|  |  |  | 

Саясат Суреттер сөйлейді Әлеумет

Қаңыраған қала, қираған ғимараттар һәм күшейген күзет


Арыстағы өртеніп жатқан ғимараттың бірі. 25 маусым 2019 жыл.

Арыстағы өртеніп жатқан ғимараттың бірі. 25 маусым 2019 жыл. 

Арыстағы жарылыстан кейін қала көшелері бос қалған. Жарылыстан қалада біраз үй мен ғимарат қираған. Арыс қаласына барған Азаттық тілшісінің көргендері.

“ЖАРЫЛЫС БОЛҒАНДА БӘРІН ТАСТАЙ ҚАШТЫҚ”

Арыстың кіреберісінде күзет күшейген. Полицейлер мен қару ұстаған әскерилер қалаға тұрғындарды кіргізбей тұр. Сол маңда “үйіме барсам” деген екі жүзге жуық адам келген. Солардың бірі Садық Оразгелді жарылыс болғанда “алды-артына қарамай қашқандарын” айтады.

- Құжатымды алуым керек. Қорада малдар қалған, соларды суару керек. Жаяу болса да, кіріп шығуым керек. Кеше жарылыс болғанда құжаттарымды, бәрін тастай қаштық ғой, – деді Арыс тұрғыны.

Ауылға кіреберісте тұрған тағы бір тұрғын “жолға шығуым керек, үйде құжатым мен пойыз билеті қалып қойды, соны алу үшін үйіме кіруім керек” дейді.

Арыстың кіреберісінде тұрған адамдар. 25 маусым 2019 жыл.

Арыстың кіреберісінде тұрған адамдар. 25 маусым 2019 жыл.

Жиналған жұрттың сөзінше, бұл жолғы жарылысты бұрынғы жарылыспен салыстыруға келмейді. Арыстықтар “маусымның 24-і күні сойқан жарылыс” болды дейді.

Кейбір тұрғын “билік осыған дейін болған үш жарылыстан сабақ алмады” деп налиды.

- [Жарылыстар] қашанғы қайталана береді? Халық қашанғы сабылып, қашып жүреді? Бұрын жарылыс болғанда “енді қайталанбайды” деген еді. Дүкенім бар еді, сол тоналды деп естідім. Кіре алсақ, [дүкенімді] барып көрсем деймін, – дейді Сәбит есімді Арыс тұрғыны.

Сол маңда тұрған полицейдің бірі “Бізге “кіргізбе” деді, кіргізе алмаймыз. Қашан кіргізетінін білмейміз” деп қысқа қайырды.

Ал Арыс қаласында өлі тыныштық. Әрбір жерден әскери машиналар мен полиция көліктерінің дауысы естіледі. Солдаттар мен полицейлер қаланы күзетіп жүр. 25 маусымда Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тұрғындардың үйіне ұрлыққа түскен үш адамның ұсталғанын айтқан.

ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛҒАН ҚАЛА

Қаладағы жолдарға снаряд түсіп, ойылып қалған. Арыстағы базардың кейбір жерінде жеміс-жидектер мен көкөністер жиналмаған күйі тұр. Сатушылар жемістерді жинап үлгермегенге ұқсайды. Базарда қалған тауарларын күзеткен бір-екі адам жүрді.

Снаряд түскен жер. Арыс, 25 маусым 2019 жыл.

Снаряд түскен жер. Арыс, 25 маусым 2019 жыл.

Арыстың орталығындағы ғимараттың бірі әлі өртеніп жатыр. Бұл үйге снаряд құлағанға ұқсайды. Жарылыстың екпінінен қарама-қарсы тұрған Халыққа қызмет көрсету орталығының терезелері қираған. Орталықтың іші қаңырап қалған. Компьютерлер мен принтерлер тұр, жерде қағаздар шашылып жатыр. Орталықта жүрген бір-екі қызметкер “Арысқа жұрт оралғанша ғимаратты қалпына келтіруіміз керек” дейді.

Жарылыстан қираған Халыққа қызмет көрсету орталығы. Арыс, 25 маусым 2019 жыл.

Жарылыстан қираған Халыққа қызмет көрсету орталығы. Арыс, 25 маусым 2019 жыл.

Күніне ондаған пойыз келіп, жүздеген жолаушы ағылып жүретін Арыстағы вокзалда да тіршілік байқалмайды. Вокзал жанындағы тойханаға снаряд түсіп, толығымен қирап қалған. Тойханаға түскен снарядтың күші вокзалдың терезелерін де сындырған. Аты-жөнін айтқысы келмеген полицей вокзалдағы қозғалыс жарылыс басталған бірер сағаттан соң тоқтағанын айтады.

Арыста қазір жарық жоқ. Электр сымдары қираған. Интернет пен байланыс та нашар. Қалаға тіршілік қашан оралатыны белгісіз. 25 маусымда Нұр-Сұлтандағы үкімет отырысында Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин қалада жарылыс қаупі әлі сейілмегенін мәлімдеді.

“[Өрт сөнбегендіктен] қару-жарақ әлі де жарылуы мүмкін. Отты қорғаныс министрлігінің қоймаларындағы брондалған арнаулы техника көмегімен сөндіреміз” деді министр орынбасары.

24 маусым таңертең Түркістан облысы Арыс елдімекені маңында орналасқан Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде, ресми дерек бойынша, өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Түркістан облысы әкімдігі Арыстағы жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жариялады.

Арысқа түскен снарядтардың бірі. 25 маусым 2019 жыл.

Арысқа түскен снарядтардың бірі. 25 маусым 2019 жыл.

Билік орындары апаттан екі адамның қаза тапқанын хабарлады. Қаза болғандардың бірі – Арыс тұрғыны. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, тұрғынның көлігіне снаряд түскен. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, мерт болған екінші адам – әскери қызметкер. Оның денесі әскери қойманың маңынан табылған.

Жарылыстан кейін шамамен 39 мың адам өз беттерімен бас сауғалап, қаланы тастап шыққан. Үш жарым мыңнан астам тұрғын Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен.

Шымкентке жеткізілген Арыс тұрғындарының кейбірі эвакуациядан кейін өздеріне жағдай жасалмай отырғанына шағымданды. Шымкенттегі “Ақмешіт” мешіті маңында жүргендер көмекті билік емес, қала тұрғындары көрсетіп жатқанын айтады.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Путин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери келісімдерді қайта қарауға көшті. Бұл оған не үшін керек?

    Путин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери келісімдерді қайта қарауға көшті. Бұл оған не үшін керек?

    Камилла ВАЛИЕВА Коллаж авторы — Тимур Тимаев Шілденің аяғында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімдерді қайта қарауды тапсырды. Қолданыстағы келісімдерді Мәскеу Астанамен 2013 жылы, ал Ташкентпен 2016 жылы жасаған. Қазір бұл құжаттар қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізуді, әскери мақсаттағы өнімдер алмасуды және технологиялар беруді реттейді. Алайда келісімдерде нақты не өзгеруі мүмкін және Ресей оларды дәл қазір неге қайта қарап жатыр? Әзірге Кремльдің Астана және Ташкентпен жасалған әскери-техникалық келісімдердің нақты қай тұстарын қайта қарастырып жатқаны белгісіз. Өзбекстан Қорғаныс министрлігі Азаттық радиосының сауалына жауап бермеді. Ал Қазақстан Қорғаныс министрлігі құжаттар бойынша жұмыс аяқталғанға дейін олардың мазмұнына түсініктеме бермейтінін мәлімдеді. “Шектеулі түрде таратуға жатпайтын ақпарат жұртқа мемлекеттік органдардың ресми ақпараттық

  • Тибет асқан көш не себепті басталды?

    Тибет асқан көш не себепті басталды?

    1883-жылы Алтайдан Жамысбай бастаған қазақтар алғаш рет Баркөл жеріне көшіп барды, 1887-1891-1895 жылдары тағыда көшіп келгендер болды. онан кейінде көшіп келгендер болды, мысалы 1912-1913 жылдары, 1920 жылдары, 1924-1929 жылы келгенлер болды, олардың дені Алтайдан болатын. 1912 жылдан кейін манжу билігі құлап қытай билігі орнады, 1928 жылы билікке келген Жин Шурын Алтай төресі Қасымқан ұлы Шәріпқанды, Тарбағатай төресінің ұлы Қызырды, Баркөл қазақ үкірдайы Әліптің ұлы Елісқанды Үрімжіде оқытты, Елісқан заманауй Әскери білім алды, қытай тілін үйренді. Оны 200 адамдық қарулы қазаққа басшы етіп оны «Шығыс Шыңжаң шегара қорғаныс отрияды» деп атады. 1931 жылы Құмыл ұйғырлары Қожанияздың бастауында көтеріліс жасады. Оқиға Бір қытай әскер басының бір ұйғыр қызды зорлықпен әйел етіп алмақ

  • Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Zhalgas Yertay Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ. Ол халықтың ішкі күші мен биліктің саяси еркіне қарайлап тұр Ертеректен бастайық. Баяғыда қазақтың басты проблемасы санында еді, ол рас. Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналған-ды. Ал қалада қазақша есту қиын болатын. Мектептерде, университеттерде, мемлекеттік басқаруда, бизнесте қазақ тілі шеттетілді. Сол кезде қазақ тілінің тағдыры демографияға тәуелді еді. Бұл логика ұзақ уақыт дұрыс саналған. Бірақ бүгінгі Қазақстанға қарасақ, жағдай өзгерді. Қазақтар көпшілікке айналды. Қазақ тілін түсінетіндер мен сөйлейтіндер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қазақ мектебіне баратын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазақ тілі күнделікті өмірдің негізгі тіліне айналды. Бірақ неге тіл мәселесі әлі өзекті болып тұр? Мәселе санға емес, санаға

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: