, Қазақстанның бір облысындағы ЖОО-да оқыдыңыз не, нәтиже бірдей болады. Ал Прагадағы жартылай ағылшынша жоғары білім беретін белгілі үш-төрт университетке тегін түсу – өте қиын. Өйткені бәсеке күшті. Чехтардың өздері де оқығысы келеді дегендей:) Сол себепті бір жыл чех тілін оқып, бәрібір өзі қалаған Прагадағы университетке түсе алмаған қазақстандық абитуриенттер ақылы бөліміне түсіп жатады. Кейбірінің әке-шешесі мұны да мақұл көріп, өздерін “бәрібір ақшасы Қазақстанмен шамалас, Еуропада оқып жүр деген аты бар ғой” деп жұбатады. Әйткенмен Қазақстандағы екі девальвациядан соң мұндағы орташа отбасылардан шыққан студенттердің біразы үйден келіп жатқан жәрдемақылары екі есеге бір-ақ азайып, қосымша жұмыс істеп жүр. Кейбірі – даяшы, кейбірі вело-арбамен турист тасиды, кейбірі – дүкен сатушысы. Мұндай жағдайда жүз пайыз жоғары білім алуға күш салу, зейін қою өте қиын. Бірақ қандай қиындық көрсе де, мұндай студенттердің сыртқа шығып, ел көріп, жер көріп, дүниетанымдарының қатарластарынан әлдеқайда қатты кеңейгені байқалады. Үшіншіден, Чехияда сол дипломға қол жеткізгеннің өзінде он-ақ миллион адам сөйлейтін чех тілінде алған біліміңіздің қолдану аясы соншалықты кең емес екенін байқайсыз. Ағылшын, испан, неміс, я француз тілдерінде алған дипломмен салыстыруға келмейді. Ал ортадағы чех тілін үйрететін, университетке дайындайтын делдал орталықтарға бәрібір, саудасын жүргізу үшін жарнамасын жандыра береді.

Қорытындылай келе айтарым, талабы зор жас студент дүниетанымы мен қабілеті айқындалып, шама-шарқын анық сезінуі үшін бакалавриатты Қазақстандағы үздік университеттердің бірінде оқығаны ләзім. Сосын барып “қандай да бір мамандықты терең меңгерем”, я болмаса, “академиялық салаға бет бұрам” деп ниеттенсе, өз бағыты бойынша үздік шетел университетінде магистр атануға ұмтылғаны абзал. Ал “қай деңгейде, қай елде болсын, абитуриент баламның оқу шығынын көтере алам” дейтін ата-ана бұл мәселеге қатысты не қыларын өзі біледі. Мұндай бақуатты адамдардың жасөспірім тұрмақ, 4-класта оқитын қаршадай балаларын Ұлыбританиядағы жеке-меншік бай мектеп-интернаттарға “еті – сендірдікі, сүйегі – біздікі” деп тапсырып бергендерін де көріп жүрмін. Әр отбасының бюджеті мен стратегиясы әрқилы. Қосымша сауалдар туса, қолым тигенше осы постың астындағы форумда жауап беруге тырысам. Бірден жауап жаза алмай жатсам, жағдайымды түсініп, ғафу етулеріңізді сұраймын.

Galym Bokashтың facebook парақшасынан алынды

Related Articles

  • Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Zhalgas Yertay Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ. Ол халықтың ішкі күші мен биліктің саяси еркіне қарайлап тұр Ертеректен бастайық. Баяғыда қазақтың басты проблемасы санында еді, ол рас. Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналған-ды. Ал қалада қазақша есту қиын болатын. Мектептерде, университеттерде, мемлекеттік басқаруда, бизнесте қазақ тілі шеттетілді. Сол кезде қазақ тілінің тағдыры демографияға тәуелді еді. Бұл логика ұзақ уақыт дұрыс саналған. Бірақ бүгінгі Қазақстанға қарасақ, жағдай өзгерді. Қазақтар көпшілікке айналды. Қазақ тілін түсінетіндер мен сөйлейтіндер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қазақ мектебіне баратын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазақ тілі күнделікті өмірдің негізгі тіліне айналды. Бірақ неге тіл мәселесі әлі өзекті болып тұр? Мәселе санға емес, санаға

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: