|  |  | 

Көз қарас Саясат

“Лидерлері көрегендік танытпағанда, бірінші құрбан Қазақстан болуы мүмкін еді”

Ресейлік саяси қайраткер, “Ұлттық саясат институты” халықаралық қауымдастығының басқарма мүшесі Андрей Пионтковский Қазақ елін жанжалшыл алпауытқа жем болудан не құтқарып қалғанын айтты.

"Лидерлері көрегендік танытпағанда, бірінші құрбан Қазақстан болуы мүмкін еді"

– ПМЭФ-2022-дегі атышулы мәлімдемесінен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Катар экономикалық форумына қатысып, онда Ресей Қазақстанның сенімді одақтасы болып қала беретінін жеткізді. Петерборда Мәскеудің солақай саясатын қолдамайтынын мәлімдеген соң Тоқаев Путинмен қайта кездесіп, келіссөз жүргізіпті. Осы орайда қазақстандық оппозиция және бірқатар шетелдік сарапшылар Қазақстан Президентінің “демаршын” Мәскеудің көзбояушы, құйтұрқы “многоходовкасы” деп түсіндіре бастады. Жария түрде қолдамағанымен, жасырын көмек көрсетпек-мыс… 

– Мұндай конспирологияға негіз жоқ. Өйткені Қазақстан унитарлы мемлекеттерді өзге алпауыттардың бөлшектеуін объективті түрде қолдай алмайды. Кремль Украинаның орыстілді облыстарын бөліп алып, одан квазиреспубликалар құруға тырысуда. Мұндай сорақылықты қолдаса, Қазақстанның өзі қақпанға түсіп қалмақ.

Жалпы Қазақстан Кремльдің империяшыл қаскүнемдігінің бірінші құрбанына айналуы ықтимал еді. Жасыратыны жоқ, Кеңес одағы күйрегеннен бергі уақытта Қазақстан Украинаға қарағанда анағұрлым осал еді. КСРО ыдырамағанда, қазақтар жерінің үлкен бөлігінен айырылып қалатын ба еді? Себебі қызыл империя қазақтардың әсіресе, жері шұрайлы, қойнауында аста-төк қазынаға толы орталық, солтүстік, шығыс және батыс өңірлерінде тұрғылықты ұлт үлесін азайту үшін бәрін жасады. Дегеніне жетті де. Бұл облыстардың кейбірінде қазақтар саны тұрғындардың үштен біріне де жетпейтін. Мемлекет құраушы ұлт тек оңтүстікте шоғырланып қалды.

Украинада халықтың көбі, тіпті орыстілділер де украин тілін жақсы түсінеді, сөйлей алады. Қазақстанда жағдай басқа, тіпті қазақтардың үлкен бөлігі қазақша білмейтін жағдайға жеткен. Мұны саяси ойындарға пайдаланып кету қиындық тудырмайтын. Сондықтан мен Назарбаевты бәрібір гений санаймын, ол осы мәселе түптің түбінде ұлтқа зиян-залал әкелуі мүмкін екенін түсініп, тиісті шараларды қабылдады. Әрине, аяғына дейін жеткізбеген шығар, бірақ берік іргетасы қаланды.

Мысалы, Украина Мәскеумен жақсы қарым-қатынасын сақтауға тырыспады, сол үшін Кремль оны қантөгіспен аяусыз жазалап отыр. Беларуське қараңыз: Лукашенко Мәскеуге жағынамын деп жүріп, оның жандайшабына айналып кетті. Ал Қазақстан Ресеймен одақтастық ынтымақтастығын сақтай отырып, Батыспен барынша ықпалдасуда. Қазақстанның №1 сауда әріптесі және инвесторы Ресей де, Қытай да емес, Еуропалық одақ.

Нұлсұлтан Назарбаев – біздің заманымыздың ұлы еуразияшыл тұлғасы болып табылады. Орыс еуразияшылдары өткен ғасырлардан бері еуразиялық идеяны өзге халықтарды Ресей айналасында біріктіру үшін ілгерілетсе, ал Қазақстан оны тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін пайдаланды. Назарбаев жыл сайын Мәскеуге сапарлап, Еуразиялық экономикалық қауымдастық, кеден одағы, Еуразиялық экономикалық одақ және басқа да еуразиялық интеграция аясындағы кезекті жобаны ұсынатын. Бұл оған Мәскеудің көзін ала беріп, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуроодақпен тығыз байланысты ары қарай нығайтуға мүмкіндік берді. Түркі әлемін біріктіруге ден қойды.

Сонымен бір мезгілде, Қазақстан солтүстік өңірлерді қазақыландыруға бағытталған практикалық шаралар қабылдады. Мәселен, астананы оңтүстіктен солтүстікке көшірді. Бүгінде елдің солтүстігінде де тұрғылықты ұлттың үлесі жыл сайын қарқынды өсіп келеді. Басқаша айтқанда, Қазақстан лидерлері көрегендік танытып, үш ғасыр бойы отарлаушылар қалыптастырған аса қатал, қауіпті этникалық-географиялық құрылымды тәуелсіздік жылдарында бұзып, оны ұлттық мүдделерге сай қайта құра алды.

Қазақстанға мол саяси дивидендтер әкелген, ұлттық мүдденің ұпайын түгендеуге мүмкіндік берген көпвекторлы саясатты Тоқаев та табысты жалғастыруда. Сонымен қатар ол Мәскеудің шылауында кетпейтінін анық аңғартып отыр. Қазақстанның қазіргі Президенті салмақты екенін, Кремльдің жарға жығатын зәлім, зиянды ойынын ойнамайтынын байқатты. Бұлай сөйлеуге қуат-күші жететін болса керек.

– Жалпы мұндай мәлімдемелердің астарында бүкіл аймақты қамтитын ірі ойындардың көрінісі байқалмай ма?

– Әрине, бүгінде бүкіл әлемдік тәртіп өзгеріп жатыр. Ол Еуразиялық аймақты да айналып өтпейді. ПМЭФ-тен соң Тоқаев Иранға, Катарға, араб әлемне сапарлады, жабық келіссөздер жүргізді. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Матео Мекаччимен жүздесуде Қ.Тоқаев Қазақстанның еуропалық құндылықтарға да бейілділігін растапты.

Халықаралық сарапшылар Тоқаевтың Петербор форумында ДХР/ЛХР-ге қатысты айтқанына екпін түсірді. Мен болсам, Қазақстан Президентінің басқа мәлімдемелеріне де назар аудардым. Мысалы, ол америкалық-еуропалық санкцияларды қатаң ұстанатынын, Кремльге бола, бәйгеге басын тікпейтінін нақты айтты. Сөз арасында біз Қытаймен бірге былай істейміз, біз Си Цзиньпинь жолдаспен бірге бұған қатысты мынадай көзқарастамыз деген сияқты сөйлемдерді қосып, аймақтағы нағыз держава кім екенін жұмсақ қана түсіндірді.

Кремль бүкіл посткеңестік кеңістікті қарқынды түрде жоғалтуда. Мұны Түркия лидері Ердоған да пайдаланып жатыр. Ол Ресейді Оңтүстік Кавказ аумағынан лақтырып тастады. Екінші Карабах соғысы барысында, 2020 жылғы қарашада босатылған Шуша қаласында 2021 жылғы 15 маусымда Ильхам Әлиев пен Реджеп Тайып Ердоған тарихи кездесу өткізіп, одақтастық туралы декларацияға қол қойды және Біріккен армияның құрылғанын жариялады. Яғни, Әзербайжанда түрік-әзербайжан біріккен армиясы құрылып отыр. Айтпақшы, Түркия – НАТО-ның мүшесі, демек, НАТО да Кавказ жағынан тақап келді. Мәскеу бұған қарсы ештеңе де жасай алмай қалды.

– Кейінгі кезде ресейлік пропагандистер Қазақстанның жеріне қатысты жанжалды мәлімдемелерін өршітті. Мұның соңы неге соқтыруы мүмкін? 

– Жаман адам жанындағысын ұруға бейім тұрады ғой. Сондықтан Қазақстанға Мәскеумен арасын суытпай, тым жақындасып та кетпей, парасатты ара-қашықтықты сақтағаны абзал. Ресей барлық дерлік көршісінің жеріне көз алартады, бұған Литва мысал, бірақ Литва НАТО-ның мүшесі. Сондықтан Литвамен арада соғыс болады дегенге сенбеймін. Мәскеу Қытайға да жерге қатысты ештеңе айта алмайды.

Кремль империяшыл саясатын өзгертпей, көршілеріне үнемі қауіп төндіруі мүмкін. Қазақстан достық пиғылдағы қарым-қатынастарын сақтай отырып, сондай-ақ төл Қарулы күштері мен шекарасын нығайта бергені маңызды.

– Сонда Қазақстан батыл сөйлейтіндей, оның артында алпауыт сүйеніші бар деп есептейсіз ғой?

– Сүйеніші сөзсіз, бар. Ол бұрын да болған, әйтпесе, Мәскеудегі “байырғы жерлерді” жинағыштар соғысты Қазақстаннан бастауы мүмкін еді. Әлгінде айтқанымыздай, бір жағынан Қазақстанның өзі оған сылтау бермеуге күш салды. Сондай-ақ Путин алып автократтар Си, Ердоған – өзінен биік тұғырларда тұрған лидердер екенін, олардың екеуі қатар өзінен теріс айналса, оңбайтынын түсінді. Айталық, Кремль Сирияда Түркиямен ашықтан-ашық соғысып, оның әскерін түре қуып шығудан қорықты емес пе? Оның орнына Астана процесіне илігіп, Дамаскінің қарсылығына қарамастан,

Сирияны Түркиямен, Иранмен бірге бөлшектеуге дейін барды. Осыдан еркінсіген түріктер 2020-2021 жылдары Әзербайжанда да Мәскеудің тісін қағып алды. Ресейдң мәңгілік одақтасы Арменияның оккупациялаған 6 ауданды азат етті. Анкара мен Баку Кремлдің қарсылық білдіргеніне қарамады. Сондай-ақ Украинадағы соғысты бастамас бұрын, РФ басшысы Қытайға сапарлап, оның келісімін алғаны енді құпия емес.

Ал Украина тірек тұтқан Еуропадан Путин қорқуды қойды. Меркель, Шольц, Макрон сияқтыларды, еуропалық өзге лидерлерді ұсақ, өзінен төмен санады. Украинаны тез басып алсам, олар мыңқ етпейді деп білді. Солай болатын да еді. Екі-үш күнде Киев құлағанда Батыс әлемі алаңдаушылық білдірумен, әрі кетсе, санкция енгізумен шектелетін еді.

Қорыта айтқанда, батыстық сарапшылар (Пионтковский қазір АҚШ-та тұрады) Тоқаевтың табандылығына тәнті болған жағдайы бар. Қазақстан бір жардан екіншісіне жүгіріп, тұрақ таба алмай келген бүкіл Орталық Азияға жол, жөн көрсетті. Мәскеудей өрекпіген өктем күшті ауыздықтауға болатынын паш етті. Бұл тұрғыдан алғанда, Астананың халықаралық саясатын бақылау қызықты бола түсуде. Батыстық сарапшылардың Қазақстанға ынта-ықыласы ояна бастады. Бұл салмақты саясаттың әрі қарай қалай өрбитінін бақылап отыр. Астана жолдан тайып кетпей, Ресейдің империяшыл былығының Қазақстан мен Орталық Азияға таралуына тосқауыл қоя алса, жаңа әлемнен құрметті орын ала алады.

Жанат Ардақ

inbusiness.kz

Related Articles

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: