|  |  |  | 

Зуқа батыр 150 жыл Тұлғалар Әдеби әлем

ТАЛҒАТ КЕҢЕСБАЕВ. ҚАРАҢҒЫ ТҮННІҢ ЖҰЛДЫЗЫ

Аңызнама

 

«Ноқтаға басыңды ілсең,

шыға алмайсың…»

Шәкәрім

…Әлгінде ғана Найзатасқа  иегін сүйеген алып күн еңкейген сайын қынадай қызарып,  биік қарағайлардың арасынан Зуқаның ауылына қарай найзадай қадалып біраз тұрды. Әдемі сурет еді. Бәрін бір бүйірден шыға келген ай сәулесі бұзды. Ақ пен қызыл алмаса алмай кілк-кілк етіп біраз тұрды. Жел де соқпады. Шөп басы да қозғалмады. Бірақ сонау-сонау жартастан іркіт-іркіт боп құйылған ақ шуақ төңіректі билеп алып еді.

Ай жарықтық туыпты. Шермиіп-ақ тұр. Ақ сәуле жылжи-жылжи ауыл шетіндегі өзеннің үстінен, әрбір шаңырақтың төңірегінен саумалдай ақтарылып түскен. Үй ішіндегілер әлдеқашан ұйқыға кетсе де оның кірпігі айқаспай қойған. Өзін жайсыз сезінгені сондай, «түу, ертоқымды жастанып далаға жатпаған екенмін-ау» деп бір ойлап қойды.

Аспаннан ақ сәуле төгіліп тұр. Алты қанат ақ боз үйдің ішіне күміспен күптеп қойған сияқты сандық, кебежелердің сүйегі жылт-жылт етеді.

Зуқа  ұйықтай алмай әрі-бері дөңбекшіп, орнынан тұрды да иығына бешпентін іле салып, киіз үйдің сықырлауығын аша бергені сол еді, кіші ұлының: «Ауа-Ата, тайыма,  мінгізші…» деп ұйқысырағаны  естілді. «Әй, құлыным-ай, айналайын, сен де ат жалын тартып мінуге жарарсың!» деп іштей ойлана сыртқа шықты.

Құдайдың қара аспанында самсаған жұлдыз көп екен. Тіпті, күміс  тағаны  әдейілеп шегелеп қойған сияқты. Жалт-жұлт етуін қарашы. Толған Ай әне-міне жарылатындай шатынап-ақ тұр екен. Төңірек құлаққа ұрған танадай.

Желі бойы жер жүріп еді, алдынан ала тазысы шықты. Құйрығын бұлғақтатып, жанына келді де шоқиып жерге отыра кетті. «Қансонарды аңсап, құса боп жүрсің-ау», – деп басынан сипап еді, ойнақтап алдынан кетпей қойды. «Әй, адалым-ай, шибөрілер сенің енең мен ұяластарыңды  талап өлтіргенде, сүт араласқан қан-қан емшекті түртініп жатыр едің. Тіпті, көзіңді  ашпағансың. Солташым  биенің сүтімен асырап еді. Екі қар басқанда Алтайда қызыл түлкінің бәрін қынадай қырып едің».

Ала тазы құйрығын бұлғаңдатып жолын бөгей берді. «Көлге бармашы, үйге қайтшы» дегендей, үстінен аттап кетсе балағынан тістеп, қыңсылады дерсің. «Мынаны кешегілер оқытып қойған ба?»  деген ой келді. Кеше  қалың тұман сейіле бастағанда ауылға керуен келген.

– Анау Дихуадан  шығып,  Жеменейге бара жатыр едік, – деді ұйғырдың саудагері.  – Жолдан сәл қияс кетіппіз, құдайы қонақпыз. Оның үстіне түйелер тасырқады, – деп тең-тең жүктерін шешіп, ауылға ерулеп келген.

…Керуеншілер көңілді жігіттер екен. Дәл алтыбақан тіккендей қылып,  екі шетінен арқан  керіп тастады.  Үстінен жалаң аяқ жүргендеріне, аузымен шоқ шайнап, от бүріккендеріне ауылдың балалары, кемпір-шалы таң қалды. Бір шоқша сақалды сібе  жігіті иттермен  адамша сөйлесіп,  небір алыпсоқ төбеттерді дәл бір ерке баладай бұраңдатып қоятын сиқырын көрсеткенде,  ұлы  Солтан-Шәріп: «Әке, мыналар тегін адам емес, ұнамай тұрғаны» демесі бар ма? Оның бұл сөзін Зуқа естімегендей елеусіз қалдырған. Оның үстіне биыл ел сүрі қардан жүдеп шыққан.

Сарышұнақ аяздың құшағы қатты болды. Тебін болмай, жылқыны  сай- саланың қарын  аршып, үйір-үйірге бөліп, иіріп бағып, әйтеуір, күн көзі жылт еткенге дейін жазықтағы малды тау-тастың бүйіріндегі шөбін ағаш күрекпен күреп, күйсетпесе де, күйін келтірмесе де, қыс құрсауынан аман-есен алып шыққан.

…Зуқа ақырын басып көлдің жағасына келді. Биыл қар суы көп болғандықтан  арнасы кеңіп, бүйірі шығып қалған еді. Әскери машықтанудан кейін жігіттермен осында келіп түскенді ұнататын. Суы шымыр-шымыр етіп әр-әр тұстан адамның тынысын тарылтпай жігерін жанитын бір қасиеті барын ол іштей сезетін еді. Анадан туғандай тыр жалаңаш шешінді де суға қойып кетті. Құлаштап малтыды. Сүңгіп шықса жағалауда қалған ала тазы бір сілкініп алып үрді-ай дерсің…

«Бұған не көрінді?» Осы кезде байқап қалды, қараң-құраң еткен төрт адам төрт бұрышта тұр екен. «Бұлар кімдер?» деп ойлағанша болған жоқ,  шалманы кезек-кезек лақтырды. Біреуі оң білегін іліп алса, біреуі мойнына оратылды. Жағалауда тұрғандар арқанды тартқаны соншалық, Зуқа қылқынып демі шықпай бара жатты. Жантәсілім бар күшін жинап, өзіне қарай арқанды тартып еді, біреуі суға күмп ете түсті. «Ух» деп демалып алған кезде ала тазы да қыңсылап үрді.

Солтан-Шәріптің құлағына үңгірдің түбінен шыққандай үн естілді. Селк етіп оянды да орнынан атып тұрып, ештеңе түсінбей далаға шықты. Ай сүттей жарық екен. Ол жан-жағына қарады. Қазанбай ағасы дамбалшаң көлге қарай жүгіріп барады екен.

Зуқа аласұрды. Түнгі қарақшылар да жан-жаққа тартып, жанын қинап жатыр еді.

Ала тазы айнала үріп жүр. Солтан-Шәріптің бір бәле болғанын іші сезді. Жанұшыра айқай салды.

- Төлегетай аға! – деді Солтан айғайлап. – Аға, әкем…

Қол-аяғы дірілдеп, даусы шықпай қалды.

- Не болды?

Солтан жалт қараса Төлегетай ағасы да жүгіріп келеді екен. Айдың

жарығы көл жағасындағы арпалысты күндізгідей көрсетіп тұр еді. Әп дегенде Қазанбай үйдей біреуді тік көтеріп алды да жерге ыңқ еткізіп тастады. Анау байғұстың бір жері опырылып кетті ма ыңырсығанда даусы   қаттырақ  шығып еді. Қазанбайдың ту сыртынан кездікпен ұрғалы жатқан кезінде ала қаншық секіріп барып жаудың білегінен оңдырмай тістеп айырылмай қойды. Дәу қара шыр көбелек айналғанда тазы ит те онымен бірге айналды. Осы кезде жүгіріп келе жатқан Төлегетай екпінімен секіріп келіп қос аяқтап кеудесінен тепкенде, әлгінде ғана Зуқаға шалма лақтырған дәуді шалқасынан түсірді. Бір бүйірден шыға келген тапал төртбақ жігіт жерден жылқының басындай тасты көтеріп алып Қазанбайды ұрғалы жатқанда Солтан-Шәріп атылып келіп арқасына қона кетті де, басын әрі-бері бұрап жіберді.  Осы кезде Зуқа да жағалауға шығып мойнындағы арқанды сыпырып жіберді де лоқсып-лоқсып, тізерлеп отыра кетті.

– Әй, тірімісің? – деді Қазанбай.

Зуқа сөйлей алмаса да бір дыбыс шығарды.

– Иттің ғана баласы-ай, – деп Төлегетай Зуқаның алдындағы арқанды

алды да әлгінде ғана Солтан мойнын бұрап жыққан дәу қараны  шимайлап-шимайлап байлап тастады.

Ай бір сәтке тоқымдай қара бұлттың арасына кіріп-шығып, қайтадан

айнадай жарқырады.

- Зуқа, амансың ба? Бұл не? Бұл не? – деген Төлегетайдың сұрағына

тізесінен келетін суға отыра кеткен батыр әрең дегенде:

– Бұлар төр-теу, – деді үзіп-үзіп.

– Әне біреуі, міне екіншісі, – деді Қазанбай.

– Қалған екеуі қайда? – деп Төлегетай жан-жағына жалтақтай қараса

ешкім жоқ. Тіпті қамыс басы да қозғалмайды. Солтан-Шәріп әкесінің киімдерін алып барып киіндіре бастады.

– Ауылды оятып алмайық, – деді Зуқа ақырын ғана.

– Мына екеуін байлап тастадық. Өй, мыналар керуеншілер ғой, – деді Қазанбай.

– Қап, әттегене-ай, Солташ балам айтқанда мән бермеп едік. Қап, әттегене-ай…

- Не болды?

- Не болды?, -  деп ауылдан екі-үш адам келе жатыр еді, Зуқа ұлына

сыбырлап:

– Жәй балалар ойнап жүр ғой деп қайтарып жіберші аналарды, – деді.

– Ойнап… Ойнап жүрген бала екенбіз, – деп жерге былш етіп бір

түкірді Қазанбай. – Солташ, сен осы жерде қал, мен оларды қайтарайын.

Солтан-Шәріп әкесін киіндіре бастады. Айдың жарығымен байқап қалды, әкесінің арқан қиған күре тамыры күп болып ісіп шыға келіпті. Солтан-Шәріп әкесін киіндіріп болғанда Қазанбайдың дауысы қатқылдау шықты.

– Не болды сендерге?  Түн жарымда бөрінің көтіндей шулап?

Барыңдар ауылға. Зуқа екеуміз күресіп, Зуқаны жығып кеттім. «Қардың басын қар алар, қанның басын қан алар» деп өтірік күлген болды.

– Ой, түге, кәртайғанда сендерге не болған-ей? Түн жарымда алысып-жұлысып? Шошып кеттік қой, – десе, жуан дауысты біреуі:

– Қазан аға, сізді қараңғы түнде байқамай шапалақпен бір тартып

жібере жаздадым-ау. Қайын ағама қолым тисе ұят болды-ау, масқара бола жаздадым-ау, – деді екіншісі  тырқылдай күліп.

– Бар, жатыңдар! Жығылған күреске тоймайды деген, қазір

құрдасыммен тағыда бір алысайын.

– Түу, мыналарға дауа жоқ екен-ау! – деп жуан дауыс алыстай берді.

Төңіректі бір шолып шыққан Төлегетай алқын-жұлқын жетіп келді:

– Ана албастылар жын ба, шайтан ба, ізім-қайым жоқ, – деді. – Бұлар

керуеншілер. Қазір ауылымен жатқан жерінде лақша бақыртып сабайын, – деді Төлегетай.

– Қой, Төлеш, түн ішінде елді дүрліктірмейік. Таң атар, мына екеуін

байлап оңаша жерге апарыңдар. Қылбұрауды салыңдар. Анықтаңдар олардың кім екенін, – деді Зуқа.

Қазанбай жағалаудан түйежапырақты жұлып алып ыңырсығанның аузына тықты. Екіншісін құлақ шекеден бір ұрып талдырып тастады.

-  Ал, Төлегетай, мына екеуін саған тапсырдым. Біз ана керуеншілерге

барып, әкесін танытайық, – деді Қазанбай.

– Мен де барамын, – деп еді Солтан-Шәріп,

– Сен үйге бар, – деді ақырын ғана Зуқа. – Ана шешең алаңдап қалар.

Солтан-Шәріп үн-түнсіз үйге қарай кетті. Екі иығы төмен түсіп салбырап, өкпе-наласы бар баладай ақырын ілбіп басып барады. Сол түні қолдарына қару ұстаған үшеуі ауылды сыртынан бақылап жүріп таң атырды…

- Керуен қозғалмапты, бірақ ана иттердің бір де біреуі жоқ, жүктері

тең-теңімен үйіліп жатыр. Қыбырлаған біреуі болсашы, бәрі қашып кетіпті, – деп, күйінді Қазанбай.

Әйелдер жағы бие бау басына жинала бастағанда Төлегетай Зуқаға:

– Бауырым, түнде өліп қалсаң қайтер едік? – деді шын туыстық

пейілімен.

– Адам өлім туралы айтпау керек. Оны Алла ғана біледі. Алланың

жолындамыз. Кейінгі ұрпақ артымыздан құран оқып, атымызды айтып жүрсе онда біз дұрыс өмір сүргеніміз. Өлсем қара жердің құшағына енемін. Бір нәрсеге көзім жетті, Солташымның менің артымнан құран оқитынына сенемін. Адамның көзі тірісінде бұл да аз сүйеу емес.

Қазанбай осы жерде өзін іштей кінәлады. Алдыңғы күні Зуқаның үйде отырған жерінен өзі барып, «керуеншілердің ойын-сауығын көрейік»  дегені есіне түсті. Зуқа біраз тартыншақтағанымен, қадалып тұрып алып еді, досы еріксіз келіскен. Енді Қазанбай шындап өкінді. Өйткені керуеншілерге бара жатқанда:

– Ассалаумағалейкум, ағатай! – деп алдарынан шыққан  Солтан-Шәріп

қос қолдап  жылы жүзбен  амандасқан.

– Уағалейкум, балам! – деп құшақтаған Қазанбай оның қақпақтай иығынан қағып-қағып қойған.  –  Зуқа, қарашы мына батырға, айналайын балам,  ризамын саған. Ана жолы көкпарда жарадың, қыраным!

– Солташ, балам, мына керуеншілердің ойыны қалай? – деп Зуқа аспанға керілген арқанмен әрі-бері жүгіріп жүрген өзбек жігітіне күле қарап: – Адам ба,  шайтан ба мынау? Астапыралла, көрмегенді көреді екенсің ғой, -деді.

– Әке, осыларға  ішім жылымай тұрғаны, – деген Солтан-Шәріптің  қауіптене айтқан сөзін естімегендей, Қазанбай айналасына қарап кетті.

Ауылдың қабаған итін ұршықша иіріп, әрі-бері секіртіп жүрген ұйғыр жігітіне таңырқай қарады. Сол сәтте әкесінің қабағынан салқындықты аңғарған Солтан-Шәріп иығын сол жағына бұрып, олардың жанынан ұзай берді.

– Өзің айтпақшы, көрмегенді көреді екенсің ғой, ой алла-ай, иттің тілін білетін адам болады екен-ау!

– Керуеншілер  тұманда  адасып ауылдың іргесіне келгесін ауқаттанып,  тыңайып алсын деп қонақ еткенмін, – деді Зуқа.

– Естідім, – деді Қазанбай. – Жаңа Солташ бірдеңе дегендей болды ма, әлде мен қақас естідім бе?

– Әй, қойшы соны,  – деді Зуқа. – Әке, осы Жұқияның мінез-құлқы  ұнамайды  деді кеше. «Осыны келген жағына кері қайтарып жібергеніңіз дұрыс» – деп ақыл айтып отыр маған. Оған ұнамағанның бәрін қуа берсем жанымда адам қала ма менің?! Жұқия ұйғыр болса да менің жанымда жүрген жігіт емес пе? Оның сөзіне еріп, орыс Иванды бездірсем, менен пана іздеп келген Ильхом аканы да  қусам не болады?..  Менің Зуқа атыма жараса ма?!

– Солташым жақсы, – деді Қазанбай. – Ана жолы Ақыт  оның  зеректігі туралы бір тұщымды  сөз  айтып еді, – деп  келе жатыр еді, жандарына  мұртты саудагер жігіт келіп, сампылдап сөйлей бастады:

– Мәнті жеңіздер, ұйғыр жігіті Шәрәфат мәнті жасап жатыр еді. Дәмін татыңыздар! Тіл үйіреді, – деп асты-үстіне түсті. –  Зуқа аға, жеңгей үйде ме? Бір аздаған сыйлығым бар еді.

– Ол не сыйлық? – деп Зуқа гүр ете түскенде, анау жалт беріп, әңгімені басқа жаққа бұрып, «мәнтінің дәмін татыңыздаршы» деп иіліп әлек болған  еді…

 

* * *

…Киіз үйдің көлеңкесінде қамшы өріп отырған Зуқа құрық тастам жерде бес-алты баланың әңгімесін ап-анық естіп отыр.

– Ана жолы, – деді бөспебай Жарқын. – Екі кештің арасында Зуқа атам:  «Әй батыр бала, тайыңды ертте, менімен бірге барасың» дегесін, атымды ерттей сала қолыма шоқпарымды алып, ол кісіге ілесіп жүре бердім. Зуқа атам сөзге сараң ғой, жол бойы ештеңе демеді. Бір төбені асып түскеннен кейін астымдағы құла тайым құлағын қайшылап, осқырына бастады. «Әкем-ау, бұл не?» деп қоям. Таудан құлдилап бір үйір қасқыр бізге қарай келе жатыр.

– Ата! – дедім, «былай тұрыңыз, мен көрейін» деп, шоқпарды олай-былай сілтеп, екі-үшеуін домалатып түсіріп едім, қалғандары құйрықтарын бұтына қысып тауға қашты. Сонда Зуқа атам: «Әй, балам-ай, батыр екенсің ғой, келер жолы жорыққа сені ғана ертем» деп маған айтты ғой.

«Сен барғанда мен қалам ба» деп кішкене қара бала танауына келіп қалған мұрын боғын оң қолымен сол жағына бір тартты.

Зуқа жымиып күлді де олардың көзіне түспей үйге кіріп, шапанды желбегей жамылып, басына тартқан шытты көзіне түсірді. Балалардың жанына ақырын басып барып, ортада әңгімені естіп отырғандарға білдірмей,  Жарқынды желкеден лып еткізіп көтеріп ап, өзенге қарай әкете берді. Өзінің білген қалмақша сөздерін құрап, әлдене деп сөйлей бастады. Жарқын болса тілін тартар емес, тіпті қорыққаны да білінбейді.

Балалар болса, жерден тас алып, «қалмаққа» жаудырып жатыр.

– Ей, қуарған қу қалмақ, босат деймін, Зуқа атам білсе мойныңды шілдің мойнындай ғып бұрап алады. Жібер деймін саған, жекпе-жекке шық, қазақтың кім екенін көрсетейін мен саған! Жібер кәне! Жігіттер, қайдасыңдар?! – деп Жарқын бұлқынып жатыр. Осы кезде бағанадан Жарқынның әңгімесін тыңдап отырған бір топ бала келіп, шапанының етегінен тартқылай бастады. Тумысынан балажанды Зуқа еріксіз күліп жіберіп еді.

Аяғы жерге тиген Жарқын құлағына дейін қып-қызыл болып кетсе де:

– Ой, ата-ай, сіз бе едіңіз, баламен бала болып кеттіңіз бе? – деп өкпелей сөйледі. Дәл бір үлкен адамдай кесек сөйлеп, кеңірдегін қозғап тұрған Жарқынның басынан сипады.

– Әй, батырсың ғой бала, нағыз батырсың! – деді.

– Рас па, ата? Естідіңдер ме ей, жүгермектер, атам мені батыр деп айтқанын?

– Иә, иә, – деп әр тұстан міңгір-міңгір еткен балалар расында қорқып қалып еді. Осы кезде жандарына қозының қарнына айран құйған, балалар «ақ апа» деп айтатын үлкен кісі келді.

– Амансың ба, қайным? – деп амандасты Зуқамен.

– Амансыз ба, жеңеше? – деп Зуқа амандасып, былтыр орыстармен болған шайқаста қаза тапқан жас жігіттің анасына ілтипатпен сәлемдесті.

Көгалды жерге бір жапырақ шытты төсеп жіберіп, түйіншектегі бауырсағы мен құртын шашып жіберген кемпір балаларға айран құйып берді де:

– Қайным, ақ түйенің қарны жарылды, – деп зорлана жымиған болды. – Сүйінші, қайным, өзіңе үйге барайын деп жатыр едім, алдымен мына балаларға  айран беріп алайын деп  бұрылдым. Шулап жүрген бұлар да міне, аға болды бүгін! Еркек бала әкелді келінім! «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген, қайтеміз енді, – деп бір уһілеп алды.

– О, бауы берік болсын, жеңгей! Ұзағынан сүйіндірсін, сүйіншіңіз менен.

– Еее, сүйінші деген не тәйірі? Аман болсын! Ырымдап өзіңе ат

қойғызып алсам ба деген едім қырқынан кейін. Енді міне алдымнан шықтың. Сенің жолыңды берсін! Сен сияқты батыр болсын!

Осындайда тыныш тұратын Жарқын ба:

– Апа, менің атымды қойыңыз. Өмір жасы ұзақ болады. Жетім бала демесеңіз, мен де бір атаның баласымын. Мен Тобықты, оның ішінде Мотышпын, –  деп танауын делитті.

– Рас-ей, – деді Зуқа оның өткірлігіне сүйсіне қарап. – Осы бала сөз тауып кетті, ақ жеңеше, осы батырдың атын қойсақ лайық болар еді. Мен сіздің сүйіншіңізге екі құлынды бие, екі сауын сиыр, жиырма қой берейін. Баланың несібесі болсын! Ертең бәрін жинап, ұлым Солтан-Шәріп алдыңызға әкеліп береді.

– Түу, ата-ай, әттең, Доғал атамның  ауылы алыста ғой, менде бір үйір жылқы әкеліп берер едім, – деген кезде Жарқынның көзіне мөлт-мөлт етіп жас келіп еді.

– Қой, балам, оның не? – деп ауылдың бүкіл баласы «ақ апа» деп атайтын әйел адам оны бауырына басты. Құдай бұйыртып немерем қырқынан шыққан күні той жасаймыз, сонда тай жарысты сен  бастайсың  Жарқынбай.

– Рас па, ақ апа? Сарбаздарым естіп тұрсыңдар ма? – деп балаларға күле қараған кезде, Жарқынның көзінен жас тамып-тамып кетіп еді.

Зуқа әйел адаммен жылы қоштасты да, балалардың басынан бір-бір сипап, ауыл шетіндегі көрікті қыздырып жатқан ұстаханаға қарай аяңдады. Найман атаның ағайынды төрт жігіті осы ұстахананы ұстайды. Қылыш, найза осылардың қолынан шығады.

– Ассалаумағалейкүм, жігіттер!

– Әәә, Зуқа аға, уағалейкүмассалам, жоғары шығыңыз!

– Армысыз, аға!

– Аға, қымыз ішіңіз, – деп бір үлкен шарамен қымыз әкеп берген Әбубәкір, – Әбілдәбек, батыр отыратын бөстек әкел, тізе бүксін, – деді бауырына.

– Жоқ, тізе бүкпеймін, өздеріңнің амандықтарыңды білейін дегенім ғой.

– Міне, аға, мына қылышты қараңыз, – деді екі көзі оттай жанған Әбілдәбек. – Қара тасты қақ бөлетін, бөлсеңіз де жүзі қайтпайтын алмас қылыш. Келіп қалған екенсіз, сізге сыйлайын.

– Ой, бауырым-ау, бұның не? Мен сендерге айтпап па едім? Сендер жасаған әр заттың өзінің бағасы, құны бар деп айтып едім ғой. Тегінге мен ештеңе алмаймын.

– Батыр, ашуланбаңыз. Біз сауда жасап жүрген сарттар емеспіз, наймандармыз. Бізге пана болдыңыз. Бізде де жүрек, бізде де ықылас бар.  Алмасаңыз, інімнің адал ниетін аяққа бассаңыз төсімізді қолтықтап  «шүу, қарақұйрық» деп, еліміз Шәуешекке қарай тартып отырамыз.

Зуқа сөзден тосылып қалып еді.

– Жігіттер-ау, мен сендерден сыйлық алайын деген оймен келген  жоқ едім. Қызық болды-ау мынау өзі?

– Батыр, – деді Әбубәкір. – Менің де қолымнан шыққан бір бұйымымды сынап көріңізші. Мына найза темір құрсауды да, таспен қапталған қалқанды да тесіп өтеді. Сабы қайыңнан жасалып тұзға қайнатылған, өте ыңғайлы.  Кәне, сынап көріңіз. Сілтеңізші бір, қай жерге дейін ұшыра алады екенсіз, – деп ұста жігіт аңқылдай күлді.

Жеп-жеңіл үшкір найзаны қолына ұстаған Зуқаның көзі оттай жайнап кетті. Артынан ілесе шыққан найман жігіттеріне ризашылықпен қарап, найзаны алып бір-екі айналдырып «бісміллә» деп сілтеді дерсің.

Білеу-білеу білегінің бұлшық еттерін ойната, найзаны құлаштай лақтырған кезде ауада ұзақ қалықтап барып, бұлақтың арғы шетіндегі төбенің ұшына барып дік етіп қадалды.

– О, батыр! Атқа мініп, қазір барып алып келейін, – деді бозбала жігіт.

– Жә, – деді көзін жалт еткізген Әбубәкір. – Бұл саған не, баланың ісі ме, әлде тот басып қалатын ойыншық жасаппын ба мен?!

– Аға, енді осы найзаны бір ай жасадыңыз, асылға қызықпайтын адам бола ма? – деп еді.

– Қысқарт, – деді Әбубәкір көзі жарқ-жұрқ етіп. Тумысынан тірліктің береке-бірлігін ғана ойлайтын Зуқа ақырын ғана:

– Әй, Әбе, мынауың бір үйір жылқының жұмысы екен ғой, – деп шынайы ризашылығын білдірді.

– Батыр, беріп те жатырсың, алып та жатырмыз, ниетіңе рахмет! Мына

жиенім  бір қызды ұнатып қалып, үйлендірсек пе деген ойымыз бар еді. Апаратын қалың малымыз жоқ, несін жасырайын, темір-терсекті арқалап апармаймыз ғой енді.

Зуқа кеңкілдей күлді. Оның бұл күлкісі шынайы еді.

– Әттең, Қазанбай досым да картайыңқырап қалды. Оны да үйлендіретін

едім. Бірақ, мына жиеніңнің жолы екен, ол жас, бұны үй қылып,  шаңырақ көтеріп берейік. Анау найза қадалған жерге отау көтереміз. Оған дейін ырымдап, сол жерден найзаны алмайық, – деді.

– Алла риза болсын, батырым! Жастарға сенің батаң дарысын деп, құдалыққа дайындаламыз ендеше.

Зуқаның кеудесін шаттық кернеді. Бір қазақ өмірге келіп, бір қазақ үйленіп отау тіккелі жатқанын естіп, шын қуанып кеткен еді.

Кешегі керуеншілердің ылаңы ауыл арасына тарап кеткен, ұста

жігіттер олар туралы ырымдап сұрамаған. Тек батырдың мойнын арқан қысып көгеріп қалған жерлеріне ақырын ғана көз тастаған.

– Батырға қымыз әкеліңдер, – деді Әбубәкір ризашылықпен.

Шара толы қымызды сіміріп салған Зуқаның беліне Әбділдәбек алмас қылышты байлады. Олармен қоштасып, бұрылып бара жатқан кезде, сонау тау басынан сақ-сақ еткен пулемёттің даусы шықты. Зуқа аң-таң боп тау жаққа қарап, сілейіп орнында тұрып қалды:

– Бұл не?

«Бұл не?»  деді ішкі ойы үш рет қайталап. Жауап орнына тау жаңғырды.

Тауды жаңғыртқан алтын шайып жатқан қытайлардың айғайы еді. Олар оққа ұшып, жаралысы жанталаса ойбайлап жатқан дауыстары таудан-тасқа жаңғырып, ап-анық естілді.

– Атты әкеліңдер!

– Атты әкеліңдер! – деген дауыстар қатты естілді. Ауыл дүрлікті.

Пулемёттің сақ-сақ еткен дауысынан үркіп, желідегі құлындар шыңғыра кісінеді.

– Батыр! Батыр, міне ат! – деп Әбділдәбек ер салынбаған күрең атты

көлденең  тартты. Зуқа «Иә, аруақ!» деп қарғып мінді. Тауға қарай тұра шапты. Бұлақтан қарғып өткенде қадалып тұрған  найзаны іле жөнелді.

Бір бүйірден Қазанбай жігіттермен атқа қонып Зуқаның соңынан ілесіп:

– Терең сайға қарай, терең сайға қарай! – деп айғайлап келеді.

Зуқа оған жауап қатпастан, биік-биік шыңдарға, құз-жартастарға қарады.  Бір төбеден асып түскеннен кейін айналаны  ап-анық көрді. Сақылдаған пулеметтің аузынан от шашқандар жартастың ығын  паналаған екен. Алтын шайып, бейқам жүрген  қытайларға ажал отын төгіп жатыр.

Қазанбай Зуқамен қатарласа берді.

– Байқа, байқа! – деді. – Мен алдыға түсейін.

– Жоқ, – деді Зуқа ат үстінде айғайлап. – Мен алдыға түсейін, сен жігіттерді абайла!

– Жоқ, мен барамын, сен абайла! – деп Қазанбай атын қамшылай бастап еді, Зуқа алдыға озып кетті.

Пулемет сақ-сақ етіп, Зуқаның айналасына  оқ жаудырып,  оны шіліктің арасына бір-ақ тықты. Қазанбай артына қараса, тайына жайдақ мінген Жарқын шауып келе жатыр екен.

– Әй, қайт, қайт кейін! Жарқын, кейін қайт, қайт деймін мен саған!.. Жарқын болса  оның дауысын естімей, Зуқа атасының соңынан Шілікті кезеңге қарай тура салды. Сақ-сақ еткен пулемет оғын енді Жарқынға қарай атқылады. Осы кезде қия жартасқа қарай жаяу жүгірген Зуқа бойын жасырып үлгеріп еді. Найзасына сүйеніп тау басына тез-тез өрмелеп шықты. Шапшаң-шапшаң қимылдап, дәл бір тау барысы сияқты тастан-тасқа секіріп, пулеметшілердің төбесінен бірақ шықты. Көзі шалып қалды, құз  жартастың түбінде төрт-ақ адам екен.

Далақтап шауып келе жатқан бала Жарқын сақылдаған пулеметке қарсы шапты. Қолындағы таяғын сермеп-сермеп, әлденеге кіжініп келеді, оны қалқалай Қазанбай да тұра шапты. Осы кезде Жарқынның мінген тайына оқ тиіп, мұрттай ұшты.  Қазанбай құлап жатқан жерінен Жарқынды теңге ілгендей іліп алып, Шілікті сайға түсіп кетті. Қазанбайдың артынан ерген жігіттер жартастың басына шыққан Зуқаның белгісінен кейін сол жаққа қарай ауды. Пулеметтің оғы тастардың бетін отпен шабақтай бастады. Ыс-ыс еткен оқтың даусы тауды одан сайын жаңғырта түсті. Зуқаның көзіне қан толды… Найзаны тасқа тіреді де, төмен қарай секірді. Айналып-айналып кеп дік етіп, пулеметшілердің дәл төбесінен түсті. Әуелі басы айналып, көзі қарауытып ештеңені көре алмай қалған, оң жақ құлағының түбінен өтіп, бармағының басын тілгілеп өткен жау қылышынан кейін көзі қайтадан жарқ ете түсті. Әлгінде ғана Әбділдәбек берген қылышпен қауғабас орыстың басын шауып түсірді. Дудар-дудар басы шатқалға құлап кете барды. Басы жоқ денеден қан атқылады дерсің…

Екінші орыс пулеметтің мойнын Зуқаға қарай бұра бергенде, найзаны сермеп қалды. Дәл өңешіне қадалды. Басы шабылған орыс жерге жығылмай, әрі-бері жүгірді де гүрс етіп құлады. Тастың арасына қорыққанынан тығылған үшінші адам дәу ұйғыр еді. Күні кеше ғана керуенімен келген саудагер сияқты болып көрінген. Қолыңдағы наганын әрі-бері басқанымен, Зуқаны дәл көздей алмай қойды. Ту сыртынан жетіп келген Қазанбай оның үстіне секіріп қона кетті. Мойнын бұрап-бұрап жіберіп еді, бейшара көзі алайып сылқ етіп жерге құлады. Ауыл жігіттері де жетіп келді… Бәрінің көзінде үрей. Қан-қан болып жараланған Зуқаға тура қарай алмай өздерін кінәлі санап  тұрғандары көрініп тұр. «Тықыр» еткен дыбысқа жалт қараса, екі тастың арасында қалш-қалш етіп отырған кешегі саудагер қазақ екен.

– Ой, әкеңді… – деп Қазанбай ұмтылып еді.

– Тоқтай тұршы, – деді Зуқа даусы шаршап шығып. – Қазір, қазір, -

бармағынан аққан қан қылыштың арнасымен жүріп ұшына дейін барды.

- Зуқа аға, мен ғой, мен ғой, – деді жаны мұрнының ұшына келген

саудагер.

- Қазір, – деді  Зуқа тістеніп…

Екі тастың арасын паналаған саудагер қазақтың жанына келіп қылышты көтеріп тұрды.

– Батыр сауға, қазақпыз ғой. Кеше жеңешеме түкті кілем сыйлап едім ғой, жанымды қия көріңіз. Бұны істеген сіздің ата жауыңыз – Жин Шурын. Егер де алтын шайған қытайларды қырып тастасақ, бұның бәрін сізден көретін еді. Бұны істеткен анау, анау қытай, –  деп саусағын шошайтты. Өзі дір-дір етіп бұтына жіберіп қойды. Қазанбай «түй, иттің ғана баласы» деп жиіркеніп, теріс  бұрылды да жерге бір түкірді.

– Батыр, мына хайуанды маған беріңізші, азаптап өлтірейін, – деп ызаға булыққан жас жігітті Зуқа тоқтатты.

– Әәә, иттің ғана баласы, – деп қылышын сатқын қазақтың кеудесіне тіреп, – сен қазақсың ғой, – деді Зуқа.

– Иә, иә, Зуқа аға, мен қазақпын ғой, кеше жеңгейге арабы кілемді әкеп берген мен ғой, танымай қалдыңыз ба? Өлтірмеңізші мені! Үйде екі балам, ауру шешем, жас әйелім бар, сауға-сауға… жанымды қия көріңізші. Кешіріңізші, аға, Жин Шурын маған алтын береміз деген соң келісіп едім.

– Сен қазақсың ба?

– Иә! Иә, иә, аға, қазақпын, мен де орта жүзбін, аға! – деп кеңкілдеп жылады.

– Орта жүзден садаға кет, иттің баласы! Қазақтан садаға кет! Еркек болмай әнтек болғыр. Мен сені тірі қалдырамын, – деді Зуқа.

– Ой, Зуқа, не айтып тұрсың? Сен өлтірмесең, мен өлтірем, – деп Қазанбай алдыға түсіп келе жатыр еді, Зуқа оған зірк ете түсті. «Тұра тұр, бұндай өзінің халқын сатқан адамға өлім деген –  жеңіл жаза».

– Иттің ғана баласы, – деп Қазанбай бұзып-жарып келе жатыр еді, жанындағы жігіттер ұстап-ұстап қалысты.

– Сені өлтірмеймін, иттің баласы, – деді Зуқа тістеніп. – Өлім саған аз. Шейіт болған қазақтан садаға кет.

Зуқа қылышын көтеріп, ең ұшын оның танауына жақындатты. Ана байқұстың қорыққанынан екі көзі қылиланып, денесі дір-дір етті.

Алмас қылыш жарқ еткенде, оның таңқиған танауын ұшырып жіберді.

Бағанадан қан иісін аңдып, таста қонып отырған бір  құзғын аспанға ұшқан оның танауын іліп ап, терең сайға қарай ұша жөнелді. Тұрғандардың бәрі танауы қабағына дейін түбірімен сырылып қалған, екі көзі бірін-бірі жеуге ұмтылғандай жексұрын бейнені көріп, теріс айналды.

– Жігіттер, кеттік, тиіспеңдер мына сорлыға! – деді Зуқа.

Қазанбай жүрегі айнып, лоқсып-лоқсып жіберді. Жігіттер тасты шақыр-шұқыр басып, Зуқаның соңынан еріп төмен түсе берді. Алтын шайған қытайлардың басшысы әлдене деп шошына айғайлап, бұларға  шәңкілдей  бастады. Қорыққаны сондай, қол-аяғы дір-дір етеді. Бір сөзін ұғып, бір сөзін ұқпай тұрғанда,  қайдан жүргені белгісіз Әбдікәрім деген ұйғыр жігіті келіп, оның әрбір сөзін аудара бастады.

– Зуқа батыр, егер де сіз болмасаңыз бәрімізді өлтіріп, алтынымызды тартып алатын еді ғой, – деген сөздерін  Әбдікәрім аударғанда Зуқаның басы айналып тұрса да, тез есін жиып:

– Жігіттер, пулеметті сол жерде өртеп жіберіңдер, жаңағы хайуанға тиіспеңдер! Осыдан өлтірсеңдер, біріңді де аямаймын! – деп, даусы  қатты шықты.

Қытай үстіндегі жейдесін жыртып, Зуқаның жарасын таңғандай болды.

– Қазанбай, – деді ақырын ғана, – Жарқын қайда?

– Оққа ұшты, батыр. Кеудесінде жаны бар болатын. Шілікті сайда.

– Мені апар сонда.

Шілікті сайға бірін-бірі сүйеп екі дос жеткенде, жас бала Жарқын қансырап жатыр екен.

– Зуқа ата, Зуқа ата, амансыз ба? Қорқып кеттім ғой, сізге бірдеңе бола ма деп. Жаңа ғана мені марқұм әке-шешем жанына шақырып кетті. Бірақ  өлмеймін ғой, иә. Мен бүгін ғана тудым емес пе иә, ата. Осы таң ата ғана шық кеппей өмірге келдім ғой. Жаңа ғана әруақ болған ата-анам «бізбен бірге жүрші, балам, жанымызда болшы» деп шақырды. Мен оларға Зуқа атамның тірі екенін көрсем болды, арттарыңнан қуып жетем дедім. Мен уәдемде тұрамын, мен жігітпін. Мен әкем сияқты Алаштың баласымын. Алаш жолында садаға кетемін, ата-ау! Тірі екенсіз ғой, ата, шүкір…

– Тірімін, балам. Айналайын, кәне көтерейінші.

– Ата, мені қозғамаңызшы. Бетіңізге, қолыңызға не болған, ата-ау? Тек

сізден бір өтініш, басыма белгі қойғанда төте жазумен Жарқын, Тобықты, Мотыш, Доғал деп жазып қойыңызшы. Кішкентай Жарқынға жарқын болашақ тілеймін, ата-ау, – деген сөздерді ап-анық айтты да үзіліп жүре берді. Зуқа қолдары дір-дір етіп оның көзін алақанымен басты.

– Жігіттер, – деді даусы ақырын шығып. – «Бөрүү баласы  ит болмайды» деп қырғыздар айтпақшы, оның әкесі Алаштың арманын орындаймын деп Жарқынның кеудесіне нұр құйған. Жап-жас баланы арулап қояйық. Қазанбай, қырқы, жылы, басын көтеру екеуміздің мойнымызда.

Қазанбай тумысынан батыр жігіт, досқа адал, сөзіне берік, өте таза адам.

Досының бір ауыз сөзінде үлкен мағына жатқанын үнсіз түсініп, басын изеді. Келіскені…

Олар ауылға тас қараңғысында бірақ қайтты. Ертеңінде бесін уақытында ауылға бірнеше атты адамдармен Ақыт келді. Астына мінгені – былтыр Зуқа сыйлаған елік жирен. Құйрық-жалы төгіліп тұр, өмілдірік, құйысқаны күмістелген, тұрқы ұзын, өте сүйкімді ат еді. Жанына ерткені  – ақ шапан киген, боз жорға ат мінген қасиетті Албанның дуалы ауыз қариясы Дүрмекбай. Жас жігіттер жағы алдарынан иіліп, сәлем беріп, шылбырларын қолдарына алып, қонақтарын қолтықтап-қолтықтап түсіріп еді.

- Ассалаумағалейкүм!

- Уәликүмассалам!

Үлкендер жағы көздеріне жас алып, Зуқамен қауышса, Ақыт досымен күрсініп құшақтасты.

– «Жақсы би ауылымен көшіп жүреді» деген, бұның дұрыс болды, Ақыт, – деп Зуқа оны қайта-қайта құшақтады. Үлкендер жағы:

– Келін, батырыңды Құдай сақтап қалған екен, естіп жатырмыз, бар жаманшылық осымен қалсын, – десті.

– Аман болсын, айналайын!

– Елге жасаған жақсылығы көп қой.

– Ата-бабасы текті адам, көктегі Құдай да, жердегі періште де біледі.

Бабаң Нұрмұхамбет ұстаз болған, әкең Сәбит молданы көзіміз көрді. Марқұм кең еді ғой, ақылдың кені еді ғой.

– Қайнымның жақсылығын біз де білеміз, – деп әңгіме ауанын басқа жаққа бұрғысы келген жеңгесінің сөзі де ешкімнің езуін тартқызбады.

Дастархан жасалып, қонақтардың шынтағына қос жастық тасталды. Екі жігіт босағадан кішігірім торпақтай қызыл ісекті әкеп, төрде отырған Дүрмекбай ақсақалдан бата сұрады. Ақсақал ықыласпен батаны жасап тастады. Осы кезде Қызыекенің көзі алдыңғы күні «керегі жоқ» дегеніне қарамай саудагер жігіттің тастап кеткен арабы кілеміне түсті. Орнынан атып тұрып,  аяусыз кейіппен буылған кілемге қарап, кенеттен қайраттанып,  «үлкендер отыр екен-ау» демей, тік көтеріп есіктің алдына алып шығып, жанып жатқан оттың ортасына  тастай салды. Шытырлап жанған қу ағаш үстіне кілем түскен кезде одан сайын лапылдап жана бастады. Босағадан аттай бере Қызыеке жылап жіберді.

– Сіздердің жолдарыңызда садақа, – деді Қызыеке күрсініп.

Бұны сырттай бақылап тұрған Ақыт Қызыекеге риза болғаны сондай:

– Рахмет, айналайын, білгенің ғой, білгенің ғой, – деп тебірене тіл қатты.

Әңгімені басқа жаққа бұрғысы келген Қазанбай:

– Қызыекенің Солташтың бала кезінен болашақ қайын-жұртына жинаған дүниесі, күйе түскен соң отқа жаққаны ғой, бар бәле осымен кетсін, – деп әуелі отырғандарды күлдірмек еді, бірақ сөз аяғы күрсініспен аяқталғанын өзі де байқамай қалды. Осы кезде:

– Ассалаумағалейкүм! – деп ұста Әбубәкір кірді. Жанында шымыр келген жас жігіт бар.

–       Уағалейкүмассалам! – деп Зуқа орнынан атып тұрды.

–       Әй, Ақыт, мына жігіт Әбубәкір ұста – темірді қамырша илейтін азамат.

–       Аа, айтқансың, айтқансың. Кел, бауырым, төс қағыстырайық.

«Шебердің қолы ортақ» деп қазақ бекер айтпаған. Кел, кел! – деп жылы ұшырай амандасты.

Екеуі төс қағыстырды.  Әбубәкір отыра беріп, жанындағы жас жігітті таныстыра кетті:

–       Зуқа аға, мына жігіт Аягөзден келген Серікзат деген ақын жігіт.

Семейде Алашорданың бір жиынына қатысып, Шәкәрім қажымен жақын болғаны үшін қызылдар қудалап, соңына түсіпті.

–       Не дейді? – деп отырғандар үрпиіп қалды.

–       Қызылдар дейсің бе?

–       Сонау Хабар асуы арқылы ауылға әрең дегенде өтіп, әйтеуір жеті күн

дегенде Зуқа батырдың ауылы қай жерде деп сұрай-сұрай бізге жетіпті. Қонақ үстіне қонақ болғанымызға ғафу етерсіз! Біз кетейік.

–       Ол не дегенің, Әбіш-ау? Іздеп барып өзім де сәлем беретін едім ғой.

Алыстан келген екен, қош көрдім, бауырым!

Әлгінде ғана Зуқа бір шатақты шығара ма деп ыңғайсызданған Ақыт түсі жылып:

–       Айналайын, төрлей ғой, жол азабын көрген екенсің. Бұл үй ағаңның

ғана емес, осы отырған бәріміздің үйіміз. Бұл кешегі қажыға барған, ұстаз болған адамның үйі. Бұл шаңырақтың киесі бар. Осы үйдің әр уығында қазақтың несібесі бар, бірлігі бар, бауырым, – деген сөзіне Зуқа риза болып:

–       Ақыт ағаң өте дұрыс айтады, төрле, бауырым, төрле, – деді.

Зуқа мен Ақыттың достық пейілін аңғарып қалған төрде отырған Дүрмекбай:

–       Менің Бегалымдай ғана бала екенсің, кел, менің оң жағыма отыр, – деп

төрге шақырды.

Осы кезде үйге ақырын басып Төлегетай кірді.

-         Ассалаумағалейкүм, ақсақал!

-         Аа, Төлеш, амансың ба, барсың ба, балам, – деді Дүрмекбай.

–       Ақсақал, Бегалыңыз мықты азамат. Жиеніңіз өзіңізге тартып туған. Ой,

ана жолғы Шәуешектегі жәрмеңкеде күрескені-ай! Оңынан келгенді оңға, солынан келгенді солға жамбасқа алып әй, бір лақтырды-ау! Әй, Шақар ғой! Әй, батыр Шақар ғой! Шақар…

–       Иә, әңгіме айта отыр, балам, – деді Дүрмекбай Серікзатқа қарап.

–       Ақсақал, ниетіңізге рахмет. «Үлкен отырып кіші сөйлегеннен без»

деген, менің отырып домбыра тартып, ыңылдап ән айтатын әдетім бар еді. Рұқсат етсеңіздер маған сол жеңіл болар, – деп мейірлене күлген Серікзаттың жүзіне қарап Ақыт іштей риза болды да:

–       Шырқа, бауырым, шырқа, өзіңнің ағаңның үйі.

Мақсұтбайдың Серікзаты төрде ілулі тұрған домбыраны қолына алып, әрі-

бері шертіп отырды да алдындағы шара толы қымызды төңкеріп тастап:

-         Хабар асуы – ол қазақтың қаралы асуы екен ғой. Сол асуда менің де сүйегім қурап қалуы керек еді. Сол жерден шейіт болған жандардан менің жаным артық па? Алашым үшін шейіт болсам, арманым не? Бірақ маған ақ өлім де бұйырмады. Шәкәрім қажы: «Әй, Серікзат, қарағым, ақыл – денеге егілген дән, суғарылса кіреді оған да жан, табаныңның астында адамның денесі қалмасын» деп еді. Мен адамның қу сүйегінің үстімен өттім ғой. Өзімді кінәлі санаймын, – деп тоқтады.

–       Жоқ, бауырым, кінәлама өзіңді. Осы отырған тірі жүрген біздің де кінәміз жоқ. Алланың емес, бұл қу Советтің, Қызылдардың ісі. Қазақтың жері елдің көзінің құрты болған заман болып тұр ғой, бауырым-ау, – деп Зуқа толқып кетті.

Осы кезде көз жасы сақалынан тамып-тамып түскен Дүрмекбай «Балам, баста, баста»,  – деді ақырын ғана.

- Сол Хабар асудан өтіп, Жалаулының тұсында бір үңгірде тығылып жатып, үнімді шығармай, қурайды домбыра қылып, іштей егіліп жазған әнім еді. Хош көрерсіздер! – деп, Серікзат домбырасын сабалап-сабалап алды да, даланың қоңыр даусына салды.

«Басынан мұнар көшіп, бұлт аунаған,

Бабамның қонысы еді бұл тау маған.

Тарғыл жол жолбарыстай Тарбағатай,

Сен десе жүрегімнен жыр саулаған.

 

Беу, асқар белі даламның,

Ертеңіңе алаңмын.

Қиянатқа қимайтын,

Бауырыңда өскен балаңмын.

 

Қызылтас қыран ұшқан қия белім,

Япыр-ай, қай өлшемге сияр едің.

Майлышат – ер Қабанбай туын тіккен,

Ұлтыма құтты мекен, ұям едің!

 

Дастарған басында отырғандар теңіздей толқыды. Ертістей егілді.

Серікзаттың даусын сыртта отырып естіген ауыл адамдары:

–       Апыр-ау, біздің ауылды айтып жатыр ғой.

–       Біздің тауды айтып жатыр ма?

–       Не дейді, ата-қонысымды айтып жатыр ма? – деп, бұлар отырған киіз үйге жақындай түсті. Жүзін жас жуған Қызыеке сыртқа шығып кетіп,  бетін бір жуды да, қазан-ошақ басында жүрген келіндерден қуырдақ дайын болғанын естіп табаққа салғыза берді.

-          Ақсақал, елдің ағасысыз, исі Албанға ғана емес, бүкіл қазаққа қадірлі адамсыз. Менің әкемнің көзін көрдіңіз, әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін деген. Мен сізге ұзақ ғұмыр тілеймін, ақсақал!

-         Рахмет, рахмет балам! Бек ризамын, – деді Дүрмекбай.

-         Әй, Зуқа, екеуміз әкеге бала болдық, шешеге пана болдық. Осы Дүрмекбай ақсақалға не боламыз сонда? – деді Ақыт күлімсірей. Оның бұл сөзі әшейін достық, қазақи көңіл еді. Оны түсіне қойған Зуқа:

-         Бұл кісілерге бәле емес, бала боламыз да. Сені білмеймін, Ақыт,

менімен Қазанбай екеуміз бәле боламыз-ау, осы, -деп күлді.

-         Е, шіркін, – деп күлді Дүрмекбай. – Қаны таза, тегі түзу Албанда бір сөз бар,  «тексізден қорық» деген. Ал, екеуіңнің достығыңа, ішінара туыстықтарыңа бек ризамын. Балам, алты Алаштың баласы Ақыт пен Зуқадай болсын деп тілеймін.

-         Әумин, әумин! – деп, отырғандар қауқылдасып қалды.

Осы кезде дастархан басында отырған ақ жаулықты әйелдер қозғалақтап қалып еді, ішінен Қауия апа шығып:

- Қайным-ау, жүдеп қалыпсың ғой, – деді ақырын ғана. Бәрі үнсіз қалды.

Осы кезде Зуқа өткір көзімен ағасы Төлегетайды шақырды. «Не айтасың?»  деп еді ақырын ғана. Зуқа  «семіз бір тай болса»  деп сыбыр етті. Ағасы басын изеді де үйден елеусіз шығып кетті.

Қуырдақ пен бал қымыз ішіп, қонақтар біраз ес жинаған соң, жастар жағы отырғандардың қолдарына құмғанмен су құйып, қызмет қылып жатқанда екі дос Зуқа мен Ақыт төбе басына шықты. Оңаша әңгімелесіп тұр.

–       Зуқа, досым-ау, айтшы, саған не керек? Не жетпейді саған? Бабаң да, әкең

де ұстаз болған адамдар. Шәкіртке дәріс берген, не болған саған жаралы арыстандай аласұрып? Ел аман, жұрт тынышта өзіңе жау іздеп.

–       Мен бе? – деп Зуқа көзі жарқ ете түсті. – Мен бе осыны жасаған?

–       Сенің қарекетіңді имансыздың қарекеті демеймін. Сен батыр адамсың.

Батыр аңғал болады. Абайла, қызбаланба. Мен саған еліңді қорғама деп айтып тұрған жоқпын. Мен саған абайла деп тұрмын. Гомандиннің саясатын сен түзей алмайсың, бұл елдің өз заңы бар!

–       Кетсін біздің өр Алтайдан! Табанын жалтыратсын!

–       Еее, қайран өр Алтай, мен қайтейін биігіңді деген ғой. Екеуміз малтып

көрмеген теңіздің түбінде жатыр ғой көп сыр, Гомандиннің құйтырқы саясаты. Ей, аңғал досым-ай! «Құйрығы жоқ, жалы жоқ,  жылан қайтіп күн көрер» деген бабамыздың сөзі бар ғой. Желге қарсы шаптырмайды ғой мұсылман баласы.

–       Адам баласы ешқашан қолына бекер қару ұстамайды. Ал, жауласқанмен

жауласу, жауды жеңу адамның басты парызы деп білемін, – деді Зуқа.

– Ислам ағамыздың баласы Оспанға берген батаңды үлкен танымдық жол деп білемін. Сенікі ерлік. Өзіңнен кейін болмасын деген жаман ниеттен ада екеніңді көрсетеді. Сенікі кемеңгерлік.

–       Еее, Ақыт-ау, қалам ұстаған алдымда шәкіртім болса, жым-жырт жүре

беретін едім ғой. Мен әділетсіздікке төзбеймін.

–       Білем, білем! Қазақтың даласы кең еді ғой… Мына төбе біздікі еді.

–       Күндердің күнінде жаттың табаны тие ме деп қорқамын. Менің де үрейленетінім осы…

-         Иә, иә, дұрыс айтасың, досым! Ендігі үміт анау Маңғыстау даласындағы пір Бекеттің өмірін, Баянауыл жотасындағы Мәшһүр-Жүсіптің, Шыңғыстаудағы Абай ағамыздың асыл сөздерін қазақ баласы бойына сіңіре ала ма? Осы менің ойым. Біз соған үлгереміз бе? Әлімсақтан мұсылмандығымызды сақтай аламыз ба? Қабанбай атамыздың қазаққа осыншама жер алып бергендегі арманын жас ұрпақ «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып»,  береке-бірлік орната ала ма? – деді Ақыт күрсініп.

–       Иә, Ақыт-ау, менің де ойым сол. Кешегі хан Кененің басы қайда? Сол бастың ішіндегі арманы қайда? Алаштың ардақтысы, менің төл құрдасым Әлихан Бөкейханның қазақтың болашағын ойлағаны қайда? Кімнің қанжығасында кетті? Осы қазақтың мықтыларының арманын орындайтын ұрпақ тәрбиелей аламыз ба?  Күрескер болмасақ та солардың кеудесіне бір дән еге аламыз ба? Мен жатсам-тұрсам соны ойлаймын, досым-ау. Қазақтың басына үйірілген  бұлт сейіле ме? Айтшы. Бұл сұрақты сен қойсаң, мен жауап бере  алмайтынымды білемін… Өйткені ешкім қазақтың сұрағына жауап бере алмайтын заман келді.

Екеуі бір сәтке үнсіз қалды. Үнсіздікті Зуқа бұзды.

–       Ақыт-ау, – деді досының иығын қапсыра құшақтап. – Сенің жүрегің  қазақтың кең даласы сияқты. Сол даланы кімдер біздің қолымыздан тартып алмақ? Қызымызды күң,  ұлымызды құл етпек? Болашағымыз не болады? Мына жақтан орыс, мына жақтан қысық көз екі өкпеден  қысып бара ма деп қорқамын.  Солай болған күнде де қой екеш қой да бауыздар алдында тұяғын бір серпиді ғой. Күң әйелден құл бала туатынын әрбір қазақтың баласы білсе екен деймін.

Осы кезде астындағы жорғасын тайпалтқан Қазанбай келді.

–       Әй, екеуіңе не болды-ей? Дауыстарың қатты шығып жатыр ғой, – деп

аттан түсті. – Жігіттер бір семіз тайды жетектеп  келді. Асау екен,  қызыл май болмай тұрғанда  барайық. Обал болады.

–       Ой, Дүрмекбай ақсақал бар емес пе? – деді Зуқа.

–       Ол ақсақал бырылдап ұйықтап жатыр. Жүзге келу оңай деймісің, – деді

Қазанбай.

–       Шаршаған-ау қария.. Ақыт, сен бер батаны, – деді Зуқа.

Үшеуі аяңдап ауылға келгенде, жігіттер бүйірі тоқ қызыл тайдың аяғын буып жатыр еді.  Ақыт екі қолын алдыға созып бата бере бастаған кезде, бір жел толқып оның дауысын естіртпей жіберді. Тек бір ауыз сөзін ғана маңында тұрғандар естіп қалды: «Қазағымның бірлігі болсын! Әумин!». Зуқаның көкжал  жігіттері апаш-құпаш қимылдап, әп-сәтте тайды жәукемдеп, терісін есік алдындағы  арбаның  үстіне тұздап, жайып тастады. Ақыт үйге кірмей,  олардың әр қимылын  үнсіз бақылап тұрды. Көзінде қуаныш бар еді. «Шүкір, осы жастарым аман болса,  елім де, жерім де, кең далам да аман болар» деп іштей ойлады.

Палуан Мұқан деген жігіт келіп:

–       Ағалар, мынаны әкем марқұм бала кезімде шикідей асатушы еді, –  деп телшенің майынан бір-бір кесіп алып, – асаңыздаршы, –деді.

–       Пәлі, – деді Ақыт кеңкілдей күліп. – Біздің жігіттер қазақтың жөнін біледі екен-ау, ә, Зуқа?!

–       Оой, Ақыт-ау, бұл сонау Буыршынның  жігіті, Жәдік, оның ішінде Байғара атаның ұрпағы. Жауырыны жер иіскемеген палуан.

–       Тұлпардың тұрысынан, сұңқардың  қанат қағысынан белгілі ғой.

Көрініп тұр ғой, Зуқа, бұл бауырымыздың палуан екені, – деді Ақыт.

Дүрмекбайдың ұйқысы қанған кезде, жас ет былқып пісіп еді.

Бағанағыдай емес, Дүрмекбай көңілденіп жан-жағына мейірлене қарап: «Ас алыңдар, қарақтарым, ас алыңдар!» деп, жастарға бір-бір асатып қойды.

–       Ақсақал! – деді шетте отырған бір жас жігіт. – Баяғыда сіздің бала кезден бірге өскен досыңыз Кеңесжан ақсақал өз жаназасын өзі шығарар алдында «Кеңес аға, не арманыңыз бар?» дегенде, «Адам баласында арман көп қой, мен жасарымды жасадым, асарымды асадым. Немере-шөберелерім ат жалын тартып мінді. Құдайға шүкір, арманым орындалды. Бір-ақ арманым бар, артымда Дүрмекбай қалып бара жатыр» депті, –  деген кезде отырған жастар мырс-мырс күлді.

Жастардың күлетін де жөні бар еді. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген, Дүрмекбай мен Кеңесжанның арасындағы қалжың елге көкжайлауға жайылған қалың жылқыдай кісінеп кетіп еді.

Дүрмекбай жағы Кеңесжанның балаларына «сендердің аталарың нашар, біздің атамыз көп жасады» десе, Кеңесжанның балалары «сендердің Дүрмекбай әкелерің біздің әкемізден бір мүшел жас кіші екен» деп, ауыл арасына сөз жарастырып, бала баламен, күйеу күйеумен, келін келінмен қалжыңдасып жататын.

–       Еее, қарақтарым-ай, Кеңесжан кең еді ғой. Өзгеге өлім тілемейтін,

өзіне өмір тілейтін адам еді. Елі мен жерін ойлаған кең адам болатын. Мықты аңшы, құралайды көзге атқан мерген еді ғой.., – деді Дүрмекбай.

Жаңа ғана мырс-мырс күлген жастар жағы ұялып төмен қарады. Екі қарияның екі дүниеде достығын сақтап қалғанына Зуқа іштей қатты риза болды. Әйелі  Қызыеке жаққа қарап,  көзімен «бері кел» дегендей белгі берді. Қызыеке –  текті елдің қызы. Дүниенің бетіне қарап қызықпайтын адам, бар тілегі ерінің үстінде.Ол лып етіп оның жанына келді. Зуқа сыбыр етті. «Ақсақалға  шапан». Қызыеке үйден ақырын білдіртпей шығып кетті де, әп-сәтте күйеуінің оң тізесіне таман  мұқият бүктелген  шапанды елеусіз ғана  әкеп қойды. Бұл шапан оқалы еді. Былтыр көктемде сонау Үрімшінің жәрмеңкесінен құлынды биенің құнын беріп алған-тын. Бөркі құндызбен көмкерілген, жағасы бұлғыннан тігілген мақпал шапан еді.

–       Ақсақал! – деді орнынан тұрып. – Елдің үлкенісіз, ауылымызға көптен келмеп едіңіз, мынау шапан сізге, -  деп, төрде отырған Дүрмекбайдың иығына жапты. Дүрмекбай Зуқаның шекесінен төмен қарай  сызып өткен қылыш ізін көріп, жүрегі шым етті де, дауысын қырнап:

–       Аман бол, қарағым!   «Алған жомарт па, берген жомарт па?» деген  сөз бар біздің қазақта. Сенің ауылыңды, амандығыңды көріп, кәрі көңіліме қуат берген, бізге жол бастап келген Ақыт баламның иығына жабайын.  Шырағым Ақыт, иығыңда тозсын осы шапан!  Жасың, ғұмырың ұзақ болсын! Кемеңгерсің! Екеуіңнің достығыңа  сызат түспесін, – деп, Ақыттың иығына жауып, басына бөркін кигізді де, Зуқа мен Ақытты қатар құшақтады. – Аман болыңдар, қарақтарым, елдің иесі де, киесі де осы сендерсіңдер! – деді.

Дастархан басында отырғандар толқып кетті.  Зуқа отыра бергенде, палуан Мұқанға жаныма кел дегендей ишара жасады. «Ауылдағы тәй-тәй басқан баладан, тайға мініп жүргендеріне  дейін жина, есіктің алдына әкел, ақсақалдан бата сұраймыз», – деп ақырын  ғана айтты. Мұқан екі бүктетіліп, есіктің сықырлауығынан білдіртпей шығып кетті.

Қонақтар ет жеп, сорпа ішіп тоғын басып қалған кезде, екінді уақытыболып қалған еді.

–       Ақсақал, – деді Зуқа, – жаңа сіз Ақыт екеуімізге достықтарың берекелі болсын дедіңіз. Рахмет! Алла риза болсын! Ағайын аман болсын, достық маған өте қымбат. Қазақтың қырық руынан менің ауылыма пана іздеп келген адамдар өсіп-өніп жатыр. Солардың ұрпақтарына бата беріңіз. Есік алдында жастар жиналып тұр.

–       Әп, бәрекелді, Зуқа батырым-ау, бұның білгендік. Текті атаның баласысың ғой. Менің батамда не тұр? Бірақ сен менің жасымның үлкендігін сыйлап тұрсың-ау. Жол Ақыттікі еді ғой.

-         Жоға, ақсақал. Албан деген қасиетті елдің үлкенісіз, бар деп аспайсыз, жоқ деп тозбайсыз. Жастарға үлгісіз, сізден бата алмаған ұрпақ кімнен бата алады?

-         Айтқаның жөн, Зуқа балам. Жол Ақыттікі болсын, білім мен парасаттың кені осы балам ғой.

–       Ата-ау, – деді Ақыт еркелей сөйлеп, – мені қартайта бердіңіз ғой.

–       Әй, Ақыт балам, кәрілік надандық емес, – қасиет, жастың наданынан сақтасын Құдай. Ал, сен ғұламасың, Зуқа батырым екеуің кемеңгерсіңдер. Сендер аман болыңдар! – деді Дүрмекбай.

Алты қанат үлкен үйден Дүрмекбайды Ақыт пен Зуқа қолтықтап шығарған кезде:

–       Ата! Ата!

–       Ата, бата!

–       Ата, бата! – деп шу-шу етті балалар.

Ақыт қолын көтергенде бәрі басыла қалды.  Жым-жырт. Бәрінің көзінде үміт оты оянып, жайнап сала беріп еді.

–       Ал, балалар, аталарыңның батасын тыңдаңдар!

Дүрмекбай «Әумин!» деп қолын жайды да, балалардың көздеріне қарап бір сәт тұрып қалды.

Әумин десең міне, бата -

Құлыннан тұлпар,

Балапаннан сұңқар.

Тұсау кесерден азамат,

Білектен күш,

Жүректен ниет,

Саумалдан сусын,

Аспаннан күн,

Жерден жомарттық,

Түннен жұлдыз болсын, сендерге!

Аман болыңдар, қазақтарым,

Бірліктерің мен тірліктерің бір болсын!

Ру-руға бөлінбей,

Жүз-жүзге жіліктенбей,

 Бір қазақ болыңдар, құлындарым!

Әумин!

 

–       Әумин!

–       Әумин!

–       Әумин!

Әйелдер жағы шашу шашқан кезде, бала біткен шу-шу етіп ауылды мәре-сәре қылды.

 

* * *

 

Ай жарық еді.

Сүттей жарық еді.

Түндігі ашық,

Алты қанат ақ үйдің іші ондық шам шанбаса да жап-жарық еді.

Жап-жарық еді…

 

* * *

Ертеңінде қонақтар қайтуға ыңғайланғанымен, Зуқа әр нәрсені сылтауратып бөгей беріп еді. Бесін намаз уақытында Зуқа оларды дастархан басынан тұрғызды.  Дөң астындағы  әскери машық өткізетін жерге жүз жастағы Дүрмекбайды әуелі екі жігіт қолтығынан жетектеп келе жатыр еді, қария әрі-бері шапқылап еттерін қыздырып жүрген сарбаздарды көріп ана екеуінің қолын қағып тастап, өзі ширақ қимылдап аяғын тез-тез басып жүре берді дерсің…  Жан-жағына «ой, бәрекелді» деп  күлімдей қарап, «Ақсақал, атқа мініңіз» дегенге қарамай:

–       Ой, батырларым-ай, бар екенсіңдер ғой! – деп өңешін созып-созып қояды. Тіпті алдына палуан келсе күресе кететіндей ыңғайы бар. Ширақ.

Оюлы үлкен текеметті төбе басына жайып төрт жорға атпен ауылдан табақ-табақ жылқының еті мен бал қымызды жаяу жүргіншілерден бұрын жеткізді. Ауыр-ауыр құс жастықтар тасталып, бәрі әзірленіп қойылған екен.

–       Әй, Зуқа, сен бағанадан сөзді неге созып отыр деймін? Мына құрметті көрсетпек ойың бар екен ғой, – деп кеңкілдей күлді Ақыт.

–       Ақа, барымыз да, нарымыз да осы енді. Әдейі мақтан үшін көрсетейі деген жоқпын, бесіннен кейін жігіттердің «не бел кетер, не белдік үзілер» дейтіндері бар еді. Соған тұспа-тұс келіп қалдыңыздар, айып етпессіздер, – деді Зуқа.

–       Пәлі, о не дегенің? Сенің сарбаздарыңның әскери шеберлігін көрсек несі айып екен? «Сақтықта қорлық жоқ» деген, -  деп Ақыт тау жаққа қарады.

Оның бүйткен мінезін Зуқа кеше екеуара әңгімені жуып-шайғанын іштей сезді. Досының көрегендігіне риза болғандығы сондай:

–       Ақа-ау, өзің айтпақшы, сақтанғанды кім жек көрсін? Көзіңе түскен сарбаз болса, қолыңнан қақпаймын. Ауылыңа көшіріп, алдына малын салып отауын көтеріп беремін. Айтқаным айтқан. Саған салмақ салмаймын.

–       Батырым-ау, сенің екі сөйлемейтініңді білемін ғой, сенің сарбаздарың бүкіл Алтайға, қала берді қалың қазаққа пана болады. Маған сарбаз емес, бала шәкірт берсең болар еді.

–       Ой, пәлі-ай, балапанды ұядан ұшыру оңай деймісің? Бұғанасы қатпаған балаларды саған берсем онда менің кім болғаным? Алсаң әбден ысылған сарбаздарды ал. Сен бала оқыта алмайды дегенім емес, ертең мына қалың жұрт «тентек Зуқа, бұзақы Зуқа балаларға қарамай, шәкірттерін ауыл-ауылға бәсіредей таратып жатыр» деген әңгімеге қалармын. Оның үстіне балапанды ұядан таратпайды, ұшырады ғой.

Осы кезде жандарына жорғасын тайпалтып келген Төлегетай жасы үлкен

болса да елдің көзінше інісі Зуқаға:

–       Батырым, әскер дайын. Машықты бастай берейік пе? – деді. Бағанадан

делебесі қозып келе жатқан Дүрмекбай:

–       Баста, балам, баста! – деп айқайлап жіберді. Төлегетай жымиып Зуқаға қарап еді, ол көзімен Ақыт жақты ымдады.

–       Ұстаз аға, – деді Төлегетай Ақытқа қарап. – Сіз не дейсіз?

–       Не дейін, әкеміз Дүрмекбайды демін алып отыратын бір жерге отырғызсаңдаршы, түге, – деп жорта ашуланған болды.

Дүрмекбай болса ыңғайсызданып:

–       Әй, қарақтарым-ай, өздерің біліңдер. «Күлсең – кәріге күл» деп, менікі жай ғой, – деп сөздің аяғын жұтып қойды.

Олар төбеге келіп текеметтің үстіне жайғасты. Әкелген құс жастықтар қонақтардың шынтағына тасталды. Алма ағаштан әдемілеп ойылған үлкен кеселерге толтырылып қымыз құйылды.

Әуелі Зуқа бата сұрайын деді де, бұл ұрыс машығы екенін есіне түсіріп ойындағысын айтпай қалды. Есік пен төрдей жалы төгілген жорға мінген Төлегетай жігіттерді екі топқа бөліп аударыспақ ойынын бастап жіберді. Бұл аударыспақ деп аталғанымен, осы төңіректе көп ешкім көрмеген ойын болып шықты. Ат үстінен ұршықша иіріліп жерге түсіп, жүгіріп барып екінші аттың артына секіріп мініп жерге аударып тастау бір қараған кісіге қызық болғанмен кез-келген адамның бойына қорқыныш үйіретін ойын екен.

–       Арасында орыс, татар, өзбек көп екен, – деді отырғандардың бірі.

Бұл сөзді естігенмен, Зуқа мән бермеді. Есіл-дерті сарбаздардың амандығы, астына мінген аттардың аяғы шорт сынбасын деген ойдың жетегінде отыр еді. Төлегетай дабыл қағатын жігітке белгі берді. Дүңгірлеп дабыл қағылды. Дала дүр сілкінді. Тау-тас жаңғырды.

–       Иә, аруақ!

–       Аруақ! – десіп, айқұш-ұйқыш жебелер атылып, найзалар шаншылып жатты.

–       Абылай! Абылай! Абылай! – деді Төлегетай.

–       Қаракерей Қабанбай! – деді әскерлер.

–       Қанжығалы Бөгенбай! – деді Төлегетай.

–       Шапырашты Наурызбай! – деді әскерлер.

–       Шақшақұлы Жәнібек! – деді Төлегетай.

–       Батыр Баян! – деді әскерлер.

–       Абылай! Абылай! Абылай! – деп Төлегетай жорғасын тайпалтып шеңбер жасап ортаға кеп тұра қалды.

–       Ер Жәнібек! – деп ұрандатты Дүрмекбай. Әскерлер:

–       Ер Жәнібек! Ер Жәнібек! Ер Жәнібек!

–       Алаш! – деді Зуқа орнынан атып тұрып.

–       Алаш! Алаш! Алаш! – деп, бар әскер қаз-қатар тізіліп ту көтерді.

–       Батырлардың ұрпағы, бар екенсіңдер! – деп Дүрмекбай орынан атып тұрып, қолын көкке көтеріп. – Алашым бір болыңдар! Батыр болсаңдар Алатаудай, Алаш болсаңдар Әлихандай болыңдар, әумин! – деп, бетін сипады.

–       Әумин!

–       Әумин!

–       Әумин! – десіп, айнала ұран көтеріп кетті. Олардың дауысын

жартастар қағып алып, «Әумин! Әумин! Әумин!» деп, өр Алтайды жаңғыртып ала жөнелді.

Отырғандар енді қызу әңгімеге кірісті:

–       Анау жігіт батыр екен!

–       Анау жігіт айлакер екен!

–       Анау жігіт нағыз жоян екен! – десіп жатты. Шулаған жұртты Ақыт оң қолын көтеріп тынышталдырды:

–       Құдайға мың да бір рахмет, қазағымның бірлігін көрсеттіңдер,

жігіттер! Аллаға шын мадақ, Аллаға шын құрмет, Аллаға шын тағзым! Ризамын Алла қазаққа Зуқадай батыр бергеніңе!

–       Зуқа!

–       Зуқа!

–       Зуқа! – деп сарбаздар шулап кетті. «Қойыңдар» дегендей Зуқа оларға

күле қолын көтерді. Жүз шақты сарбаз меймандар отырған төбеге келіп қол берісіп амандасты. Бағана ғана жігерленіп отырған Дүрмекбай шаршап, жөтеліп қалып еді, жанындағы жігіттердің бірі тостағанмен қымыз ұсына қойып, ақсақалды тыныштандырды. Қазанбай келіп Зуқаның құлағына әлдене деп сыбырлады. Ол болса ақырын жымиып басын изеп-изеп қойды. Олар отырған жерге елу күзелген тай, жиырма құлынды бие, бір үйір өңкей күрең байталды екі жылқышы дүрілдетіп айдап әкелді.

–       Ақыт! – деді Зуқа даусы саңқ-саңқ етіп. – Мынау сенің ауылыңа берген сыйым, азырқанба.

–       Ойбай-ау, Зуқа, мынауың не? Мен сенен ештеңе сұрамап едім ғой, тіпті

дәметкен де емеспін, өзің білесің менің мінезімді де, – деп Ақыт қып-қызыл болып кетті. – Алмаймын.

–       Жә, достым, ол сенің жеке басыңа емес, елу тай шәкірттеріңе, жиырма құлынды бие солардың сусыны, бір үйір күрең байтал биылғы соғым болсын. Қолымды қақпа. Төбедегі басымды төменге сүйреме. Досым емессің бе?!

Биыл қыстан жүдеп шыққан  ауылыңның жағдайын жақсы білетін Дүрмекбай өзін өте сабырлы ұстады да:

–       Қарағым, Ақыт, ауылымызға беріп тұрған несібеге рахмет айтайық.

Бұл жас ұрпақтың ырысы ғой. Зуқаның әкесі Сәбит сені оқытып еді. Сәбиттің әкесі Нұрмұхамед маған ұстаз болып еді. Шегінерге жер қалмай тұр, арқалап апармаймыз, тұяқты мал ғой, айдасақ ауылға өздері барар. Жастар қуанар. Жетілмей тұрғандар жетілер. Жаңа ғана өзің айттың ғой, Аллаға рахмет Зуқаны қазаққа берген деп. Сол Алла берген қазақтың қолын қақпа, балам, – деді.

Екі дос қатты құшақтасты. Кешкі салқынмен ауылына көңілденіп қайтып

бара жатты…

* * *

…Жылжып жылдар, жүріп жолдар қысқарды. Зуқаның ауылынан небір қиыншылықтар, небір дауылдар, құйындар, борандар, жаймашуақ күндер өтті.

* * *

Желден жүйрік уақыт зымырап өтіп еді. Қара Ертіспен өмір ағып еді.

 

* * *

-         Ақ жеңешем келіп тұр, – деді Қызыеке.

Құран  аударып отырған Зуқа «қазір» дегендей ишара танытып, төрге барып малдас құрып отырды. Кигіз есікті ақырын көтеріп, бала көтерген кемпірмен бірге ұлы мен келіні кірді. Келін босаға жақта қалып, жас жігіт:

–       Ассалаумағалейкүм, батыр әке! – деп, қос қолдап амандасты.

Қызыкенің жанындағы отырған жас келіншек:

–       Әке, амансыз ба?! – деп басын изеп кеудесін қолына қойды.

«Бар бол!» деп ишара білдірген Зуқа мұрты тебіндеген жас жігітке үңіле қарап:

–       Оу, Жарқынбысың? – деді.

–       Иә, әке! – деді даусы саңқ-саңқ еткен жас жігіт.

–       Мынау сол Жарқыныңның күшігі бір жасқа келді. «Өлі арыстаннан

тірі тышқан артық» деген. Аумаған атасы емес пе? – деп күрсінді әйел.

«Бұлар қалай тез өскен?» деп Зуқа іштей ойлады да:

– Иә, жеңеше, не бұйымтайыңыз бар? Айта отырыңыз, – деді.

–       Батыр қайным-ау, елдің бұйымтайына үйреніп қалыпсың ғой, ақылдасайын деп келдім. Батаңды бер жастарға, заман осылардікі. «Білікті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген атам қазақ. Ақыттың ауылына оқуға екеуін бірдей аттандырмақпын. Ал, мына балапанымды бауырыма басып, бұны да өзің сияқты батыр ғып шығарсам деймін. Бір қазақтың баласын тәрбиелейтін ақылым да, күш- жігерім де жетеді. Тек мына балалар қатарынан қалмасын, оқысын, рұқсат ет! Батаңды бер!

Зуқа ойланып отырып қалды да:

–       Еее, оған да талай заман өтіпті-ау. Арманшыл Алаштың Жарқыны оққа ұшқан күні туып еді-ау осы Жарқын. Қарашы, міне, уақыттың зымырағанын. Азамат болып қалыпты.

Осыдан екі жыл бұрын осы екі  жастың некелерін де қиып еді. Біле білсе келін бала мына ұлдан бес жас үлкендігі бар жауынгер жігіттің жесірі болатын. Сонда ақ жеңгесінің айтқаны ғой: «Жесірді елмен теңестіретін сыңары ғана.  Менің немерем азамат болды. Көзімнің тірісінде үйлендірейін деп рұқсат сұрап отырмын» деп.

–       Ал, қолдарыңды жайыңдар! – деді Зуқа.  Батыр болсаңдар Қабанбайдай болыңдар!  Аман болыңдар!  Жақсы ұстазға шәкірт болуға барарсыңдар. Қазақ даласын білектің күшімен ғана емес, біліммен сақтайтын заман келе жатыр. Оқыңдар! Жетіліңдер! Қанат қағыңдар! Қазақтың даласы кең. Әумин! – деп Зуқа бетін сипады.

–       Әумин! – деп екі жас та, ақ ана да:

–       Айтқаныңыз келсін! – деп беттерін сипады.

 

* * *

 

…Жылжып жылдар, жүріп жолдар қысқарды. Зуқаның ауылынан небір қиыншылықтар, небір дауылдар, құйындар, борандар, жаймашуақ күндер өтіп еді. Қамшының сабы сынды, қылыштың жүзі қайырылды. Көз жасы көл болды. Қан су болып ақты.

Бірақ.

Бірақ.

Өр Алтай шөкпеді.

Тек күңіренді.

Күңіренді…

 

 

* * *

 

Зуқа ұзақ жол жүрді.

Жол тым-тым ұзақ еді.

Шаршамады.

Оның атын қазақтың әр ауылы, әр тау-тасы, әр өзен-орманы «Зуқа-Зуқа» деп айтумен болды. Ол Такламакан шөлі, Тибет, Гималай, Кашмир, Түркия жерінде де ақырындап айтыла бастады.

* * *

…Жылжып жылдар, жүріп жолдар қысқарды. Зуқаның ауылынан небір қиыншылықтар, небір дауылдар, құйындар, борандар, жаймашуақ күндер өтті.

* * *

Зуқа өр Алтайдың басында тұр. Зуқаның рухын Жин Шурын өлтіре алмап еді. Өлтірмек түгілі сындыра алмады. Сындырмақ түгілі иілте алмап еді. Зуқа оған иілмей кетті. Өйткені Зуқа әлдеқашан Жұлдызға айналып кеткен болатын.

Көзге түртсе ештеңе көрінбейтін қараңғылық. Ешқандай дауыс та жоқ. Айсыз қара аспанда бір жарық жұлдыз жарқырап тұр еді. Бұл ерекше жұлдыз еді. Сол Жұлдыз қара түнде  ұзақ-ұзақ жол жүріп, Такламакан шөлі, Тибет, Ауғанстан, Иран, Ирак, Ресей, Моңғолия, Гималай, Кашмир, Түркия, Қытай жерлері арқылы ақырын жылжи-жылжи Ұлытаудың жерін басып өтіп, Есілдің ағысымен Арқадағы Қараөткел жеріне де жетті.

Сол бір заманда Зуқа қазақтың қараңғы түнінің жарық Жұлдызы болған еді.

P.S: Ал бүгінде ұрпағының адал ниетінің, тектілігінің, бар болғанының арқасында елдің мәңгілік жарық жұлдызына айналды.  Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған береке-бірліктің арқасында тәуелсіз елдің рухани батырына айналды.

Батыр ұрпағы қай ғасырда да текті…

Abai.kz

Related Articles

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

    Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым. Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан

  • Алыстағы ағайынның Атамекенге оралу жолын тұңғыш ашқан қазақтың қаһарман қызы

    Ол кім дейсіз ғой, турасын айтсам ол Сағат Зақанқызы. Тоқсаныншы жылдардағы алғашқы көш Моңғолия қазақтартарынан басталған. Сол көшті алғаш бастаған адам Сағат Зақанқызы. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Жарғақ құлағы жасттыққа тимей, сонау қиын-қыстау заманында алыстағы ағайындардың жолын ашқан осы адамды қазақтың қаһарман қызы атауымыздың өзіндік себебі бар. “Көш басшысымен көрікті”  “Көргені жақсы көш бастар”  дейді атам қазақ.   Осы екі ауыз сөздің астарына үңіліп қарасақ, онда, үлкен мән мағына бар екеніне көз жеткіземіз.       Бұрынғы ауыл көшінің өзінде, көш басшылары төрт түлік малдың өрісінің жағдайына қарай, әр мезгілдегі ауарайының өзгерісіне сай, көшіп қонуда бір басына жетіп артылар  үлкен жауапкершілік  жүктесе, Моңғолияда тұратын қандастарымыздың бір жарым ғасыр ғұмыр кешкен ел жерінен ,

  • АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҮРІМШІДЕН ҚАЙТЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНДА

    Болған оқиға ізімен Болған оқиғаның ізімеН…   Алаш жұртының бір емес, бірнеше съезі өтіп, Әлиханның Колчактан беті қайтып, “Енді қайтып тәуелсіз ел боламыз” деп жүрген кез еді. Семй Алаш қайраткерлерінің ордасы еді. Семейде жүрген Ахмет Байтұрсынов бастаған бір топ алашордашылар Қытай шекарасындағы Үрімші қаласына барып, ондағы қазақ жұртының хал жағдайын біліп қайтуға жолға шыққөан. Ол кезде Үрімшінің көбі қазақ еді Үйлері негізінен саздан құйылған. Орта Азияның көп қалаларын еске салғандай. Біраз үлкен кісілер мен жастар Ахаңның төте әліпбиімен кітап газет оқиды. екен. Ахаңды бұрын көрген адамдар да кездесті. Дегенмен, Ахаң Үрімші қазақтарының тәелсіз автономия құру туралы ойлары да жоқтығын байқаған. Соныменг, Үрімші қазағының және Қытайға жақын басқа ұлттардың басты тұрмысы

  • БІР АУЫЛДАҒЫ  ЕКЕУДІҢ ТАҒДЫРЫ

      Жұмат  ӘНЕСҰЛЫ   ( Махаббат туралы әңгіме) “МЕН СЕНЕН БАСҚАНЫ ӨЛГЕНШЕ  КӨРМЕЙМІН ДЕП СЕРТ БЕРІП ЕДІМ ӨЗІМЕ” “ДЕДІ БУЫНЫП ӨЛЕЙІН ДЕП ЖАТҚАН МАЙСА ДЕГЕН ҚЫЗ.. Бұл БАЙТӨБЕ деп аталатын ауыл. БҰРЫН ҮЛКЕН ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫ БОЛҒАН.ОҚУ АЯҚТАЛЫП, МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕР МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ АЛМА БАҒЫНДА МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРДІҢ ТОЙЫ МЕН  СЫНЫПТАС ЖАРАС ПЕН МАЙСАНЫҢ ТОЙЫ БІРГЕ ӨТЕІЗІЛЕТІН БОЛҒАН. ЖАРАСТЫҢ ƏКЕСІ ФЕРМЕР, АЗДАП ЕГІСТІГІ БАР. Ал Жараспен біргн оқыған Əміренің əкесі əкімшілікте қызмет жасайды, əрі жеміс өсіреді. БҰЛ ЖАРАС ПЕН МАЙСАНЫҢ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ БАСТАЛАЙЫН ДЕП ЖАТҚАНДА БОЛҒАН ТРАГЕДИЯ. ЖАРАС ПЕН МАЙСА МЕКТЕП БІТІРІП,, ӨЗ СЫНЫПТАСТАРЫМЕН МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ ҮЛКЕН БАҚТА ҮЙЛЕНУ ТОЙЛАРЫН МЕКТЕП БІТІРУ ТОЙЫМЕН ЖАЛ,ҒАСТЫРМАҚШЫ ЕДІ. МЕКТЕПТІҢ БАҒЫ АЛҚЫЗЫЛ ГҮЛМЕН ЖАЙНАП ТҰР. оҒАН ТҮРЛІ ТҮСТІ ЛАМПАЛАР ҚОСЫЛҒАН. сЫРТЫНАН

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: