|  |  |  |  |  | 

Зуқа батыр 150 жыл Зуқа батыр 150 жыл Тарих Тұлғалар Қазақ хандығына 550 жыл

М.Мағауин: “Шыңғыс ханның ең негізгі мұрагері – қазақ халқы”  

Назарларыңызға kitap.kz сайтында жазылған жазушы Мұхтар Мағауиннің Шыңғыс хан жайлы айтқан сөзін ұсынғалы отырмын.

ShingishanShingisan baba
Жазуыма ешқандай бөгет болмаса да, тыныштық керек болғаннан кейін Прагада тұратын ұлымның қолына кеттім. Ол жаққа барғаннан кейін үлкен жұмысты бастау керек болды. Жеті күннен кейін-ақ жазуға отырдым. Алдымен бір шағын әңгіме жаздым. Содан кейін «Жармақ» деген көлемі үлкен болмаса да, салмағы ауыр роман жаздым. Өте тез жазылды. 18 күнде жазып бітірдім. Бір топ әңгіме жаздым. Содан кейін «Шыңғыс ханға» отырдым. Шыңғыс ханды жазуымның көп себебі бар. Айтылмаған сөз қалған жоқ, бәрін айтқанбыз. Менің «Алтын дәптер» дейтін студент кезде бастаған үлкен дәптерім болды. Соның ішінде болашақта жазатын барлық шығармаларымның сюжеті, сұлбасы бір ауыз сөзбен айтылған. Соның ішінде, мысалы, «Аласапыранның» сұлбасы бар, одан 15, 20, 25 жыл өткеннен кейін жазылған шығармалар бар. Қолма-қол жазылған шығармалар да бар. Бірақ, соның ішінде Шыңғыс ханның сұлбасы жоқ. Өйткені, совет заманында Шыңғыс ханның атын атамау керек болды. Атайтын болсаң, тек жамандау керек. Шыңғыс хан – бүкіл әлемге танылған тұлға. Ұлы тұлға, ұлы қолбасы. Ұлы мемлекет, ұлы империя құрған адам. Оны Цезарьмен де, Наполеонмен де, Атилламен де салыстыруға болмайды. Ол бәрінен жоғары. Шыңғыс хан қазақтың ұғымында әулие, ұлы хан. Аңыз бойынша, Тәңірінің нұрынан жаралған. Өзінің асыл тумысын дәлелдеу үшін халықтың алдында шешесі «садағыңды күннің сәулесіне ілдір» дейді. Киіз үйде шаңырақтан түсіп тұрған сәулеге садағын атқанда, жебесі сол сәулеге ілініп тұрып қалды деседі. Ал қалған билікке таласқан Шыңғыстың туыстарының оқтары ілінбейді. «Садағын сағымға ілдірген Шыңғыс хан» деп айтатыны содан. Бұл, әрине, аңыз. Бірақ, Шыңғыс ханға деген сенімнің көрінісі.

Шыңғыс Хан, Shyngqys Han, Genghis Khan: М.Мағауин: Шыңғыс ханның ең негізгі мұрагері – қазақ халқы

«ШЫҢҒЫСТАН ТУҒАН ХАНДАР-АЙ…»

700-800 жыл бойы, оның ішінде қазақ хандығы құрылған заманнан бастап Шыңғыс хан әулие болды. Қазтуған жыраудың атынан айтылған Мұрат ақынның зарын мақалаларымда талай рет айтып келтіргенмін:

Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,

Қайран саланың жатқан аңғары-ай.

Ақ шалмалы пірлердің

Мешітке жаққан шамдары-ай!

Кәпірден теңдік алуға,

Қайтып та келер деймісің,

Мұсылманның баласы,

Шыңғыстан туған хандар-ай…

Мұрат – азаттық жыршысы, отаршылдыққа қарсы өлеңдер шығарған. Ғасырдың басында халық көсемі, ағартушы Ғұмар Қараш айтады:

Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел,

Қарақыпшақ Қобыландылар туған ел,

Ерегескен дұшпан-жауын қуған ел

Емес пе едің – жұртым саған не болды?!..

«АДАМЗАТТА ШЫҢҒЫСТАЙ ЕР ТУМАЙДЫ»

Осы сөзді дәл қазір айтуға болады. Ал Мағжан «Адамзатта Шыңғыстай ер тумайды» деген. Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Абайлар «Қазақ рулары Шыңғыс ханға өзі қосылды» деп айтқан. Орыс совет идеологиясы келіп жеткенге дейін бүкіл қазақ Шыңғыс ханды құрметтеген, қадір тұтқан. Ал одан кейін ұлттық санамыздан айырылғанымыз соншалық, орыстың идеологиясымен, орыс болғанда үлкен ғылымның идеологиясымен ғана емес, мектеп оқулығы дәрежесіндегі шовинистік идеологиямен әбден миымыз уланған. Шыңғыс ханды әлі күнге жауыз деп жүргендер сол санадан әлі арыла алмай отыр. Қазақтың жағдайы түсінікті. 70 жылдың ішінде ұлттық санасынан, дәстүр-салтынан айырылды. Қымыз ішуді, құрт қайнатуды ұмытып, барынан айырылды. Ол түсінікті жағдай, идеология солай болды. Қазаққа кінә қоймай-ақ қояйық. Ал арғы жақта – Қытайда бір жарым миллион қазақ отыр. Еліміз бар, жұртымыз бар деп көңілге медеу тұтатын едім. Олардың қазіргі замандағы сайттары – «Күлтегін» мен «Сен – қазақты» қарап отырамын. Қытайдағы қазақ совет идеологиясынан тыс болды. Оның үстіне, Қытай идеологиясы бойынша, Шыңғыс хан Ұлы мемлекетті негіздеуші адам. Шыңғыс хан бастады, ал Шыңғыс ханның немересі Құбылай біржолата бекітті. Сонда сол жақтағы қазақ неге Шыңғыс ханды балағаттап жатады? Мұндағылар жауыз деп сыпайы айтса, ондағылар түгін қалдырмай, арам қалмақ, пәлен-түген деп балағаттайды, оның ішінде «неге жазады?» деп мен де кетіп жатамын. Қайран қалатын нәрсе. Совет идеологиясынан тыс болды, Қытайдың бүгінгі идеологиясында да Шыңғыс хан жаман деген нәрсе жоқ. Сонда қайдан келді бұл? Анығын айту керек, бұл елдің, халықтың азып-тозып, ұлттық санадан біржола дерлік айырылғанының көрінісі. Бірақ, басқа халқымыз жоқ, осы халықтың санасы ашылу керек, осы халықтың ішінде санасы жоғары азаматтар бар, жастар да көп, арғы бетте де азшылық болса да сондай азаматтар бар, солар түсінуі керек. Шыңғыс ханды қанша жамандағанмен, жаман боп қалмайды. Бүкіл дүниежүзі мойындап отыр. Шыңғыс хан жөнінде неше мың мақала, зерттеу, жүздеген кітап жазылған.Ағылшын жазды, француз жазды, неміс жазды, американ жазды, жапон жазды. Шыңғыс ханды жапон өзіне тартады, қытай өзіне тартады, қазір орыстар Шыңғыс ханды славян болды деп өзіне тартып жатыр. Ал шын мұрагері, шын ұрпағы бола тұра, біз одан қашып құтыла алмай жатырмыз. Қаншама кітап жазылса да, айналып келгенде Шыңғыс хан әлі жоқ. Шыңғыс ханды ұлы қолбасы, данагөй саясаткер, ұлы империя құрған дейді. Шыңғыс ханның жасаған істері кейінгі заманға жалғасты дейді. Халықтардың арасындағы қатынас, дінге көзқарас турасында, халықаралық құқықтар саласында Шыңғыс ханның ашқан жаңалықтары өте көп. Еуропа соған енді жетіп жатыр, әйтпесе жетпей де қалып жатқан жайлар бар.

ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ БЕЙНЕСІН ЖАҢАДАН ЖАСАУ КЕРЕК

Шын мәнінде, Шыңғыс ханның бейнесі, шын тарихи тұлғасы әлі ашылған жоқ. Сонымен қатар, Шыңғыс ханға қатысты көптеген деректер бұрмаланады, нақты жеріне жетпей айтылады. Өйткені, қалай дегенмен, Шыңғыс ханның өзінің жұрты емес, жат жұрт, жауласқан жұрт. Монғол ағайындарға бұл ретте риза болу керек. Олар совет заманында да, идеология заманында да Шыңғыс ханнан ешқашан айырылған жоқ. Ол кезде ақтау үшін Шыңғыс ханның моңғолдың мемлекетін құрған әуелдегі қызметі дұрыс болды, кейінгі кездегі жаулаушылығы теріс болды деп екіжақты етіп шығарды. Шыңғыс ханның 800 жылдығын тойлады. Сол тойды ұйымдастырған, ескерткіш қойған Монғолияның компартиясының екінші хатшысы қудаланып, ақыры азапталып өлтірілді. Бірақ, бәрібір айныған жоқ. Олар – біржақты. Шыңғыс ханды тек монғол деп қарайды.

Бір сөзбен айтқанда, Шыңғыс ханға қатысты деректердің бәрі жер астында жатқан жоқ. Халықаралық тілдерге аударылған, оның ішінде орыс тіліне түгелдей дерлік аударылған. Шыңғыс ханның бейнесін жаңадан жасау керек. Болды! Арада жазған Рашид-әд-дин, Жүзжани, Жүвейни бар, қытай деректері бар, тағы басқа Еуропаның деректері бар. Барлығын да жинақтап, қарап келгенде, Шыңғыс ханның басқа бейнесі шығады. Асылық айтқаным емес, Шыңғыс ханның ең толық, ең нақты, ең әділ бағасын айғақтайтын, Шыңғыс ханның бүкіл ғұмырбаянын толық қамтитын, сол Шыңғыс хан ғана емес, ХІІІ ғасырдағы бүкіл түрік қауымының, Орталық Азияның тарихын айқындайтын кітап жаздым деп ойлаймын. Анық ақиқаты сол. Үш кітап бітті. Үшінші кітаптың күні кеше ғана алғашқы данасы шықты. Бірер айдың ішінде таралып, сатуға түсу керек. Алда төртінші кітап қалды. Тәңірі қуат берсе, бір жарым, екі жылдың ішінде оны да бітіріп қаламыз.

Шыңғыс Хан, Shyngqys Han, Genghis Khan: М.Мағауин: Шыңғыс ханның ең негізгі мұрагері – қазақ халқы

«ОТЫРАРДЫ ҚИРАТТЫ» ДЕГЕН ОРЫНСЫЗ СӨЗ

Шыңғыс хан «Отырарды қиратты» дегенге байланысты талай рет айттым да, жаздым да. Отырар Қарахан әулетінің құрамындағы шағын ғана мемлекет-қала болған. Илек хандардың басы, сұлтандардың сұлтаны деген Осман Самарқанда отырған, Османның інісі Қадыр Ферғананы билеген, сосын кіші қалаларда кіші туыстары болған. Османның немере інісі Тәж-әд-Дин Білге хан Отырарды билеп отырған. 1210 жылы парсы патшасы Хорезмшах Аладдин Мұхаммед Самарқанды басып алады. Тәж-әд-Дин Білге ханды тұтқынға алады. Османды бір жылдан кейін өлтіреді. Отырарды тонайды, қаншама халқы қырылады, қаншамасы шетке қашады. Отырар бай қала, көпестердің барлығы татар даласы Шыңғыс ханға қарай қашады. Отырарды мұсылман дінбасыларына дейін тастап кетеді. Артынан Тәж-әд-Дин Білге ханның басын алған. Ол туралы екінші кітапта толық жазылған. Содан кейін өзінің орнына Отырарды билеуге өзінің шешесінің әлде ағасынан, әлде інісінен туған Қайыр ханды отырғызады. Ал Шыңғыс хан келіп, Отырарды азат еткен. Керуеннің тоналуы және басқа да толып жатқан жағдайлар бар. Бізде советтің тарих ғылымының азып-тозғаны соншалық, қарақшыларды жақтай біледі. Тарихшылардың барлығы Отырарда керуеннің қырғынға ұшырауын үлкен жауыздық деп бағалаған. Адам қайран қалатын жағдайлар болған. Мысалы, өзіміздің Сарайшық қаласы. 1480 жылы Ермак Сарайшық қаласын басып алады. Содан қаладағы бүкіл халықты қырады. Ең соңында Алтын Орда хандарының күмбездері бар қабірді, сүйектерді қазып алып, үйіп өртейді. Соны кезінде Иван Грозныйдың өзі айыптаған. Осыны Тәжікстанда бәрі жауыздық деп айтады. Ал совет тарихшылары дұрыс жасады дейді. Қаланы тазарту керек деп есептейді. Сол сияқты жағдайлар өте көп.

Шыңғыс ханның зерттелмегені соншалық, Отырар, ондағы қырғын мәселесі және одан кейінгі жағдайлар да теріс пайымда баяндалады. Мысалы, Шыңғыс хан оның алдында Қытаймен соғысты. Солтүстік Қытайды қиратып, бағындырды. Оған Жалайыр Мұқалы-ноянды қойды. Қытайды біржола талқандау керек еді. Ел есін жию керек еді. Оңтүстік Қытай тағы тұр. Сол кезде мына жақтан жаңа майдан ашуға мәжбүр болды. Өйткені керуенді тонады, елшілерді өлтірді. Осы туралы екінші кітапта айттым. Соғыс жариялаған Шыңғыс хан емес, соғыс жариялаған Хорезмшах Аладдин Мұхаммед. Ал Шыңғыс хан қабыл алған. Тілегенің соғыс болса, аласың деген.

Шыңғыс Хан, Shyngqys Han, Genghis Khan: М.Мағауин: Шыңғыс ханның ең негізгі мұрагері – қазақ халқы

Бір сөзбен айтқанда, Шыңғыс ханның нақты тарихы, Шыңғыс ханның нақты мұрагері, ең негізгі мұрагері – қазақ халқы. Өйткені Шыңғыс хан ту көтерген кезде кейін монғол деп аталған татар даласындағы 25 ру – тікелей біздің бабаларымыз соның астында болған. Сосын барлық дәстүр-салты да монғол емес, түріктік.Шыңғыс ханның мөрі туралы екінші кітапта арнайы тарау жаздым. Мөрдің беті түрікше жазылған. Оны ешкім теріске шығара алмайды. Ал енді ойлап қараңыз, Орыс мемлекетінің мөрі ағылшын тілінде, француз тілінде болуы мүмкін бе? Англия корольдігінің мөрі неміс тілінде болуы мүмкін бе? Түрік мемлекеті – түрік тілінде. Сол сияқты толып жатқан мәселелердің бәрін нақтылауға тура келді.

Тәңірі қолдап, үш кітапты жазып шықтық. Енді төртінші кітапты жазсақ, Шыңғыс ханның жеке басы тәмам болады. Оның ар жағында тағы басқа әңгіме шығып жататын болады.

ҚАЗАҚ – ҮЛКЕН ХАЛЫҚ

Аудару деген – күрделі мәселе. «Абай жолының» өзі әлі күнге дейін дұрыстап аударылған жоқ. «Абай» көркем шығарма боғландықтан, оны аударудың қиындығы бар. Ал Шыңғыс ханды аудару үшін тарихтан хабары бар, орыс тілін жақсы білетін маман керек. Алдағы уақытта болатын шығар. Дәл қазір оған алаңдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Адамның ғұмыры шектеулі. Мен қазір 74-ке келдім. Жүзге келсек те, жазатын нәрсеміз таусылмайтын сияқты. Кезінде әңгімелерімді аударта бастадым да, соншалықты машақаты көп екенін байқап, тоқтатып қойдым. 70-жылдың аяғында аударылу керектігін аңдағаннан кейін, керек болғасын аударта бастадым. Өте көп уақытым кетті. Мысалы, «Аласапыранның» екі кітабын екі-үш айда жаздым, ал екі кітапты аудартуға екі жылдай кетіп қалды. Жолма-жол аударма жасалады, бірден аударатын адам аударғасын тағы қарайсың. Соны зая кеткен бос уақыт деп кейін жаздым да. Енді еліміз орнында тұратын болса, халқымыз аман болатын болса, дүние оңалатын болса, біз бармыз ба, жоқ па, жоқшысы табылу керек. Ал керек болмайтын болса, жазған нәрсе ескерткіш болады да қалады. Әлгі құрып кеткен халықтардың құрдымға кеткен тілдері бар ғой. Сол сияқты. Бірақ, Құдайға шүкір, Қазақстан шегінде 11 миллион қазақ бар. 1 миллион халықтың өзі жойылуы мүмкін емес нәрсе. Қазақ – үлкен халық. Дүние оңалады деп ойлаймын.

Суреттер EL.KZ сайтынан алынды.

blogtime.kz

Related Articles

  • Жұмабек Тәшеневтің туғанына 110 жыл

    Жұмабек Тәшеневтің туғанына 110 жыл

    Бүгін Жұмабек Тәшеневтің туғанына 110 жыл толып отыр. Құжаттарды оқысақ, Хрущев Қырымды Украинаға берген соң республикалардың аймақтарын басқаша бөлмек болған екен. Қазақстанда целинный край құрып, елдің оңтүстік бөлігін көрші елдерге беруге үзілді-кесілді қарсы болған. Бұл мәселенің тіпті қарастырылуына қарсы шыққан. Кейін осы ұстанымы үшін қызметі төмендетілді. Министрлер кабинетінің төрағасы қызметінде Б.Момышұлы, Р.Қошқарбаевты Ұлы Отан соғысының батыры атағына бірнеше рет ұсыныпты. С.Нұрмағамбетовке көмектесіпті. 1960ж 212 пәтерлі үйді қазақ өнерінің майталмандарына бергізіпті. 1955ж Қытайдан оралған 100 отбасы далада қалғанда олардың мәселесін шешу үшін үкіметтен арнайы комиссия құруды сұраған екен. Елге қызмет еткен азамат қой. p.s. мұндай принципшілдік – бүгінде сирек кездесетін қасиет. Nurmukhamed Baigarayev

  • НАУРЫЗ туралы маңызды құжат

    НАУРЫЗ туралы маңызды құжат

    Ашық дереккөздерден 1920 жылғы 20 наурызда Ташкентте Тұрар Рысқұлов қол қойған Наурызды атап өту туралы бұйрыққа көзім түсті. Демек, биыл бұл тарихи құжатқа – 105 жыл! Алайда, арада небәрі алты жыл өткен соң 1926 жылы Наурызға тыйым салынды. Ал, 1920 жылы Түркістан Кеңестік Республикасының Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып қызмет еткен Тұрар Рысқұловтың тағдыры қандай қайғымен аяқталғаны баршамызға мәлім. Оны “халық жауы” деп танып, 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына кескен… Нашел вот такой документ в открытых источниках: Приказ, изданный в Ташкенте Тураром Рыскуловым от 20 марта 1920 года о праздновании Наурыза. Получается, в этом году этому историческому документу исполнилось 105 лет! В 1926 году Наурыз оказался под запретом. А

  • Қазақ-жоңғар дін үшін соғыспаған!

    Қазақ-жоңғар дін үшін соғыспаған!

    Қазақ-жоңғар дін үшін соғысқан дегендер мына дерекке сүйенсе керек: 1691 жылы 6 ақпанда Иркутск қаласында Жоңғар ханы Галдан Бошогту (моңғол. Галдан Бошигт; Қалм. Галдан-Бошигт; 1644 – 1697) елшілерінің Қазақ хандығы туралы әңгімесі. «…Шабармандар: «Осыдан он жылдай бұрын олар, Қалмақ Бушухту ханы мен Казак Ордасы, діні әртүрлі болған. Бушухту хан қалмақтармен және басқа да орда мүшелерімен бірге Далай-ламаға сенеді, ал казак ордасы әсіресе Мұхаметке Қырымдық жолмен сенеді, бұсурмандық жолмен сүндеттеледі. Ал Бушухту хан Казак Ордасына онымен, қалмақ Бушухту ханымен және Орданың басқаларымен бір Далай Ламаға бірігіп буддаға сенсін деп жіберді. Сондықтан да олармен жанжал туындады, өйткені олар қалмақ жолымен Далай-ламаға сенгісі келмеді, осының салдарынан үлкен шайқастар болып, Бушухту хан олардың көптеген

  • Жин Нода: Қазақ хандары мен Цинь империясының байланысы тым терең

    Жин Нода: Қазақ хандары мен Цинь империясының байланысы тым терең

    Өткен жылы қолыма Токио шет тілдер университетінің профессоры Жин Ноданың «Ресей мен Цин империялары арасындағы Қазақ хандықтары: XVIII-XIX ғасырлардағы Орталық Еуразия халықаралық қатынастары» атты зерттеу еңбегі түсті. Өз тарихымызға қатысты болған соң, бір деммен оқып шықтым. Аталған кітапта қазақ ханы Абылай мен өзге сұлтандардың Цин императорына жазған хаттары туралы баяндалады. Жақында Жин Нодамен хабарласып, көкейімізде жүрген сұрақтарды қойдық. – Ғылыми зерттеу кітабыңыз ерте­дегі Қазақ-Цинь империясы қатына­сын өзгеше тануға арналған академия­лық еңбек екен. Бұндай зерттеуге бет бұруға не түрткі болды? – Мен Орталық Азияны зерттеу барысында Ресей және Цинь империясы туралы көзқарастарда үлкен алшақтық бар екенін байқадым. Осы алшақтықты жою мақсатында мен қазақтардың тарихын ресейлік және қытайлық дереккөздер негізінде зерттеуге кірістім.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы:

Zero.KZ