ТАЛҒАТ КЕҢЕСБАЕВ. ҚАРАҢҒЫ ТҮННІҢ ЖҰЛДЫЗЫ
Аңызнама «Ноқтаға басыңды ілсең, шыға алмайсың…» Шәкәрім …Әлгінде ғана Найзатасқа иегін сүйеген алып күн еңкейген сайын қынадай қызарып, биік қарағайлардың арасынан Зуқаның ауылына қарай найзадай қадалып біраз тұрды. Әдемі сурет еді. Бәрін бір бүйірден шыға келген ай сәулесі бұзды. Ақ пен қызыл алмаса алмай кілк-кілк етіп біраз тұрды. Жел де соқпады. Шөп басы да қозғалмады. Бірақ сонау-сонау жартастан іркіт-іркіт боп құйылған ақ шуақ төңіректі билеп алып еді. Ай жарықтық туыпты. Шермиіп-ақ тұр. Ақ сәуле жылжи-жылжи ауыл шетіндегі өзеннің үстінен, әрбір шаңырақтың төңірегінен саумалдай ақтарылып түскен. Үй ішіндегілер әлдеқашан ұйқыға кетсе де оның кірпігі айқаспай қойған. Өзін жайсыз сезінгені сондай, «түу, ертоқымды жастанып далаға жатпаған екенмін-ау» деп бір ойлап қойды.