|  |  |  |  |  | 

Зуқа батыр 150 жыл Зуқа батыр 150 жыл Тұлғалар Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі

ҚҰРАЛАЙДЫ КӨЗГЕ АТҚАН ҚҰНДАҚБАЙ МЕРГЕН ҚАШАНҒА ДЕЙІН “БАНДЫ” АТАНДЫ?

ҚҰРАЛАЙДЫ КӨЗГЕ АТҚАН Құндақбай мерген қашанға дейін

Әкемнен естіген әңгіме: 5-6 жасар кезім-ау. Етекте отырған тау Орақтының  шағын ауылы тарс-тұрс  атылған мылтық үнін естіп, азан-қазан болды. Еркектер шитісін, айыр-сүйменін  дайындап, атына жүгіріп, әйелдер балаларды, қыздарды сай-салаға, ши арасына жасырып әлек. Осы кезде қырмен шауып келе жатқан адамдар да көрінді. Бір түп бұтаның  түбінде отырып бәрін көрдік. Алдағы отыз қаралы – қазақ жігіттері екен, ал соңында шұбап келе жатқан – орыстар. Ол кезде ақ-қызылыңды  қайдан түсінейік, бізге бәрі орыс болатын. Әуелі ойнап жүр екен дедік. Өйткені, қашып келе жатқандардың ең соңындағы бір адам атын шыр айналдырып тоқтай қалса, артынан қуып келе жатқан орыстар аттарынан түсе салып, жерге жабысады. Анау бір-екі рет тарс еткізіп, шаба жөнелгенде солдаттар да айғайлай атқа қонады. Суыр секілді әр жерден қылтиған балаларға үлкендердің мұнысы қызық көрінді.  Бір кезде қашқын жігіт тағы да атын шыр айналдырып, тарс-тарс еткізіп еді, орыстардың екеуі  ұшып түсті. Қалғандары жерге жабысты. Бұл кезде сарбаздар Сатылыға қарай  ұзап, көзден таса бола бастаған. Жалғыз мерген де атының басын бұрып, қаша жөнелді. Тым жақындауға батпай келе жатқан солдаттар жапа-тармағай атқанда жаңағы жалғыз қайқаң ете қалғандай болды. Сонда біздің ауылдың қарттары: «Қайран Құндақбай-ай, оқ тиді-ау», – деп жылаған.  Сөйтіп, қуғыншылар мен қашқындар қырмен ұзай берді. Құндақбай батыр құтылыпты. Араға күн салып  «Батыр аман!» деген хабарды ұзынқұлақ жеткізгенде әкем Сарыбайдың жанына жиылып, күңкілдесіп отырған үш-төрт шалдың түксиген қабағы жадырап сала берген.

Сол шайқаста Құндақбай мергеннің жігіттерін алға сап, олар ұзап кетуі үшін бір қора атты әскерді  жалғыз өзі бөгеп келе жатқанын кейін білдік қой. Мергеннің оғы мүлт кетпейді, сондықтан ол бұрыла қалғанда ана жаманның бәрі жапалақша жалп етеді екен ғой. Қыр басындағы көрініс әлі күнге көз алдымнан кетпейді.
Осы әңгімені айтқанда әкем бір күрсініп алатын. Ол кезде Балғалы деген шағын ауылда тұрамыз. Үлкендер Құндақбай жайлы көп айта бермейтін. Тек Орынбасар, Бөлеген Құндақбаев деген бозбалаларды үлкен кісілер «Өй, бандының күшігі», – деп қағытқанда «ақ бозды» жеңмен сүртіп жүрген біз түсінбеуші едік. Кейін білдік. Олардың Құндақбай батырға еш қатысы жоқ екен, тіпті аталас та емес. Тек сойы бөлек, ірі денелі, мінезді бозбалалардың қылығы мен  фамилиясы үлкендердің жүрегінің түкпіріндегі батырдың өр бейнесін оятып, еске түсіріп жібереді екен ғой.
Құндақбай – Күреңбелдің аңызы, біреуге – қылмыскер, біреуге – дала Робин  Гуды. Көзге ілінгенді қалт жібермейтін қолмерген болған адам екен. Совет үкіметі мергенді барынша жағымсыз етіп сипаттады, ұры-қарыға, басбұзар бандыға теліді. Соған ел сенгендей болғанымен Құндақбай туралы қарттардың әңгімелері көкейде өзгеше ой туғызатын. «Банды» Құндақбай жайлы көлемді мақалалар, көркем шығармалар әлі күнге  некен-саяқ. Сондықтан жұрт арасында қанды суша шашқан, тақымы кеппеген ұры жайлы кеңестік «деректерге» сенетіндер кездесіп қалады.  Ондай мәліметтер сол кезде ГПУ-да қызмет еткен адамдар жазып кеткен естеліктерде де баршылық. Жарайды, рет-ретімен айталық.
Құндақбай Төлендіұлы жасынан отаршылардың қара пиғылына қарсы шыққан адам екен. 2013 жылы  «Күреңбел қасіреті» деген кітап шығарып, мергенді Кіндікбай деген есіммен бас кейіпкерлердің бірі етіп енгізген  Құрманбай Еспенбетов ағамыз ел аузынан  Құндақбай жайлы көп дерек жинапты. Айтуынша, 1916 –17 жылдары Черкасск қорғанын талқандап, сол аймақты қан сасытқан атаман Анненковтан қашып, босқын болған Найман ауылдарын дәл осы Құндақбай мерген Көксу, Сатылы асулары арқылы Қытайға қарай өткізіп жіберген.  Ақты түре қуған қызылдардың билігі келгенде де маңдайға қызыл жұлдыз тағып, шекеден қарағандардың қазақтың шекесін қыздырмасын мерген бірден түсініпті. Сөйтіп өзі де арғы бетке көшіп кеткен. Өзіне ғана мәлім тау соқпақтары арқылы туған жерге жиі келіп, елден хабар алып тұрады. Большевиктердің қазаққа жасаған қиянатын көріп, көптеген ауылдарды көшіріп әкетеді. Ел ашыққанда кедеймен қолындағысын бөліспеген байлардың малын айдап, жұртқа үлестіріп берген. Кәмпескеге ұшыраған талай түлікті бір өңірден екінші өңірге қиқулай қуып, ашөзегіне түсе бастаған қазағына азық еткен. Міне, Құндақбайдың «ұрлығы», «баукеспелігі» осы. «Құлжада жата бермей, неге жортып жүрсің?» – дегендерге айтқан: «Келсем біреудің ақысын жегендерді тезге салуға, не құдайын ұмытқандарды жөнге салуға келемін», – деген батыр сертін Құрманбай аға кітабына енгізіпті.  1917–31 жылдар аралығында Күреңбел,  Қапал маңынан көшіп, қызылдар қиянатынан құтылған көп қазақтың арашашысы – Құндақбай.
1919–21 жылдары қазақты бір аштыққа ұрындырып,  одан кейін «Кіші Қазанның» қазандығына қуыра бастаған Совет үкіметінің саясатына қарсы болған қазақ көп. Тек осы Күреңбел өлкесінен атақты Тезек төренің ұлы Құдиярхан, Мұртазаның ұрпағы Омар төре, қызыл қаңлы Құндақбай секілді біраз адам кәдімгідей қарсылық көрсеткен. ГПУ осылардың бәрін бір-біріне қосып үлкен банды етіп сипаттай салған. Сондықтан Құндақбай Құдиярхан серіктерінің тізімінде аталады. Қолға түскен сарбаздарды тергегенде де елі үшін күрескен азаматтардың есімін  бір-бірімен байланыстыруға талпынған. Профессор Аман Шотаев пен өлкетанушы Азамат Ақылбеков ҰҚК мұрағатындағы  құжаттардан Құдиярханның 1930 жылдың 19 қарашасында ату жазасына кесілгенін тауып, анықтаған екен.  № 4341 сол істе  Малайсары ауданы, № 7 ауылдан ұсталған Қарабеков Бектастың тергеу хаттамасындағы жауабы: «…Құдиярхан, баласы Омар, Құндақбай, Нұртазинов Омар, т.б. ешқандай да «бандит» емес, бәрін де танимын. Ешкімге тиісіп көрген жоқ, ал Сіздер «банда» деп отырған Әлімжандарыңыз бізге жолай да алмайды, қорқады. Винтовканы Тұяқбаев Ерназар екеуіміз бірге Алматыдан сатып алдық. Аң аулауға қолданамыз. Үкіметке өткізу керектігін білмедік…».
Бұдан чекистердің қару асынған қарапайым аңшыға дейін банды деп тіркей бергенін байқаймыз. Ал, Омар төренің серігі болып, сонысы үшін қызылдың қиянатын көп көрген Бектас ақсақал беріде, 1989 жылы 84 жасында қайтыс болыпты. Қазағының азаттығы үшін күрескен азаматтардың бір-біріне жанашыр, үнемі байланыста  болғаны ГПУ құжаттарынсыз-ақ түсінікті.
Құдиярхан атылғаннан кейін Ералы төренің шөбересі Омар большевиктермен 2 жылдай күреседі. Қазақтың құрдымға кете бастағанын көріп атқа қонған намысты жігіттердің іс-әрекетіне Омар төре ұйытқы болады. Азаматтарды ашындырғаны – аз уақыт ішінде қазақтың екі мәрте аштыққа ұрынғаны еді. Күреңбелді жайлаған Жалайыр, Қаңлы, Суан босып, адам төзгісіз күйге түседі. Осы кезеңде еті тірі, жүрегінің түгі бар батырлар елді құтқаруға күш салады. Біраз ауылдарды Алтынемел, Көксу  асулары арқылы Қытайға өткізеді. Омар төре 1933 жылы көз жұмыпты.  Азамат Ақылбеков «Каждый стремиться к истокам…» деген жазбасында Омардың Керегетас деген жерде ГПУ қызметкерлерінің қарауылына іліккенін айтады. Аңдыған жаудың тасадан атылған оғы іштен тиіп, бұратыла құлаған Омар төре жаулары төніп келгенде: «Иттер-ай, еркекше ашық келмей, қатынша қалтарыстан аттыңдар-ау. Аттым сені, Қабыкен!» – деп, көз жұмыпты. Жазуы солай ма, әлде төре қарғысы тиді ме, Қабыкен көп ұзамай қайтыс болады. Бастаудан су ішкенде ішіне құрт түсіп, ол да бұралып,  қатты қиналып өліпті.
Жоғарыда аталғандардың, әсіресе, Құндақбай Төлендіұлының большевиктермен қатты егескенін, алдырмас жау болғанын чекистердің жазбаларынан-ақ түсінуге болады. Батырдың есімі ХХ ғасырдың орта шенінде басылған қазақстандық ЧК жайлы кітаптың барлығында бар. «Казақстан» баспасынан жарық көрген  «Незримый фронт» (1967 ж.), «Чекисты Казақстана» (1971 ж.)  және «Мы из ЧК» деген кітаптарда Совет үкіметі үшін аянбай күрескен ардагерлердің естеліктері жинақталған.  «Мы из ЧК» кітабындағы Ф. Ивановтың  «Преступление в урочище Чурук» атты очеркі Құндақбай бандысы жасады делініп жүрген бір қылмыс жайлы.  Онда Құндақбайдың сенімді үш жігіті жас өкіметтің жеріне арнайы келіп, Балабеков деген белсендіні асып өлтіріп, екі күннен кейін қайта барып мәйітін өртеп жібергені баяндалады. Қайсар комотряд  бандылардан қаймықпай, ерлікпен қаза табады…
Енді  осы оқиғаның ел ішінде қалай айтылатынына назар аударайық. «Күреңбел қасіретінде» де бір уәкілдің өлімі жайлы эпизод бар. Жаңағы Балабеков (кітапта фамилия жоқ, бұл прототип болуы мүмкін) кедейлердің қыз-келіншегіне маза бермейтін, күйеуін тапаншамен қорқытып, көзінше  әйелін зорлайтын озбырдың нақ өзі болған екен. Сол уәкіл Қиғаш деген жігіттің әйеліне тиісіп, дегеніне жете алмай сабап, басын жарып кетеді. Ауылда болмағандарына бармағын шайнап, намыстанған Асылбек бай, Хамза, Рақым, Қиғаш деген төрт кісі әлгінің артынан қуып барып,  Хамза  ақылы шолақ, ашуы тез уәкілмен жекпе-жекке шығады. Және жеңсе аман кететініне уәде береді.  Бір-біріне  қамшы сілтескенде уәкілдің шадыр мінез аты ойқастап, ала қашады да иесін  жарға жығады. Уәкіл мойны үзіліп өледі.  Жігіттердің қылмысы: «қандастың қанын, қарындастың жасын кешкен албастының соңы сен бол», – деп қурай, ағаш жинап өз ажалымен өлген уәкілдің өлігін өртеп жіберіп, алас жасағандары.  Және бұл оқиға,  Иванов жазғандай, Ақтөбешұрықта (Шұрықтың дұрыс атауы) емес, осы күнгі  «Сарыбұлақ» совхозының №2 фермасының маңында болыпты.  Хамзалар уәкіл сүйегінің қалдығын,  ат-әбзелдерін жар түбіне көмген екен. Бертін келе сол жерден үзеңгі табылыпты…
Совет қызметкерін  кім өлтіргенін таба алмай тығырыққа тірелген ГПУ басшылары Сарыөзек маңындағы ауылдардан 35 адамды қаматады. Солардың он алтысы  жаңағы  жігіттер тұратын «Он екінші ауылдан» екен. Мұны естіген Асылбек бай мен Хамза  өз еркімен милицияға барып беріледі де ауылдастарын босатуды өтінеді.  Ауылдас 16 адам азаттық алыпты, ал өзге ауылдардан ұсталған 18 адам… олар із-түссіз жоғалған. «Бұл болған оқиға. Хамзадан қалған ұрпақ бар. Бір немересі Талдықорғанда тұрады. Сол оқиғаға қатысқан, жекпе-жекті көзбен көрген Рақымның туыстары да бар, Сарыөзекте. Олардың Құндақбайға еш қатысы болмаған. Намыстан күйіп кеткен қарапайым қазақтар ғой», – дейді Құрманбай Еспенбетов.
Бұл дерек  Құндақбайға осы өлкеде болған барлық оқиғаның теліне бергенін дәлелдейді. «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан». Деректермен таныса түскен сайын қазақ жігіттерін ең қатты шамырқандырғаны ұжымдастырудың ұраны да, аштықтың ылаңы да емес, қарагөз қарындастың көрген қорлығы екенін түсінесің. Чекистердің жазбасындағы банды Құндақбаймен «ауызжаласқан контра Омардың» да осындай бір оқиғасы бар. Ол Бектас атаның естелігінде де сипатталған. Онда  жігіттердің Матай тауының етегіндегі бір ауылда 7 солдаттың бас көтерер 4 азаматты қылышпен турап тастап,  жас қыздарды бір киізүйге жиып, зорлап  жатқанының үстінен түскені  айтылады. Омар төренің  жігіттері жаңағы алты орыс, бір тілмаш  татарды қолға түсіріп, ауыл сыртына алып шығып,  лақша бақыртып бауыздапты. Нақақ қан төкпейтін жігіттер осыны  «дақпырты алысқа кетсін,  большевиктер естіп, қазақ қызын қорлауға қорықсын», – деп жасаған екен.
Генерал-майор  А. Тілеулиев жетекшілік етіп, подполковник       Я. Я. Милованов, подполковник     А. С. Ивановтар құрастырып, 1980 жылы жарық көрген «Ответный удар» кітабындағы «Садырбай и Миша» деген очеркте  бандының ортасына сатқындардың қалай енгені, 1930-31 жылдары Құндақбайдың қыр соңынан қалмаған Беляев дегеннің отрядының сарбаздармен үш мәрте соғысқаны айтылады. Сол шайқастардың бірінде Беляев тас-талқан болып жеңіледі. Қотырқай, Шаған таулары арасындағы Қараңғысай деген жерде Құндақбай соңына ерген елді құтқарып, аман алып кетеді. Сол атыс кезінде оқ тиіп өлген ірі қараның сүйегі, арбаның сынықтары бертінге дейін шашылып жатыпты.  Қолкүрес шебері, Азияның бес дүркін чемпионы Әбдуәли Тастанов ағамыз: «Шаған тауында «Құндақбай үңгірі» деген үңгір әлі бар. Мерген жігіттерімен осы үңгірді талай мәрте паналаған екен. Бала күнімізде сол үңгірдің ішіне кіріп ойнаушы едік», – дейді.
Құндақбай мен қызыл отрядтың екінші қақтығысы «Шайтансай» шатқалында болған. Сәлім бай секілді көптеген ауқатты адамды ауылымен  Құлжаға аман жеткізіп, аштықтан қиналған қазақтың арасында есімі аңызға айналған Құндақбай батыр Күреңбелге тағы келіп, Хасан Көпесбайұлының ел-жұртын арғы бетке асырмақ болады. Ауылдың көшкелі жатқанын бір сатқын айтып қойып, көш аранға тап болады. Елең-алаңда  ұйқыдағы жұртқа оқ боратқан отряд ешкімді аямайды. Тұтас ауылдан үш-ақ адам – Хасанның өзі, бір баласы және бір әйел тірі қалады. Құндақбай жігіттермен шегіне атысып әзер құтылыпты. Тұтқынға түскен Хасанды большевиктер абақтыға жабады, баласын жетімдер үйіне жібереді. Осы ұрыстан кейін ГПУ қызметкерлері Талдықорғандағы ОГПУ басшысы Ивановқа «Құндақбай өлді, құрттық» деп есеп беріп, кейін өтірігі ашылып, масқара болады.
Үшінші шайқас аштық пен қорлық сүйегіне өткен қазақ атқа қонып, мерген қызылға қарсы қол жинаған 1932 жылы,  Түлкілісай деген жерде болған. Құндақбай батырдың жасақ жинауын чекистер «Ақ гвардияшылардың тапсырмасы. Конокрад қазақ революцияны қайдан білсін, айтақпен жүр» деп жазды. Қытай жақтан тапсырма беріп отырған «әміршісі» есебінде біресе  ақтың орыс офицері, біресе  сол ақтардың сапында болған қапалдық  Қаныбеков деген қазақ айтылады.  Десе де отаршылармен  15 жылдан аса уақыт алысқан Құндақбайдай ер біреудің айтқанымен қол жинады дегенге сенетіндер аз.
Түлкілісай шайқасы жайлы жазба  мәлімет жоқтың қасы. Чекистер бұл жайлы айтқысы келмеген. Есесіне Түлкілісайдың басында «Кісіқырылған» деген жер бар. Оның қасіретті тарихы ел арасында ауыздан ауызға айтылып келеді.   Басши ауылында ұзақ жыл ұстаздық еткен Жанқыдыр Қыдырбайұлы осы оқиғаны әкесінен естіген қарттардың бірі:
«Әкем Жиенқұлтегі Қыдырбайдан естідім, 1931-32 жылдың шамасы болса керек. Құндақбайдың жиған жігіттеріне аштықтан ыңыршағы шыққан ауылдар қосылып Түлкіліге көп халық жинала бастайды. Барып көрген адам ол сай біраз жүрген соң үшке бөлінетінін, олар  Түлкілі, Теректі, Қыздың сайы деп аталатынын біледі. Күнгейінде Басши жазығы, теріскейінде Қоғалы жатыр. Теректі – тұйық сай, текше жартастарға тіреледі. Ал қалған екеуімен тау арасын жарып өтіп, Қытайға қарай шығуға болады.  Құндақбай елді Қыздың сайының басына, қатар жатқан Теректі бітер тұсқа топтастырса керек. Осы жерден қол жинайды, арып-ашып көмек сұрай келген ауылдарды топтастырып, Сатылы асуы арқылы арғы бетке өткізумен айналысады.  Құндақбайдан көмек сұрағандар көп болған екен. Қашып-пысқан қазақтың, Құндақбай жігіттерінің Түлкілінің түбіне жасырынғанын сатқындар милицияға жеткізеді.  Тау ішіне жау қайдан келсін  деген қамсыз жұрт аз күзет қойып, ұйқыға кеткен бір түнде қызылдар операциясын бастайды.  Бейқам күзетші де мызғып кетсе керек, жақын маңда қараңдап жүргендерді байқамайды. Отряд командирінің бұйрығымен солдаттар бұқпантайлап келіп жақын  маңдағы  жартастардың басына екі пулемет қояды. Таң ата ел үдере тұрып, қозғала бастағанда  екі пулемет сақылдап сала береді. Қалтарысқа тығылып үлгермеген қарт, бала-шаға, қыз-келіншектерді, жылқыларды қарша бораған оқ баудай түсіріп көп адам өледі. Тастарды паналап үлгерген аз  жігіт атыса бастайды.  Пулеметтің оғы  Құндақбайға да тиіп, жеңіл жаралайды.  Құндақбай атысып отырып 10-15 жігітпен сытылып кетеді. Жау қаштылаған отряд бірен-саран тарс еткен мылтықтың үнін өшірем деп екілене түскенде тауда ортекеше орғып жүретін Құндақбай айналып, ту сырттарынан шығыпты. Мерген алыстан көздеп, екі пулеметшіні бір-бір оқпен жер жастандырады. Мылтық қайдан атылғанын түсінбей орнынан көтерілген комотряд та мұрттай ұшады.  Осыдан кейін мерген пулеметке ұмтылған солдаттарды жалғыз оққа жалындырып, маңына жолатпайды. Оқбүркер қарудан бір, командирден екі айырылып есі шыққан ротаны Құндақбайдың жігіттері қырып салып, қызылдардың азы ғана қашып құтылады. Ал Құндақбайлар құдай сақтап тірі қалған, жараланған адамдарын тездетіп жинап, Қытайға қарай жүреді. Өлген адамдарды көмуге де мұрсаттары болмайды.
Түлкілі басындағы қырғынды қоғалылық  қазақтар естіп, үш-төрт күннен кейін өліп жатқан  марқұмдарды сол маңға таспен бастырып, жерлейді. Ал сол қанды оқиғадан кейін бұл жер «Кісіқырылған» аталып кетіпті».
Түлкілі шайқасындағы масқарасын  жасырмақ болған чекистер жоғарыға тағы да «Құндақбай бандының көзін жойдық» деп есеп береді. «Күреңбел қасіретіне» бұл шайқас кірмепті. Авторы: «Естідім. Бірақ, нақты деректер таба алмадым. Түлкілісайда 1960 жылдары да адам сүйектері шашылып жатқан екен», –  дейді. Ол көмусіз қалған байғұс қазақтың сүйегі ме, Құндақбай жусатып салған солдаттардың сүйегі ме? Өлкетанушылар зерттеп, анықтайтын бір түйткіл осы.
Большевиктер жазбасы бойынша Құндақбай большевиктер оғынан қаза тапқан. Бірде қызыл әскердің операциясы сәтті болып, Құндақбай сарбаздарымен қоршауға түседі. Бір-екі адамның құтылып кеткені  болмаса банды түгел  қырылады… «Комотряд, снабженный подробными сведениями о расторжении главных сил бандитов, вскоре провел успешную операцию. Многие бандиты сдались. Кундакбай с наиболее верными своими приспешниками ушел к границе, но там, в районе Дубуна, был окружен заранее предупрежденными пограничниками и разгромлен. Только нескольким бандитам удалось вырваться из окружения. Сам Кундакбай был убит».  («Ответный удар», 1980 жыл).
Мергеннің қаза тапқаны жайлы әңгіме ел арасында да бар. Құндақбай расымен қоршауға түседі. Тек «бандиттердің» бәрі беріле салмаған. Қарттардың айтуынша, жігіттерді бұл жолы да Құндақбайдың мергендігі құтқарады. Ол екі серігімен жартасқа бекініп, қараң еткенді қағып түсіп, солдаттарға бас көтертпейді. Осыны пайдаланып сарбаздары сытылып кетеді. Оғы таусылғанша атысқан мерген сол жартастың басында сан жарадан жантәсілім етеді. Көрдіңіз бе, халық батырдың рас-өтірігі белгісіз өлімін де өр аңызға айналдырған!
Ел ішінде Құндақбай тірі кеткен, 60-жылдары бері қайтқан қандастармен бірге оралып, бөтен аты-жөнмен Кербұлақ ауданындағы «Амангелді» совхозында тұрып, қартайып көз жұмған деген де әңгіме бар.  Құрманбай Еспенбетов осы аңыздардың бәрін жоққа шығарып отыр. Ол кісі: «Құндақбай Құлжаға аман-есен жеткен, 40-жылдардағы Қытайдағы ұлт-азаттық соғысына қатысқан. Сол жақта қайтыс болған. Мұны арғы беттен оралған азамат, «Күреңбел қасіреті» кейіпкерлерінің бірі қарақалпақ Ермұраттың баласы Ақантайдың аузынан естіген адамдар бар. Ақантай арғы бетте батырдың сенімді серігі болған», – дейді. Сол Ақантай Ермұратұлының айтуынша, Құндақбай қалың қытайдың да жүрегін шайлықтырып, арғы бетте де аңызға айналыпты. Ол былай болған екен: ұлт-азаттық соғыста Құндақбай өзіне ұзақ уақыт адал дос әрі аудармашы болған Үйсінді (Ю-сунь) түн ортасында  қытай сарбаздарының қосынына жіберіп, мылтықтарының оқатарын (боек) бүлдіртеді.  Содан кейін өзі сол әскердің ортасына сап ете қалады. Мылтығын көлденең ұстап еркін  келе жатқан қазақты көрген қытай солдаттары қаруларына жармасып, ата бастайды. Бірақ сан мылтықтың бірінен тырс еткен дыбыс шықпайды. Құндақбай болса жалғыз мылтықпен сес көрсетіп, қалың қытайды отырғызып кетіпті. Содан кейін қытайлар арасында мылтық оғы дарымайтын көкжалдай киелі, көзінің оты бар  батыр туралы аңыз тарапты.
Міне, бары осы. Қолдағы кітаптарда, тарихи жазбаларда Құндақбай Төлендіұлы жайлы мәлімет өте аз. Жеке зерттеп жүрген өлкетанушылар, тарихшылар болса тапқан құжаттарын жариялап, даланың батыр ұлы жайлы елге білдіре түссе ғажап болар еді. Ал, әзірге ол – ақиқатынан аңызы басым тұлға. 95 жыл дегенде Кейкінің кетпенмен шабылған басына қолымыз жетті-ау, әйтеуір, ал Құндақбайдың сүйегі қайда қалды? Шатқалда қаза тапса қай тұсқа қаны тамды, Қытайда көз жұмса моласы қайда? Ата-әкелеріміз есімін құлағымызға сыбырлап айтқан батыр есімін ұрпағымыз  біліп жүруі үшін оған неге бір ескерткіш қоймаймыз немесе көше атын беріп, дәріптемейміз? Әлде қазақ тәуелсіз болғалы ширек ғасыр өтсе де Құндақбай «банды» болып қала бере ме?
Барлық оқиға осы Жетісу жерінде болғандықтан Құндақбайға қатысты тарихтағы жағымды-жағымсыз кейіпкерлердің бәрінің ұрпақтары  осы жерде өскен, өнген. Сондықтан, пікір де, көзқарас та әртүрлі болуы заңдылық. Бірақ «Әке үшін бала жауап бермейді» дегенді қаперде ұстап, бір нәрсені ескеру керек.  Кеңес үкіметіне қарсы соғыстардың Жетісуда да болғаны, оның қол-басшылары, сардарлары, даңқты сарбаздары да болғаны – ақиқат.  Біз солардың ең атақтысы, талай аштың аузына су тамызып аман алып қалған,  мекенін қорғаған көкжалдай желке күжірейтіп, күн-түн тынбай жортып, талай ауылды қорлық-зорлықтан құтқарған Құндақбайды да жете тани алмай жатырмыз.

С. Сейфуллиннің шығармасындағы Кудряков деген жалғыз кулакты Абдолла Қарсақбаев ағамыздың «Даладағы қуғын» фильмінде қалың әскер ерткен дала батыры Құдіреге айналдыруында бір сыр бар-ау… Тау шатқалы арқылы Қытайға өтіп қайтып оралу, екі пулемет секілді детальдар Жетісуды меңзейді-ау, Құдіре Құндақбайдың прототипі емес пе екен деп ойлаймын кейде…  Әлде бұл режиссердің Құлан Кейкіге сомдаған ескерткіші ме екен, әлде  маңғыстаулық Құрмаш мергенді ел ұмытпасын  дегені… Әлде біз әлі білмейтін мың Құндақбай-Кейкі-Құрмаш-Ораздардың бәрінің рухына бір туынды арнады режиссер ағамыз…
Саясат мұрнынан жетелеген қызыл хамиттердің дәуірі өткелі қашан, ал біз  Кеңес заманында  Абдолла ағамыз экраннан әлемге айтқызған «Еркін даланың батыры» деген сөзді қайталауға қаймығамыз!  Хамитке «Мен қазақ деген ел болғым келеді!», – деуші ме еді Құдіре?..

Серік Әбікенұлы,
журналист.

zhetysu-gazeti.kz

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: