Астанада Назарбаевтың бейнесі басылған банкнотты таныстырды
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев бүгін Астанада президент Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген құны он мың теңгелік банкнотты таныстырды. Ресми БАҚ-тың хабарлауынша, бұл банкнот Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап шығарылған.
Банкнотты таныстыру Ұлттық банктің Бейбітшілік және келісім сарайнда өткен “Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы: ұлттық валюта” деп аталатын конференциясында таныстырылды. Жиында сонымен қатар тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монетаны да таныстырған.
Қазақстан ұлттық валютасы – теңге айналымға 1993 жылы 15 қарашада енгізілген. Ол кезде доллар бағамы 4,75 теңге болған. Одан бір жарым айдан соң теңгенің долларға шаққандағы бағамы 10 есеге құлдырады. 23 жылда теңге бірнеше рет бір сәтте девальвацияға ұшырап, ондаған есеге құлдырады. 1993 жылы шыққан банкноттарда Абылай хан, Абай, Құрманғазы мен басқа да тарихи тұлғалардың бейнелері басылған еді. 2000 жылдан бастап жаңа дизайнмен шыққан банкноттарда адам бейнесі басылмаған.
Қазақстан қор биржасында бүгін таңертеңгілік саудада доллардың орташа бағамы 344 теңге 80 тиынды құрады.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру