Сегіз сері және Ғайни
Не Құрманғазының, не Тәттімбеттің, Біржан мен Ақанның, тағы басқа өнерпаздардың бірде-бірінің өмірі мен өнері жайында дәл Сегіз серінікіндей сенімді, нанымды деректер мен куәлар жоқ. Алайда, Сегіз серіні өнер тарихына жолатқысы келмейтін адам көп. Академик Серік Қирабаев ағамызша айтсам, «Сегіз сері ешкімнің әкесін өлтірген жоқ. Әкелерімізді жаппай өлтірген немістерді де бұл күнде арқасынан қағып дос қылып жүрміз». Ендеше, кінә кімде? Бізде ме, Сегіз серіде ме?
Меніңше, басты кінә – шынайы ғылымның нашарлығында. Шынайы ғылым жоқ жерде өсек-аяң, дүмбілездік, шалалық пен алалық, алыпқашпа пікір белең алады. Сегіз серінің өмірі мен шығармашылығына әділ баға берілмеуіне, тіпті атын атамауға дейін апарған арғы-бергі, ішкі-сыртқы себептер, меніңше мынандай:
1. Сегіз серінің азаматтық, өнерпаздық қалыптасуына ықпал еткен оқиғалар мен тарихи-саяси жағдайлар өткен қазақ жерлері бұл күнде Ресей мемлекетінің құрамына кіріп кетті.
2. Ол орыстың отарлау саясатына қару алып, қарсы шықты. Жаласы бар, шындығы бар, орыс әскері мен адамдарының қанын төкті. Сондықтан саяси қырағылық пен сақтық жасауға мәжбүр болған аталарымыз бен ағаларымыздың оны айғақтап зерттеуге батылы бармады.
3. Сегіздің Исатай-Махамбет көтерілісіне тілеулес болғаны, ара-тұра шайқасқа араласып та кеткені дәлелдендi.
4. «Гауһартас», «Ғайни», «Мақпал», «Қарагөз», «Сәулем-ай», «Назқоңыр», «Алқоңыр», «Ақбет», «Қарғаш», «Әйкен-ай», «Топ қараған», «Елігай» секілді қазақ әндерінің кілең інжу-маржанын бір-ақ кісіге бере салуға қимадық. Сенбедік. Мүмкін еместей көрінді. Егер оның бәрін Сегіздің әні десек, Біржанның, Ақанның, Мұхиттың, тағы басқалардың беделіне нұқсан келетіндей көрдік.
5. Бұрын Ақандікі, Әсеттікі, тағы басқалардікі деп жүрген кей ән Сегіздікі болып шығатын болды. Ал қалыптасып қалған өтірікті өзгерту ғылыми мәдениеттілікпен қабылданатынына ешкімнің көзі жетпеді.
6. Нәбиден Әбуталиев, Төлеш Сүлейменовтер Сегіз серінің өмірі мен шығармашылығын ашық сөз ете бастағанда, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының басшылығы мен кейбір қызметкері «ондай адам өмірде болған емес» деген пікір ұстанды. Біздің ойымызша, оның өзіндік себебі де болды. Институт басшылығы «Қыз Жібек» жырының 1500 жылдығын ЮНЕСКО-ның қолдауымен атап өтуге талпынды. Ал егер оны тұңғыш жырлаушы Сегіз сері 1818 жылы ғана туған болса, институттың әлгі әрекеті әжуә болып қалатын еді. Сондықтан оларға Сегіз серінің барынан жоғы тиімді болды.
Бұл, әрине, ғылыми мекеменің ғылымға қайшы әрекеті болатын. Ғылыми мекеменің өзі зерттеуге тиіс тұлғасын бүйтіп өмірде жоқ деп жариялауы бұрын-соңды ғылымда кездескен емес. Бұл, шын мәнінде, үлкен қылмыс еді. Ұрпақ олардың нақты әділ бағасын алда береді деп ойлаймын.
Серік Қирабаев ағамыз айтқандай, Сегіз сері дәп біреудің әкесін өлтірген адам секілді…
Пікірді, шындықты жасыру арқылы ешқашан, еш заманда ғылым дамыған емес. Ғылым тек дәлелдеу арқылы дамиды. Құрманғазының ең әйгілі шәкірті Дина Нұрпейісова кезінде: «Адай Құрманғазының күйі емес» деген. Бірақ Ахмет Жұбанов Құрманғазынікі деп дәлелдеді. Сондықтан ғылымды ең әуелі ғалымдардың өзі сыйлауы тиіс.
Сегіз сері жайында аз жазылған жоқ. Оның шығармалары да жарық көріп жатыр. Мемлекеттік тапсырыспен «Жалын баспасынан» 2013 жылы «Шығармаларының» І томы, 2014 жылы ІІ томы жарық көрді. Құрастырған – Социал Жұмабаев деген азамат.
Шын аты Мұхаммед-Қанапия бола тұра, неге Сегіз сері аталып кеткені жайында екі түрлі пікір айтылады. Біріншісі, сегіз жасында-ақ әдемі киініп, әдемі сөйлеп, ақын болуға ұмтылыс жасап жүрген баланың қылығын байқаған үлкендер оны «Сегіз жасар сері» деп жүріп, ақыры сол аты шын аты болып кетіпті. Екіншісі, «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт болған соң, Сегіз аталып кетіпті-міс.
Ақын, әнші, сазгер, күйші, мерген, ұста, палуан, сардар, найзагер секілді жан-жақты өнерпаз болыпты. Бірақ сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің бәрін қазақ Сегіз сері атай бермеген ғой. Ал сегіз жасынан серіге тән қылық көрсету әркімнің қолынан келе бермесе керек. Бар-жоғы үш-ақ мүшел жасап, 37 жасында 6 ұл, 1 қыз сүйіп, өмірден өткен саңлақ талантқа сегіз жасынан серілік жасау сай келеді-ау деп ойлаймын.
Сегіз серінің өмірі мен шығармашылығын ғылыми тұрғыдан талдау үшін өзінің «Қашқын келбеті» мен «Қыз сипаты» (Сегіз сері. Шығармалары, 2-том, 24 және 33-беттер, 2014), Жаяу Мұсаның «Ер сегіз» (Сегіз сері. Шығармалары, 2-том, 245-бет, 2014), Нұржан Наушабайұлының «Сегіз сері баһадүр» дастанын (Сегіз сері. Шығармалары, 2-том, 263-бет, 2014) және жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Қазақ әдебиеті» газетінде 1991 жылы 20 қыркүйекте жарияланған «Ерлігін Исатайдың жырға қоссам» (Сегіз сері. Шығармалары, 1-том, 313-бет, 2013) атты мақаласын басшылыққа алу бірден-бір дұрыс жол деп білем. Себебі, бұлар – уақыт жағынан да, сенімділік тұрғысынан да бағалы дүниелер. Өйткені Сегіз сері өз шығармаларын жазба түрде қалдырған. Сондықтан олар біраз уақыт қолдан-қолға жазба түрде тарағанда, келе-келе қолжазбалар тозып жоғалған соң ғана ауызша сақталған. Сондықтан көркемдігінен азды-көпті айырылса да, деректік дәлдігін жоғалтпаған.
Ал Жаяу Мұса – Сегіз серіні көзбен көрген, үш жыл бойы қасында жүріп, үлгі алған шәкірті. Айрықша бағалағандығынан болар, Сегіз сері оған арнап өлең де шығарған. «Сегіз қайтыс болғанда, елу шәкірті жоқтау шығардық» дейді Жаяу Мұса. Ал оның өлең шығармай, күй шығаратын Дайрабай секілді шәкірттері де болған. Үш жыл қасында болған, өлгенде басында болған Жаяу Мұсаға сенбейтін қазақ қандай қазақ? Елу шәкірті жоқтау шығарған Сегізден өзге қазақта қай өнерпаз бар? Осының өзі-ақ оның ерекше талант болғанын және ерекше құрметтелгенін көрсетеді. Жоқтау шығара алмай қалған қаншама шәкірті барын бір құдай білмесе, біз білмейміз. Мұның бәрі, ойлап қарасақ, Сегіздің қазақ даласында тұңғыш өнерпаздар мектебін, серілік өнердің үлгісін қалыптастырғанын көреміз. Оны Жаяу Мұсаның сөзі дәлелдеп тұр.
Нұржан Наушабаев та – көптің бірі емес, қазақ өнерінің бір қаймағы. Оның үстіне, ол – Сегіздің туған інісі Қуаныштың баласы Сапарғали ақынмен дос болған адам. Кейін Сапарғали Нұржанның Нағима атты апасына үйленіп, оған жезде болады. Осы Сапарғали мен Нұржанның жұмбақ айтысын әдебиет зерттеушілері жақсы біледі. Ақырында, Сапарғали Нұржанды Сегіздің ауылына ертіп барып, балаларымен, әйелі Ырысбикемен жолықтырады. «Бәйбішесіне батырдың сәлем бердім» дейді Нұржан.
Шежіресін батырдың,
Асықпай жазда көшірдім.
Өлеңі мен жырларын,
Ұқыптап хатқа түсірдім, – дейді анықтап. Бұған да сенбесек; онда бізге адал деген ат арам болмай ма?
Бұл топқа замандас інім Рахымжан Отарбаевты қосып отырғаным: оның қолында басқада жоқ шежіре бар. Казіргі қазақ ғалымдарының біразы орыстың аузынан шықпаған деректі тарих санамайды. Ал орыс жазбаларында Исатай-Махамбет көтерілісіне Арқадан келіп Сегіз сері араласты деген сөз жоқ. Сегіз сері деген қазақ болыпты дегенді де жазбаған. Сондықтан олар Сегіз сері деген адам жоқ деп санайды. Ал Рахымжан Өтепқали Жақыяұлының шежіресіне сүйене отырып, Сегіз серінің Исатай-Махамбет көтерілісіне азды-көпті араласқанын, Жәңгір ханның көзін құртуға оны Махамбеттің арнайы жұмсағанын, бірақ сәті келмегенін; Исатай өлген соң қуғынға ұшыраған Махамбетті Сегіздің Қызылжар өңіріне паналатпақ болғанын, бірақ бір күн кешігіп қалғанын, Махамбеттің кегін алу үшін, кіші жүз еліне екінші рет оралып, Баймағамбет сұлтанның көзін жоюға Сегіздің тікелей қатысқанын бәрін дәлелді баяндап шығады. Өз тарихымызды өзіміз сыйлау деген – осы. Рахымжанның қолындағы шежіре қараңғы түнекте туған жарық жұлдызға барабар.
Осы деректерге сүйене отырып, менің айтарым мынау.
Сегіз Омбыда алты жыл оқыған, алты жыл медреседе оқыған. Орысшаны оқытушы жалдап оқып, тәп-тәуір үйренген.
Бойы ұзын, ірі денелі, ойының аса зеректігінің арқасында ерте есейген, жасынан жан-жақты дамыған. Ақыры, өнері оны өз ортасының басшысы еткен. Он бес-он алтыдағы балғын жігіт өз замандастарын бастап келіп, Ертіс жағасында әскери жаттығулар жасап, қылыштасып, найзаласып, садақ атысып жаттығатын болған. Батыс Сібір генерал-губернаторының орынбасары (наместник) Горчаков деген оның осы әрекетін үнемі көріп жүреді екен. Пәуескеге мініп, Ертіс бойын аралаған оның қызы да Сегізді сырттай біліп жүрген. Бірақ әкесінің не ойлағанын, қызының не ойлағанын бір Құдай білмесе, біз білмейміз.
Күндердің күнінде Ертіс орманының ішінде жиырма шақты орысты біреулер өлтіріп кетеді. «Сөз жоқ, қазақтар өлтірді, – деп ойлайды Горчаков. – Қай қазақ? Әрине, Сегіз сері. Одан басқа соғысуды үйреніп жүрген кім бар? Соны ұстау керек».
Бұл жаладан асығыс қашып шыққан Сегіз атына мініп, бес қаруын асынып, дереу Ертістің тоғайына тығылады. Сол арада әлдебір әйелдің көмек сұраған дауысын естиді. Барса, бірнеше орыс бір орыс қызын ағашқа байлап тастап, ойына келгендерін істемек болып жатады. Батыр жігіт әлгілерді быт-шыт қуалап, қызды аман алып қалады. Ол Горчаковтың пәуескемен қыдыруға шыққан қызы екен. Қызды Сегіз аман-есен үйіне әкеліп тастайды да, Қызылжарға қашады. Горчаковтың көзімен қарасақ, қашқан адам сөзсіз сезік салады ғой, сондықтан Сегізді ұстаңдар деген бұйрық Қызылжарға да жетеді. Жағдайдың қатты шиеленіскенін Сегіз де сезіп, қасына сенімді досы Нияз серіні алып, көрші губернияға түп нағашысы Байбақтылар жаққа тартып отырады. Ел-жұрты, туған-туыстары ұлықтарға Сегіздің өзін жамандап, айтқанға көнбейтін адам екенін айтып ақталады. Ол ақылды «зияным тимесін» деп, оларға Сегіз серінің өзі үйреткен еді. Оған Горчаков сенді ме, сенбеді ме, әлде қызын қарақшылардан құтқарып алғанын ескерді ме, әйтеуір, Сегіздің туысқандарына тиіспейді. Бәрін быт-шыт қыламын десе, қолында тұр еді.
Ол кез – қазақтың әлі жаси қоймаған, бықсықтар мен қоқсықтарды жігерін намыс жайлаған тарландар таптап өте шығатын кез. Сегіз нағашысы Байбақтыларға да көп аялдамай, ақыры бір жарым ай жүріп, Еділдің Кептер деген саласында отырған ауылға жетеді. Бірден көздеріне оқшау тігілген он сегіз қанат ақ боз үй түседі. Сегіз бен Нияз ат басын солай бұрады. Өйткені он сегіз қанат үйдің өзі-ақ көп нәрсені меңзеп тұр емес пе? Бұл Ысық руынан шыққан әйгілі батыр, Исатайдың мыңбасы Қалдыбай Қосаяқұлының ауылы болып шығады.
Ғайнидың әкесі Қалдыбайдың Махамбет қатарлас Исатайдың серігі болғанын тарихи дерек те растайды. «Казахско-русские отношения в ХVІІІ-ХІХ веках» деген «Ғылым» баспасы шығарған тарихи материалдар жинағында оның аты бірде Махамбет қатарында (284-бет), екіншісінде (286-бет) әскери рапортта аталады. Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, профессор Зұлқарнайын Алдамжардың «Тарих: таным мен тағлым» атты кітабында ол туралы және Сегіз серінің өмірі хақында жан-жақты талдау жасалады («Арыс» баспасы, Алматы, 2002 ж.)
«Алдымнан бір қыз шықты құлпырып-ай, сұрап ем, Ғайни екен қыздың аты» дейді Сегіз сері. Қонақтарды сұңғақ бойлы сұлу Ғайни әке-шешесінің жоғын білдірмей, қазақтың салт-дәстүрімен аспай-саспай қарсы алады. Қасында бір жеңгесі бар. Ол кез – патша өкіметі қазақтарды (негізінен, ол арада Он екі ата Байұлы отырған) Еділ бойынан қудалап, өзен бойын біржола иеленіп алуға ниет қылып жатқан кезі. Батыр Қалдыбай әйелімен, бала-шағасымен бір жаққа кеткен екен, үшінші күні ғана ауылға оралады. Он жеті жастағы Ғайнидың толық аты – Ғайнижамал. Оның он ағасы бар. Анасы – Ажар, ең жақын жеңгесі – Балжан. Ғайни мен Сегіз бір-біріне ғашық болады. Екеуінің қосылмақ ниетін Қалдыбай мен Ажар да құп көреді. Ғашықтықтың жалынынан «Ғайни» атты ғажап ән дүниеге келді. Сегіздің он жеті жасында шығарған бұл әні екі ғасырға жуық өмір сүріп келеді. Өлеңі азды-көпті өзгеріске түссе-дағы, әуені еш өзгермеген секілді. Кеше ғана туған тың дүниедей. Не артық, не кем бір дыбысы жоқ, тек үйлесімнен тұратын іңкәр сезімнің төгілісі:
«Ғайни-ау! Уай, сәулем!
Жүргенім менің бүйтіп сенің әурең».
Бір сәтте ғана туа салған дүниедей. Қоспасыз, селкеусіз, құдіреттің өзі құя салған сом алтындай. «Ғайни» – бір әннің ғана ғұмыры емес, қазақ әнінің ұзақ ғұмыры. Ұлттың өзегінен, қазақтың мінезінен, халықтың сезімінен жаралған туынды. Шөкімдей үніне дейін қазақы. Сондықтан өміршең. Қаншама атамыз бен әжеміз, ағамыз бен жеңгеміз, батырымыз бен бағланымыз айтып жеткізген ғұмырлы ән. Исатай мен Махамбеттің, Қалдыбай мен Ажардың, Еділ мен Кептердің көзіндей болған қасиетті ән! Тарихи кезеңнен тарихи кезеңге талмай жеткен тарихи ән!
Қалдыбайды «қайынатам», Ажарды «енем» деп сөйлейді Сегіз. «Көтібар асы» деген өлеңінде:
«Асаудан шығып тоқтадым,
Қалдыбай ата дегдарға,
Қуана бізді қарсы алды,
Ысықтан шыққан Сардар да.
Ажар ене сабырлы,
Бәйбіше еді қадірлі,
Бетімнен сүйді құшақтап,
Деді де: «Дертім жазылды» (Сегіз сері. Шығармалары, 1-том, 73-бет, 2013)
«Бұғыбайға айтқаны» деген өлеңінде Сегіз сері: «Ғайни тірі қалғанда, Болар едің қайнаға», – дейді. (1-том, 115-бет).
Соған қарағанда, Ғайни екеуінің ерлі-байлы болуына еш кедергі болмаған. Қалдыбай жүз жігітті бір бөлек, тағы қырық жігітті бір бөлек, тағы алпыс жігітті бір бөлек, барлығы екі жүз жігітті бөліп беріп, Сегіздің бар жағдайын жасайды. Ақбұлақтың басына үй салдырады, мал-жанына қарайтын адам сайлайды. Тек… Тек Еділдің етек-жеңін түгел жаулап алғысы келген орыстар қазақтарға тыным бермейді. Ата қонысынан кеткісі келмеген Қалдыбайдың ауылын орыс пен қазақтың біріккен қолы шапқанда, батыр Ғайни сонда қолына найза алып қарсы шығады. «Ат!» – дейді Баймағамбет сұлтан орыс әписеріне, ол Ғайниды атып түсіреді. Ондай сұлтаннан кек алуға Сегіз сері Қызылжардан арнайы келсе, оның несі айып? Ғасырдан- ғасырға халқы сақтап келе жатқан «Ғайни» атты ғажап әнді туғызған ғажап Ғайнижамал сөйтіп, ата-қонысын қорғап, қайтыс болады. Бір ұрыста оны өлтірген әписерді Сегіз сері найзаға түйреп өлтіреді. Қалдыбай сонда көзіне жас алып, Сегіздің бетінен сүйеді. Атаның, әкенің кегі қайта қойды ғой деймісің, халықтың қорғаушысы бар екеніне тәубә қылғаны шығар.
Ғайни қыз бен «Ғайни» әнінің өмір тарихы осындай.
Ғайниды тек әдемі қыз, Сегіз сері ән арнаған айрықша қыз деп қана бағалау – обал. Ол – өзінің атақонысын, елі мен жерін қолына қару алып қорғаған қаһарман қыз. Азаттық үшін атқа қонған батыр ару. Сондықтан оның өмірін, ерлігін, аруағын сыйлау – бізге парыз.
Біз – қазір бодандықтың бұғауынан құтылған тәуелсіз мемлекетпіз.
Алайда, өз ішіміздегі алауыздықтың бұғауынан әлі бір жола құтыла алмай келеміз. Бізді сол, сөз жоқ, әлсіретеді. Алайда, ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Ғалымбек Қызырбекұлы құрастырған «Электронды қазақ үйі» деген атпен арғы-бергі қазақ әндері мен күйлерін күйтабаққа түсірген екен, сонда «Ғайни», «Ақбұлақ», «Ақбет», «Алқоңыр», «Мақпал», «Сәулем-ай» (48- бет, Алматы, 2014) әндерін Сегіз серінікі деп көрсетіпті. Қорыққан болу керек, өзге әндерін халықтікі депті. Сең қозғалған екен деп қуандым.
Сегіз серінің еркіндікті аңсаған асау қаны бойымызда аз да болса қалды ма, жоқ па, оны алдағы уақыт көрсетеді. Сегіз серінің екі томдық «Шығармаларын» Мемлекеттік тапсырыспен шығарып отырған Мәдениет және спорт министрлігі,
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы, «Қазақ» және «Шалқар» радиосы Сегіз сері бабамыздың әндерін өз атына қайтарар деп сенеміз. Екі ғасыр бойы өлмей, өшпей келген үнді қалайша және қашанғы өз қолымызбен өшіре береміз?!
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,
ҚР еңбек сіңірген қоғам қайраткері
aikyn.kz
Пікір қалдыру