|  | 

Мәдениет

«National Geographic» журналын қазақ тілінде шығарып жүрген кімдер?

Қазақ журналистикасы оның ішінде отандық баспасөз саласында үлкен бетбұрыс, тарихи оқиға орын алды. Әлем елдерінде бренд саналатын «National Geographic» журналы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді. Басылымның алғашқы саны жақында ғана басылып шыққанын ести сала El.kz интернет жобасы «National Geographic Kazakhstan» журналының редакциясына барып, әлемдік деңгейдегі танымал басылымды шығарып отырған шығармашылық ұжыммен жүздесіп қайтты.

Еркін ЖАҚЫПОВ, «Қазмедиа холдинг» ЖШС бас директоры, «National Geographic Қазақстан» журналының бас редакторы

«National Geographic» журналы қазіргі уақытта әлемнің 38 тілінде 80-нен астам елге таралады. Енді оның қатары қазақ тіліндегі нұсқамен толығып, біздің оқырмандарымыз дүниежүзіне белгілі басылымның бағыт-бағдарынан хабардар болады. Сөйтіп, бұл журнал арқылы отандастарымыз ғылымның соңғы жаңалықтарынан хабардарлығы артып, тың ізденістерден қалыс қал­майды. Соны зерттеулер, әртүрлі экспедиция нәтижелері ұдайы қамтылып отыратындықтан «National Geographic Қазақстан» еліміздің ғалымдары мен ізденушілері үшін осы себепті де қызықты, тартымды болады деген ойдамыз. Бүгінгі ақпарат ғасырының ерекшелігі ме, ебедейсіздігі ме, әйтеуір ол жұртшылықтың саяси желпінісіне көбірек жол беруде. Осының салдарынан барша адамзаттың ортақ мүддесі саналатын қоршаған ортаны қорғау, табиғатпен етенелік тақырыбы кенжелеп бара жатыр. Сол себепті, «National Geographic» секілді атағы зор әлемдік басылымды қазақ тілінде шығаруды қолға алғандағы мақсатымыз – осы кеңістікті толтыру.

Мақсат ЯСЫЛБАЙҰЛЫ, «National Geographic Kazakhstan» журналының жауапты редакторы

«National Geographic Kazakhstan» журналаның ана тілімізде жарық көруі – шын мәнінде тарихи оқиға. Атағы жер жаратын әлемдік басылым Орталық Азияға алғаш рет қадам жасап отыр. Тарихы сонау 1888 жылдан басталатын журнал төрткүл дүниеге тарайды. Осы уақыт аралығында «National Geographic» әлемге ең танымал баспа бренді ретінде өзін дәлелдеген басылым. Қазақстандық аудитория «National Geographic»-ті телеарнасы арқылы таниды. Журналдың өзі бірнеше саладан тұрады. Мәселен, балаларға арналған түрі «National Geographic kids», саяхатшыларға арналған «National Geographic Travel», «National Geographic history» секілді тарих саласына арналған түрлері бар. Алайда, аталмыш барлық салалық журналдарды бір арнаға тоғыстырып, біріктіріп, жинақтап тұратын осы – «National Geographic» журналы болып табылады. Осы «National Geographic» журналының лицензиясын алып, тәуелсіздігіміздің тарихында алғаш рет ана тілімізде шет елдік журнал шығарып отырмыз.

«National Geographic Қазақстан» редакциясының шығармашылық ұжымы Вашингтонда орналасқан журналдың бас кеңсесіне барып келген. Алпауыт басылымның жұмыс тәжірибесімен кеңірек танысып, арнайы семинар-тренингтерден өткен. Ғылыми-көпшілік журналға мақалалар даярлау, оны сараптау жұмысы, тақырып таңдау, фотоларды іріктеу, картография секілді маңызды мәселелер бойынша майталман мамандар кеңесін тыңдаған. Осы сапарда сондай-ақ, «National Geographic» журналының қалыптасу кезеңдерімен танысып, олардың бірнеше миллиондарды құрайтын фотоқұжат сақталған әлемдегі ең бай мұрағатын да аралап көрген.

– «National Geographic» журналының негізгі бағыты – табиғат, қоршаған орта мәселесі,- дейді«National Geographic Қазақстан» журналының бас редакторы Еркін Жақыпов. – Тарих, археология, мәдени мұра салаларына да ерекше мән беріледі. Осы тақырыптар бойынша бір мақала жазу үшін жан-жақты, өте тиянақты зерттеулер жасалады. Әрине, саясатқа еш араласы жоқ. Тың, соны идеялар зерттеушілер мен ғалымдарға алдын ала беріліп, одан туындаған мақала нобайы сұрыпталады да халыққа түсінікті, қарапайым тілмен баяндалады. Журналдың басты ерекшелігі – фотоға көбірек мән беруінде. Сапалы түсірілген, кәсіби тұрғыда жоғары бағаланатын суреттер ғана басылым бетіне жариялануға жолдама ала алады. Еліміздің сұлу табиғатын, тарихи орындарын, көрікті жерлерін, өсімдіктер дүниесі мен жануарлар әлемін, тау, орман, даламыздың бары мен нәрін бүкіл әлемге таныстыруды ойластырамыз. Тақырыптардың дені осы бағытта өрбиді. Мұндай ұмтылыс таяу уақыттарда елімізге келгісі келетін туристер ағынының артуына өз үлесін қосуы мүмкін. Өйткені, Қазақстан өзіндік қайталанбас сұлу табиғатқа ие ел ғой. Әлемнің еш жерінде кездеспейтін атамекеніміздің өзіне ғана тән ерекшеліктерін шеттегі жұртшылыққа осылай танытуды зор борыш санап отырмыз.

Мұндағы мамандардың айтуынша, журналдың өзі ғылыми-көпшілік болғандықтан, онда алдағы уақытта қазақстандық ғалымдардың жаңалықтарына, зерттеулеріне де мейлінше мән беріледі. Олардың тың ойларға толы еңбегіне әлемнің назарын аудартуды мақсат етеді. Осындай дүниенің бәрін қызықты әрі сапалы фотосуреттермен, тартымды тіл, әсем безендірумен оқырмандар назарына ұсынбақ.

Арай Ізбай, «National Geographic Қазақстан» журналы редакциясының үйлестіру бөлімінің жетекшісі

Қазақ тілі – ғылымның тілі емес, ғылыми терминдерді бере алмайды деген жаңсақ пікірлер де айтылған еді. Алайда, жұмыс барысында байқағанымыздай, қазақ тілі керісінше өте әмбебап, аударуға икемді екенін көрсетті. Сондықтан біздің мақсатымыз – қазақ тілінің аясын кеңейту, яғни тілімізді ғылым мен техниканың тілі ретінде дамыту.

Журналдың алғашқы санына Елбасымыздың құттықтау хаты басылыпты. «Ырымшыл қазақпыз ғой, «Елбасымыздың ақ батасымен басталған басылым ақжолтай жобаға айналсын деген ниетпен бастадық», – дейді жауапты редактор Мақсат Ясылбайұлы.

Тұңғыш нөмірге «Арал тағдыры – адам тағдыры» атты мақала жарияланған. Редакция мамандарының айтуынша, «National Geographic» журналында бұрын жарияланған зерттеу мақалалардың бірі екен. Мақалада 30 жылда Арал теңізінің деңгейі қаншалықты және қалай түскені туралы толық зерттелген. Ғарыштан бақыланған бірегей фотосуреттер қоса берілген. Автор ауқымды зерттеу еңбегін жергілікті тұрғындармен жүздесіп, олардың тіршілігімен жақынырақ танысып, ғалымдармен пікірлесе отырып жазған.

Оразалы Кәрімбай, «National Geographic Kazakhstan» журналы маркетинг бөлімінің жетекшісі

«National Geographic Kazakhstan» журналының ерекшелігі – басылым бетіне жарияланатын мақалалар ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аудырылады. Бұрындары тікелей аударма болмады ғой, материалдар алдымен орыс тіліне сосын орысшадан қазақ тіліне аударылатын. Тікелей аударманың ұтымды қыры көп. Неге десеңіз, орыс тіліне аударып, сосын қазақшаға аударғанда материал мүжіліп қалады, осы олқылыққа жол бермес үшін біздің білікті аудармашылар материалды тілге жеңіл, жүрекке қонымды ең бастысы мағынасын көркем жеткізуге тырысады.

Шығармашылық топтың айтуынша, журналға негізі кез-келген автор үлес қоса алады. Негізгі мақсат – Қазақстанды әлемге таныту болғандықтан, егер елді елең еткізер, жан-жақты талданып жазылған, зерттеу мақала болса, журнал бетіне жариялауға мүмкіншілігі бар. Мақаланың тақырып ауқымы кең, көтеріп отырған проблемасы салмақты болуы керек.

Әлия Ескендір, жарнама бөлімінің жетекшісі

Мен маркетинг және жарнама бөліміне қатысты жұмыс жүргіземін. Әрине бірінші кезекте тұтынушыларымыз, оқырмандарымызбен байланыс орнату саласына жауаптымын. Журналға өз шығармаларын ұсынып, үлес қосқысы келетін азаматтармен байланыс жасаймын, экспедиция, фото көрме көрме ұйымдастыру секілді жұмыстар атқарамын. «National Geographic Kazakhstan» журналының жарық көруі халық арасында шын мәнінде тың жаңалық болып отыр. Көптеген оқырмандар қызығушылық танытып, телефон арқылы немесе хат жазу арқылы хабарласуда.

Журнал 15 000 дана тиражбен таралады. Қазіргі уақытта «National Geographic Kazakhstan» журналының ғаламтордағы сайты өңделу үстінде.


 

 Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

el.kz

Related Articles

  • Қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады?

    Қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады?

    Zhalgas Yertay         Қазақстан билігі мемлекеттік тілді дамыту үшін қатаң шешімдерге барғысы келмейді дейік. Бірақ қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады? Соны ойланып көрейік. Қазақ тілін дамыту жайын айтқан кезде Қазақстан билігі қоғамды екіге бөледі. Бірі – тілді дамытудың радикал шешімдерін ұстанады, екінші жағы – қазіргі статус-квоны сақтағысы келеді, яғни ештеңе өзгертпей-ақ қояйық дейді. Бірақ екі жолды да таңдамай, ортасымен жүруді ұсынып көрсек қайтеді!? Батыл қадамдарға барайық, бірақ ол радикал жол болмасын. Қазақ тілін күшпен емес, ортаны дамыту арқылы күшейтсек болады. Яғни адамдар тілді үйреніп әуре болмай-ақ, халық жай ғана қазақ тілі аясында өмір сүруді үйренсін. Негізгі ой осы. Біз осы уақытқа дейін адамдар ортаны

  • Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Фото ашық дереккөздерден алында Өткен аптада Түркияның ұлттық білім министрлігі мектеп бағдарламасына «Түркістан» деген терминді енгізген еді. Шетел басылымдарының жазуынша, бұл атау енді «Орталық Азия» ұғымының орнына қолданылмақ. Білім министрі Юсуф Текин жаңа атау түркі әлемінің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Оның сөзінше, үкімет оқу бағдарламасынан империялық мағынасы бар географиялық атауларды алып тастамақшы. Ең қызығы, «Түркістан» аумағына Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан жатады екен. Сондай-ақ кейбір басылымдар бұл терминнің Қытайдың батысында орналасқан Шыңжан өлкесіне қатысы барын да атап өтті.  Кейбір ғалымдар «Орталық Азия» термині колониализмнен қалғанын жиі атап жүр. ХХ ғасырдағы әлемдік академиялық ғылымды сол кездегі ірі империялар қалыптастырғандықтан, бүгінде мұндай терминдер мен атаулар халық санасына әбден сіңіп

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • ЖАЛБЫРҰЛЫ ҚОЙБАС ЖАЙЫНДАҒЫ КҮМӘНДІ КӨҢІРСІК ӘҢГІМЕЛЕР

    ЖАЛБЫРҰЛЫ ҚОЙБАС ЖАЙЫНДАҒЫ КҮМӘНДІ КӨҢІРСІК ӘҢГІМЕЛЕР

                          1. АМАНДЫҚ КӨМЕКОВТІҢ АЙТЫП ЖҮРГЕНІ – АЙҒАҚСЫЗ БОС СӨЗДЕР        Қазақстанның батыс аймағында ғұмыр кешкен өнерпаздың бірі – Жалбырұлы Қожантай  жайлы соңғы кезде қисыны келіспейтін неше түрлі әңгімелер өріп жүр. Мұның басында тұрғандардың бірі – Амандық Көмеков. Бұрында да оның, басқа да кісілердің елді адастыратын негізсіз сөздеріне байланысты нақты дәлелдер келтіріп, «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды» деген атаумен түзген сын мақаламызды республикалық «Түркістан» газеті (28.09. 2023 жыл) арқылы жұрт назарға ұсынғанбыз-ды. Әлеуметтік желіде Азамат Битан есімді блогердің жуырда жариялаған видео-түсірілімінде А. Көмеков өзінің сол баяғы «әләуләйіне» қайта басыпты. Сөзін ықшамдап берейік, былай дейді ол: «1934 әлде 1936 жылы (?) Мәскеуде өткізілетін

  • ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Шоқан бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. * * * Омбыға оқуға жүрер алдында бала Шоқан әкесінің ел іші мәселесін шешудегі кейбір өктем, ожар қылықтарына көңілі толмай, «оқуға бармаймын» деп қиғылық салса керек. Тіптен көнбей бара жатқан баласын қатал Шыңғыс жәрдемші жігіттеріне байлатып алмаққа ыңғайланып: «Шықпаса көтеріп әкеліңдер, арбаға таңып аламыз!» − дейді. Сонда дәрмені таусылған Шоқан әкесіне: «Байлатпа! Абылай тұқымынан байланғандар мен айдалғандар жетерлік болған!» − деп тіл қатады. Бала да болса ақиқат сөзді айтып тұрған баласынан тосылған әке дереу Шоқанды босаттырып жібереді. * * * Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің бір

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: