|  |  | 

Тұлғалар Қазақ шежіресі

САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

WhatsApp Image 2024-08-30 at 20.00.49

Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр.

Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1).

Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше күн Әлихан Бөкейхандікінде тұрдым. Онда қонақта Ахмет Байтұрсын болды. Біз түркілер тарихына қазақ хандарының да тарихын ендіру туралы талқылап, ұзақ әңгімелестік» дейді(2).

Сөйтіп, Ә.Бөкейхан қазақтың төл тарихын жазуға барынша мүдделілік танытқан. Ол сол тұстың өзінде: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатындығына көзі жетпейді…

Тарих не айтады? – десеңіз, оның айтатыны мынау: біздің бұрынғы бабаларымыздың кім екендігі; олардың дүниеде не істеп, не бітіргендігі; қандай қуаты барлығы, ол қуатты не орынға жұмсағандығы; істеп жүрген ісінің қайсысынан пайда, қайсысынан зарар көргендігі; бұрынғы бабаларымыздың досы-дұспаны кім екендігі; не себеппен бағы тайғандығы және соған ұқсас істердің барлығын тарих сөйлеп түсіндіріп тұрады…»(3) деген екен.

Ертеден келе жатқан халықтардың бәрінде де жеке отбасының, әулеттің, халықтың, жеке тарихи тұлғалардың шежірелерін жасау, оны өткен тарихтың таңбасы ретінде кейінге қалдыру дәстүрі болған. Айталық, Білге қаған, Күлтегін ескерткіші, Тоныкөк тасы, «Моңғолдың құпия шежіресі», Рашид ад-диннің «Жамиғ ат Тауарихы», Әбілғазы Баһадүрдің «Түркі хандар шежіресі», қытай, корей, орыс және т.б. еуропа елдерінің шіркеулік тіркеу кітаптары немесе ақсүйек тұқымының әулет баяны; өз тегіміз жайындағы М.Қашқари, Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайберді, Машһүр Жүсіп, т.б, ғұламалар шежіресі сынды талай дүниелер болды. Шоқан Уәлихановтың айтуынша, қазақ хандары Есімхан, Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылайлардың ұрпақтары хан ордаларында шежіре жинап сақтағандығы жазылған.

Қазақ Совет Энциклопедиясында жазылуынша, «Абылайдың шежіресі оның ұрпақтары арқылы кейін капитан Андреевке, Н.И.Гродековтың қолына тиеді. Оның толық түрін сақтаған Ш.Уәлиханов, Әблқайырдың шежіресі толығымен М. Тевкелевтің, П.Н.Рычковтың қолына түседі. Ондай шежірелерді орыс әрпіне түсіріп жинаған кісілер: А.И.Левшин, Г.С.Сабалуков, Н.Аристов…» және басқалар болып табылады. «Олардың топтаған шежірелері әлі күнге дейін мұрағат сақтаулы»(4) екен.

Шын мәнінде, қазақ тарихын қазақ шежіресінсіз елестету мүмкін емес. «Шежіре көшпелілердің мәдениетіне тән түрде жалғасын тапқан ауызша (жазбаша) тарихи дәстүр, қазақ халқы тарихының аса маңызды тарихи дерек көзі»(5).

Әдебиет және тіл тұрғысынан алғашқы болып шежірелерге баға берген ғалым А. Байтұрсынұлы: «Шежіре жазушылар естіген-білгенін сол қалпында, шикі түрінде тізеді. Тарихшылар құр істегенімен қанағаттанбай, рас, өтірігін тексеріп, расын ғана алады» – деп, шежіре мен тарихтың арасындағы байланысты тиянақтап түсіндіреді(6).

«18-ғасырда Қытайды билеген Еженханның әскери әкімшілік қызметкерлері қазақ арасынан қазақтың көптеген шежірелік деректерін жинап, манжу тілінде жазбаға түсірген екен. Бұл жазбалар қазір Пекиндегі хан сарайы мұражайында сақтаулы тұр»(7).

Шынжаңдағы қазақ шежірешілерінен – Қылышбай, Орысбай, Мәулікей, Әбілмәжін, Бейсенбі, Мәми атындағы шежірешілер болумен бірге Асылбек Қайырымұлы, Сұлтаншәріп Аңсатыұлы, Меллатхан Әленұлы, Нұрболат Оспанұлы, Қадыс Жанәбілұлы, Қазым Әлменұлы, Шерубай Иманқожаұлы, т.б. шежірешілер болған.

Бүгінгі күні Шынжаңда, Қазақстанда, Моңғолияда, Түркия-Еуропада мекендеп отырған өскен өркен – Орта жүз Керей тайпасының да тарихы тым терең.

Аристов: «10 ғасырдағы керейлердің жан саны 900 мың адамға жеткен»(8) деген дерек келтіреді.

«Керейлердің байырғы тарихы  –  ежелгі Хұннұ империясы кезеңінен бастау алады.  Хұннұларда  24 тайпалық одақ болды. Оның  құрамында ежелгі түрік тектес тайпалардың бірі керейлердің арғы ата-бабалары  болды. Алайда ол кездерде керейлердің арғы ата-бабалары өздерін   не деп атағаны бізге  беймәлім, ондай жазба деректер табылмаған. Дегенмен қазіргі Қазақстан мен Моңғолия жеріндегі хұннұ дәуірінің ірі-ірі қорғандарынан   табылған археологиялық зат-бұйымдардың көшпелі түрік, моңғол тектес этностарға ортақ» екендігі дәлелденіп отыр(9).

«Керей – арыдағы Ұлы Ғұн мемлекеті, берідегі Ұлы Түрік қағанатының түп мекені, кейінде Татар Даласы атауымен мағлұм болған кеңбайтақ үстіртте ежелден қалыптасқаніргелі тайпалардың бірі. Ескілікті Қытайдың  «Цзинь шу» –  «Цзинь тарихында», миләди 284-287 жылдар оқиғасын баяндау барысында Ғұн ұлысының ұйтқысы болып тұрған он тоғыз арыстың қатарында  «хэлай»,  «хэйлан»  дейтін тайпа атауы таңбаланған. Керей (керейт) деп айғақтайды ХХ ғасырдағы қытай ғалымдары. Ежелгі тарихнаманың айтуынша, кейінгі керей(хэлянь, цюйлянь) –  шынында да көне ғұн жұртының тікелей ұрпағы. Бұл керей қаңлымен екеуі бір халық деп көрсетеді. «Батыстағы бөлігі қаңлы атанса, шығыстағы жұрты керей атанды», – дейді. Яғни арғы  заманда бұлар Қаңғалы (Теле–Гаогүй) бірлестігінің құрамындаболды деген сөз. Сонымен қатар, зерттеушілердің байыбынша, кейінгі керей тайпасы, Керей патшалығы бұрнағы Түрік қағанатының сабақтас мұрагері болып табылады. «Олар халқыныңкөптігімен, әскерімен және  бағзы замандағы хандарымен даңқты болды», – деп жазады Рәшид-әд-Дин. «Тайпаның түп атауы – керей, «д» («т»)  жұрнағы –  көптік белгі, сондықтан да керейт атанды», – деп жазған Ішкі моңғол оқымыстысы Сайшиял, ескілікті қытай деректеріне сүйене отырып»(10).

Қазақ тарихын зерттеуші қытай ғалымы Су Бихай да керейлердің түркі ұлтының бір тармағы екенін, тілінің де түркі тілді болғанын айта келіп: «Осындай бір іргелі ұлыс әлбетте тек Юань патшалығы заманынан (Шыңғыс хан заманынан – ред) бері ғана пайда бола қалған жоқ. Ол тарихта ертеден болған. Ертеде Селенга өзенінің бір тармағы болған, кейін бұл жер Шығыс түркі қағанаты мен Біріккен түркі қағанатының саяси орталығы болды. Демек, бұл жер тарихтан бері түркі халықтарының үстемдік еткен аймағы»(11) дейді.

Демек, Керей тайпасының тарихы  қазақтың өзге тайпаларының тарихы сынды ежелгі дәуірлерден бастау алып, сан-қилы өзгерістерімен  өрілген.

Керей руының тарихы, шежіресі сөз болғанда ерте замандарға жетелейді. Бұл жайында ескі моңғол, қытай жазбаларынан қалса, Рашид ад-дин, Әбілғазы Баһаүр, Д.Таузарұлы, С.Бахрамұлы, Қ.Толыбайұлы,  А.Н.Аристов, Ә.Марғұлан, М.Тынышбайұлы, М.С.Мұқанов, С.А.Аманжолов, А.Сейдімбек, И.Қабышұлы, С.Тәукейұлы, Ж.Бейсенұлы, Қ.Жанабілұлы, Қ.Жусанбайұлы, А.Қабсеметұлы, Қ.Биғожин, А.Күзембайұлы, Ж.Ошан, Е.Әбіл, Ш.Рахметұлы, Ж.Шәкенұлы, С.Рахметұлы қатарлы т.б. тарихшы ғалымдардың, шежірешілердің  еңбектері баршылық.

Соңғы жылдары шежіре жинау, оны бастыру ғылыми түрде жолға қойылды. Алматыда құрылған «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы ұжым басшысы Хайролла Ғабжалиловтың жетекшілігінде «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» ғылыми зерттеу жобасы бойынша көп томдық тарихи-шежірелік еңбектерді шығарды. Соның бір томы – «Керей»(12) болып жарық көрді.

Шежірелік деректер бойынша: «Түркі керейттердің кейінгі мұрагерлері – керейлер Тұғырыл хан, Шыңғыс хан дәуірінен кейін қазақтың Орта жүз құрамындағы керей руы мен Кіші жүз құрамындағы  керейттердің қалыптасуына негіз болды. Керейттердің аздаған бөлегі Ұлы жүз құрамына және Орта жүздің найман руы құрамына сіңіп кеткен.

Орта жүз керейлері – Абақ, Ашамайлы, Тұрғақ сынды үш рудан құралады»(13).

Керей руының кейінгі тайпалық бөлінісіне қарағанда, Ш.Құдайберді, Н.Мыңжани, М.Мағауин, А.Татанайұлы сынды біраз тарихшылар өз еңбектерінде жазады. М.Мағауин:«Ежелгі керей тайпасының ең үлкен қауымы қазақ халқына ұйтқы болған жұрт қатарында, бұлар: ашамайлы-керей, абақ-керей, уақ-керей, найман санатындағы қара-керей  және   жетіру бірлестігіне енген керейт һәм табын руының құрамындағы жаман-керей, шанышқылы ішіндегі ақ-керей, байұлы тайпасына кіріккен таздар руының бір тармағы жастабан» деген дерек келтіреді(14).

Қытай ғалымы Су Бихай да: ««Қазақ шежіресіне» сүйенер болсақ, аталған керейлердің үш үлкен тобы бар, олар: 1- Қаракерей, 2- Сарыкерей, 3- Уақ керей… Бүгінде қазақ ішіндегі Қара керейлер найманға жатады»(15) дейді.

Тарихшы Ниғымет Мыңжани баяны бойынша: «Кейбір этнографтар керей ұлысын  сары керей, қара керей, уақ керей деп үш салаға айырады… Шежірешілер: сары керейден Қара би, қара биден Ашамайлы, Абақ тараған дейді. Қазіргі Шынжаңдағы керейдің көбі Абақ керей. Бұл он екі тайпаға бөлінеді: Жәдік, Жәнтекей, Шеруші, Қарақас, Молқы, Көнсадақ, Ителі, Шыбарайғыр, Жастабан, Сарыбас, Меркіт, Шимойын. Шежіре деректерінде ашамайлы керей он тайпаға бөлінеді: Сибан, Балта, Көшебе, Ақсары, Қүлсары, Семенәлы, Нұралы, Нұрымбет, Ақымбет, Самай» болып тарайды(16).

Жазушы-тарихшы Асқар Татанайұлы Ер Жәнібектің өмір жолына егжей-тегжейлі тоқтала келіп:  «Абақ керейдің он екі ата болып, бүкіл үш жүздің баласына танылып есе-теңдік алуы да Жәнібектің тұсы еді» дейді(17).

Ендеше, біз тақырыпқа көтеріп отырған Сарбас руы және Сартоқай батыр хақында аз-кем тоқталайық.

«Абақ керейдің Ер Жәнібек заманынан бұрын қанша атаға бөлінгені жайында нақты дерек жоқ. Ер Жәнібек елін, жерін жаудан қорғаған әйгілі батыр ғана емес, халқын даудан қорғаған шешен де көсем болған адам. Сол бабамыз: «Мен он екі жасымнан бастап он екі реткі шайқаста жүлде алдым. Темірқазық деген жұлдыз бар, оны айналып жүретін ақ боз ат, көк боз ат, жеті қарақшы, екі аттың арқаны – жиыны он екі шоқ жұлдыз. Бұғының мүйізі он екі салалы. Бір жыл он екі ай болса, он екі жыл бір мүшел. Пайғамбарымыздың он екі имамы болған. Түс жорудың да он екі түрі бар. Қара нар ботасын он екі ай көтереді» деп он екі санын қасиеттеп өтіпті. Сол үшін де «Абақ керей он екі атадан құралуы керек» деп, он екі руға бөлген екен»(18).

Сөйтіп, Жәнібек батыр жасақтаған Абақтың он екі атасы төмендегідей болған:  Жәдік (ұраны Жанат), Жәнтекей (Жәнтекейдің үлкен ұраны Сәменбет. Кейіннен Шақабай, одан соң Жәнібек болды), Шеруші (ұраны Байтайлақ), Қарақас (ұраны Қаптағай), Молқы (ұраны Машан), Ителі (ұраны Бұқарбай), Жастабан (ұраны Жобалай, Сарбас (ұраны Сартоқай, Ескі шежіре бойынша Сарбас – Абақ керейдің кенжесі, Абақ керейдің шаңырағы Сарбаста делінеді), Көнсадақ (ұраны Жабай),  Шыбарайғыр (ұраны Қожаберген),  Меркіт (ұраны Әлменбет),  Құлтайболат (ұраны Тілеуімбет).

Г.Н.Потаниннің бірнеше томдық «Очерки Северо-Западной Монголии» еңбегінің ІІ томында «Киргизы», яғни «Қазақтар» аталатын бөлім бар. Қазақтар жайлаған аймақтың табиғатына, қысқы және жазғы қоныстарына шолу жасаған соң ғалым олардың рулық құрылымына тоқталады. Абақ керейді: «1) Джантыкей, 2) Джадык, 3) Череучи, 4) Ители, 5) Кара–касс. 6) Мулку. 7) Чубар–айгыр, 8) Меркит, 9) Итенгмян, 10) Джас–табань, 11) Сарбас 12) Чий–моин»(19) деп бөледі. 

Шәкерім шежіресінде де Сарбас руы Абақ керейдің бір тармағы ретінде көрсетіледі. Шынжаңда жарық көрген шежірелік кітаптардың барлығы да Сарбас руын он екі Абақ тайпасының бірі ретінде атайды.

Шежірелік деректердің қай-қайсысы болмасын, аталған ата аттарынтерістей алмайды.

Шынжаңда және Қазақстанда Сарбас руының ата шежіресі жарық көрді. Сол шежіреге жазған алғы сөзінде көрнекті тарихшы ғалым Жақып Мырзаханұлы былай депті:

««Абақ Керейдің төр шежіресінде» жəне оның бір бұтағы болған «Сарбас шежіресінде» Сарбастан шыққан аруақты батыр Сартоқай жəне кезінде (тарихта) тəйжі, үкірдай сынды шен ұстаған ел ағалары тегіс аталып ғана қалмастан, олардың «Сарбас шежіресінің» əрбір ата ұрпағы тартылған бөлімдеріне қойылып таныстырылуының, меніңше өзіндік тарихи мəн-маңызы бар»(20).

Аталған деректер бойынша біз Сарбас руының қазақтың орта жүз Абақ тайпасына жататын он екі рудың бірі екенін, оның Сартоқай деген батыры болғанын анық байқаймыз.

Ұран – адамдарға рух беретін, бір мақсатқа жұмылдыратын дабыл сөз. Бір сөз бірнеше жүздеген, мыңдаған адамдардың аузынан бір мезетте күңіреніп, жаңғырып естілгенде, жауынгерлердің рухы көтеріліп, тек алға ұмтылған. Ал, аты ұранға айналу – екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Есімінің ұранға айналуы үшін сол адамның батырлық, билік дәрежесімен бірге ерекше қасиеттері болуы міндетті.

Уикипедия – ашық энциклопедиясынан алынған мәліметте: «Сарбас – қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша, Орта жүз құрамындағы Керей тайпасының Абақ Керей тармағынан таратылады. Керейдің аз руы. Көбі Алтай тауында қоныстанғанымен, 19ғ. соңы мен 20 ғ. бас кезіндегі әр – түрлі саяси ахуалдарға байланысты жан-жаққа бөлініп кеткен. Қазіргі таңда ҚХР Син Цзянь, Мори, Баркөл, Іле, Ақсай Қазақ авт. аудандарында, Қазақстанда – Алматы, Шығыс Қазақстан, Орталық Қазақстанда, Моңғолияда – Бай Өлке, Қобда аймақтарында, Еуропада – Нидерланды, Вестерес, Стокгольм, Берлин, Мюнхен, Францияда, Түркияда мекендейді. Ұраны болған Сартоқай батыр – Аягөз, Бұлантыда болған Қазақ – жоңғар шайқастарына қатысқан белгілі батыр. Сартоқай немесе Сартқай атымен аталатын жер су аттары кездеседі. Қазақстан мен ҚХР шекаралық аймақтарында «Сартоқай» өзені бар. Сартоқай батыр туралы деректер өте аз сақталған. Таңбасы – Балға тәріздес. (Т) Сарбас руының малға салатын ен таңбасыда осы (Т) үлгісінде болып келеді»(21) деген анықтама бар.

Қазақ даласында болған қанды ұрыстар 1600-1700 жылдар аралығында да көп рет болған. «Жәңгір хан дәуірінде қазақтар мен ойрат жоңғарлары арасында үш ірі шайқас –біріншісі 1635 жылы, екіншісі – 1643 жылы, үшіншісі – 1652 жылы болған»(22).

«1681-1685 жылдарда жоңгар феодалдары оңтүстік Қазақстанға бірнеше рет шабуыл жасады, Сайрам қаласын қиратып, егіншілікпен айналысқан ауылдарды күйретті. ХVШ-ғасырдың бас кезінде жоңғар әскерінің бір тобы Сарысу өзеніне жетсе, екінші бір бөлігі орта жүздің шығыс солтүстік аудандарына басып кірді»(23).

Міне, дәл осы кезеңде, яғный, «орта жүздің шығыс солтүстік аудандарына басып кірді» деген тұста, әсіресе, Сарысу өзені бойында керейлердің болғаны анық.

Тарихи жазбаларда жоңғарлар Қазақ даласына шабуыл жасағанда Уақ, Абақ Керейлер ауыр қырғыншылыққа ұшырап, Сарысу бойына дейін ауған жаугершілік жөнінде Төле би (1663-1756): Сарысу бойында Керейдің Сартоқай, Əлменбет, Жабай сынды батырлары бастап, жоңғарлардың бетін қайтарып, қалың Арғын мен Найманды қырғыншылықтан қорған қалған еді», – деп əңгімелеп, бұл батырлардың жоңғарларға қарсы соғыста жаужүрек батырлығы, жанкешті ерлігіне жəне Абақ Керей елінің қажымас қайратына сүйініп, «Асыл тусаң Керей бол, үш қазаққа мерей бол» деп бағалаған. «Абақ Керей төр шежіресінің» қайта басылымының (2008 жыл) алғы сөзінде: «Арыда Сартоқай, Жабай, Əлменбет; бертініректе Бұқарбай, Қаптағай, Машан, Қожаберген, Байтайлақ, Жантай, Шақабай жəне тағы басқа батырлар талай реткі қанды шайқастарда жау бетін қайтарып еліне ұран болған батырлар», – деп атаған. Бұл пайымдаулар Сартоқай батырдың Сарбас елі Абақ Керейдің алғашқы қалыптасқан руларының бірі болып тұрақтанған кезеңде танылып, Сарбасқа ұран болған аруақты батыр екенін көрсетеді(24).

Аталған деректердегі: «Сартоқай батыр туралы деректер өте аз сақталған» дегенге келсек, Сартоқайдың Ер Жәнібек батырдан жас жағынан көп үлкендігі, арғы тарихтың тұлғасы екені меңзеледі. Сартоқай ғана емес, керей қосынындағы қарт батырлар Жабай, Жанат, Əлменбет, т.б. батырлар хақында да дерек аса көп емес. Ел ауызындағы ескілікті шежіре бойынша Сарбас руының Абақ керейдің қара шаңырағы болып атанғанын еске алсақ, тұтас бір тайпа ел батыр-бағлансыз, бас алқа бисіз бір шаңырақты жай бір атаға тели салмайды. Қазақ үйіндегі қара шаңырақтың өзін көшкенде қарт, майталман атанға салатыны сияқты сенім артқан серке ойлы, атан жілікті азаматтар таңдалады. Осы бір қарапайым логиканың өзінен-ақ Сартоқай батырдың Абақ ана дәуірінде,  сол кісінің ақ батасымен атқа мінген ұл ретінде бағамдауға болады.

Ал Сарбас руына жақын аталас рулар арасында Сартоқай есімді басқа бір батыр кездесіп жатса, оған да түсіністікпен қарау керек. Тарихи деректерде Жәнібек, Абылай, Қасым, т.б. есімдер тұтас тарих бойында сан қайталанады. Сартоқай батыр есімі де өзінен кейінгі батырларға есім болып жатса, оны да тарихи тұрғыдан саралап, сараптай білу қажет.

ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» атты деректі зерттеу кітабында мынадай жолдар бар:

«Барақ батыр қайтыс болғаннан кейін, аты әйгілі Қазыбек би Жәнібекке айтқан бір әңгімесінде: «Қазіргі батырлардан бұрын анау Қонтайжының қазаққа шапқан тұсында, Керей мен Уақ жау өтінде болған соң қаны да көп төгілді. Батырлары да көп шықты. Анау Ер Көкше, Ер Қосай, Сартоқай, Жанат, Сәменбеттер сол бір дәуірдің қылышынан қан тамған ел қорғаған ерлері ғой. Солардың ең соңғысы болып Керейден Барақ пен Жабай қалып еді. Олар да бұл дүниеден өтті», – деп, толғауынан сол тұстағы билердің Бараққа берген бағасы анық шығып тұрғанын анық көреміз»(25). Жоғарыда сөзімізде айтқандай, мұнда да Сартоқай есімі 1630-1730 жылдар кезеңіндегі қарт батырлар қатарында аталады.

Жоңғар билеушісі Суан Рабдан билік басына шыққаннан кейін, ХVІІ-ғасырдың ақыры мен ХVIII ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ жеріне жеті дүркін (1698, 1711, 1712, 1714, 1718, 1723, 1725 жылдарда) басып кірді. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» осы жылдардың қанды ізі еді.

«Жәнібектің жас батыр атана бастаған кезінде де оны уақ пен керейдің әйгілі батырларының тәрбиесіне алғаны жайында әр түрлі аңыз бар. Арғы жағы Ер Көкше, Ер Қосай, Сартоқай, Жанат, Сәменбеттерден басталған сол ерлік өнегесінің жалғаушылары – уақ Бармақ батыр, керей Шақабай, Барақ, Жабай, Ботағара батырлар Жәнібекке әрі ұстаз, әрі аға болған деседі»(26).

Керейлер керуені туралы айтқанда, 1723 жылдардың алды-артындағы қиын кезеңдерде Сырға дейін ауып, одан ары Еділ-Жайық бойы арқылы орыстың Орскі қамалын айланып, Солтүстік Қазақстан арқылы қазіргі Ақмола облысы төңірегіне келгені белгілі. Абақ керей әулеті дәл осы Көкше өңіріне, Абылай ордасы маңына топтасқан кезде, шамамен 1735-1745 жылдар арасында Ер Жәнібек Бердәулетұлы Абылай ханға өзінің 12 атадан құралған бір тайпа ел болғандығын, әрі Жоңғарды түре қуып, шығысқа жылжу ойының бар екенін айтады. Осы тұста 12 ата деп бекетіліген белді рудың бірі Сарбас, ұраны – Сартоқай болып аталған. Демек, осы ұйымдасудан көп бұрын Сарбас руына иелік етіп, Абақ ананың қара шаңырағын ұстаушы батыр есімі Сартоқай деген сөз. Шамалап айтқанда жас шамасы Сәменбет батырмен тұстас, тіпті одан үлкен болуы да бек мүмкін. Тіпті 1580-1720 жылдар арасынан қарауды да ойластыру қажет. Аталған жылдар ішінде қазақ батырларының бәрі де қан кеше жүріп жауымен шайқасқан.

Сартоқай батыр есімі көркем әдебиеттер де кездеседі. Жазушы Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» романында:

«Бұл күнде жасы сексенге таяп қалған Сүйіншәлі Барақ кеудесін жапқан аппақ сақалын салалы саусақтарымен тарап қойып, осында жиналған әр бір кіші рудың басшыларын көзбен бір-бір шолып өтті. Төрдің басындағы Барақ карияның оң жағына Уақтың әйгілі батыры Баян, онан кейін Көнсадақ Жабай батыр, онан төмен Жәдік Жантай батыр, жас батыр Қуандық, Жәнтекей Шақабай, Базарқұл, Ботақара батырлар, Ителі Бұқарбай батыр, Шеруші Байтайлақ батыр, Шыбарайғыр Қожаберген батыр, Молқы Машан батыр, қарт батыр Сартоқай, Уақ Өтеген батыр орын алыпты»(27) деген жолдар бар. Мұнда да «қарт батыр Сартоқай» деп тілге тиек етіледі. Қазақ батырлары сапында көзге түседі.

Ш.Ш.Уәлиханов «Никон жылнамасы» арқылы Ер Көкшенің қайтыс болған жылын 1423-жыл деп шамалаған екен. Олай болса 1423-1723 жылдар аралығында да қазақтың талай батырының атқа қонып, ел қорғағаны анық.

Жоңғарлар тынышталған соң Алтайдың Көктоғай өңіріне ең алғаш рет ат басын тіреген қариялардың, Қарасеңгір маңындағы жер болған төбелерге түсіп: «Қарабай, Сарыбай жарықтықтар жатқан жер» деп құран оқуы да көп ойларға жетелейді. Сартоқай батыр туралы айтқанда, Абақ ана ауылдарын Сыр бойына қарай бастап көшкен бас батырлардың бірі болуы да бек мүмкін.

Аталған деректерді саралай қарағанда, Сартоқай батырдың Жоңғар заманында болған батырдың бәрінен де үлкен, қарт болғаны байқалады.

Жалпы батырлар әпсанасының қай-қайсысы болмасын аңыз бен ақиқат арасында жүреді. Сартоқай батыр хақында да ел аузында мынадай аңыз бар: «Сартоқайдың толықсыған жігіт шағы екен. Уаққа түгел сауын айтқан айтулы тойдың бірінде, үй толы адамдарға той табағы тартылып, ет желініп жатқан тұста, есіктен киімі тозыңқы бір адам кіріп сәлем береді. Ет жеп, қымыз ішіп, әзіл – қалжың айтысып отырған төрдегілер есіктен кірген адамды да, оның берген сәлемін де аңғармай қалады. Келген адамға қарап, қолын кеудесіне апарып, сәлем алған бейнесін білдірген Сартоқай орын берейін деп отырған орнынан тұрса, әлгі адам бұрылып есіктен шығып бара жатады. Сартоқайдан дереу сыртқа шықса, ол көзден ғайып болыпты. Күтушілерден сұрастырса, олар мүлде көрмегенін айтады. Сонда Сартоқай батыр: «Әй, әттеген-ай! Апыл – ғұпыл ұмтылып барып, қолынан шап бермегенім-ай, шіркін, амалым қанша!» деп өкінен екен, – дегенде отырғандардың тағы бірі:

– Батыр бабамызға әулие көрінген болды ғой, сәуе көреді дегені шын ба? – деп сұрағанда қартымыз:

– Иә, Қызыр әулие ғой көрінген, Қызыр әулиені көрген кісі сәуе көретіні шын ғой, – деп әңгімені жалғастырған екен»(28).

Халық қашанда да өзінің сүйікті перзенттерін батыр, балуан, әулие түрінде әспеттейтін болған. Ұрысқа шыққанда соның атын шақырып ұрандауының өзі сол батырдың рухынан медет сұрау болып табылады. Қазақ тарихындағы ұранға айналған барлық батырлардың да ел рухын көтеретін, есте қаларлық аңызы кейінгі ұрпаққа ауыздан ауызға жалғасып отырды.

Қорыта келгенде, Сартоқай батыр – қазақ тарихының қанды балақ жылдарында елі мен жерін қорғау үшін қан кешкен батырлардың бірі болып, тұтас бір рудың ұранына айналған әйгілі тұлға. Бүгінгі күн үшін алғанда өткен бабалар рухын ұлағаттау – бір жағынан қарағанда тарихқа тағзым, аруаққа құрмет болса, екінші жағынан елім деген ерлер рухын ұрпаққа өнеге, үлгі ету болып табылады. Қазақ батырларының өр тұлғасын асқақтатып, жас буынға отаншылдық, батырлық идеясын барынша сіңірсек, елдігіміздің ертеңі жарық, болашағы нұрлы болады!

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. М.Ақынжанов «Қазақтың тегі туралы», Алматы. 1957 жыл. 232 бет.
  2. Заки Валиди Тоган. Воспоминания. Книга 1. Уфа: Башкирское издательство «Китап», 1994 жыл. 129 бет.
  3.  Ә.Бөкейхан. «Қазақ» газеті, № 2, 1913 жыл.
  4. Н.Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 1987 жыл. 637 бет.
  5. Алпысбес Махсат Алпысбесұлы  «Қазақ шежірелері – тарихи дерек ретінде» «Қазақ унивесритеті» баспаханасы, Алматы. 2007 жыл, 41 бет.
  6. Байтұрсынұлы А. Ақ жол. – А., 1991 жыл. 398-399 бет.
  7. Бұл да сонда.
  8. Аристов Н.А, Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. СПб, 1897. 182-с.
  9. Руденко С.И: «Хуннские изобразительное искусство, представленное только что рассмотренными вещами, по видимому, теснейшим образом было связано с изобразительным искусством других Евразийских коневодческих племен данной эпохи и в первую очередь со «сако-юечжийскими»  и другими южносибирскими племенами, искусство которых нам хорошо известно по Сибирской коллекций Петра 1     и раскопом на Алтае»  //  Культуры Хуннов и Ноинулинское курганы .  М.,Л., 1962. – С.76.
  10. Мағауин М. «Шыңғыс хан және оның заманы». Деректі тарихи хикая.-Алматы, 2011 жыл.-608 бет.
  11. Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл. 223 бет.
  12. Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл.
  13. Жәди Шәкенұлы. «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары», зерттеулер. «Өрнек» баспасы, Нұр-Сұлтан, 2020ж.
  14. Мағауин М. «Шыңғыс хан және оның заманы». Деректі тарихи хикая.-Алматы, 2011жыл. 608 бет.
  15. Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл. 242 бет.
  16. Н.Мыңжани «Қазақтың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 1987 жыл. 232 бет.
  17.  А.Татанайұлы «Тарихи дерек, келелі кеңес». Шынжаң халық баспасы, Үрімжі,  1987 жыл. 39 бет.
  18. Жәди Шәкенұлы «Жәнібек батыр». «Мерей» баспасы, Алматы. 2013жыл, 19-20 беттер.
  19. Потанин Г.Н. Племена и поколения, населяющие Северо-Западную Монголию. Тюркское племя. Киргизы //Очерки Северо-Западной Монголии. Результаты путешествия, исполненного в 1876-1877 годах по поручению Русского географического общества. – Вып. II. Материалы этнографические. Изд. РГО. СПб., 1881. с.152-154.
  20. Ж.Мырзаханұлы. «Абақ Керей – Сарбас шежіресіне» арнау сөз. «Сарбас шежіресі»
  21. https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A1%D0%B0%D1%80%D0%B1%D0%B0%D1%81_%D1%80%D1%83%D1%8B.
  22. Н.Мыңжани «Қазақтың қысқаша тарихы» Үрімжі 1987 жыл, 395 бет.
  23. «Қазақ Совет энциклопедициясы» VI том, 380-бет.
  24. Төлегенұлы Қ (Бозоқ тарихи-мəдени музей-қорығы), Артықбаев Ж.О. (Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті). «Сарбас шежіресі».
  25. Шәміс Құмарұлы «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар – Ер Жәнібек», деректі зерттеулер. ШҰАР, Үрімжі.
  26.  Ж.Шәкенұлы, «Жәнібек батыр» деректі зерттеулер. Алматы 2014 жыл.
  27. Ш.Құмарұлы «Ер Жәнібек» романы. Шынжаң халық баспасы, Үрімжі 1998 жыл.
  28.  Абақ Керей – Сарбас шежіресі. 2014. 377 бет. Жақыпбай Ілияұлы ұсынған дерек.

 

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

Жазушы-тарихшы.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 

Еуразия жазушылар одағының мүшесі, 

Халықаралық Шыңғысхан академиясының, 

ҚР Тарих және Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі.

06.06.2024.

Алматы.

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

    Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым. Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: