Ұлықбек Есдәулет: Қарағай
Алтай тауы аңыраса аспан жұтып дауысын, Күңгір-күңгір тас құласа күңірентіп тау ішін. Тал бесік пен жер бесіктің арасында самғаған Тау қойнына табыстадық алты алаштың арысын. Жыршысынан айырылған Ақ Қабаның толқыны, Жартасты ұрып быт-шыт болды көбік шашып сол күні. Қайғыдан қарс айрылмаған қайран жүрек-жүрек пе, Мәңгілікке мекен болса туған таудың қолтығы. Не бар екен біздің өлмес сағынышты басардай? Тарих? Уақыт? Қойса нетті шаш ал десе – бас алмай? Қазағымның ауыр жүгін арқалаған Толағай, Қапияда сүріндің бе, соңғы белден аса алмай? Жер аңсаған сары атандай алды-артыңа қарамай, Асу асып кете бардың өз өлкеңді аралай. Туған жерге тұлға болып, еңсе болып тұрарсың, Алтайыңның орманына қайта оралған қарағай… 25/05/2015 degdar.kz