|  |  |  | 

Көз қарас Тарих Тұлғалар

АЛАШ ТУЫН КӨТЕРГЕНДЕР

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ

Alash orda

  1. ХХ-ғасыр басындағы отаршыларға қарсы күрес сипаты

Алаш партиясының құрылғанына алдағы жылы жүз толады. «Алаш» партиясының құрылуы -қазақ халқының келешегін айқындаудағы, мемлекетігін  құру алдыңдағы шыққан үлкен белес болды. «Алаш»партиясы Қазақ жерінде құрылған алғашқы партия. Мен  осы шағын мақалада партияны құрған қазақ зиялыларының армандары, көздеген мақсаттары не еді, «Алаш» партиясын құрудың алғы шарттары қандай болды» деген мәселелерді біраз зерделеген едім. Жалпы, ХХ- ғасырдың бас кезінде басталған қазақ оқығандары мен Алаш қозғалысы, Алаш партиясының  тарихы әлі толық қанды зерттелмегені байқалады.

ХIХ -ғасырдың аяғында Ресей империясы қазақ жерінде толық отаршылдық үстемдігін орнатты. Ресейдің патшалық үкіметі 1868-жылы қазақ даласында Орынбор,Батыс Сібір, және Түркістан губернаторлық әкімшілік басқару жүйесін орнатты. Бұл патшалық әкімшілік жүйе бірнеше ондаған жылдар ішінде солтүстік пен батыстағы қазақтарды туған, өскен  жерлерінен ығыстырып, оларды жартылай шөлейт жерлерге көшіріп, шұрайлы жерлерге орыс шаруаларын, қарашекпенділерді қоныстандырып үлгерді.  Оның сыртында патшалық үкімет қазақтардың әр шаңырағынан алатын салықты өсірді. Бір сөзбен айтқанда, ХХ-ғасырдың басында Ресей империясының қазақ жеріндегі отаршылдық саясаты толық күшіне енді. Соған орай, патшалық озбыр қанаушы күштерге қарсы халықтың наразылығы әр жерде болып тұрды.

ХХ- ғасырдың бас кезінде қазақ оқығандарының көбеюі  Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы пікірлері қалыптасқан күрескер топтың қалыптасуына ықпал етті.  1905-жылғы алғашқы Орыс револициясы қазақ зиялыларының отар елдің қазаққа жасап отырған қысымшылықтарына қарсы күресте бірігуіне әкелді.

1905-жылы  28-шілдеде Қоянды жәрмеңкесінде атақты «Қарқаралы петициясы» патшалық билікке жол тартты. «Қарқаралы петициясының» тарихы бертінге дейін жан -жақты толық қанды зерттелмей келген болатын. Сондықтанда «бұл  14500 адам қол қойған  петиция еді» деп жазылып келді.

Ал, шынтуайтында Қоянды жәрмеңкесінде жазылған «Қарқаралы петициясының» тарихын соңғы жылдары  біршама зерттегендердің бірі- Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай. Оның  мақалаларында Қоянды жәрмеңкеcі өтіп жатқан уақытта  1905-жылы 25-26-маусым күні Ресей патшасының атына, патшалық үкіметтің атына және Ішкі істер министрлігіне үш хат (петиция) жолданғаны айтылған. Патшаның атына жазылған петицияға Орынбор, Батыс Сібір губерниясына қарасты Торғай, Семей, Павлодар, Көкшетау, Қарқаралы және т.б. уездерінің   елге белгілі 42 адамы қол қойған екен. Петицияға қол қойғандардың ішінде К.Тоғысов, А.Аяғанов,О.Мүсәпіров,Т.Нұрақанов, А.Жолшарин, М.Тәттімбетов, М.Ақаев, А.Жандеркин(Жақып Ақбаевтың әкесі), Н.Орманбетов және т.б. болыс билер болған. З.Тайшыбай «Қарқаралы петициясы» атты мақаласында  петиция жазылған кезде Әлихан Бөкейхановтың Қоянды жәрмеңкесінде де, Қарқаралыда да болмағанын жазады. Кейін Дала губернаторының  «Қарақаралы петициясын» ұйымдастырушыларды анықтау туралы әскери губернаторға, Қарқаралы уезінің бастығына жіберген бұйрығына орай, тергеу жүргізілген кезде Әлихан Бөкейхановтың аталған мерзімде  Омбыда тұрғаны анықталады. Қарқаралы уезінің бастығы Осовский тыңшылары жеткізген деректерге сүйеніп, Дала губернаторы Сухотинге жіберген телеграммасында «Жоғарыға жіберілген «арыздар» (петицияларды айтып тұр) Омбыға Бөкейхановқа жіберілді. Петицияны жазуға ұсыныс айтқан Ә.Бөкейханов. Арыздардың тексін жазған Жақып Ақбаев» делінген онда.

Қоянды жәрмеңкесінде жазылған екінші петицияға бұрын жазылып жүргендей  емес, 12756 адам қол қойыпты.  Тармақты үшінші петиция Ішкі істер министрлігіне жолданыпты. Осы үш петицияныда  шілде айында Әлихан Бөкейханов өз қолымен Омбыдан Петербургке жөнелтіпті.

1905-жылғы Қарқаралы петициясы Орынбор, Батыс Сібір губерниясының генерал губернаторларын ғана емес, Ресей империясының  билігіндегілерді де шошытты. Өйткені, 1905-жылы басталған алғашқы революция жаңғырығы Ресейдің ішкі аймақтарында да тыйылмай жалғасып жатқан- тын. Оған бұған дейін тып -тиыш жатқан отар елдің бас көтере бастауы Орыс патшасын шын алаңдатқан еді. Патшалықтан қазақ жеріндегі генерал губернаторларға петиция жазушылар мен ұйымдастырушыларды қатаң жазалау туралы нұсқау беріледі. Қарқаралы петициясын жазушыларды, ұйымдастырушыларды тергеу бірнеше жылға созылды. Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Жақып Ақбаевтың соңдарына тұрақты тыңшылар салып қойған. Сол Тергеу барысының нәтижесіне орай,  Қарқаралы уезінің бастығы Осовскийдің жоғарыға жіберген деректері бойынша «петицияның тексін жазған» делінген Жақып Ақбаев 1907-жылы түрмеге соттың шешімімен Якутияға (бір деректе Жетісуға делінген) жер аударылған. Сол кездегі анықталған деректер бойынша Жақып Ақбаев Петербург университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген заңгер. Қарқаралыда уездік сотта қызмет істеген. Патша үкіметінің озбырлық, отаршылдық саясатына қарсы жиындарда сөздер айтып, тыңшылардың  көзіне түскен. (кейін Жақып Ақбаев 1917-жылы құрылған Алаш партиясының белсенді, белді қайраткері болған. Автор).

Қарқаралы петициясына байланысты Әлихан Бөкейхановта  1907-жылы айыпталып, соттың шешімімен Томға жер аударылған. Ал, Қарқаралы петициясының ұйымдастырушылардың бірі- Ахмет Байтұрсынов  Қарқаралыда екі жылдық орыс қазақ училищесінде қызмет істеп жүрген жерінен 1909-жылы  тұтқындалып, тоғыз ай түрмеде отырды. Ол тұтқыннан 1910-жылы босанып, сот жер аударуға шешім шығарған. А.Байтұрсынов  Орынборда тұруды өзі қалаған.

Міржақып Дулатовта «Оян, қазақ!» баспадан шыққалы жергілікті жандармерияның бақылауында болған. Әрі М.Дулатовтың үстінен жандармерияға «Қарақаралы петициясын» жазуға үгіттеді, қол жинады, шеруге қатысты» дегендей деректер жиналған. Соған байланысты  1910-жылы Семейде тұтқындалып, түрмеге жабылады. Онда бір жылдан астам уақыт отырып, шығады. Содан кейін ол бір уақыт жандармериядан тасалау үшін Түркістанға барып, сонда тұрады.

Сонымен, Орынбор мен Батыс Сібір губернаторлары «Қарқаралы петициясын» ұйымдастырушыларды қуғындауды 5 жылға дейін созды.

1905-жылы Ресейдің патшасына, Үкіметіне, Ішкі істер министрлігіне жолданып, оларды біраз дүрліктірген «Қарқаралы петициясы» не талап етілген еді?. Әрине, «Қарқаралы петициясының» мақсаты  отаршылардан зардап шегіп отырған қазақ елінің мүддесін, құқығын қорғау  болатын. Ресей патшасының атына жіберілген петициядағы он бір бапта, 1)мешіттерді мүфтиятқа қарату, 2)қазақ тілінде мектептер ашу, 3)әкімшіліктер мен соттарда істі қазақша жүргізу, 4)сот істеріне присяжный тағайындау,  дәлелсіз тұтқындап, жер аударуға тыйым салу, 5)қазақ жерлеріне шеттен жіберілген орыс шаруаларын қоныстандыруды тоқтату, 6)қазаққа сөз бостандығы беріліп, газет, журнал ашуға рұқсат беру, барлық уездер мен болыстықтарда мектептер ашу, земство мекемелерін ашу және т.б. өзекті мәселелер талап етілген.

Сол үшін патшалық билік «Қарқаралы петициясын» ұйымдастырғандарды түрмеге отырғызды,соттады, жер аударды. Бірақ, бұл саяси күрес қазақ оқығандарын ел үшін, жер үшін күресте біріктіре түсті.

 

2. 1905-жылдан 1917-жылға дейінгі аралықтағы саяси ілгерілеушіліктер

Алғашқы орыс реводюциясы мен Қарқаралы петициясынан кейін  қазақ жерінде оң өзгерістер болды ма? деген сұрақ туындай қалған жағдайда, қазақ оқығандары бірер жетістіктерге қол жеткізгенін байқауға болады.  Олар атап айтқанда мыналар:

1.  Ахмет Байтұрсыновқа газет шығаруға рұқсатты алуға мүмкіндік берді..

  1. Ресейдің Мемлекеттік  I –II-Думасына Орынбор, Батыс Сібір, Түркістан губернияларынан, оған қарасты уездерден депутаттыққа кандидаттар ұсыныла бастады. Нәтижесінде Думаға батыстан А.Қалменов,Оралдан Бақытжан Қаратаев,Ақмола уезінен Ш.Қосшығұлов,Торғай уезінен Ахмет Бірімжанов,  Павлодар уезінен Әлихан Бөкейханов, Семей уезінен Жақып Ақбаев,   Жетісудан Мұхамеджан Тынышпаев, Б.Құлманов депутатттыққа ұсынылып, Ш.Қосшығұлов,Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Ә.Бөкейханов, М.Тынышпаев,  Думаға депутаттыққа өткен.

Жалпы Ресейдің  бірінші, екінші Думасыда патша жарлығымен мерзімінен бұрын таратылып жіберген. Екі Думада да нақты қызмет істеп, комиссия мүшесі болып, түрлі заңдық ұсыныстар жасағандар А.Бірімжанов пен Б.Қаратаев.  Дегенмен,Ресейдің I-II-Думасына қазақ аймақтарынан депуттатар сайлануы қазақ тарихында прогрессивтік маңызы бар қадам болды.

3 . Одан кейін патшалық үкімет  «Қарқаралы петициясының» талабына сәйкес, жасы толмаған жасөспірімдерді православие дініне қабылдауды шектеді. Жергілікті уездерде земство (бұл мекеме ол кезде жергілікті жерде мектептер ашу, дәрігерлік бақылау пункіттерін ашу, жер бөлу мәселелерімен айналысатын) ашуда да сең қозғалды.

  1. 1906-жылы Әлихан Бөкейханов Кадет партиясына мүше болып, сол жылы ол Оралда бірқатар қазақ оқығандарының басын қосып, Конституциялық монархиялық партияның қазақ жеріндегі бөлімшесін ашқан. (Кейбір жазбаларда 1905-жылы өткен, 9 адам мүше болған» деп көрсетілген.Автор.)Конституциялық Монархиялық партияның Оралда ашылуының маңыздылығы- қазақ зиялыларының арасында ұлттық партия құруға ой түрткі болуында)
  2.  ХХ-ғасырдың бас кезінде ақ қазақ елінің мүддесі үшін күресіп, бір емес, Ресей империясының  патшасына, үкіметіне, Ішкі істер министрлігіне үш бірдей петиция жазған қазақ зиялыларының революциялық іс -харакеттері аяқсыз қалған жоқ. Мұның соңы оқыған қазақ зиялылары қазақ елінің құқықтары мен келешегі үшін күресуге болатынына көздері жетіп, бірігуге, топтасуға ұмтылды. Бұл революциялық даму үдерісіне А.Байтұрсыновтың  1909-жылы Петербор баспасынан шыққан «Қырық мысал», Орынбор баспасында басылған «Маса»`1910-, М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» 1909- кітаптары мен сол кезеңдерде қазақ арасына тараған «Айқап»журналы , «Қазақстан» газеті зор саяси ықпал тигізгенін айтуға болады. Ал, Орынборда жылы «Қазақ» газеті шыға бастағанда, қазақ жұртының ұлттық белсенділігі 1905-жылға қарағанда біршама артқанын аңғаруға болады.
  3. Сөйтіп,1905-жылдан 1907-жылдарға дейін созылған орыс революциясының  қазақ жерінде де зор әсері болды. Успенск шахталарында жұмысшылардың, Қарқаралы, Жетісуда шаруалардың қозғалыстары, митингтері болды. Ең бастысы осы төңкерістік мәні бар қозғалыс жылдарында оқыған қазақ зиялыларының қатары өсті. Осы кезеңдерде Әлихан  Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Сералин, Жақып Ақбаевпен  бірге Бақытжан Қаратаевтың, Мұхамеджан Тынышпаевтың, Мұстафа Шоқаевтың, Халел Досмұхамедовтың,Жаханша Досмұхамбетовтың, Ә.Ермековтің есімдері атала бастады.
  4. Сондай ақ, қазақ зиялыларының арасында ұлтжанды тұлғалар мен бірге, Констиутциялық -монархиялық, социал- демократиялық  және басқа да көзқарастағы, ағымдағы топтар пайда бола бастады.  Осы кезде пантүркішілдік топтар пайда болып, Ресейде  Мұсылман партиясының қоғамы құрылғанын айту керек. Сондай ақ,  1917-жылы Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин. Әліби Жангелдин тәрізді большевиктік идеяны қолдаған қайраткерлер де шыға бастады. Ресейдегі РСДРП ның қазақ жерінде бөлімшелері ашылды.

8.  Алғашқы орыс революциясынан кейін Ресей патшасының манифесі шығып, орыс жерінен тыс, отар елдерде де сөз бостандығы, ұлттардың еркіндігі, теңдігі туралы сөз қозғала бастады. «Қарқаралы петициясынан» кейін болған оқиғалар  елді жалпы сауаттандырмай, қазақты отаршылдыққа қарсы күреске шақыру, ұйымдастыру өте күрделі шаруа екенін қазақ зиялылары түсінді. Және олар елді жалпылай сауаттандыру үшін біршама уақыттың өтуі қажеттігін, белгілі бір кезеңнен өту заңдылығын түсінді. Міне, осы тар жол, тайғақ кешуде ұлтты жалпы сауаттандыру мен оған айқын да, дара жол ашқан адам  Ахмет Байтұрсынов еді.  1909-жылы баспадан шыққан Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысалы» мен Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы!» ұлт санасын оятып, рухын көтерудегі алғашқы қадам болды.  Ахаң 1910-жылы «Маса» атты жинағы баспадан шыққаннан кейін, ұлттың рухына әдеби шығарма арқылы дем берумен іс бітпейтінін терең ұғынды . Ол ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін өзінің төл Әліппесі, ғылыми негіздерге сүйенген Тілі, әдебиеті, өнері болуы тиісті екенін, осы аталған мәдениет өркендері болмаса, қазақтың ұлт болып қалыптасуы, өркениетті ел болып қалыптасуы мүмкін еместігін түсінді.

1998-жылы Астанада өткен Ахмет Байтұрсыновтың 120-жылдығына арналған үлкен жиында қазақтың дара жазушысы Әбіш Кекілбаев А.Байтұрсыновтың қазақ әліппесін, қазақ тілі грамматикасын (фонетикасы, синтаксисі, морфологиясы), бірнеше  методикалық оқу құралдарын, терминологиясын, «Әдебиет танытқышын», және т.б. еңбектерін «атақ, даңқ үшІн емес, елінің келешегі үшін, «ЖАНКЕШТІЛІКПЕН» жазған» деп әділ бағасын берген еді.

Ахмет Байтұрсыновтың  Әліп биі, Қазақ тілінің грамматикасы, алғашқы терминологиясы, «Оқу құралдары» қазақ халқын жалпылай сауаттандыру жолын жеңілдеткен,  соған дейін араласып кеткен араб, түрік, татар терминдерінен қазақ тілін біржола тазартқан, халықты сауаттандыру ісіндегі  революциялық, төңкерісшіл жол еді.

Сөйтіп, А. Байтұрсыновтың  «Әліпбиі»  мен «Қазақ тілінің оқулықтары» қазақтың ұлттық тілін жаңа мәдени биікке көтеріп еді. Ахаңның «Әліпбиі» мен «Оқулықтарын» сол кездегі қоғам жатырқамай қабылдады және оқу жүйесіне сіңісіп кетті. Бұл қазақтың ұлт болып қалыптасу дәуірінің ең маңызды кезеңі болды.

Ал, «Қазақ» газетінің шығуын қазақ ұлтының жаңғыру кезеңі деп атауға болады. «Қазақ» газеті елге тараған алғашқы санынан күнінен бастап, орыс отаршылдық саясатына қарсы бағытталған күрескер рухтағы газет болды. «Қазақ» газеті түрлі көзқараста болған қазақ зиялыларын ел мүддесі үшін топтасуға себі тиді.. Газет сонау 1918-жылға дейін қазақтың таза ұлттық тілінің қалыптасуына зор қызмет жасады. «Қазақ» газеті жер мәселесін, оқу ағарту мәселелерін, сот істерін үнемі назардан тыс қалдырмай жазып отырды. «Қазақ» газеті ұлттың көкейіндегі мәселелерді үзбей жазып отырғасын, елдің арасында беделі артып, кеңінен таралды. Яғни, газет қазақтың өзінің ұлт ретінде сезінуіне, ұйысуына себеп болды.Содан қазақтың осы кезеңіндегі оқығандары елдің келешегін, Мемлекет болу мүмкіндігін ойлай бастады.

Осындай  даму үдерісінен өткен қазақ зиялылары қазақ ұлтының басын қосуды ойластыра бастаған еді.  Осы себептен 1913-жылы «Айқап» журналының редакторы Мұхамеджан Сералин ұлттық ұйым, не партия құру үшін Қазақтардың   жалпыхалықтық сиезін өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын.

Алаш партиясы құрылатын I-жалпыхалықтық сиезге дейін, 1917-жылы 2-8-сәуірде Торғай облысы қазақтарының сиезі Орынбор қаласында өткен. Сиез жұмысына А.Байтұрсынов жетекшілік жасаған. Мұнда қазақтың көкейінен түспей жүрген Азаматтық комитеттер құру,Жерді қазақтарға бөлу, Оқу ағарту, Дін, Сот істері, Баспасөз теңдігі  тәрізді маңызды он төрт баптан тұратын мәселелер талданып, соған орай сиез соңында шешімдер қабылданған.Бұл сиездің бюро мүшелері болып Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, О.Алмасов, С.Қадырбаев,К.Тұрымов, И.Тұрмұханбетов сайланған.Осы сиезде Мәскеуде өтетін Жалпы мұсылмандар сиезіне делегаттар сайланған.

Сөйтіп, 1917- жылмен  1917-жылға дейінгі аралықта қазақ халқы мен оқығандары ұлттық рухтану мен саяси жетілудің маңызды кезеңін басынан өткерді.

 

3. «Алаш» партиясының құрылуы және оның ұлттың келешегі үшін маңыздылығы

1917-жылғы Ақпан төңкерісінде патша тағынан тайдырылып, Уақытша үкімет оның орнына келген болатын. Бұл қазақ елінде ұлттық қозғалыстың жеделдеуіне себепкер болды. 1917- жылдың   21- 26-шілдесінде Орынборда Жалпықазақтың сиезі болды. Сиезде негізінен автономиялық мемлекет құру, оқу ағарту, жерді қазақтарға тегін бөліп беру, дін мәселелері қаралды. Сиезде  автономия құру мәселесінде түрлі пікірлер болды. А.Байтұрсынов пен М.Дулатов тәуелсіз мемлекет құру туралы пікірде болса, Ә.Бөкейханов Ресей федерациясы қарамағындағы автономиялық республика құруды ұсынды. Сиез соңында көпшілік дауыспен осы Ә.Бөкейхановтың ұсынысымен федерация құрамындағы Қазақ автономиясын құру туралы шешімге тоқталып. Алаш партиясының құрылғанын жария етті. Семейдегі бөлімшесінің жетекшісі болып ,Ж.Ғаббасов, Орынбор бөлмшесін    Торғай облысының жетекшісі болып Ә.Бөкейханов сайланды. Осы жолы құрылған Алаш партиясының Орталық комитеті құрылмады. Алаш партиясының Бағдарламасын қабылдауды да күзде болатын сиезге қалдырылды.

1917- жылы қарашада «Қазақ» газетінде «Алаш партиясының» бағдарламасы жарияланды Содан кейін Орынборда Жалпы қазақтың  II-сиезі өткен. Бұл сиезге Мұстафа Шоқай басшылық етіп,  Алаш партиясының бағдарламасымен таныстырып,  баяндаманы Міржақып Дулатов жасаған. Осы сиезде Алаш орда үкіметі құрылып, оған 25 өкіл мүше болып сайланған. Бұл үкімет мүшелігіне А.Байтұрсынов пен М.Дулатов өз қалауларымен кірмей қалған. Жиналғандар көпшілік дауыспен Ресей федерациясы құрамындағы автономиялы дербес Қазақ  мемлекеті болуын құптады. Сондай ақ, сиезге қатысушылар партияның  «Алаш» және үкіметтің «Алаш орда» деп аталуын мақұлдады.

Жалпықазақтық сиез аяқталғаннан кейін көп ұзамай, Жымпиты қаласында бұрыннан елге таныс қоғам қайраткерлері Х.Досмұхамедов пен Ж.Досмұханбетов  Батыс жерінің оқығандарын жинап, «Ойыл уәлаяты» деген ұйым ашқанын жария еткен ді. Бірақ, мұны Алаш партиясы, оның ішінде Ә.Бөкейханов қолдамады және олардан келген ресми құжаттарға қол қоймаған.

 

4.Алғашқы «Қазақ автономиясы» құрылғанға дейінгі оқиғалар

Қазақ жерінде болған  жылғы көтерілістер мен Алаш қозғалысының тарихы әлі толық зерттелмей жүргенін кәсіби тарихшылардың өзі мойындап жүр. Содан ба, осы кезде  кейбір тарихшылар Алаш қозғалысының тарихын түрлі көзқарастарда жазуға бейім болып жүр. Алаш қайраткерлерінің кейбірін басқа қайраткерлерден бөліп алып, халыққа сіңірген еңбектерін алабөтен мадақтау сияқты жаман ғадеттер де орын алып жүр. Мәселе Алаш қозғалысының тарихының даму кезеңдерін саты сатысымен әлі орын орынына қоймағанымызда. Сондай ақ, осы күнгі кейбір мақалаларда «Қазақ автономиясының құрылуын, қазақ мемлекетінің осы күнгі шекаралық территориясының сақталуына Х.Досмұхамедов пен Ж.Досмұхамедов себеп болды» десе, кейбір  мақалаларда  оларды алаш қайраткері Ермек Әлімхановқа теліген. Жалпы, қай тарих болмасын, оның кез келген кезеңін оның алдындағы немесе, онан кейін болған даму үрдістерінен бөліп қарастырудың еш жөні жоқ. Өйткені, тарихтың кез келген оқиғалары бір бірімен айыра алмайтындай жалғасты болады.

1818-жылы қазақ жерінің шығысында, орталығында, оңтүстігінде Уақытша үкімет органдарының, Колчак армиясының үстемдік  етіп отырған кезінде 1917-жылдың аяғында құрылған Алаш орда үкіметі Колчакпен байланыс жасап, 1919- жылға дейін Кеңес өкіметіне қарсы күресті. Бірақ, Колчак алаштықтар күткендей, Алаш әскерін толық қаруландырмады, оның саяси, әскери күшке айналуына жол бермеді. Ал,  Колчак сол кезде Алаш көсемдеріне «қазақ жерінде автономиялық мемлекет құрылуға жол бермейтінін» ашық  айтып, түсіндірді. Сол себепті, 1917-жылы Орынборда өткен   II-жалпыхалықтық сиезге қатысушылар Әлихан Бөкейхановтан  кадет партиясы мен Алаш партиясы арасындағы қатынасын анықтауды талап етті. Міне, осындай себептерден кейін Әлихан Бөкейханов кадет партиясынан бас тартты. Көп ұзамай ол «Қазақ»газетінде « Кадет партиясынан неге шықтым?» атты мақаласы жарияланды.

Бір қызығы Х.Досмұханбетов пен Ж.Досмұханбетов 1818-жылы қаңтар айында В.Ленин мен И.Сталиннің қабылдауына кіріп,  Қазақ автономиясын құру жөнінде ұсыныс жасаған.

Бірақ, большевиктердің ол кезде ұлттар ісімен нақты айналысуға уақыттары да болмаған тәрізді. Кеңес өкіметі 1919-жылы ғана Уақытша үкіметтің Сібірдегі ұясын талқандап, Колчактың армиясын күйретіп, қалғандарын Қытайға қарай ысырды. Барлық жерде Кеңес билігі үстем бола бастады. Кеңес үкіметінің басшылары  1917-қазан айында жариялаған Декреттеріне орай (Ол Декретте шаруаларға жерді бөліп беру, ұлттарға өздерін басқаруға мүмкіндік беру және басқа да демократиялық мұраттарға негізделген баптар жеке жеке аталған). Кеңес үкіметі маркстік коммунистік бағдарламасы мен осы декреттер негізінде федералдық мемлекет құрылымын басқаруды жоспарлы түрде жүзеге асыра бастады. Экономикалық саясаттар мен территориядағаы көптеген ұлттарды басқару мақсатында үкімет жанынан Ұлттарды басқару комиссиясын құрып, оны басқаруды И.Сталинге міндеттеді.  Ленин, Сталин, Свердлов және басқада үкімет мүшелері Шығысты  Сібірдің Уақытша үкіметі мен Колчактан азат еткеннен кейін, патша үкіметі кезінде Батыс Сібір, Орынбор. Түркістан губерниялары деп аталған аймақты қалай басқаруды өзара талқылаған. Содан кейін ғана  бұрыннан өздерімен таныс большевик Әліби Жангелдинмен байланысып, Алаш партиясының ішінен ел мен жер тарихын жақсы білетін, тілге келуге болатын бірнеше адамды бірге алып, келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге келуге бұйырады. Сонымен  Әліби Жангелдин қасына Ахмет Байтұрсыновты және тағы он шақты адамды ертіп, 1919-жылы наурыз айында  Мәскеуге жүріп кетеді.

Осы арада Қазан төңкерісінен кейін бұрынғы патшалық империяның иелігінде болған, әлемдегі ең территориясы бар үлкен мұраға ие болған большевиктер мемлекеттік ұйымдастыру жұмыстарын қабілетті жүргізгенін байқауға болады. Кеңес үкіметі бар болғаны бір жыл ішінде Ішкі істер министрлігінің қызметтерін барлық территорияда жолға қойды. Оның ішіне тергеу, барлау қызметтеріде кіреді. 1919-Сібірдегі Уақытша үкіметті біржола жеңгеннен кейін Кеңестер үкіметі барлық салаларда мемлекеттік басқару ісін жүзеге асырды. Соған орай Ресей қарамағындағы ұлттарға автономиялық құқықтарын жүзеге асыру барысында В.Ленин мен Ұлт істері жөніндегі Халық комиссары И.Сталинде ұлттық автономия сұраған елдің территориясы, олардың  саяси жетекшілері туралы толық және жанама мәліметтер жинаған тәрізді. Әсіресе, Кеңес үкіметінің басшыларында Алаш партиясының көсемі Әлихан Бөкейханов туралы, оның бұрын Кадет партиясының белсенді мүшесі болғаны, Кеңес үкіметіне қарсы белсенділік танытқаны жақсы белгілі болғанын бажайлауға болады. Сол себепті В.Ленин мен И.Сталиннің  1919-жылы Қазақ автономиясын құруды қарастыру кезінде Алаш  қайраткерлеріне сенімсіздікпен қарайтынын ашық байқатқандай  болды.Соған қарамастан, Қазақ автономиясы туралы қазақ делегациясымен келіссөз басталған тұста, Кеңес үкіметінің басшылығы А.Байтұрсынұлының келтірген дәлелдеріне қарсы уәж айта алмай,1919-жылы 4-сәуірде Алаш қайраткерлеріне кешірім жасау туралы қаулыға қол қойған.

Қазақ автономиясын құру туралы мәселе көбінесе үкіметтің Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.Сталинмен жүрген. Бұл төрт айға созылған келіссөздерде А.Байтұрсынов сол тұста қазақ халқы мекен ететін облыстар туралы толық  мәлімет берген, қазақ халқының грамматикалық  ғылыми тілі қалыптасқан, әдебиеті, мәдениеті бар ел екенін осы жиындарда бірнеше мәрте дәлелдеген. Ленин, Сталин, Свердлов және т.б.Кеңес үкіметінің қайраткерлері қатысқан мәжілістерде А.Байтұрсынов пен кеңеске қатысушы басқада өкілдерден Алаш қозғалысы, Алаш партиясының қайраткерлерінің революциялық кезеңдердегі қызметтері туралы да мәліметтер сұраған. 1919-жылы сәуір айында Торғайдағы Совдеп комиссары Амангелді Имановтың ойда жоқта қаза болуы  Мәскеуде өтіп жатқан автономия құру туралы кеңес кезінде біршама кедергі келтіргендей. Кеңес басшыларының алаштықтарға күмәнмен қарауы күшейген. Дегенмен, Ахмет Байтұрсыновтың біліктілігі мен білімі, айтқан дәлелдері Ленин мен Сталиннің бір шешімге келуіне әсер етті десек артық емес. Мәскеудегі А.Байтұрсынов бастаған делегация Қазақ автономиясын құру туралы Кеңес үкіметінің басшыларымен төрт айға жуық уақыт келссөз жүргізгенін еске сала кеткен жөн. Мәскеуге наурыз айында барған қазақ өкілдері дегендеріне тек шілде айында ғана қолдары жетеді.

Алаш тарихын зерттеген, А.Байтұрсынов туралы бірнеше ғылыми мақала жазған академик Кеңес Нұрпейіс  «Аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері» атты мақаласында « 1919-жылы 10-шілде күні В.Ленин  «Қырғыз (қазақ. авт) Өлкесін басқаратын революциялық комитет жөніндегі уақытша Ережеге» қол қойды. Казревкомның мүшелігіне алғашында А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, С.Пестковский (төраға) енгізіліп, кейін оның құрамына Б.Қаратаев, М.Тұнғаншин, Б.Қаралдин, Т.Седельников, Т.Әлібеков болды» деп жазады.  Сондай ақ, академик осы мақаласында «А.Байтұрсынұлы Казревком төрағасынның орынбасары, әрі оның ішкі істер бөлімінің меңгерушісі ретінде1920 жылғы 4-12-қазан күндері Орынбор қаласында өткен кеңесте бүкіл Қазақстанның құрылтай сиезін шақыру және оның басты құжаты «Қазақ АССР еңбекшілері парволарының Декларациясын» дайындауға үлкен үлес қосты» деп атап көрсеткен. Бұл Казревкомның бір жылдан астам уақыт ішінде  автономиялық республиканы құру барысындағы ұйымдастыру жұмыстары аяқталғанда  1920  жылғы  тамыз айында  Мәскеуде өтетін «Қазақ АССРі» автономиялы үкіметін құру туралы» мәселе бойынша бір ай бұрын қазақ делегациясы шақырылды.  А.Байтұрсынов Казревкомның орынбасары ретінде Пестковскийге онда баяндама жасауға  Алаш қайраткерлерінің ішіндегі ең жасы Әлімхан Ермековты жіберуді ұсынады. Сөйтіп, А.Байтұрсынов Қазақ автономиясының басшылығына келешегі бар жас Әлімхан Ермековтың кандидатурасын қолайлы көрген. Мәскеуде жасалатын баяндаманы А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков бәрі алдын ала ойласып, бірге жазған. Сонымен 1920-жылы  17-тамызда Кеңес үкіметінің басшыларының қатысуымен Қазақ автономиясының құрылымының құжаттарын талқылау басталып, онда Әлімхан Ермеков баяндама жасайды.Бір апта  талас тартыстан кейін,   27-тамызда  «Қырғыз (Қазақ) автономиясын құру туралы Декретке В.Ленин мен М.Калинин қол қойды.

Қазақ автономиясының Орталық Атқару комитетінің төрағасы болып С.Меңдешов сайланып, үкімет құрамына Ә.Ермеков кірмей қалған. Оның басты себебі, Кеңес үкіметінің басшылары әлі де Алаш қайраткерлеріне сенбейтіндігінде болса керек.

Қазақ тарихын терең зерттеушілердің бірі академик Манаш  Қозыбаев  А.Байтұрсыновтың  Алаш қозғалысы мен мәдениетін, ғылымын дамытудағы еңбектерін атай келіп «Үшіншіден, В.Лениннің ұсынысымен Қазақ өлкесін басқаратын Қазақ (қырғыз) революциялық  комиттетінің төрағасының орынбасары болған А.Байтұрсынұлы  болашақ Қазақ автономиясының  аясына барлық қазақ жерін жинауда ерекше қажырлылық танытты, Челябі облысына еніп кеткен Қостанай уезін Қазақ өлкесіне қайтару үшін М.Сералинмен бірге В.Ленинге арнайы хат жазып қана қоймай, советтердің Бүкілодақтық  атқару  комитетінде , (РКПб) орталық комитетінде қаратып, облысты кері қайтартты» деп Қазақ автономиялық республикасының құрылуына, қазақ жерінің шекаралық тұтастығының сақталуына  Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсыновтың сіңірген еңбектерін тарихи деректерге сүйене отырып атап көрсеткен. (Манаш Қозыбаев. «ХХ -ғасырдың ұлы реформаторы»атты  мақаласында).

1905-жылдан басталып,  1917-жылғы ақпан, қазан төңкерістерінен кейінде Ұлт азаттығы, мемлекеттілігі үшін  күресін жалғастырған Алаш қозғалысының белсенді қайраткерлерінің қатарында  Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев,Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемеңгеров  және т.б дарынды ақын жазушыларда  болып, олар ұлт мұраты үшін қызмет етті.

Ескерту: Бұл мақала шағын болғанымен, 1905-жылдан басталып, 1920-жылға дейінгі аралықтағы Алаш қайраткерлерінің  отаршылдыққа қарсы күресін, қазақ халқын сауаттандырып, көз- көкірегін ашу үшін оқу -ағарту бағытындағы қайратты қызметтерін, қазақтың құқығын,дінін, жерін қорғаудағы келелі істерін  кез -кезімен, рет -ретімен толық көрсетуге тырыстым.

Менің Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановқа, Алаш қозғалысының белгілі қайраткері Әлімхан Ермековке ешқандай қиғаш көзқарасым жоқ. Мен «тарихи оқиғалар қалай болды, солай сипатталуы тиіс» дейтін көзқарастағы адаммын. Бұл мақала тарихи деректер негізінде, сол көзқараста жазылды. Автор.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, жазушы, тарихшы

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.  Орталық Азия елдері қорғаныс шығынын арттырды, мұның астарында не жатыр? «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр, алайда үкімет бұл салада жұмыс күшінің азайғанын есепке алмаған». «Каспий теңізінен Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей теңіздің экологиялық ахуалын ушықтырып жатыр». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды. ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР? АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді. Стокгольмдегі бейбітшілікті

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Үздік ойдың үзінділері

    Үздік ойдың үзінділері Арма әлеумет! Мен қазір таза академиялық ғылыми ортада жүрмін. Өзімнің неше жыл бойы жинаған білімімді, оқыған оқуымды, шетелдік тәжірибемді, интеллектуалды қарым-қабілетімді шынайы қолданатын қара шаңырақтың ішінде жүрмін. Алматының бәрінен бөлек мәдени ортасы ерекше ұнады. Алматы қала мен дала дейтін екі ұғымның түйіскен әдемі ортасы екен. Ойлап көрсем мен бақытты перезент, бағы жанған ұрпақ екенмін. Әкем тұрмыс пен жоқшылық, жалғыздықтың тауқыметін әбден тартып еш оқи алмадым, небәрі үш ай оқу оқыдым-, деп менің оқуымды бала күнімнен қадағалады, шапанымды сатсам да оқытам деп барын салды. Ал мектепте бақытты шәкірт болдым. Маған дәріс берген ұстаздарым кілең дарынды, қабілетті кісілер болды. Университетте және шетелде мен тіптен ерекше дарын иелеріне шәкірт болдым.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: