Алтай тауы аңыраса аспан жұтып дауысын,
Күңгір-күңгір тас құласа күңірентіп тау ішін.
Тал бесік пен жер бесіктің арасында самғаған
Тау қойнына табыстадық алты алаштың арысын.
Жыршысынан айырылған Ақ Қабаның толқыны,
Жартасты ұрып быт-шыт болды көбік шашып сол күні.
Қайғыдан қарс айрылмаған қайран жүрек-жүрек пе,
Мәңгілікке мекен болса туған таудың қолтығы.
Не бар екен біздің өлмес сағынышты басардай?
Тарих? Уақыт?
Қойса нетті шаш ал десе – бас алмай?
Қазағымның ауыр жүгін арқалаған Толағай,
Қапияда сүріндің бе, соңғы белден аса алмай?
Жер аңсаған сары атандай алды-артыңа қарамай,
Асу асып кете бардың өз өлкеңді аралай.
Туған жерге тұлға болып, еңсе болып тұрарсың,
Алтайыңның орманына қайта оралған қарағай…
25/05/2015
degdar.kz
Пікір қалдыру