|  | 

Тұлғалар

МҰҚАНОВ СӘБИТ МҰҚАНҰЛЫ

 Мұқанов Сәбит Мұқанұлы (1900-1973) – қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі.Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Сәбит Мұқанов атындағы ауылда туған. Омбыдағы оқытушылар курсын, Орынбордағы жұмысшылар факультетін, Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөлімін бітірген.

Ауыл молдасынан оқып, хат таныған. Жасынан ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мақамдап айтып үйренген. 14-15 жасынан өлең-жырды ауызша да, жазып та шығара бастайды. 1918-1919 жылдары Омбыдағы оқытушылар курсында білім ала жүріп Мағжан Жұмабаев хатшылық еткен. Оқуды бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болды. 1921 жылы Ақмола губерниясы мемлекеттік саяси басқармасының төтенше әскери бөлімнің жауынгері болды. 1921-1922 жылдары әр түрлі қызметтер атқарып, ел арасында астық жинау жұмысын жүргізген. 1922-1926 жылдары Орынбордағы жұмысшылар факультетінде оқыған. 1926-1928 жылдары баспасөз орындарында қызмет атқарып, республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1928 жылы Петропавл қаласының «Кеңес ауылы» газетінің редакторы және Жазушылар бөлімінің жетекшісі болған. 1930 жылы жергілікті ақын-жазушылар шығармалары негізінде «Жарыс» альманағын шығарған. 1932-1935 жылдары Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөлімінде оқыған. 1935 жылы республикалық «Кеңес ауылы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакторы болып, 1936-1937 жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарған. 1937-1941 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институттың профессоры болып, қазақ әдебиетінен сабақ берген. 1943-1951 жылдары екінші рет Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарған. 1958-1969 жылдары Дүниежүзілік Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшелігіне, 1965-1969 жылдары Араб елдерімен достық жөне мәдени байланыстар қоғамы қазақ бөлімшесінің төрағалығына сайланған.

Сәбит Мұқанов әдебиетке араласқаннан бастап-ақ дәуір, заман алға қойған тақырыптарға қалам тербеді. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында өндіре еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемді, идеялық-эстетикалық мәні жоғары да бағалы. Ол 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер, тағы басқа сан-салалы кітаптар жазды.

Сәбит Мұқановтың алғашқы өлеңдері мен поэмалары, мақалалары мен әңгімелері («Көңілім», 1917; «Бостандық», 1919, т.б.) 1917 жылдан жариялана бастады. Ол 1924 жылы өлеңдер мен мақалалардан және аударма шығармалардан тұратын «Совет өкіметі һәм қазақ әйелі» атты тұңғыш кітапшасын шығарған. 20 жасынан поэма жаза бастады: «Балбөпе», «Жетім қыз», «Батырақ», «Қанды көл», «Жүйткі, қара айғырым», 1926-1927 жылдары «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы», «Октябрьдің еткелдері» поэмалары, «Ақбөпенің сыры» повесі жарық көрген. 1928 жылы «Сұлушаш» дастаны, 1931 жылы «Адасқандар» романы (орыс тілінде «Сын бая», 1934), тағы басқа туындылары жарияланды. «Сұлушаш» дастанында ғашықтық, махаббат мәселесін көтере отырып, әлеуметтік мәні зор түйіндерді толғаған. Ал «Адасқандар» романы қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романдардың бірі саналды. Ол бұл романды едәуір өзгерістер енгізіп, 1959 жылы «Мөлдір махаббат» деген атпен қайта бастырып шығарды.

30-жылдары «Майға сәлем» (1933), «Сөз – Советтік армия» (1934) атты өлеңдері, «Ақ аю» поэмасы (1935), «Жұмбақ жалау» романы (1938), тағы басқа туындыларынан замандас бейнесі, қоғам кескіні аңғарылады. Одан соң «Теміртас» (1935), «Есіл» (1937) романдары, «Достар» (1937) повесі, тағы басқа шығармалары жарыққа шыққан. «Жұмбақ жалау» (1938, «Ботагөз», 1948, орыс тілінде «Ботагоз») романында Қазақстандағы 1910-1920 жылдардағы күрделі оқиғаларды бейнелеген. 1-дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы көтеріліс, Ақпан революциясы, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы, тағы басқа ірі тарихи оқиғалар роман сюжетіне аркау болған. Романдағы басты тақырып – қазақ халқының, Қазақстанның тарихи тағдыры.

«Ботагөз» романы – қазақ халқы өміріндегі төңкерістік ірі кезеңді шебер бейнелеген келелі шығарма. Роман КСРО халықтары тілдерінде және бірқатар шет ел тілдерінде аударылып басылды. «Ботагөз» романына негізделіп пьеса жазылып, Казақстан театрлары сахнасына шықты, кинофильм түсірілген.

Сәбит Мұқанов 40-жылдары «Менің мектептерім» романын, «Балуан Шолақ» повесін, «Сырдария» романын, «Поэзия маршалы», «Майданға хат», «Жеңімпаз Қызыл Армия», «Фашизмнің ажалы», тағы басқа прозалық жөне поэзиялық шығармаларын жазды. Прозада ол роман мен мемуарлық әдебиеттің дамуына үлес қосты. 50 жылдары «Шоқан Уәлиханов» драмасын, «Тындағы толқындар» романын жазды. «Саяхаттар», «Туған жердің тыңында», «Тыңда тұнған байлық», «Алыптың адымдары», «Адам-Атаның шоқысында» кітаптарын шығарған. Өлеңмен жазылған «Замандас туралы аңыз» атты шығармасын 1961 жылы жариялады. Сәбит Мұқанов қазақтың 19 ғасырдағы ойшыл-ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармаларын ұзақ жылдар бойы терең зерттеді. Омбының, Ленинградтың (Санкт-Петербор) мұрағаттары мен кітапханаларында болып, Шоқан өміріне қатысты материалдар жинаған. Соның нәтижесінде оның қаламынан «Шоқан Уәлиханов» пьесасы мен «Жарқын жұлдыздар» атгы зерттеу еңбегі туды. Сәбит Мұқанов өмірінің соңғы жылдарында Шоқан өмірінен «Аққан жұлдыз» романын жазып, оның екі кітабын шығарған. Жазушы 4 том ретінде жоспарлаған бүл роман аяқталмай қалған.

Сәбит Мұқанов драматургия саласында да көп еңбектенді. Кезінде театр сахнасынан тұрақты орын алған «Шоқан Уәлиханов», «Қашқар қызы», «Сәкен Сейфуллин» пьесалары – көрермендер тарапынан жоғары бағасын алған шығармалар.

Сын, әдебиеттану саласына жазушы көп еңбек сіңірді. Ол өз ұлтының көркем мұрасын терең игерумен бірге, поэзия теориясының қағиадалары мен ережелеріне, өлең құрылысына жіті көңіл бөлді. Ол сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды. Қазақтың батырлық және ғашықтық жырларының жанрлық ерекшеліктері мен композициялары, сюжеттік ұқсастықтарын салыстыра отырып, олардың халық шығармындағы орнын анықтады. Эпикалық жырлардың жанрлық тарихи сипаттары мен әдебиеттегі орнын белгілеуде фольклорлық мұраны жариялау, зерттеу ғылымына өзіндік үлес қосты.

18-19 және 20 ғасырлардағы әдебиет тарихы және ақын-жыраулар шығармалары туралы зерттеу еңбектер жазды. Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиеті туралы зерттеу нысандарын, негізінен, 18-19 ғасырлардағы қазақ әдебиеті, Шоқан Уәлиханов пен Абай Құнанбайұлы, 20 ғасыр басындағы қазақ әдебиеті деп бөлуге болады. Оның «20 ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932) атты кітабы сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің шындығы мен дамуы жайында жарияланған бірден-бір дұрыс еңбек болды. Еңбекте Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ғұмар Қараш, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқа ақын-жазушылар шығармаларына кезеңнің саяси талабына сай сыншылдық көзқарас тұрғысынан келгенімен, көркемдік тұрғыдағы озық үлгілерін шынайы бағалады. Оның «Өсу жолдарымыз» (1960), «Жарқын жүлдыздар» (1964), «Халық мұрасы» (1974, Қазақ қауымы, 1995) атты монография, зерттеулері қазақ халқының мәдениеті, тілі, өнері, материалдық тұрмысы, тағы басқа туралы жазылған сүбелі еңбек болып саналды.

Сәбит Мұқанов сонымен қатар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көркеюі, өсіп-өнуі жолында көптеген қазақ қаламгерлерінің  қадамдарына қолдау көрсетіп, қарапайым халықпен тығыз байланыс орнатты. Сәбит Мұқанов есімі қазақ әдебиетінің «алыптар шоғыры» қатарында аталады. Оның шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылған. 1956-1966 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі болды. 2 – 8 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі болып сайланып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының 1-лауреаты атанған.

2 рет Ленин орденімен, 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.

100 жылдық мерейтойы қарсаңында қаламгердің есімі Алматы қаласындағы көшеге, туған ауылына, ондағы мектепке, облыстық кітапханаға, облыстық драма театрына берілген. Алматы қаласында Сәбит Мұқанов атындағы көшеде ескерткіш мүсіні орнатылып, әдеби мемориалдық мұражай-үйі жұмыс істейді.

 Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 6 том.

inform.kz

Related Articles

  • Аттыға жол, ауыздыға сөз бермеген Тұрым батыр

    Әр дәуірде халықтың пана тұтар, қормал санар құрметті азаматтары болады, солардың бірі заманы Аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін, батырлығымен халқы жақта тұрып, мынау ортасы мен мекенін қорғау жолында сырт жауға сес болып келген Тұрым батырды туған халқы мәңгі ұматпайды. Тұрым бала күнінен балуандығымен, қамшыгерлігімен аты шыққан, есейіп ат жалын тартып міне көз алартқан жауларының бетін қайтарып көзге түскендіктен «бұл өңірде Тұрым бар» деп сырт жаулар аттап баспайтын болған. Тұрым өмірінің соңында зиратын қазып, қабырын тұрғызып қойып қажылық сапарға аттанып, қайтарында бүгінгі Семей өңірі маңына келгенде тұйықсыз дүние салып, жол жолдастары сүйекте бұзбай Сартеректегі өзі әзірлеп кеткен қабырға жеткізіп, ел, жұртына табыс етіді. Ителі руының бір мұнша атасы Ажы гүң болып

  • «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    Біздің қазақта «малға достың малдан басқа мұңы жоқ» – «малдан боғы ғана бөтен» талай жарымес Абайдың атына неше түрлі сөз айтқан. Оның ішінде саудагер ғана емес, өзін “сөз ұстаған”, “ел ұстаған” санайтындар да болды. Бұларға Абайдың өзі жауап беріп кеткен: «Тыныш ұйықтат, сен есірке, бақ сөзіме!». Ал, анау жігіт «малдың буымен» негізгі ойын дұрыс жеткізе алмаған сияқты. Ол, «Құнекең малын шығындап, Абайды оқытып, жағдай жасамағанда қалай болар еді… Біз де сол Құнекең сияқтымыз…» дегенді айтпақшы болды – ау деймін… Құнекең қайда, сен қайда… «Қуаты күшті нұрлы сөз, Қуатын білген абайлар…» – дейді Абай. Сөздің қуатын білмеген өте қиын, күйіп қалуың мүмкін… Осы арада Британияның Премьер – министрі болған Бенджамин Дизраэлидің

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: