ҒАСЫРЛАРҒА ЖАЛҒАСҚАН ЖАҢСАҚТЫҚ…..
2013 жылдың маусымында «Білім» баспасынан белгілі саясаткер Хасен Қожа-Ахметтің «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» атты жаңа кітабы шықты. Арада екі ай өте «Заблуждение, длившееся веками» деген атпен осы кітаптың орысшасы да жарық көрді. 1970-1980 жылдарда саяси тұтқын болған Х. Қожа-Ахмет жұртшылыққа «Ереуіл атқа ер салмай», «Қазақ музыкасы қалай космополиттенді», «Зиялы кім, зиянды кім?», т.б. кітаптарымен, сондай-ақ композитор ретінде де бірнеше музыкалық жинақтарымен таныс. Жаңа кітабы тарих саласына арналған зерттеу екен. Осы еңбегі туралы сұрамаққа автормен жолықтық.
Жұртшылық сізді саяси публицист, сатирик, музыка өнерін зерттеуші ретінде білуші еді. Ал тарихты зерттеу саласына ден қоюға не себеп болды?
– Жұрт менің 1970-жылдарда саяси тұтқын болғанымды тарих оқулықтарынан, энциклопедиялардан оқи жүрсе де: «Оны не үшін соттады екен?» – деп ойланбайды-ау деймін, осы сұрақ жиі қойылады. Шын мәнінде, мен 1970-1977 жылдар аралығында КСРО үкіметінің «Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылған» деп тарихты бұрмалағанын, «одақ» деген атаумен патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын жалғастырып отырғанын дәлелдеп «Интернационализм және оны орыстардың қолдануы», «Орыстардың дүниежүзілік жандарм болуға тырысуы», «Одақ па, әлде отар ма?», «Ұлттарды ассимиляциялау кімдерге қажет?», «Ұлт мәселесінің тарихи шешімі» т.б. — барлығы жиырмаға жуық мақалалар, саяси құжаттар, үнпарақтар жазып таратқаным үшін жазаланған болатынмын. Иә, КГБ тергеушілері де мені 1977 жылы тұтқындап тергегенде: «Сіздің мамандығыңыз тарих емес, музыка зерттеушісі ғой?! Мына мақалаларды жазуға сізге кемінде тарих ғылымының докторы көмектескен, мойындаңыз!» — деп, сыбайластарымды іздеген. Ішкі түрмедегі 7 ай тергеу кезінде мен сол мақалаларымды өзім жазғанымды дәлелдеп шықтым. Брежнев кезінде үкіметті сынағандарды негізінен психиатриялық ауруханаларға тығатын. Мені де солай етпек болған. Мынадай мақалаларды жазған кісіні ауру деуге ел сенбесін біліп, мені «сау» деп тауып «КСРО-ның қоғамдық құрылысына жала жапты, КПСС-тің ұлт саясатын бұрмалады» деген айыппен 2 жылға соттады ғой. Тергеу кезінде КГБ полковнигі Қ.Мұқанов: «Егер үкіметке жағымды нәрсе болғанда, мына мақалаларың дап-дайын кандидаттық еңбек қой!» — деген еді.
Алайда, сіз айтқандай, Ресейдің отары болғанымыз рас болып шықты емес пе?!
– Менің сол 1970-жылдардағы ма-қалаларыма деректанулық зерттеу жасаған тарих ғылымының докторы Қамбар Атабаев «Туын жақпай алаштың» деген мақаласында: «Уақыт шындықты тарихшы ғалымдардың емес, Хасен Қожа-Ахметтің жазғандығын толығымен дәлелдеп берді. Тек, Хасен ғылыми атақ емес, «аса қауіпті мемлекеттік қылмыскер» деген атақ алып түрмеге түсті»,— деп жазып отыр.
Жаңа кітабыңызда бұл жолы тарихтағы қандай мәселелер туралы жаздыңыз?
– Жалпы, тарихты қай замандарда да әр халық, билеушілер өздерін мықты етіп көрсетпекке бұрмалап баққан ғой. Сондықтан тарихтағы күллі біліп я білмей жасалынған «жаңсақтықтарды» түзеп жазу мүмкін де емес шығар. 2010 жылы жазған «Тарих оқулығындағы олқылықтар» атты мақаламда қазақтың ХVIII ғасырдағы тарихына қатысты бірқатар мәселелер жайын қозғағанмын. Мысалы, Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың әкесінің аты тарихи роман, оқулықтарда бес түрлі, ал қазақ әскеріне бас сардар болған Бөгенбайдың руын бірі Қанжығалы десе, өзгелері Табын-тарақтысы, Керей, Арғын «қарт» Бөгенбай» деп, төрт түрлі атап жүргендеріне т.б. мәселелерге тоқталғанмын. Ол мақалам «Ақиқат» журналының 2013 жылғы № 4,5,6 сандарында жарияланды. Ал мына кітабымда әлемдік тарихта орны ерекше оқиға – Шыңғыз хан басшылығымен ХІІІ ғасыр басында империя құрған халықтың кімдер болғаны туралы сегіз ғасыр бойына жасалған жаңсақтықтар жайындағы зерттеулерім, тұжырымдарым баян етіледі.
Шыңғыз хан туралы көптеген шы-ғармалар жазылды емес пе? Кейбір авторлардың Шыңғыз ханды түркі, тіпті, қазақ болған дегенін де оқы-дық. Сіздің бұл еңбегіңіздің солардан айырмашылығы қандай?
– Егер сол авторлардың жазғандарына әлем жұртшылығы, тіпті қазақтың өзі иланған болса, мен қолыма қалам алмас едім. Рас, көптеген авторлар өз кітаптарында бұл тарихқа қатысты бірталай тұшымды пікірлер айтып жүр. Алайда олардың Шыңғыз хан туралы қаншама дәлелдерін жоқ етер нәрсе – осы авторлардың өздері сол заманда «моңғол» деген этностың болғанын мойындап жазуы. «Шыңғыз хан өзін «моңғолмын» деп атаса, ол кезде де, қазір де моңғол деген этнос болса, Шыңғыз хан неге түрік, қазақ болмақ?» деген заңды сұраққа әлгі тарихшылардың айтар қисынды дәлелдері болмағандықтан, жүздеген кітаптар мәселені шешпей отыр. Менің басты жаңалығым – Күлтегін жазуындағы «бенгу ел» делініп, ХХ ғасыр ғалымдары «мәңгі ел» деп аударған сол сөзді «моңғол» сөзімен салыстырып зерттеуді Құдайдың санама салуы. Зерттей келе Х-ХІІІ ғасырлардағы қытай тарихнамаларындағы, М.Қашқаридің «Түрк сөздігіндегі» «менгу» сөздері мен осы «бенгу» мағынасы бір екенін, Шыңғыз хан заманында да, оған дейін де тарихта «моңғол» деген этностың мүлде болмағаны, «моңғол» сөзі шығыс түріктерінің 1206 жылы құрған Мәңгі ел деген бірлестігінің, мемлекетінің орыс зерттеушілері бұрмалаған атауы екендігін табуым. Осы себепті бұрынғы тарихшылар «моңғол» атаған халықты мен кітабымда үнемі «шығыс түріктері, мәңгіелдіктер» деп жаздым.
“Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық””Сондай-ақ, сан ғасырлық осы тарихта қате айтылған, жұмбақ боп келген бірталай мәселелерге де жауаптар айттым. Өйткені әлі күнге шейін осы тарихтағы бас тұлға Шыңғыз ханның екі есімінің мағынасы, оның қай жылы туғаны, өлімінің себебі туралы да зерттеушілер сан ғасыр бойы бір тиянақты тұжырымға келмепті.
Кітабымнан баспасөзде үзінділер жариялана бастағанына үш жыл болды. Кейінгі кездері кейбір зерттеушілер бұрынғы пікірлерін өзгертіп, менің зерттеу нәтижелерімді өз мақала, кітаптарына енгізе бастапты.
Алайда олар сіздің кітабыңызға сілтеме жасауды «ұмытып», сіздің еңбектеріңізді өздері ашқандай жариялап жүрген сыңайлы. Бұлай істеу мәдениетсіздік қана емес, ой еңбегі саласындағы «жиендік», ұрлық саналып, авторлық құқық туралы заңмен жауапқа да тартылады емес пе?
– Солай-ау. Кітабымның алғы екі тарауын жазысымен-ақ қолжазбаны Алматыдағы «Авторлық құқықты қорғау» мекемесінің басшысы М.Ысқақбайға тапсырғанмын. Бірақ біреумен арыздасып уақыт пен денсаулықты жоғалтқанша, ашқан жаңалығыңды әлгідей «жиендік» жолымен болса да қайталап елге таратқандарына шүкір дейміз де. Кімнен кім «жиендік» жасағанын шын білгісі келген кісі әлгідей зерттеушілердің бұрындары жазғаны мен кейінгісін салыстырып-ақ білер. Сондай-ақ, байқасаңыз, мен «моңғол» сөзі этностың емес, шығыс түріктерінің мемлекетінің «мәңгі ел» деген атауы екенін, «Шыңғыз» сөзі «шыңдалған» сөзінің буынынан екенін т.б. дәлелдеуге бір-бір тарау арнадым. Өйткені мұндай мәселелерді әлгі зерттеушілердей «бір сөзбен дәлелдей салу» мүмкін емес. Бір сөзбен тек өзгенің зерттеуінің нәтижесін ғана айтуға болады. Ғалымдардың бәлен ғасыр бойына «көне моңғол тілі» деп келгендері шын мәнінде «шығыс түрк диалектісі» деген тұжырымды да мен «моңғол сөзі» делінген 500 астам сөзді Шыңғыз хан өмірге келместен бұрын жазылған түрк жазба ескерткіштеріндегі сөздермен салыстырып зерттеу арқылы жасадым. Ал мұндай зерттеуі кітап, мақалаларында жоқ, тек бір сөзбен айта салып «жаңалық ашушы» – нағыз «жиендік жасаушы» деп біле беріңіздер.
Бастапқыда ХІІІ ғасыр тарихына қатысты бір-екі мақаламен ойымды білдірермін дегенмін. Алайда пікірімді дәлелдеу үшін зерттеу барысында тым әрідегі заманнан, бүгінгі күнгі де жағдайларды жазу қажет болды. Өйткені, неге екенін, тіпті сонау Геродот «Тарихында» жазылған «скифтердің Қара теңіз солтүстігіне Орта Азиядан, массагеттермен сыйыспағандықтан барғаны» туралы да, Рашид ад-Диннің «Оғыз-нама» шығармасындағы «Оғыз хан Түркістаннан шығысқа, Толы өзеніне дейін қуып тастаған түрктер «моғул» деп аталды» деген деректерге де кейінгі ғасырлардағы әлем тарихшылары назар аудармапты.
Қазақ халқын құратын рулардың тарихын жазып жүрген қазіргі шежірешілеріміз де кейінгі, қазақты біртұтас ету мақсатымен ойластырылған әңгімелерді ғана қолданып келеді. Ал осы рулардың бірқатары жайлы ертеден бар жазба деректерге, мысалы Рашид ад-Диннің, Қ.Жалайырдың, Әбілғазы баһадұрдың т.б. тарихшылардың еңбектеріне сүйенбеген. Мысалы, бір қария: «Қатаған руының шешесі Қаңлы болған екен», — дейді. Қият, Тарақты рулары туралы да «қыздан туған» дей саламыз. Ал Рашид ад-дин, Әбілғазы, «Моңғолдың құпия шежіресі» аталып жүрген т.б. жазба деректерде Қатаған көне қияттың Қораласынан шыққан Добын Баянның жесірі Алан сұлудан туған «нирун» екені жазылған. Сондай-ақ, Қият руын Әлімнен таратып жүрміз. Ал Рашид ад-Диннің төрт томдық «Жами` ат-Тауарихында» Дешті Қыпшақтағы қияттардың баршасы Бартан баһадүрдің Меңді деген ұлынан тарайтыны анық жазылған. Ал Меңдінің Шыңғыз ханның әкесі Есукенің туған ағасы екені белгілі. Кітабымда осындай, бұрынғылар жазғанымен, кейінгі тарихшылар назарына ілінбей қалған деректерге де тоқталдым. Бұрындары еңбектері жария болған орыстың шығыстанушы академиктері Бартольд, Владимирцов, Гумилев т.б. шетелдік тарихшылардың, сондай-ақ қазақ зерттеушілерінің өзім қисынға келмейді-ау деп санаған пікірлерін оқырманға көрсете отырып, өз тұжырымдарымды айттым.
Осы кітабыңыз тарих ғылымына қандай жаңалық қосты деп ойлайсыз?
«Моңғол этносы Шыңғыз хан заманында болмаған» дедіңіз. Сонда ХІІІ ғасырда жарты әлемді бағындырған Моңғол империясын құрушылар кімдер?
– Ол империяны құрғандар – бүгінде қазақ, ноғай, татар, қалмақ, өзбек (Орта Азияға Шағатаймен, Шайбанилермен барғандар) т.б. аталып жүрген сол заманғы шығыс түрктері. Ең сенімді, авторы да, жазылған жылы да анық тарихи шежіре еңбек – Иран, Сирияны билеген Шыңғыз хан ұрпақтарының тапсырып, қадағалауымен Ұлағулықтар астанасы Тебризде 1310 жылы жазылып біткен төрт томдық «Жами` ат-Тауарих» деп есептеймін. Бұл еңбектің басқы беттерінде-ақ осы империяны құрушылардың баршасы түрк тайпалары деп айдан-анық жазылған. Тек Ергене қон тау қойнауынан Қият тайпасының Қоралас руынан щыққан Бөрте бастап шыққан халыққа қатысты «Моңғол» деген лақабы бар түрк тайпалары» дейді де, одан он ұрпақтан соң Алан сұлудан туған үш ұлдан өрбігендерді «Нирун» аталған түрк тайпалары» дейді. Шыңғыз хан осы «нирун» үш ұлдың кенжесі Боданжардан тараған. Бұдан соң «Жами` ат-Тауарихта» әлгі түрк тайпаларының баршасы «моңғол» делінетіні рас. Алайда бұл, Түркістандағы түрктермен шатастырмау үшін, шығыстағы түрктерді олардың «Менгу ел» (бүгінгі тілімізде «мәңгі ел») деген мемлекетінің атымен атағаны. Шындығында, «Жами` ат-Тауарихта» бұл сөз «моңғол» деп жазылмаса керек. «Парсыны, тәжікті он күн үйретсең де, «моңғол» сөзін айта алмайды», – деп Әбілғазы баһадүр айтпақшы, араб әліпбиінде «ң» әрпі болмауы себепті мұсылман елдері бұл сөзді «муғул», «могул» деген. Шежірелерді кейіннен орысшаға аударғандар «монгол» деп бұрмалаған. Түрк тілін, әсіресе оның шығыс түрк диалектісін таңбалауға қолайсыз араб әліпбиімен парсы тілінде жазылған «Жами`ат-Тауарихты» орысшаға аударғандар тілін, сондай-ақ комментарийлерімен мазмұнын тағы бұрмалаған. Орыс тілінде 1952 жылы шыққан осы еңбекті кейінірек қытайлар өз тіліне аударған. Сол қытайшадан Т.Әбенайұлы қазір қазақшаға аударып жүр. Төртінші тілге аударғанда түпнұсқадан не қалар екен? «Мәдени мұра» бағдарламасы осы «Жами` ат-Тауарихты» парсышадан қазақшаға тікелей аударуды қолға алса жөн болар еді.
Және кітабымның сегізінші тарауында, бұрын-соңды ғалымдардың «көне моңғол тілі» деп келгендерінің, шын мәнінде, шығыс түрк диалектісі екендігін анықтадым… Осылайша, ата-бабаларымыздың тарихтағы жасаған ұлы еңбектері ХVII ғасырда пайда болған өзге этносқа телініп қиянат жасалынып жүргенін дәлелдедім. Кітаптың «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» аталу себебі осыдан.
Бәрекелді! Ата-баба аруағы да, қазіргі қазақ та риза боларлықтай үлкен еңбек атқарған екенсіз…
– Бұған қоса, ХІІІ ғасырдағы тарихты зерттеу барысында жалпы түрктердің, қазақ болып жүрген өзімнің тамырымды айқындағандай болдым. Тарих ғылымында «түрктер тек жаңа жыл санаудың VI ғасырында Алтайдан шыққан» деген пікір қалыптасқан ғой. Бұл қате. Зерттеулер арқылы пайымдағаным – түрктердің негізгі атамекені әрқашанда Түркістан болған, өзін «түрк» атаған. Ал парсының «ит» деген «сағ» сөзінен пайда болған «сақ», «каспсақ, массагет», гректердің «скиф», қытайдың «хунну» атаулары сырттан таңылған. Түрктердің бір бөлігі Түркістаннан жаңа жыл санаудан бұрынғы 1500 жылдар шамасында Қара теңіз солтүстігіне ауып барғанда гректер оларды «скиф» атағаны Геродот «Тарихында» жазылған. Ал шамамен ж.ж.с. дейінгі VII ғасыр кезінде Оғыз ханға бағынудан бас тартқан түрктердің бір бөлігі шығысқа ауған. Рашид ад-Дин «Оғыз-намасында» оларды түркмендердің «могул» деп атайтыны жазылған. Қытайдың батысы мен солтүстігіне барған сол түрктерді қытайлар «сиуңну» (хунну) – «өркөкірек құлдар» деп атаған. Сондықтан тарихымызды жазғанда өзімізді «сақ», «ғұн» деп атауды қойған жөн. Ж.ж.с. дейінгі 209 жылы Құйан (Қиян) тайпасынан шыққан Мөденің басшылығымен империя құрған шығыс түрктері ж.ж.с. ІІ ғасырында қытайлар мен сәнбилердің шабуылынан мемлекеттігінен айырылады. Оңтүстік бөлігі қытайға сіңеді, Қиян тайпасы Алтай тауындағы Ергене қонға шегініп, өзге тайпалар сәнби билеушісі Таңшығайға бағынып, «Татар» бірлестігін құрады. Өзге елдердің шығыс түрктерін жаппай «татар» атауы осы кезден басталған. Ал Таңшығай Жайық өзеніне дейін қуып тастаған шығыс түрктерінің бір бөлігінен 448 жылы Еділ-Аттила патша шығып, оның Римге жорық жасағаны белгілі. Сол түрктердің ұрпақтары бүгінде Хунгария, орысша Венгрия мемлекетін құрып отыр.
Татар бірлестігі ыдырағаннан соң, осы бірлестік құрамында болғандар және Ергене қоннан шыққан шығыс түрктері 552 жылы Түрк қағанатын құрған. Еуропалық тарихшылардың: «Түрктер VI ғасырда пайда болған халық», — деуі осыдан. 618 жылы Екінші Түрк қағанатын құрған, ол ыдыраған соң Ұйғыр қағанатын құрған шығыс түрктері өзара билікке таластан, қытайлардың бірін-біріне айдап салуынан мемлекеттіктен мүлде айырылады. Сондықтан шығыс түрк тайпаларын Х ғасырда Қидандар, ХІ ғасырда шүршіттер (манжұрлар) отар қылады. Тек Шыңғыз хан 1206 жылы Мәңгі ел бірлестігіне ұйыстырып қана шығыс түрк тайпаларының өзара соғыстарын тоқтатып, шүршіт-қытай отарынан құтқарады. Ал 1220 жылы Хорезм мемлекетін жеңген соң «мәңгі елдік» шығыс түрктерінің бірталайы атамекен Түркістанға оралған.
Солай ма?! Ал бұл туралы шетелдік тарихшылардың пікірлері қандай?
– Қытай тарихнамаларында Түрк қа-ғанатын құрушылар туралы «олар хун-нулардың бір бұтағы еді» делінген де, ал «моңғолдар» жайында көне тарихтарда бір сөз де жоқ. «Тан мемлекеті тарихында» 945, 1062 жылдары жазылған «мен гу» манжұрлық тайпа туралы болса керек. Анығын тек Сун мемлекетінің елшісі Чжао Хунның 1221 жылғы жазбаларынан ғана көреміз. Онда да ол: «Өздерін Менгу атап жүргендер – кәдімгі татарлар», — деп, олардың шығыс түрктері екенін айтады. Алайда Л.Гумилев «Хунны» кітабында: «Хунно-сяньби – смешанные роды в Халхе и Чахаре; этнический субстрат, на базе которого вследствии более поздних пассионарных толчков возникли тюркские и монгольские этносы Великой степи в VI-XII вв н.э.», — дейді еш негізсіз. Ол осы кітабында шығыстағы «хуннулар» мен Балқаш көлінің солтүстігіндегі Қаңлы мемлекетінің, Жетісудағы Үйсін мемлекетінің қатар, бір заманда өмір сүргенін жаза тұра, «түрктер, кейін, VI ғасырда ғана хуннулардан шықты» дейді. Әлде ол Қаңлылар мен Үйсіндерді түрк санамағаны ма? Ал «хуннуларға» жатпайтын түркмендер ше?
Шығыстанушы Н.А.Аристов та: «За 130 лет до н.э. найденное на Сыр-Дарье китайским посольством Чжан Цяня тюркское племя было Кангюй, конечно, Канглы, непрерывное существование которого можно проследить по историческим известиям до настоящего времени, все на Сыр-Дарье», — деген. Сондықтан, шын мәнінде, түрктер хуннудан шыққан жоқ, керісінше, қытайлар «сюнну, хунну», еуропалықтар «гунн» атаған халық түрктің шығысқа ауып кеткен бір бөлігі ғана.
Сөйтіп, ықылым замандарда шы-ғысқа кеткен «мәңгі елдік» түрктер тек ХІІІ ғасырда Шыңғыз хан жорығымен ғана атамекенге оралған екен ғой?
– Меніңше, тарихшылар «ақ ғұндар, эфталиттер» деп атап жүрген шығыс түрктерінің бір бөлігі ж.ж.с. ІІ ғасыр ортасында да қытайлар мен сәнбилердің қысымымен Түркістанға келген. Түрк қағанаттары кезінде де жорықпен Түркістан түгіл Инд өзеніне жеткен, парсылармен соғысқан. Ал батыста Қырымға жеткені белгілі. Осы VI ғасырда, тіпті бұрын батысқа кетіп «скиф», шығысқа барып «ғұн» аталған заманнан Тұранның, түрк этносының тұратын шекарасы Азия шығысында Манжұриядағы Үлкен Хинган тауы, ал батыста Қырым, Дунай өзені аралығы болды десек қателеспейміз.
Егер Ұлттық академияның Тарих институты немесе Білім министрлігі комиссия құрып, менің кітаптағы пікірлерімді талқыға салып, сұрақтар қояр болса, өз жазғандарымды дәлелдеуге дайынмын.
Жуырда Мемлекеттік хатшы Ас-танадағы жиында тарихымызды қайта қарау туралы айтқанын естідік. Ал сіз жаңа тарихымызды кітап етіп екі тілде шығарып та қойыпсыз. Ендеше, үкіметтің өзі «қажет» дей тұра, тарихымыз туралы мынадай құнды еңбектің қазақшасын неліктен 600-ақ данамен шығарған?
– Үкіметтің бұл басылымдарға еш қатысы жоқ. Кітапты 2012 жылы жазда аяқтап, Мәдениет министрі Мыңбаевқа хат жазған едім. 2013 жылдың жоспарынан кешіккенімді, қолжазбаны жіберсем 2014 жылдың жоспарына енгізілуі мүмкін деген жауап алдым. Әлгідей құрғақ жауаптан-ақ кітаптың 2014 жылы да шығарына сенімім болмады. 1998 жылы Президент Н.Назарбаев көзімше министр А.Сәрсенбаевқа менің 1977 жылы КГБ тәркілеген мақалаларымды кітап етіп шығаруды тапсырғанда, «Ереуіл атқа ер салмай» атты кітабым 2 жыл аса әрең шығарылғаны есімде. Қалтасы қалың бір ағамыз: «Сәл күт, өзім шығартып беремін», — деп жоқ болды. Бір жігіттердің «Ой-бой, тарихымызға жанашыр!» деген сөзімен, өмірімде тұңғыш рет бір қалталы кісінің алдына барғанмын. Оның да ойлануы тым ұзап кеткеннен соң, қолжазбамды сандық түбіне тастағанмын. Өзімде 42 мың теңге зейнетақымнан басқа табыс жоқ. Өз мемуарымды немесе көркем шығарма жазсам бір сәрі. Барша қазақтың ата-бабаларының тарихтағы еңбегін бұрмалаулардан арылтып отырған кітапты жариялауға демеушілік жасаудан қашуларынан «Ата-баба тарихы қалталыларға керек емес пе?» — деген ойға келдім.
Бір күні маған Қайрат Закирьянов телефон шалып, баспасөздегі жарияланған кітап үзінділеріндегі менің бірқатар пікірлеріммен келісетіндігін, ағылшын тілінде Лондоннан шығаратын кітабына менің де қолжазбамнан пікірлер енгізгісі келетінін айтты. Кітабыммен жақынырақ таныса келе: «Мұндай кітапты шығару қажет» — деп, 500 данасына көмектесті. Әміре Қашаубаев атындағы қор және өзім қосып, барлығы 840 дана шығардық. Көктемде кітапты орысшаға аударып біткенмін. «Заблуждение, длившееся веками» деп атап, оны да әлгідей, Қайрекең бастап, 2014 жылы берілмек зейнетақы қорындағы қаржымды арызбен алып, 900 дана етіп шығардық. Бірнеше университет, мектептердің кітапханаларына, белгілі тарихшыларға тегін тараттым. Шыңғыз ханға арналған жиындарда кездесіп: «Орысшаға аударсаңыз, демеуші боламыз», — деген бірнеше жігітке: «Баспаханадан қажетінше шығарып, өздеріңе алып, таратыңдар», — дегенмін. Бірақ хабарласпады.
Закирьянов нағыз азаматтық жасапты! Ал әлгі уәдесінде тұрмаған, тарихын керексінбеген қалталылар кімдер еді?
– Кітап жайындағы дұрыс әңгімемізді бұзбай-ақ қоялық. Бұл туралы кейінірек мемуарымды жазсам айтармын. Шын мәнінде, тарих туралы кітап шығару мемлекет міндетінде болуға тиіс. М.Тәжин әлгі тарихшылармен жиында: «В той незримой войне смыслов и ценностей, которая разыгрывается на планете каждый день, сохранение исторической памяти – это единственный способ самосохранение вообще», — депті. Ал жуырда жаңа Мәдениет министріне жазған хатыма Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасы берген жауапта «ғылыми еңбектерге салалық ғылыми-зерттеу институттарының сараптамалық қорытындысы қажет» делініпті. Бірақ та «маман» тарихшылар өздерінің бұрыннан қорғап келген пікірлерін жоққа шығарушы «тәуелсіз» тарихшылардың еңбегіне жөні түзу баға жасай ала ма? Айтылған жаңа пікірлерге мұрын шүйіре берсек, ешқашан тарихымыз дұрыс жазылмайды.
Кітабыңызда ашқан тарихи жа-ңалықтар қазаққа зор абырой әкелер еді. Еңбегіңіздің насихатталуы қалай болар екен?
– Кітап шағын тиражбен шыққандықтан, шақырулар болса, негізінен жоғары оқу орындарындағы тарих бөлімдерінде мамандармен кездесуде таратсам деймін. Бүгінгі студенттер – болашақ ұстаздар ғой. Сондай-ақ, егер қаражат тапсам, ағылшын тіліне аудартып, шетелде шығартсам, Батыс Еуропа, Ресей, Моңғолияға барып, жиындарда зерттеулерімнің нәтижесін айтсам, күмәндары болса жауабын берсем деген ойларым бар.
Халқымыздың мерейін өсірер ең-бектеріңізде сізді Тәңір қолдасын!
Сұхбатыңызға рақмет!
Пікір қалдыру