Алаш астанасының үкімет ғимараттары
Орынборда 1917 жылы желтоқсанның 5-і мен 13-інің аралығында өткен
Екінші Жалпықазақ құрылтайының қаулысында Семей қаласы Алаш аутономиясының астанасы, Алаш Орда халық кеңесінің орнатылатын жері болып жарияланды.
Нақты айтқанда, Алаш үкіметінің ғимараттары Ертістің сол жағасындағы Жаңа Семейде орналасқан. Жаңа Семейді ол кезде орысша Заречная слобода деп атаған, ал қазақша халық оны аталмыш тарихи оқиғаларына байланысты Алаш қаласы деп жүрген. Сол кездегі Жаңа Семей Тінібай, Тарақты және Жоламан қалашықтарынан құрастырылған еді. Ал Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының екінші томында Бер жақ, Бас жатақ деген атаулары да кездеседі.
Ресей империясының заманында Семей ірі бір аймақтың әкімшілік орталығыеді, Семей қаласына қазіргі Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары, Қарағанды облысының бір шеті қараған. Сонымен қатар, қала ірі сауда жолының бойында тұрып, Ресей мен Қытай, Сібір мен Орта Азия арасында жүрген сауданың маңызды орталығы, хаб-оазисы болып саналған.
Саудамен қатар мәдениет те, білім де, дін де, әдебиет те, заманауи инновациялар да Семейде жоғары деңгейінде дамыған еді. Абай оқыған Ахмет Риза медресесі, талай Алаш зиялылары оқыған (солардың ішінде Сұлтанмахмұт Торыайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Дөнентаев, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев) мұғалімдер семинариясы, ірі кітапхана,
мұражай, еліміздегі алғшқы өрт сөндіруші қызмет, телефон-телеграф байланысы, цирк, футбол командасы, ерекше стилінде салынған мешіттер – Семейдің мақтанышы еді. Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Жүсіпбек Елебеков
Семейде «Ес-аймақ» мәдени-ағартушылық тобын ашса, Жақсылық Төленов
қазақ жұмысшы таптың мүддесін көздейтін «Жұмсат» қоғамдық-саяси ұйымын құрды. Қажымұқан циркте күшін көрсетсе, Нұрғали Құлжанов пен әйелі Нәзипа әдеби кештерін өткізді. Қалада Абайдың, Абай шәкірттерінің
шығармашылығының рухы бар еді. Семей – қазақ, орыс, татар мәдениетінің қайнаған ошағы еді. Әрине, мұның бәрінің негізі, қозғалтқышы сауда, экономика еді.
Семейдің таңбасында да (гербінде) сауданың нышаны ретінде түйе бейнеленген еді. Ертіс өзенімен де тауарлар кемелермен тасылатын еді – онымен Плещеев, Мусин деген саудагерлер айналысқан. Ал қаланың кіреберісінде, Жаңа Семей жақта, Ертіске жетпей тауар таситын керуендер бәж салығын төлеп, кеден бақылауынан өтіп тексерілетін еді. Алыс жолдан шаршаған саудагерлер, түйелер, аттар аялдап, демалып жататын еді. Сонымен қатар, базар құрып жан-жақтағы ауылдардан келген елмен сауда жүргізетін еді. Осылайша, Жаңа Семей де қаламен бірге дамитын еді.
Көкен болысынан келген Тінібай қажы да оның дамуына өз үлесін қосқан.
Екінші гильдияның саудагері 1836 жылы салған бір мұнаралы ағаш мешіті әлі күнде де бар. Өкінішке орай, бүгінгі таңда Тінібай мешіті – Жаңа Семейдегі Алаш үкіметі орналасқан орамынан қалған жалғыз ізі. Ал Ертістің
бойында, сол жағалауында Алаш қаласында орналасқан үкімет ғимараттарын
уақыт та, Алаш ордадан қалған мирасты сақтауға ойы, ұмтылысы жоқ бұрыңғы билік те аяған жоқ.
Алаш Орданың үкімет ғимараттары көбінесе саудагерлердің үйлерінде орналасқан. Мысалы, Мұхаметхан Сейітқұловтың үйінде Алаш үкіметінің
жиналыстары өткен.Мұхаметханның үйі Тінібай мешітінен алыс емес жерде
орналасқан. Мұхаметхан Сейітқұлов текті, бай, сауатты, оқымысты, көкірегі ояу, иманы берік, тақуалы адам, кәсіпкер кісі еді. Тінібай мешітінде діннен сабақ беріп, әйгілі Ахмет Риза мешітінде имам болған. Кітап оқуға құмар болып, үйінде көп кітап жинаған. Абай шәкірттері де, Алаш зиялылары да
бұрыннан – ақ Мұхаметханның үйінде қонақ болып, кездесіп, әңгіме-сауық құрып, пікір бөліскен. Ал, Алаш аутономиясы жариялағаннан кейін бұл үй
үкіметтік ғимараттарының біріне айналған. Алаш Орда үкіметінің мүшелерінің, Алаш зиялы азаматтарының көптеген фотосуреттері Мұхаметхан Сейітқұловтың жеке мұрағатынан алынған. 20-шы жылдары
құрылған «Ес-Аймақ»мәдени-ағартушылық тобы да Мұхаметханның үйінде қойылымдарының репетицияларын өткізді.
Сейітқұлов 1937 жылы желтоқсанның 2-іне қарағанада түннің ішінде Ертістің ортасында орналасқан Түйемойнақ (ол кезде – Киров) аралында атылған. Баласы, Қайым Мұхаметханов – белгілі абайтанушы, алаштанушы. Қайым Мұхаметханов Алаш зиялыларын бала кезінде өз көзімен көрген. Қайым мен Абай, Қайым мен Алаш, Қайым мен Семей ажыратылмайтын ұғымдар.
Алаш Орданың тағы бір үкімет ғимараты Александр Ерыкаловтың үйінде орналасқан. Ол Мұхаметханның үйінен әрірек, Ертістің ағымына теріс, жоғарырақ, ет комбинатына қарай барғанда, қазіргі Семейдегі «Океан» базарының, Мұхтар Әуезовтің ескерткішінің маңайында Әуезов даңғылынан Ертіске қарай түсіп барғанда қазіргі жер үйлерінің секторында Колхозная көшесінің бойында орналасқан еді. Александр Ерыкаловтың Алаш үкіметіне,
Алаш милициясына көрсетілген көмегі мол еді, сонымен қатар үйі де мемлекеттік мекеме ретінде пайдаланған. Александр Ерыкаловтың атын еске алғанда, кәсіпкердің жәрдемшісі, шаруашылығын меңгеріп жүрген Қаржасұлы Омардың, баласы Биғали Омаровтың аттарын да ұмытпау керек. Саудагер туралы көп қызықты мәліметті ұрпағы ресейлік музыкант Егор Летов жинап, сұхбаттарында, жеке сайтында әлеуметке анық қылды.
Енді бір үкімет ғимараты – Қаражан Үкібайұлының үйі. Ол да қазіргі балық сататын «Океан» базарының, Өтепбаев (Свободная), Чайкина көшелерінің маңайында тұратын еді. Жүсіпұлы Әбдірахманның үйі де Өтепбаев көшесінің маңайында тұрған, ол да Алаш үкіметінің ғимараттарының бірі еді. Жалпы, қазіргі Мұхтар Әуезовтің ескерткіші тұрған жерінен Ертіске қарай түсіп, оңға-солға барсақ – бұрыңғы Алаш астанасының үкімет орамына жетеміз. Бірақ, Тінібай мешітінен басқа сол заманның куәгері болған деректерді таба алмаймыз.
Алаш үкіметіне ниеттес, демеуші болып, қаржысын бөлгендерінің бірі Қаражан Үкібайұлы еді. Қаражанның үйі жиналыс өткізілетін, мемлекеттік мәселелері талқыланып шешілетін үкіметтік кеңсе ретінде пайдаланған. Бұл кәсіпкер бүкіл аймақтың мал ұстайтын байларымен серіктесіп ірі сауда жүргізген. Алыстан, кейде бірнеше жүз шақырым қышықтықта орналасқан жерден Семейге мал жіберетін Қаражанның серіктері мал сатып алатын тұтынушыларды іздеп әуре болмай, мыңдаған қой, өгіздерді Қаражанға тапсырған. Қаражанмен қатар туысы Аймағанбет те сол кәсіппен айналысқан. Қаражан Семейдің ірі тері зауытының, жүн фабрикасының, ет комбинатының иесі болған. Әнші Әміре жас кезінде Қаражанның тері зауытының қамбасында күзетші болып істеген. Кейін, 1925 жылында да Парижден келген Әміре Қашаубайұлыны Қаражанның үйінде тосып, салтанатты сауық кеш өткізді.
Әрине, тері өндірісінің саласында Қаражанның бәселекестері көп болды – облыста 31 тері-былғары өнімдерін шығаратын мекеме болды, солардың арасында жұртқа танымал Плещеев, Трапезников, Щеглов, Жолдыбаев деген кәсіпкерлердің зауыттары болды. Ал жүздеген-мыңдаған малын сойып, ет комбинатын ашып Қаражан Семейдің ет өндірісіне де зор үлесін қосқан. Семейдің ет өндірісі әрдайым ел аузында аңыз ретінде айтылып жүретін еді – әсіресе, Кеңес үкіметі заманында Чикаго ет комбинатының жобасымен бүкіл Кеңес одағында көлемі бойынша үшінші орнын алған ірі ет комбинат салынған еді. Осылайша, қаланың ет өндіріснің негізін салушыларының бірі Қаражан еді.
Алаш үкіметінің баспасөзі, ресми бұқаралық ақпарат құралдары болып саналған «Сарыарқа» газетінің, «Абай» журналының да қаржыгер-демеушілерінің бірі де Қаражан еді. Аталмыш газет, журнал «Жәрдем»
баспаханасында шыққан. Журналды Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов шығарса, газетте ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың мақалалары, үкіметтің шешімдері, қаулылары шыққан, тілші болып Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов,
Сәбит Дөнентаев, Мәннән Тұрғанбаев, Отыншы Әлжанов тағы басқалар жұмыс істеген.
Қаражанның үйінің жанында Өтепбаев (Свободная), Чайкина көшелерінің тұсында Әбдірахман Жүсіпұлының Новосібірдің қызыл кірпішінің салынған екі қабатты он бөлмелі үлкен үй тұрған. Ол да үкіметтік ғимараты, кеңсе ретінде пайдаланған. Әбдірахман Жүсіпұлы – Есім ханның заманында өмір сүрген, Қатаған қырғынына қатысқан Олжашы батырдың және қобызшы Көзберген бақсының ұрпағы, Жүсіп қажының баласы еді. Саудамен айналысып, табысты кәсіпкер еді. Патшалық Ресейдің бірнеше банкілерінің салымшысы, облигацияларының ұстаушысы еді. Дастарқан басында ол кезде таңсық болып көрінетін лимон, қарбыз сияқты тамақтары тұратын еді. Әбдірахман Жұсіпұлы алғашқы телефон пайдаланушыларының бірі еді. Елден келген тілі өткір қонақтарының бірі Әбдірахманның үйінде телефонды көріп: «Апырмай, атасын жынмен, баласын сыммен сөйлестірген Алланың құдіреті» деп айтқан екен. Жүсіпұлы Әбдірахман Қазан қаласында «Өндірбай халфе» деген қиссаны бастырып шыққан. Кәсіпкердің ақындық дарыны болған, өлең шумақтарының үзінділері сақталған. Өкінішке орай, кәсіпкердің үйі бүгінгі күнге дейін сақталған жоқ. Әбдірахман Жүсіпұлы тәркілеу науқанының алдында қайтыс болды. Кайгородцев басқарған Семей облысының Абыралы ауданының ОГПУ бөлімшесі балаларын қудалаған кезінде Әбдірахман өз қолымен жазған өлеңдер жинағын (қызыл кітапшасын), отбасылық фотосуреттерін тартып алды. Оларды кезінде
жоқ қылды ма, мұрағаттарға тығып қойды ма – белгісіз. Бар болса – оларды
табу болашақ зерттеушілерінің ісі.
Осылайша, қазіргі Жаңа Семейде, Ертістің сол жағасында Алаш үкіметінің ғимараттары тұрған. Олар Мұхаметхан Сейітқұловтың,
Александр Ерыкаловтың, Қаражан Үкібаевтың, Әбдірахман Жүсіповтің үйлрінде орналасқан. Бұл кәсіпкерлердің үйлерінде земство, Алаш милициясының штабы, баспахана және газет-журнал редакциялары болған.
Қазір өкінішке орай бұл ғимараттар жоқ. Бірақ, тұратын жерін табу үшін
Тінібай мешітінін маңайына бару керек, Мұхтар Әуезовтің ескерткішінен өтіп Ертіске қарай түсу керек, «Океан» базарының жанында орналасқан
Өтепбаев (Свободная), Чайкина көшелерін аралап, тоғыз қабатты тұрғын үйді табу керек, жекеменшік жер үйлерінің секторындағы Колхоз көшесін аралау керек. Бұл – Алаш мемлекетінің үкіметтік орамы.
Ал, Ертістің ар жағында Семей қаласының орталығына келсек, тағы бір Алаштың жанашыры, саудагер, кәсіпкер Әнияр Молдабаевтың үйін табуға болады. Бұл үйдің де Алаштың үкіметімен, Алаш зиялыларымен байланысы бар. Талай Абай шәкірттері, Алаш зиялылары бұл үйд жиналып, қонып, тіпті тұрып, маңызды мәселелерін талқылап шешті. Қазір бұл үйде Алаш арыстары және Мұхтар Әуезовтің мұражайы орналасқан. Семей өлкетану
мұражайы орналасқан бұрыңғы губернатордың үйі де Алаш Ордаға, Әлихан Бөкейхановқа тікелей қатысты. 1917 жылындағы Ақпан төңкерісінен кейін
оны Бостандық үйі де атаған. Бостандық үйі 1917 жылы көктемде өткен Семей облыстық қазақ құрылтайымен байланысты. 1917 жылы қазанның
21-інде Әлихан Бөкейханов та Семей қаласына келген соң, бұл ғимаратта сөз сөйлеген. Талай Алаш зиялылары оқыған Семей мұғалімдік семинариясының ғимараты да қаланың картасының бетіндегі ерекше орын.
Жалпы, Алаш үкіметінің ғимараттарының тақырыбын Сұлтан Хақ Аққұлы, Мұратбек Кенемолдин, Ерлан Сыдықов сияқты алаштанушылар көп
зерттеді. Алаш Ордаға жанашыр демеуші болған кәсіпкерлер Қаражан мен Аймағанбеттің тағдыры туралы деректер Болатбек Нәсеновтің энциклопедиясында табуға болады. Қаражан Үкібаев туралы
құнды мәліметтер Зира Наурызбаеваның орыс тілінде жазылған кітабында бар. Әбдірахман Жүсіпов туралы біраз мәлімет Әзімхан Сәдуақасовтың, Әзімхан Исабаевтың, Айгүл Әбешованың Семей өлкесіне, Доғалаң (Алғабас) ауылына арналған өлкетану, шежіре кітаптарында бар. Аз-көп деректерін
ұрпағы Қайнар ауылының тұрғыны Төлеу Әбдірахманов жадында сақтаса,
біраз мәліметті Әбдірахманның жәрдемшісі, серіктесі болған Тұрсынбай Дайырбекұлының баласы Айтқазы Дайырбеков жеткізді. Александр Ерыкалов туралы мәліметті ұрпағы әйгілі ресейлік музыкант Егор Летовтың
сұхбаттарында, өмірбаян мақалаларында табуға болады. Біраз мәліметті
жәрдемшісі Омар Қаржасовтың қызы, Биғали Омаровтың қарындасы 90 жасқа келген Нұржамал Омарова жеткізді. Әрине, Алаш үкіметінің ғимараттарының, Алашқа жанашыр кәсіпкерлерінің тақырып терең және
жаңа зерттеулрін күтіп жатыр.
Асқар Дайырбек
Kerey.kz
Пікір қалдыру