|  |  | 

Тарих Қазақ шежіресі

Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту

Ytike batirЕй, Абылай, Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Бұл қалайдан сескеніп,
Сөзімді қойма тындамай.
Талай істер басыңнан
Өтіп еді-ау жасыңнан,
Қиын, қызық әрбір жай.
Жас күнінде, Абылай,
Үргеніштен мұнда кеп,
Сарыарқаны жерім деп,
Қалың қазақ елім деп,
Келмеп пе едің жаяулай?!
Төле биді тапқанда,
Күндіз түйе баққанда,
Жалғызбын деп шошымай,
Еш малшыға қосылмай,
Қара жерге отырмай,
Күпінді салып астыңа,
Жең жастанып басыңа,
Қол-аяғың төрт жақта,
Жатушы едің сол шақта,
Ұмыттың ба соны, Абылай!

Жиырма жасың толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда,
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда,
Қанжығаңа бас байлап,
Жау қашты деп айғайлап,
Абылайлап шапқанда…
Ұмыттың ба соны, Абылай!

Сол ерлікпен хан болдың,
Әлем асқан жан болдың,
Барша әлемге даң болдың,
Ұмыттың ба соны, Абылай!

Қалдан ханның әскері
Іздеп сені әрі-бері,
Қапыда ұстап алғанда,
Алып барып Тәшкенде
Көр зыңданға салғанда,
Елің қараң қалғанда,
Тоқсан жақсы үш жүзден
Сені сұрай барғанда,
Өлтірем деп Қалдан хан
Орайына Шарыштың,
Сөзіне қарсы сөз айтып,
Жауаптастың, қарыстың.
Қапияда тұтылдың,
Қалмаққа бітеу жұтылдың,
Шешендік жолын тұтындың,
Үш ауыз сөзбен құтылдың,
Ұмыттың ба соны, Абылай!

Аруағыңа болысқан,
Әділ билік қылысқан,
Қашпаған қандай ұрыстан
Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай –
Абылай, сенің тұсыңда
Сол бесеуі болыпты-ай!
Кейі батыр, кейі би,
Тәңірім берген сондай сый,
Ұмыттң ба соны, Абылай!

Батыры ханға сай болды,
Елің жайпақ бай болды,
Қыс қыстауы тау болды,
Жаз жайлауы көл болды,
Салқын сары бел болды,
Елге лайық ер болды,
Сарыарқа деп таңданып,
Өзге жұрт аңсар жай болды,
Ұмыттың ба соны, Абылай!

Айтқан сөзің ем еді,
Жолынды теріс демеді,
Қай бақытың кем еді,
Ел қорғаны көп еді,
Қалып па ең батыр таба алмай?
Жауыңның қанын ағызған,
Аузынан балды тамызған,
Би мен батыр аз болып,
Тасырқап па едің шаба алмай!?
Анау бір жылы аттанған
Әскерді қырғыз қырғанда,
Басынан оба қылғанда,
Ол хабарды ел біліп,
Көп батырмен сен жүріп,
Көзіңнің жасын көл қылып,
Кысылған әскербасының
Қасына барып тұрғанда,
Ақбоз атты шалғанда,
Мойныңа кісе салғанда,
Баба түкті Шашты Әзиз,
Содан бата алғанда,
Тілеуің қабыл болғанын,
Басыңа Қыдыр қонғанын,
Ұмыттың ба соны, Абылай!

Ұлы сәске болғанда
Жасаған жақсы жол беріп,
Жол бергенде мол беріп,
Ойламаған бақ беріп,
Қырғызды Тәңірім қақ бөліп,
Садырбала бітем деп,
Әтеке соғыс күтем деп,
Бірі көнбей біріне,
Садыр кетті бөлініп,
Соғысудан түңіліп,
Әтеке сынды жырықтың
Қабырғасы сөгіліп,
Шапқанда батыр төгіліп:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Сары, Баян мен Сағынбай
Қырмап па еді жауыңды,
Қуантпап па еді қауымды,
Ұмыттың ба соны, Абылай!

Дүние кезек, Абылай!
Қаласың әлі-ақ сен былай!
Артыңдағы балаңа
Табылар батыр тағы да-ай!
Сондай ерлер көп тусын
Деп тілей бер, а Құдай!
Орта жүзде қатын көп,
Туатын кейін батыр көп,
Сол мұқатар жауды деп,
Елестер көзге сағымдай.

Ей, Абылай, Абылай,
Сөзімді тында тағы да-ай!
Өзіңнен біраз жасы үлкен,
Дөмпеш таудай басы үлкен,
Жасыңда болған сырласың,
Үлкен де болса құрдасың,
Сексеннен аса бергенде,
Қайрылмас қаза келгенде,
Батырың өлді – Бөгенбай!
Иманын айтып өлерде,
Иекке жаны келгенде,
Сәлем айтты үш қайта,
Кеттім деп сізді көре алмай.

Батырды қолдан өткіздім,
Сәлемін міне жеткіздім.
Жыламай тында, Абылай!
Жараға жақсы қасқарар,
Ойбайлап жаман бас салар.
Көріспей айтты демеңіз,
Осы еді біздің келген жай.
Көзіңнің жасын тыя көр,
Жақсылық бата қыла көр.
Тағы да талай бақ берсін,
Балаңа алтын тақ берсін,
Бөгенбайдай жас берсін,
Өлшеусіз мал мен бас берсін!
Бөгенбай сынды батырдың
Береке берсін артына-ай,
Сабыр берсін халқына-ай.
Жасаған ие жар болып,
Бейіште нұры шалқығай!

Үмбетей Жырау

Related Articles

  • Аттыға жол, ауыздыға сөз бермеген Тұрым батыр

    Әр дәуірде халықтың пана тұтар, қормал санар құрметті азаматтары болады, солардың бірі заманы Аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін, батырлығымен халқы жақта тұрып, мынау ортасы мен мекенін қорғау жолында сырт жауға сес болып келген Тұрым батырды туған халқы мәңгі ұматпайды. Тұрым бала күнінен балуандығымен, қамшыгерлігімен аты шыққан, есейіп ат жалын тартып міне көз алартқан жауларының бетін қайтарып көзге түскендіктен «бұл өңірде Тұрым бар» деп сырт жаулар аттап баспайтын болған. Тұрым өмірінің соңында зиратын қазып, қабырын тұрғызып қойып қажылық сапарға аттанып, қайтарында бүгінгі Семей өңірі маңына келгенде тұйықсыз дүние салып, жол жолдастары сүйекте бұзбай Сартеректегі өзі әзірлеп кеткен қабырға жеткізіп, ел, жұртына табыс етіді. Ителі руының бір мұнша атасы Ажы гүң болып

  • «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    Біздің қазақта «малға достың малдан басқа мұңы жоқ» – «малдан боғы ғана бөтен» талай жарымес Абайдың атына неше түрлі сөз айтқан. Оның ішінде саудагер ғана емес, өзін “сөз ұстаған”, “ел ұстаған” санайтындар да болды. Бұларға Абайдың өзі жауап беріп кеткен: «Тыныш ұйықтат, сен есірке, бақ сөзіме!». Ал, анау жігіт «малдың буымен» негізгі ойын дұрыс жеткізе алмаған сияқты. Ол, «Құнекең малын шығындап, Абайды оқытып, жағдай жасамағанда қалай болар еді… Біз де сол Құнекең сияқтымыз…» дегенді айтпақшы болды – ау деймін… Құнекең қайда, сен қайда… «Қуаты күшті нұрлы сөз, Қуатын білген абайлар…» – дейді Абай. Сөздің қуатын білмеген өте қиын, күйіп қалуың мүмкін… Осы арада Британияның Премьер – министрі болған Бенджамин Дизраэлидің

  • Тибет асқан көш не себепті басталды?

    Тибет асқан көш не себепті басталды?

    1883-жылы Алтайдан Жамысбай бастаған қазақтар алғаш рет Баркөл жеріне көшіп барды, 1887-1891-1895 жылдары тағыда көшіп келгендер болды. онан кейінде көшіп келгендер болды, мысалы 1912-1913 жылдары, 1920 жылдары, 1924-1929 жылы келгенлер болды, олардың дені Алтайдан болатын. 1912 жылдан кейін манжу билігі құлап қытай билігі орнады, 1928 жылы билікке келген Жин Шурын Алтай төресі Қасымқан ұлы Шәріпқанды, Тарбағатай төресінің ұлы Қызырды, Баркөл қазақ үкірдайы Әліптің ұлы Елісқанды Үрімжіде оқытты, Елісқан заманауй Әскери білім алды, қытай тілін үйренді. Оны 200 адамдық қарулы қазаққа басшы етіп оны «Шығыс Шыңжаң шегара қорғаныс отрияды» деп атады. 1931 жылы Құмыл ұйғырлары Қожанияздың бастауында көтеріліс жасады. Оқиға Бір қытай әскер басының бір ұйғыр қызды зорлықпен әйел етіп алмақ

  • Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Жеке архивімнен табылған құнды мұрағат «Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі) Бұл өлеңді 1980 – жылы Өр Алтайдың Көктоғай ауданына қарасты Дүре ауылында 61 жастағы Қауан Орынбасарұлы деген ақсақал айтқанынан жеке архивімде сақталып қалғанынан тауып оқырманмен бөлісіп отырмын. Ай, құдай – ау, аққа жақ, Өзіңі аян мен нақақ. Ақиқат деген жолыңнын, Абыройыңды ашпа хақ. Аятбенен қадысқа, Алла ниет ақ іске. Жан алмасам жоқ еді-ау, Жаза тартсын деген бақ. Мені соттап байлатып, Зығырданды қайнатып. Масайрасын мәз болып, Қинағанды өзің тап Жақын жерден жау шығып, Мақүл істен дау шығып. Дұшпан үстап қолымнан, Иттер тістеп тонымнан. Жаман тосу болған шақ, Түтқын болып тарығып, Жалғыз жатып зарығып, Ашу қысып ойды алып, Дерт жәйіліп бойды

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

2 Comments

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: