|  |  |  | 

Көз қарас Сұхбаттар Қазақ шежіресі

Батырxан Құрмансейіт: Жапония – елімізбен дипломатиялық қатынас орнатуға асыққан алғашқы елдердің бірі

Батырxан Құрмансейіт: Жапония - елімізбен дипломатиялық қатынас орнатуға асыққан алғашқы елдердің бірі

ҚазАқпарат – Бүгінгі күн Қазақстан мен Жапония қарым-қатынастары үшін ерекше дата. Осыдан 25 жыл бұрын 1992 жылдың 26 қантарында екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылып, 1993 жылы Алматыда Жапонияның елшілігі, 1997 жылы Токиода Қазақстанның елшілігі ашылды. Қазақ-жапон қарым-қатынасының 25 жылдығына байланысты жапонтанушы, PhD докторы, Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінде кеңесші-уәкіл, ҚР Президент Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығында инспектор болып қызмет атқарған және қазіргі таңда «Жапония Достық алмасулар халықаралық кеңесі (FEC)» ұйымының Қазақстандағы өкілі Батырxан Құрмансейітпен «ҚазАқпарат» тілшісі сұхбаттасты.

- Батырхан Құрмансейітұлы, бүгін 26 қаңтар Қазақстан мен Жапония арасында дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 25 жыл толып отыр. Тарихқа көз жүгіртсек, 1991 жылдың 28 желтоқсанында Жапония Қазақстанның тəуелсіздігін мойындады. 1992 жылдың 26 қантарында Қазақстан мен Жапония арасында дипломатиялық қатынастар орнатылып, 1993 жылы Алматыда Жапонияның елшілігі, 1997 Токиода Қазақстанның елшілігі ашылды. Жапонияда көп жыл қызмет еткен маман ретінде, екі ел арасындағы қарым-қатынас қалай басталды әңгімемізді содан бастасақ.

- Иә, бүгін Қазақстан мен Жапония арасында дипломатиялық қатынастар орнатылған күн. Осыдан тура жиырма бес жыл бұрын екі ел арасында ресми түрде саяси-дипломатиялық байланыстардың негізі қаланып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарға жол ашылған еді.    Жапония еліміздің тәуелсіздігін мойындауға және бізбен дипломатиялық қатынастар орнатуға асыққан мемлекеттердің бірі екенін айта кетуіміз керек. Мысалы, көрші мемлекет Қытай мен біздің елдің арасында дипломатиялық қатынастар сол жылдың екінші жартысында, яғни тамыз айында орнатылса, Ресеймен одан да кешірек қазан айында орнатылғаны белгілі. Әрине, оның өзіндік себептері бар, дегенмен, Жапония Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындағаны тарихи факт. Тарих демекші, реті келіп тұрғанда Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынастардың неден басталғаны, қалай басталғаны жайында қысқаша айта кетейік. Тәуелсіздігіміздің он екінші күні, яғни 1991 жылдың 28 желтоқсанында Жапонияның Мәскеудегі елшілігі Мәскеудегі Қазақстанның Өкілетті өкілдігіне Жапония үкіметінің біздің тәуелсіздігімізді мойындағанына қатысты Жапония Сыртқы істер министрінің хатын тапсырады. ҚР Президенті архивінде сақталған сол хатта былай деп жазылған (хат бірінші рет жапон тілінен қазақ тіліне тікелей аударылып отыр):     «Осы хат арқылы Жапон үкіметінің 1991 жылдың 28 желтоқсанында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындағаны жайлы хабарлауды өзіме мәртебе тұтамын. Жапон үкіметі мен халқы Қазақстан Республикасының үкіметі мен халқын Қазақстан Республикасының тәуелсіздігімен терең сезіммен құттықтайды. Осындай қуанышты сәтте Жапон үкіметі мен халқы Қазақстан Республикасының өркендеуін шын жүректен тілейтінін және екі ел арасында достық қатынастарды дамытуға ниетті екенін мәлімдеймін. Жоғарыда баяндалғанды жеткізе отырып, Жоғары Мәртебелі, Сізге деген шынайы құрметімді білдіремін. 

   1991 жыл 28 желтоқсан,    Жапония Сыртқы істер министрі Ватанабэ Митио Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ақмарал Арыстанбековаға».         Байқасаңыз, Жапония Сыртқы істер министрі осы тарихи хатты Қазақ ССР-нің соңғы сыртқы істер министрі болған А.Арыстанбекованың атына жолдап, ол кісіні хатта «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі» деп көрсеткен. Әрине, жаңа мемлекет Қазақстан Республикасын тәуелсіздігімен құттықтап отырған хат болғаннан кейін Жапония Сыртқы істер министрінің солай жазғаны орынды, басқаша болуы да мүмкін емес еді. Недегенмен, ол күндері Жапония үкіметі 1991 жылдың 20 желтоқсанында президент Нұрсұлтан Назарбаев дипломат Төлеутай Сүлейменовты тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Сыртқы сыртқы істер министрі қылып тағайындағанын әлі білмеген болар. Айтпақшы, жапондық дипломаттар А.Арыстанбекованың әкесінің атын (Хайдар) толық білмеді ме екен, әлде қалай, әйтеуір, аты мен тегінің ортасындағы «отчествасының» орнына (жазбай-ақ қоюға болатынын да білмеген болар деп ұқтым) жапон тілінің буын әліппесіндегі «ха» белгісінің ұзартылған түрін  тіркеп қойған екен. Бұны неге сөз қылып отыр дейсіз ғой, жоғарыда аталғандай, дүние астаң-кестең боп жатқан сол күндері Жапония үкіметі еліміздің тәуелсіздігін мойындауға асығып жатқанының бір көрінісі болса керек деп ойлаймын.

               Тәуелсіздігімізді құттықтап хат жазған сол М.Ватабэ мырза 1992 жылдың мамыр айында Жапония премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі ретінде елімізге сапар жасап, екі ел арасында саяси диалогтың басталуына алғашқы қадам жасады. Тәуелсіздігіміздің бірінші жылдары дамыған мемлекеттер тарапынан жоғары деңгейде Қазақстанға сапар ұйымдастырған елдердің көп болмағанын ескерсек, бастапқы кезеңде-ақ үкімет басшысының орынбасары деңгейінде сапар ұйымдастырған Жапония үкіметі Қазақстанмен және жалпы Орталық Азия аймағымен тезірек тығыз қатынастар орнатуға қатты қызығушылық танытқандарын аңғаруға болады. Әрине, ол кезде ондай қызығушылықтың артында Жапонияның әскери-саяси одақтасы болып табылатын Америка құрама штаттарының тұрғаны да жасырын емес еді. АҚШ-тың ол кездегі сыртқы саясаты жаңадан тәуелсіздігін алған мемлекеттердің Ресейге деген саяси-экономикалық тәуелділігін азайтуға, араларын барынша алшақтатуға бағытталды және сол үшін өз одақтастарынан, әсіресе Токиодан осы елдерге қаржылай көмек көрсетіп, көңілдерін аулауға шақырған еді. 1992 жылдың қазанында Жапония үкіметі Токиода бұрынғы Совет Одағынан шыққан мемлекеттерге көмек көрсету жолдарын талқылауға арналған халықаралық конференция ұйымдастырып, оған АҚШ бастаған батыс елдері жан-жақты атсалысқаны соның айғақ дәлелі. Ол конференцияға біздің елден жоғарыда аталған бірінші сырты істер министріміз Т.Сүлейменов қатысып, тәуелсіз Қазақстанның ресми өкілі ретінде Жапонияға барған алғашқы саясаткер болды.   Сол кездесуде Токио басқа елдермен қатар, Қазақстанға да қаржылай және техникалық көмек пен нарықтық экономика құруға бағытталған реформаларды жүргізуге қажетті мамандар дайындауға көмек көрсетуге уәде берген еді. Жапон үкіметі сол сөзінде тұрып, айтқанын орындады. Бүгінге дейін көмек көрсетіп келеді.  Ол жылдары әлемнің ең дамыған батыстың басты елдері қатарына кіретін бірден бір азиялық мемлекет болып табылатын Жапониямен жан-жақты қатынастар орнатуға біздің үкімет тарапынан да, халқымыз тарапынан да қызығушылықтың өте жоғары болғанын атап өтуіміз керек. Сондай қызығушылықтың бір көрінісі ретінде айтар болсақ, 1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінде жапон тілі бөлімі ашылып, еліміздің жастары жапон тілін үйрене бастағандары соның дәлелі. Кейінірек Қазақстанның Жапониядағы төтенше және өкілетті елшісі, бүгінде ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов қазақтан шыққан алғашқы жапон тілінің мұғалімі болса, мен өзім сол кісіден сабақ алған алғашқы студенттердің бірі едім. Елімізде бірінші боп жапон тілін оқытып, дипломат боп көп жылдар Жапонияда қызмет атқарған А.Камалдинов екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға өз еңбегін сіңіріп келе жатыр. Сондай-ақ, жапон үкіметінің қаржыландыруы есебінен түрлі бағдарламалар арқылы (Жапония халықаралық ынтымақтсатық агенттігі – JICA, «Жапон қоры» т.б.) Амантай Торғаев сияқты шығыстанушы мамандар Жапонияда бірінші болып білімін арттырып келе бастаған еді және жоғарыда жапон үкіметі сөзінде тұрды дегенім, бүгінге дейін жапон тарапының қаржыландыруымен бір жарым мыңға жуық қазақстандық маман осы елде білім алып, біліктілігін арттырып келген. Олардың көбісі екі ел арасын жақындастыруға көптен бері көп үлес қосып келе жатқан Нұрлан Сәрсенбай төрағалық ететін JICA бағдарламасы арқылы Жапонияда оқып келген азаматтардың басын қосу мақсатында құрылған арнайы Ассоцияцияның мүшелері болып табылады. Ол мамандардың Жапонияда алған білімі мемлекетімізді дамыту жолында бір кәдеге жарап жатса, жапон тілін білетін мамандар екі елді жалғап жатқан көпір деуге әбден болады. Жалпы жапон тілін оқыту жапон үкіметінің мүддесіне сай саясат екені сөзсіз. Жақында Оңтүстік-Шығыс Азияға сапар жасаған Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ сол елдердің бірінде жапон тілін меңгерген мамандармен арнайы кездесіп, оларға «осы елдегі біздің байлығымыз дәл мына сіздерсіздер» деп сөйлегені көпті аңғартса керек. Ал оның алдында ғана, осы айдың онында Жапонияның үкімет басшысы Токиода жапон тілінде сөйлейтін шет мемлекеттердің елшілерін өзінің резиденциясына арнайы шақырып, елшілермен өз тілінде сөйлесіп отырып түскі ас ішу шарасын ұйымдастырғанын айтар болсақ, жапон үкіметінің шет елдерде жапон тілін оқытуға қатысты саясатының астарын аңғаруға болады. Негізі жапондармен жұмыс жасау үшін жапон тілін білу шарт десек артық айтпаған болар едік. Олармен ағылшын тілінде де, орыс тілінде де сөйлесіп, әңгіме құруға болады, дегенмен, жапонды толық тек жапон тілінде ғана түсінуге болады деп ойлаймын. Сондықтан жаңағы айтқан жапон тілін білетін елшілердің арасында Қазақстанның Жапониядағы қазіргі төтенше және өкілетті елшісі, жапон тілінің маманы Ерлан Баударбек-Қожатаевтың да болғаны қуантарлық жағдай.   Сонымен қатар, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар жүйесінде өзіндік орны бар «Қазақстан-Жапония экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комитеттің» төрағасы, еліміздің Жапониядағы ең бірінші дипломаты болған, жапон тілін жетік білетін Сабыр Есімбековты арнайы атап өткім келеді. Қазақстандық жоғары оқу орындарында жапон тілінен сабақ беріп жүрген ұстаздар мен жапондық университеттерде білімін арттырып жүрген олардың шәкірттері өз алдына бөлек әңгіме, олардың арасынан әлі нағыз білікті мамандар шығады деп үміт артамыз.

Батырxан Құрмансейіт: Жапония - елімізбен дипломатиялық қатынас орнатуға асыққан алғашқы елдердің бірі

- Олай болса осы артта қалған жиырма бес жылда Қазақстан мен Жапонияның қарым-қатынастары қалай дамып, бүгінгі таңда қандай деңгейге жетіп отыр, сол жайында не дер едіңіз?

- Жалпы Қазақстан мен Жапонияның осы жиырма бес жылдағы қарым-қатынастарының бүгінге дейінгі тарихын екі мемлекеттің басшылары деңгейіндегі өзара ресми сапарлар мен биік деңгейде өткен келіссөздердің нәтижелеріне сәйкес даму кезеңдеріне жіктеуге болады деп ойлаймын. Ол сапарлар жайлы екі елдің сыртқы істер министрліктері тарапынан ресми түрде ақпарат беріліп жүр, дегенмен біз де хронологиялық кезекпен қысқаша шолып өтейік.     Егемен ел ретінде іргеміз қалана бастаған 1994 жылдың сәуірінде президент Н.Назарбаев Жапонияға алғаш рет ресми сапар жасап, екі ел арасындағы саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың негізін қалады. Екі ел арасында шартты-құқықтық негіз болмағандықтан тараптар Жапония мен бұрыңғы Совет Одағы арасында қол қойылған келісімшарттарды мойындауға қатысты ноталармен алмасқан кезең еді. Сондықтан, президентіміздің Жапонияға алғашқы сапары тәуелсіз Қазақстанды жапон еліне таныстырып, жапон үкіметі тарапынан еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға қажет қаржылай және техникалық көмек көрсетілуін қамтамасыз етуге бағытталған еді. Жапония үкіметі президенттің бастауымен біздің елдің ядролық қарудан бас тартқанын жоғары бағалап, Дамуға арналған ресми көмек бағдарламасы бойынша қаржылай және техникалық көмек көрсетуге уәде берді. Қазақстанға жапондық компаниялар келе бастады. Президентіміздің 1999 жылдың желтоқсанында өткен Жапонияға екінші сапары барысында жапон тарапы мемлекетімізде жүргізіліп жатқан нарықтық реформалар жайында ақпарат алып, олардың ары қарай нәтижелі жүргізілуіне, Еуразия құрлығының орталығына ауысқан еліміздің жаңа астанасына Дамуға арналған ресми көмек бағдарламасы аясындағы көмекті жалғастыруға уәде етіп, елімізге Орталық Азиядағы маңызды мемлекет ретінде қарайтындарын жеткізді. Қазақстанда Дамуға арналған көмек бағдарламасы аясындағы жобалар жалғасын тауып, жапондық компаниялар мұнай-газ саласы мен энергетика саласындағы еліміздегі ірі жобаларға қызығушылық таныта бастады.

       2006 жылдың тамызында Жапония премьер-министрі Дзюнъитиро Коидзуми алғаш рет Қазақстанға ресми сапар жасап, екі елдің энергетика саласындағы, әсіресе уран өңдеу саласындағы ынтымақтастығын дамыту екі елдің мүддесіне сай екені аталды. Жапон тарапынан Дамуға арналған ресми көмек бағадарламасымен қатар жапон компанияларының елімізге инвестиция салуға қызықшылық танытып отырғаны ашық айтылды. Еліне оралған бетте Д.Коуидзуми отставкаға кеткенімен, келесі жылдың сәуір айында оның бастап кеткен ісін нақтылап кету мақсатында ұйымдастырылған Жапонияның экономика, индустрия және сауда министрі Акира Амаридің Қазақстанға сапары барысында екі ел компаниялары арасында уран саласындағы маңызды жобаларға қатысты жиырмадан астам келісімшартқа қол қойылып, екі елдің энергетика саласындағы ынтымақтастық деңгейі халықаралық қауымның назарын аудартты. Сондықтан, біздің президенттің 2008 жылғы маусымдағы Жапонияға кезекті ресми сапары сауда-экономикалық тұрғыдан алдыңғы сапарлармен салыстырғанда едәуір өзгеше болды. Жапон үкіметі Қазақстанды Орталық Азиядағы экономикалық алып ел атап, елімізге деген көзқарасын Дамуға арналған ресми көмек бағдарламасы тұрғысынан сауда-экономикалық әріптестік тұрғысына өзгерткені көзге түсіп, сөзге  айналды. Одан жеті жыл өткенде 2015 жылдың қазанында Жапонияның премьер-министрі С.Абэ Қазақстанға ресми сапар жасады. Жапонияның әлемнің дамушы мемлекттерімен қарым-қатынастарындағы басты құралы болып саналатын Дамуға арналған ресми көмек бағдарламасы Қазақстанға қатысты қолданылмайтын қазіргі кезеңде тараптар бір-бірін стратегиялық әріптес атап, елімізде инфрақұрылымдық жобаларды, әсіресе атом саласындағы ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Ал енді президентіміздің өткен жылдың қарашасындағы Жапонияға ресми сапары мәні жағынан да, сапасы жағынан да басқа сапарлармен салыстырғанда басқа дәрежеде болды деп айтуға толық негіз бар. Бұрынғы Совет одағы елдері арасында алғаш рет біздің президентке Жапония Парламентінде сөз сөйлетіп, құрмет көрсеткен жапон тарапы Қазақстанның екіжақты қарым-қатынастарда ғана емес, халықаралық сахнада да маңызды ел екенін атап, Хиросима қаласына шақырып, ядролық қаруды жою мен қарусыздану, атом қуатын тек бейбіт мақсатта пайдалану деген сияқты салалардағы ынтымақтастықты ескеріп, стратегиялық әріптес ретінде жоғары бағалайтынын білдірді. Бұл тек қуантатын жағдай деп ойлаймын. Жиырма бес жылда Жапония сияқты әлемдегі экономикалық және ғылыми-технологиялық алып мемлекеттердің бірімен стратегиялық әріптестік деңгейінде қарым-қатынастар орнатып жатсақ, еліміздің сондай дәрежеге жеткенінің белгісі деп білемін. Тек енді екі ел де сол стратегиялық әріптестік сөз жүзінде емес, іс жүзінде іске асар деп үміт артамыз.       Осы тұрғыдан Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі ахуалы мен ынтымақтастық деңгейі жайлы өзімнің жеке пікірімді айтар болсам, елдерміз арасында ешқандай ірі саяси проблемалардың жоқтығы (екі ел арасында ешқандай тарихи дау жоқ, жапон үкіметі ешқашан Қазақстанның ішкі істеріне араласқан емес, екі ел ешқашан халықаралық құқық органдарында бірін-бірі сотқа берген емес), екі мемлекеттің халықаралық сахнадағы позицияларының ұқсастығы (БҰҰ-ны реформалау қажеттігі, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану және т.б.), өзара сауда-экономикалық ынтымақтастыққа деген қызығушылықтың жоғары екенін (Қазақстан табиғи ресурсқа бай, ал Жапонияда техника, технология дамыған) ескеріліп, екі елдің қарым-қатынастар деңгейі «стратегиялық әріптестік» деп аталып жүр.  Әрине, президент Н.Назарбаевтың өткен жылғы 6-9 қарашадағы Жапонияға ресми сапарының нәтижесі бойынша екі мемлекеттің басшылары қол қойған «Азияның өркендеу ғасырындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік» деп аталатын бірлескен мәлімдеме де, оның алдында 2015 жылдың қазанында өткен Жапония премьер-министрі С.Абэнің Қазақстанға ресми сапары барысында қабылданған «Қазақстан Респубикасы мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету және кеңейтуге қатысты» бірлескен мәлімдеме де екі елдің қатынастар тарихында сөзсіз маңызды құжаттар болып қалады деп есептеймін. Дегенмен, аталған мәлімдемелердің мағынасына, әсіресе екі елдің өңірлік және халықаралық сахнадағы ынтымақтастығына қатысты тұстарына қарасақ, тараптардың кімді немесе нені меңзеп отырғаны айқын байқалады. Осы тұрғыдан бұндай «стратегиялық әріптестік» екі ел арасындағы жан-жақты және түрлі маңызды салалардағы ынтымақтастық дәрежесінің шынайы болмысынан емес, тараптардың ең алдымен саяси-дипломатиялық мүдделеріне ғана негізделіп отырғанын статус деп ойлаймын. «Қазақстан мен Жапонияның әріптестігі ана дәрежеге жетті, мына дәрежегі жетті» деген «асыра сілтеудің» аздап болғаны екі елдің дипломатиясы үшін артық емес, ол түсінікті, дегенмен, тек асыра сілтеуге ғана әуестеніп кетпеген абзал.   Жалпы халықаралық қатынастар жүйесінде «стратегиялық әріптестік» ұғымының белгілі бір әмбебап анықтамасы жоқ, сондықтан екі мемлекет өзара байланыстар мен қарым-қатынастар деңгейін «стратегиялық» деп атап жатса әркімнің өз еркі. Олай болса екі ел арасында алдағы уақытта сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда да атына заты сай шынайы стратегиялық әріптестіктің тереңдеуін тілейтін боламыз және осы бағыттағы жұмыстарды жандандырудың маңыздылығы зор деп білемін.

Батырxан Құрмансейіт: Жапония - елімізбен дипломатиялық қатынас орнатуға асыққан алғашқы елдердің бірі

- Сауда-экономикалық әріптестік демекші, Жапонияны еліміздегі табиғи ресурстардың болуы қызықтырары сөзсіз. Жапон компаниялары Қазақстанның мұнай игеру саласындағы ірі халықаралық жобаларына жəне сирек металдарды өңдеу саласындағы жобаларға қатысып отырғаны белгілі. Жалпы жапон кәсіпкерлері Қазақстанды сенімді серіктес деп қабылдай алды ма?

- Иә, экономикалық тұрғыдан Жапония біздің елді ең алдымен табиғи ресурстарға бай ел ретінде қабылдайды. Мысалы, жапондық «Inpex North Caspian Sea Ltd.» компаниясы еліміздің мұнай-газ саласындағы ең ірі жоба болып табылатын «Қашаған» кен орнын өңдеу жобасына қатысып, «NCOC» халықаралық консорциумының 7,56%-ын иемденіп отыр. Аталған халықаралық консорциумның акционерлері арасында американдық «ConocoPhilips» компаниясының орнына қытайлық CNPC келгенге дейін батыс елдері компаниялары ішінде Азиядан тек осы жапондық компания ғана болған еді және оның біздің ел үшін өзіндік мәні терең еді. Сондай-ақ, жоғарыда айтылғандай, жапон компаниялары біздің елде уран өңдеу саласында белсенділік танытып, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясымен бірнеше бірлескен кәсіпорындар құрып («АППАК», «Қызылқұм»), бірнеше ірі бірлескен жобаларға (Оңтүстің Қазақстан облысындағы «Мыңқұдық» уран кенін өңдеу, Қызылорда облысындағы «Қарасан-1» уран кенін өңдеу) қатысып отыр. Сонымен қатар, жапондық компаниялар сирек металдарды өңдеу мен балама қуат көздерін өңдеу салаларында тағы сол «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясымен бірнеше бірлескен кәсіпорындар құрып («Summit Atom Rare Earth Company», «ҚТ Сирек металл компаниясы»), бірнеше жобаларды бастаған болатын. Мұндай жоғары технологиялар мен көп қаржыны қажет ететін стратегиялық салалардағы бірлескен жобаларға жапондық «Sumitomo», «Marubeni» сияқты ірі сауда компаниялары бастаған жапондық басты энергетикалық компаниялар мен «Toshiba» сияқты алып компаниялар қатысып отырса, олардың Қазақстандағы белсенділігіне жапон үкіметі тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Елімізде бұлардан бөлек салаларда да, мысалы, көлік-логистикалық саласында («Senco-Lancaster», «NYK Auto Logistics»), ауылшаруашылық саласында («Toyota Tsusho Corporation», «Cokey Systems Co.Ltd»), металлургия саласында («Tokyo Rope MFG.Co.,Ltd») сияқты тағы басқа жобалар да басталып отыр және бұл жобалар елімізге тартылған инвестициялар көлемі жағынан ірі жобаларға жатпағанымен, тиімді жүзеге асырылып жатса осы компаниялардың еліміздегі жобаларының одан ары қарай дами беруіне және елімізге басқа да жапон компанияларының келуіне септігін тигізер маңызды жобалар деп есептеймін.     Бірақ, аталған жобалардың барлығы жоспар бойынша іске асырылып отыр ма дегенге келетін болсақ, өкінішке орай біраз жоба түрлі себептермен жүзеге аспай отырғаны рас. Жапон тарапынан ғана емес, Қазақстан тарапынан да салынған инвестиция мен қаржылар әлі ақтамалмай отырған бірлескен жобалар болса, басында жақсы-ақ басталғанымен, дегеніне жетпей, жарты жолда тоқтап қап жатқан жобалар да жоқ емес. Екі ел арасында сауда жүріп, тауар айналымы шамамен бір жарым млрд. долларды құрап отырғанымен, әлі де болса екі ел компаниялары арасында сенімді әрі берік серіктестік орнап отыр деп айтуға келмейді деп ойлаймын. Өкінішке орай, екі ел арасындағы сауда-экономикалық әлеуеттің дұрыс пайдаланылмай отырғаны анық.

       – Ал екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынастар жайында не айтар едіңіз? Мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынастарға келер болсақ, Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастық қана емес, жалпы халықаралық қатынастар жүйесінде мәдениет, білім және ғылым, сондай-ақ спорт салаларындағы қатынастардың жөні тіпті бөлек болуы керек деп ойлаймын. Бұл салалардағы қатынастар үкімет тарапынан қаржыландыруды қажет еткенімен, мемлекеттің, елдің шетелдердегі имиджін қалыптастыратын бірден бір құрал екені белгілі. Сондықтан бұл саладағы қатынастарға көп көңіл бөлу керек. Мысалы, 2008 жылдың желтоқсан айында сол кездегі біздің мәдениет министріміз Мұхтар Құл-Mұхаммед бастап барған еліміздің «Отырар» және «Камерата Казахстана» оркестрлерінің Токиода өткен концертіне жапон жұртшылығы қатты тәнті боп, толық зал аяғынан тік тұрып қол шапалақтап қана қоймай, «өскен елдің ісі, одан ары дами беретін мемлекеттің тірлігі» деп еліміз жайлы өте жақсы сөйлеп жатқандарын өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естідім. Одан бері қаншама жоғары лауазымдыларымыз жапон елінде қаншама биік мінбеден саяси немесе экономикалық жетістіктерімізді айтып, қаншама әдемі сөз сөйлегенімен, сол бір мәдени шараның жасап кеткенін жасай алмай келе жатыр десек артық айтпаған болар едік. Ал енді спортқа келетін болсақ, бұл жерде де тарихқа көз жіберіп көрсек деймін. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары, сонау 1994 жылдың қазанында, әлі Жапонияда тіпті біздің елдің әлі елшілігі де ашылмаған кезеңде Жапонияның Хиросима қаласында өткен Орталық Азия елдері алғаш рет қатысқан 12-ші жазғы Азия ойындарында біздің елдің командасы 25 алтын, 26 күміс, 26 қола медаль ұтып алып, 77 медальмен Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореядан кейінгі төртінші орынды иеленіп жапон жұрты мен спортсүйер қауымын таңғалдырған еді. Ал енді 1996 жылдың ақпанында Қытайдың Харбин қаласында өткен тағы да сол Орталық Азия елдері алғаш рет қатысқан 3-ші қысқы Азия ойындарында біздің елдің командасы жалпы есеп бойынша Қытай мен Жапониядан кейін үшінші орынды иемденіп (14 алтын, 9 күміс, 8 қола), ал алтын медальдің саны бойынша жапон командасын екі еседей артта қалдырып, тура мағынада жапон қауымының аузын аштыртып еді. Ал енді 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен қысқы Азиядада біздің команда бәрін артта қалдырып, бірінші орынды иеленіп Азияның спорт алыбы атанғаны есімізден шыға қоймас. Сол ойындарға қатысқан жапондық спортшылардың бірінен «біз сіздерді жеңе алмадық, біз сіздерді мойындадық» дегенді естігенімде «бұндайды есту қандай бақыт» деп қуанышым қойныма сыймай тұрғаны есімде. Соңғы жылдары жапон жұрты біздің жас спортшымыз, мәнерлеп сырғанаудың әлемге танымал шебері Денис Тенді жақсы танып, өнеріне тәнті боп жүр. Қазақстанға сапары барысында Назарбаев Университетінде баяндама жасаған Жапонияның премьер-министрі С.Абэ өз сөзінің басында Денисті жапон халқы жақсы білетіні жайында айтып еді. Спорт – елді мойындататын үлкен күш, сондықтан, Қазақстан мен Жапония арасында да спорт саласындағы қатынастарды дамытуға күш салуды аямау керек деп білем.

            Сондай-ақ білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы айтпай-ақ белгілі болу керек деп ойлаймын. Жапон халқы әлі де болса біздің ел жайында көп біле бермейді, сондықтан Жапонияда оқып жүрген немесе қызмет жасап жүрген біздің әрбір азаматымыз жапон жұртына елімізді барынша жағымды жағынан таныстыра жүрсе екен деп тілейміз. Түрлі мәдени шаралар өткізу арқылы жапон еліне Қазақстанды кеңінен таныстырып жүрген жастарымыз да жоқ емес. Олар жайлы біліп жүрміз, оларға тиісті мекемелер тарапынан барынша қолдау көрсету керек деп ойлаймын. – Қазақ-жапон қарым-қатынастарының өткені мен қазіргі ахуалы туралы айтып отырсыз, ал енді екіжақты ынтымақтастықтың келешегі жайында не айтар едіңіз?   Жоғарыда айтылғандай, 2015 жылдың қазанындағы Жапония премьер-министрінің Қазақстанға сапары және біздің президенттің 2016 жылдың қарашасындағы Жапонияға сапары екі ел арасындағы саяси-дипломатиялық  ынтымақтастықтың жаңа кезеңге қадам басып отырғанын көрсетті. Жапон үкіметінің басшылығы біздің елге Азиядағы көп елдерден  бөлек тек көмек көрсету тұрғысынан емес, өзара тиімді сауда-экономикалық әріптестікті дамытуға болатын мемлекет ретінде қарай бастағаны анық байқалып отыр. Екі елдің басшылары арасында осындай жиі байланыстардың орнатылып отырғаны да екіжақты қарым-қатынастар тарихында бірінші рет болып отырған құбылыс. Президент Н.Назарбаев қазіргі премьер-министр С.Абэге дейін жапон үкімет басшысымен ешқашан бір реттен артық кездеспеген болатын. Ал Н.Назарбаев пен С.Абэ өзара ресми сапарлармен алмасуға дейін халықаралық шаралар аясында бір рет емес бірнеше рет кездесу өткізіп, бір-бірімен жақын танысып үлгерген еді. Бейресми кездесулер болғанымен олар екі мемлекет басшылары арасында тығыз және сенімді байланыстар орнатылуы тұрғысында маңызды кездесулер болды. Әсіресе, 2014 жылдың наурызында Гаага қаласында өткен Ядролық қауіпсіздікке қатысты халықаралық саммит аясында ұйымдастырылған екі ел басшыларының елу минуттан астамға созылған (ресми сапарлар барысындағы келіссөздердегі уақытпен тең) кездесуі ерекше кездесу болғаны сөзсіз. Біздің президент тоқтаған қонақүйге жапон үкіметінің басшысы арнайы атбасын бұрған (дипломатиялық тұрғыдан қарағанда бұның мәні терең еді) осы кездесуде екі ел басшылары екіжақты ынтымақтастық жайында ғана емес, әлемнің ядролық қауіпсіздігі мен екі елдің осы саладағы тығыз әріптестігі, атом қуатын бейбіт мақсатта қолдану саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ сол күндері әлемді дүрліктіріп тұрған Қырым мәселесі, Ресей мен Украина арасындағы ушыққан жағдай сияқты өзекті мәселелер жайында ашық сөйлескен еді. Сол кездесу премьер-министр С.Абэнің біздің президентті халықаралық дәрежедегі саясаткер ретінде жақынырақ таныған кездесу ғана емес, оның Ресей президенті В.Путинге деген көзқарасына да әсер еткен кездесу болды деп ойлаймын. Айтпақшы, осы маңызды кездесу туралы ақпарат неліктен екені белгісіз ҚР СІМ-нің ресми сайтындағы екіжақты жоғары деңгейдегі кездесулер тізіміне кірмей қалыпты. «Дипломатияда кездейсоқтың болмайды» деп қайталауды жақсы көретін дипломаттар мекемесінің ресми сайтында мемлекет басшыларының маңызды кездесуі туралы ақпараттың болмауын қалай түсінуге болады? Жалпы ҚР СІМ-нің сайтындағы Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастық туралы ақпараттың өткен жылдың басынан бері жаңартылмай тұрғаны өте өкінішті. Бұны біз бекер айтып отырған жоқпыз, сөз Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің  ресми сайты туралы болып отыр, бұндайға ұсақ-түйек техникалық мәселе деп қарауға әсте болмас. Мемлекет басшыларының кездесуі жайындағы ақпаратты ұмытып кетер болса, басқасын айтып жатудың өзі артық болар. Біздің министрлік қана емес, Жапония СІМ-нің ресми сайтындағы ақпараттарда да ақау болып жатады. Мысалы, Қазақстаннан Жапонияға жасалған жоғары деңгейдегі ресми сапарлардың тізіміне 2010 жылдың қарашасында өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы О.Мұхамеджановтың сапары жайлы ақпарат тіркелмей қалған. Екі жақ та алдағы уақытта осындай мәселелерге көбірек көңіл бөлетін болар деп ойлаймыз.  Қайткен күнде де, жаңа кезеңге қадам басқан екіжақты саяси-дипломатиялық қатынастардың ары қарай қалай даму керек екенін және саяси әріптестікті қандай жолмен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы қатынастарды тереңдету мақсатында тиімді пайдалану керек екенін жаңа көзқараспен ойланатын кез келген сияқты. Жалпы халықаралық қатынастар жүйесіндегі жаңа үрдістерді ескере отырып, елдер арасындағы жан-жақты қарым-қатынастарды дамыту жұмыстарын тек дипломаттардың иығына ғана жүктеп қоймай, олардың жұмысына қолдан келгенше басқа да мекемелер мен ұйымдар тарапынан қолғабыс көрсетіп отыру жүйесін қалыптастыруды қолға алу керек деп ойлаймын. Реті келгенде айтып кетейін, менің жапон тілінде жазған докторлық диссертациям да осы тақырыпқа байланысты еді.   Жасырмай айтар болсақ, мысалы, Жапонияда оқып келген немесе оқып жүрген азаматтарымыз арасында жапон тілін де, сол елдің мәдениеті, саясаты мен сауда-саттық жүйесін де біздің сол елдегі кейбір дипломаттарымыздан әлдеқайда артық білетіндері бар. Сондықтан екі елдің түрлі салалардағы ынтымақтастығын дамуыту мақсатында олардың әлеуетін барынша пайдалану керек деп ойлаймын. Жалпы, Жапонияны жан-жақты білетін, жапон тілін жақсы меңгерген жас мамандардың санын көбейтіп, біздің осы елде қызмет атқарып жүрген дипломаттар мен басқа да мамандардың арасында бәсекелесік тудыратын немесе олардың жұмысын объективті түрде сынап отыру жұмысын жүйелендіру керек деп ойлаймын. Көпке соза бермей, әлеуеті мықты мамандардың басын қосып, олармен екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында жүйелі түрде жұмыс жасауды бастау керек.

    Жапониямен қолдан келгенше және барынша мәдени-гуманитарлық және спорт салаларындағы қатынастарымызға күш салуымыз қажет деп ойлаймын. Елімізге жапондық іскерлер мен инвестицияларды көбірек тартып немесе оларға шағаратын экспорт көлемін ұлғайтайық деген ниетіміз бар екені рас болса, онда бүгінге дейін екі елдің арасында жүрген бірнеше компаниялармен ғана кездесіп, қол қысысып қою жеткіліксіз. Жалпы экономикасы табиғи шикізат пен минералды ресурстарға негізделген көп елдермен салыстырғанда Жапонияның экономикасы акционерлік капиталға негізделгенін ескерсек, сол бизнесмендер нәпақа тауып, күнін көріп жүрген компаниялардың акционерлері негізінен жалпақ жапон жұрты екенін естен шығармай, елімізді ең алдымен сол акционерлер қауымына, яғни жалпы жапон жұртына дұрыс таныстыра білуіміз маңызды деп ойлаймын. Жапон жұртына екіжақты қарым-қатынастардың жаңа кезеңінде өзімізді тың мүмкіншіліктер тұрғысынан таныстыру арқылы екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар жүйесіне жаңа «ойыншыларды» қосуымыз қажет. Әйтпесе, шикізатқа бай Қазақстан мен дамыған технологияға бай Жапония сияқты екі мемлекеттің арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды бес-алты компанияның ғана қолына ұстатып қойғанымызға міне тура жиырма бес жыл болды. Жекешелеп аттарын атамай-ақ қояйын, дегенмен, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар десе, көбінесе Қазақстан мен Жапонияның үкіметтік және жеке секторлар арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа қатысты бірлескен комиссиясы аясындағы экономикалық комитетке кіретін сол бес-алты жапондық компаниядан ары аса алмай жүргеніміз рас. Бұл айтқаным дұрыс қабылданса екен деймін. Сол бес-алты компанияға ешкімнің айтар өкпесі жоқ. Әлемге аты әйгілі алып компаниялар болып табылатын олар тәуелсіздік ала сала елімізге келіп, өз өкілдіктерін ашып, халықаралық қауымдастық арасында «Қазақстанға жапондар келіп жатыр» деген жағымды имидж қалыптастыруға зор ықпал етті. Жасап жатқандары өз алдына, түк жасамай-ақ қойса да жапондық ірі корпорациялардың дәл сол жылдары елімізге келіп жатқанының өзі біз үшін пайдалы болды деп ойлаймын. Ресей мен Қытайдың кейбір БАҚ-тары сол кезде  «Қазақстанды жапондар басып алатын болды» дегенге саятын, кейде болмағанды болдырып жазғандары біздің елге шетелдік инвесторлардың назарын аудартуға оң әсерін тигізгені жасырын емес.

    Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда жапон үкіметінің Дамуға ресми көмек бағдарламасы аясында елімізде іске асырылған инфрақұрылымдық жобаларға қатысқан да, ол жобалардан пайда тапқан да, жоғарыда айтылған энергетика саласындағы жобаларға қатысып отырған да сол компаниялар. Дегенмен, ондай жобалардың барлығы дерлік мемлекет қаржысына немесе мемлекет тарапынан кепілдендірілген қаржыларға жүргізіліп отырған жобалар еді. Сондықтан, Қазақстан Дамуға арналған ресми көмек бағдарламасының нысаны болмай қалған осыдан шамамен оншақты жылдан бері, яғни үкімет тарапынан қаржыландырылатын жобалар болмай қалған кезден бастап екі ел арасында бірде-бір инфрақұрылымды жоба жүзеге аспай отыр, ал тек сол үкіметтен бөлінетін қаржыға ғана жұмыс жасап үйренген жаңағы компаниялар арасында өз тарапынан инвестиция салып, нақты бизнес жобаларды жүргізуге құлшынып отырғандары аз. Олар алып компаниялар, бірақ, дәл сол алып компания болғандықтан жұмыс жасау мен басқару жүйелері тым қатты бюрократияланып кеткен, шешімдер тез қабылдана қоймайды, компаниялардың қатардағы менеджерлері ғана емес, басшылығына дейін тек айлыққа жұмыс істейтін қызметкерлер («salary man») болып табылады. Сондықтан, акционерлердің келісімімен ғана бірнеше жылға компания басшысылығына тағайындалатын бас менеджерлер арасында бастық боп отырған сол бірнеше жылда нақты жобалар жасауға тәуекел жасаудан көрі, «бірдеңе бүлдіріп алмайын» деп тыныш отыратындары көп екені өтірік емес. Алып компаниялардың күшті жағы да, әлсіз жағы да олардың осы алыптылығында. Оның үстіне шешім қабылдау жүйесі жоғарыдан төменге (top dawn) емес, төменнен жоғарыға (bottom up) негізделген жапондық ірі компаниялардың басшылары тек өкілдік функцияларды орындайтын болғандықтан олармен болатын байланыстардың тегісі дерлік әдетте протоколды кездесулер мен комплементарлы сөздермен шектеліп, нақты ешқандай келісімсіз аяқталып жатады. Ол компаниялардың біздің елмен жұмыс жасауға міндетті өкілдері де дәл солай жұмыс істейді. Олар үшін нақты бір бизнесменмен кездесіп, нақты жобаларға байланысты келіссөздер өткізуден қарағанда, біздегі жоғары лауазымды бастықтың қабылдауында болып, сол кісінің визиткасының копиясын бастығына жіберу арқылы өзінің «белсенді жұмысы» жайлы есеп беру ол үшін маңызды жұмыс болып саналады. Сондықтан оларды толыққанды бизнесмендер деп атауға онша келмейді. Мен ол компаниялардағы біздің елмен жұмыс жасауға арнайы бөлінген өкілдерінің барлығымен жеке таныспын, араласым бар, олардың өздеріне де осыларын айтып жүрмін. Ал енді бір жағынан олармен кездескен біздің лауазым иелері де жапондық ірі компаниялармен жүргізіліп отырған «белсенді жұмыс» жайында тиісті мекемелерге есеп беріп жатады. Жазылып жатқан есептер көптігі, ал жасалып жатқан жұмыстың аздығы сондықтан. Жоғарыда аталғандай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында нақты жобалар жүргізіп жатпаса да жапон компанияларының біздің елге келіп жатқардары имидждік тұрғыдан еліміз үшін пайдасы болған болса, қазіргі жағдай басқаша. Қазақстандықтар жапон халқын жақсы көреді, сыйлайды. Жалпы Орталық Азия елдері әлемде жапон елін ең қатты жақсы көретін өңір деп ойлаймын. Бір-бірімізбен жылы қатынастарда болмауға ешқандай себеп жоқ. Бірақ, іскерлік салада жапондық компания болған үшін ғана немесе жапон болған үшін ғана есігіміз айқара ашық дейтін уақыт артта қалып, бәсекелестіктің артқан кезі қазір. Әрине, Жапониямен ынтымақтастық орнатқысы келетін қазақстандық компанияларға қатысты дәл осыны айтуымыз керек. Қазақстан болғанымыз үшін ғана немесе қазақстандық компания болғанымыз үшін ғана көмек көрсетіп, қолғабыс беретін заман емес, бүкіл әлем (бүкіл әлем) таласып отырған жапондық инвестициялар мен технологияларға қол жеткізу үшін талай тер төгу керек. Сондықтан, соңғы жиырма бес жылдығы екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастар жүйесіне өзгерістер енгізіп, екі ел арасында нақты жобалар жасай алатын жаңа компаниялар тауып, өзара тиімді ынтымақтастықты жаңартатын уақыт келді деп ойлаймын және ол жұмысты тек дипломаттар мен басқа да мемлекеттік қызметкерлерге тапсырып қойып, «белсенді жұмыс» жайында есеп жинап отырумен айналысатын уақыт та артта қалу керек деп ойлаймын.

Батырxан Құрмансейіт: Жапония - елімізбен дипломатиялық қатынас орнатуға асыққан алғашқы елдердің бірі

Екі ел арасында дипломаттар немесе мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, нағыз іскерлер мен кәсіпкерлер, ғалымдар мен мамандар, өнершілер мен спортшылар және туристер қатынайтын уақыт келді деп білем. Айтпақшы, жақында тараптар арасында қол қойылған құжаттардың бірі «Қазақстан Республикасы мен Жапонияныӊ дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін 2017 жылғы 1 қаӊтардан бастап, визалық талаптардан босату туралы ноталармен  алмасуы» деп аталады. Ешқандай сынсыз айтар болсам, қаншама жыл екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қақ ортасында жүріп, бір де бір рет екі елдің дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері сияқты жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің виза алу үшін қиналып қалғанын көрмеппін. Қазақстан басқа да дамыған мемлекеттермен қатар Жапонияның барлық азаматтырына осы жылдың басынан бастап Қазақстанға бір айға дейін визасыз келуге рұқсат беріп отырғаны белгілі. Ал жапон тарапы «қазақстандық азаматтар үшін бірден ондай қадамға бара алмаймыз, алдымен дипломаттар мен жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерден бастайық» дегенге келтіріп отыр.

«Сіздер жапондық азаматтарды визадан босатқандарыңыз сияқты біз де Жапонияға келем деген барлық қазақстандық азаматтарды визадан босатқымыз келеді, бірақ, ондайға біздің Әділет министрлігі әзірше рұқсат бермей отыр» деп түсіндіреді бұл жағдайды кейбір жапондық дипломаттар. Олай болса Азия аймағындағы жақын жатқан елдерді айтпағанда, Шығыс Еуропадағы Румыния немесе Орталық Америкадағы Гондурас сияқты елдердің азаматтарын визадан босатуға рұқсат беріп отырған Жапония Әділет министрлігі Жапонияның «стратегиялық әріптесі» болып табылатын Қазақстан азаматтарын да ұзаққа созбай визадан босатуға рұқсат берер деген ойдамыз. Айтпақшы, қазіргі кезде Жапонияда тұрып жатқан қазақстандық азаматтардың саны (Жапонияның сол Әділет министрлігінің мәліметі бойынша 323 адам) Қазақстанда тұрып жатқан  жапондардың санынан (165 адам) екі еседей көп екенін және біздің азаматтарды визадан босатуға ең алдымен жапон тарапы мүдделі болу керек екенін атап өту керек. Сонымен қатар, Қазақстан тарапынан да жапондардың елімізге көбірек келуіне визадан бөлек басқа да тұрғыдан, әсіресе инвестиция салып, бизнес жасауға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруды маңызды деп санаймын. Әйтпесе, Жапониямен теңіз арқылы жалғасып жатқан азиялық басқа елдерді айтпағанда, бір ғана мысал, біз сияқты құрлықтағы мемлекет, бірақ халық саны, экономикасы мен нарығы бізден әлдеқайда төмен Моңғолияда тұрып жатқан жапон азаматтарының саны біздің елмен салыстырғанда төрт есе көп екені ескеруге тұратын нәрсе деп ойлаймын. Сондықтан, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың өткені мен қазіргі ахуалын назардан тыс қалдырмайтын, екіжақты ынтымақтастықтың келешегіне қатысты өз ой-пікірін білдіре алатын эксперт мамандар екі елде де болуы тиіс деп ойлаймын. Екі елдің қарым-қатынастар деңгейі расында стратегиялық дәрежеге жеткені рас болса, өткен жиырма бес жылда екі елде бір-бірімізді зерттеп, бір-бірімізді біліп жүрген тым болмаса жиырма бес маманның болмағаны өкініштен басқа ештеңе тудырмайды. Қорытындай келе, Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынастарға қатысы бар екі елдің барлық мемлекеттік мекемелері, үкіметтік ұйымдары және компанияларымен бүгінге дейін жүргізіліп келе жатқан жұмыстарды жалғастыра отырып, олардың жұмыстарына тұрақты түрде мониторинг жасап, керек кезде жұмыстарын үйлестіріп, қажет жерде сынмен қарап, объективті баға беретін, жиырма бес жыл бойы эволюциялық жолмен дамып келе жатқан екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңінде тың иделар мен жаңа жобалар ұсынуға бағыталған жұмыстарды осы бүгін бастап кету – екі мемлекеттің саясатына да, экономикалық мүддесіне де сай келетін дүние деп сенемін. -      Мағыналы әрі ауқымды сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет.

  Автор: Алмас Мұқашұлы

inform.kz

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Үздік ойдың үзінділері

    Үздік ойдың үзінділері Арма әлеумет! Мен қазір таза академиялық ғылыми ортада жүрмін. Өзімнің неше жыл бойы жинаған білімімді, оқыған оқуымды, шетелдік тәжірибемді, интеллектуалды қарым-қабілетімді шынайы қолданатын қара шаңырақтың ішінде жүрмін. Алматының бәрінен бөлек мәдени ортасы ерекше ұнады. Алматы қала мен дала дейтін екі ұғымның түйіскен әдемі ортасы екен. Ойлап көрсем мен бақытты перезент, бағы жанған ұрпақ екенмін. Әкем тұрмыс пен жоқшылық, жалғыздықтың тауқыметін әбден тартып еш оқи алмадым, небәрі үш ай оқу оқыдым-, деп менің оқуымды бала күнімнен қадағалады, шапанымды сатсам да оқытам деп барын салды. Ал мектепте бақытты шәкірт болдым. Маған дәріс берген ұстаздарым кілең дарынды, қабілетті кісілер болды. Университетте және шетелде мен тіптен ерекше дарын иелеріне шәкірт болдым.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: