«А» – деген албастыны аластайық…
Соңғы кезде фб да «О» әрпіне қатысты біраз адам мәселе көтергенін, тележурналистерге қалай сөйлеу керектігін үйретіп жүргенін, журналистердің соларға еліктей бастағанын байқадым. Жанашырлықтарын түсінем. Бір-екі мәрте «жігіттер, осыларың жаңсақ-ау»,–деп едім, елемеді. Енді осы мәселеге дұрыстап тоқталар кез келген секілді. Орфоэпияны түзе! – деген ескерту жасар кезде тілдік нормалар, ережелерден мысал келтірілсе жақсы болар еді. Ал құры «мен білемдік» жақсылыққа апармайды, дұрыс сөйлеп жүргендердің өзін жаңылдыруымыз мүмкін. Сонымен, «О»-ға оралайық. Қазірде дәл осы әріптің дыбысталған кезде «А»-ға айналып кетуі көп адамның шымбайына батып жүр екен. Және « о-ға обал жасамайық» біртіндеп « (а) деген албастыны аластайыққа» айналып бара жатыр. Түсінуімше кей кірме сөздегі «О»-ны «А» етіп айтуды біз орыс тілінің үндестік заңынан сіңіріп алғанбыз?! Бұл – түбегейлі қате! Керісінше «О»-ға басымдық беру орыс тілінің ерекшелігі. 1940 жылы ҚазССР Жоғарғы Советінің 5 сессиясында жаңа алфавит, емле жобасы бекітілді. Соның негізінде орыс графикасына негізделген жаңа алфавит, орфография басылды. Морфологиялық принцип басты назарға алынды Осы кезден бастап біз совет, колхоз, совхоз, газет деп жаза бастадық, тіліміз сынғанша айта бастадық. Ал оған дейін латын алфавитін пайдаландық. Латын алфавитінің басты ерекшелігі – фонетикалық принципті, демек, қазақтың тілдік ерекшелігін ескере отырып жазуға мұрсат беретінінде еді. Жоғарыдағы совет – сәбет, газет – кәзет, совхоз – сабқоз болып жазылатын да, айтылатын да. О дыбысы біресе ә-ге біресе а-ға айналып кеткенін байқап отырған шығарсыздар… Дәл осы 40-жылдан бері қарай қазақ тілі қатты қыспақ көріп келеді, ұлттық ерекшелігімізді ұстап тұрған фонетикамыз ғана. Әбдірахмановтың – Әбдірақманып, Оттағановтың – Оттағанып, т.б. болып айтылуы тіліміздің «өлмесем!» – деп тырмысып келе жатуының жемісі. «О»-ны үстем ету – сол фонетикалық соңғы үмітті өлтіру! Рас, «о» бұзылмай айтылатын сөздер де жетерлік, мысалы «компьютер» дегенде сол қалпы айтылады. Өйткені бұл сөздегі соңғы дауысты да ерінді к – й+у (ю) (екі еріндік -е езулігін жұтыңқырап жібереді). Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бірақ, түсінем деген, түсінгісі келген адам болса осы да жеткілікті деп ойлаймын. Егер таза қазақша сөйлеуді көксесек 1940 жылғы талаптарды өзгертіп, фонетикалық принципке негіздеп жаза бастауымыз керек. Журналистер де біреудің айтарын “ләппайлап” қағып алардан бұрын: “Осым жөн бе?” деп “Қазақ тіліне” бір үңілсе жөн болар еді.
Пікір қалдыру