|  | 

Тарих

Нұрғожай батырдың естеліктері және Оспан батыр

Nurqojay batir

Астана. 30 наурыз. Baq.kz – Порталымыздың «Шетел қазақтарының әдебиеті» айдарында 1940 жылдары Қытайдағы ұлт-азаттық күресінің белді сардар батыры, Оспан Ісләмұлының қанды көйлек серіктерінің бірі болған атақты Нұрғожай батырдың естеліктерін беріп отырмақпыз. Кітапты баспаға дайындап ғылыми түсініктемесін жазған: Ыстамбұлда тұратын ғалым, тарихшы Әбдіуақап Қара.

Алғы сөз
Қазақ тарихында елі, отаны үшін қасиетті күреске түсіп, басын бәйгеге тіккен батырлар аз болған жоқ. Солардың ең соңғысы және көрнектілерінен бірі Оспан батыр. 1899 жылы Қытайға қарасты Шынжаң өлкесінің Көктоғай қаласында туылған Оспан батыр саналы өмірін туған халқының азаттығы жолында күреске арнаған. Ол Қытай әскерлеріне қарсы жау жүрек ерлігі, мергендігі және үздік соғыс тактиқасымен көзге түсті.
Шынжаң қазақтарын зерттеп жүрген америкалық тарихшы Линда Бенсын “Қазақтың алтын аңызы” деп атаған Оспан батыр Шынжаңдағы қазақтардың тәуелсіз Шығыс Түркістан мемлекетін құруды мақсат етіп алға шықты. Ол күрес барысында тек өзінен сан жағынан да, қару жағынан да еселеп үстем болып отырған армиялармен ғана шайқасқан жоқ. Ол, сонымен қатар, сол кездегі әлемдік деңгейде айтулы саясаткерлер болған Сталин, Чан Қайши және Мау Зыдұңның зор саясаттарына да қарсы күресті.
Бірақ Оспан батырдың осы күрес тарихының мән-маңызы арада елу жылдан аса уақыт өтсе де толық ашылды деп айта алмаймыз. Міне осы тарихқа сүбелі үлес Нұрғожай батырдың естеліктері болып табылады. Өйткені Нұрғожай батыр Оспан батырдың күресінің бастан аяқ қасында болған. Сондай-ақ ол, Оспан батырдың алғашқы сегіз комиссарынан тірі қалған дара тұлға. Олардың барлығы шайқастарда қаза тапқан.
Бұл естелікте бізге белгілі көптеген уақиғалардың қазірге дейін бізге белгісіз болған егжей-тегжейі баяндалуда. Сонымен қатар естелікте күні бүгін ашылмаған кейбір шындықтар да ортаға салынуда. Оның тағы бір құндылығы да Нұрғожай батырдың Оспан батырмен оңашада болған маңызды саяси сырласу, әңгілемесулерінің мазмұнын да атап өтуінде. Осының арқасында біз Оспан батырдың маңызды мәселелердегі ой пікірлерімен таныс болудамыз.
Нұрғожай батыр – жау жүрек батыр және мергендігімен танылған тұлға. Бірақ, өздеріңізге белгілі, көбінесе батырлар шешен болмайды. Сондықтан олар көрген – білгендерін және істеген істерін толық әңгімелеп бере алмайды. Бірақ Нұрғожай батырдың естеліктерінен аңғарғанымыз, ол кісіге Құдай екеуін де аямай берген екен. Естелігінің тілі жатық және көптеген жайлардан хабардар етуде. Басқа сөзбен айтқанда, ол – роман ләззатында оқылатын тарихи естелік.
Естелік 1984 жылы қаңтар айында төте жазумен жазылған. Оны Шынжаңнан Түркиядағы туыстарына қыдырып келген Сұлтан Оспанұлы жазған. Сұлтан Нұрғожай батырға амандаса келіп, естеліктерін жазуды қалайтынын айтқан. Бастапқыда Нұрғожай батыр естеліктерінің еліне қайтқаннан кейін басына пәле болып, ауыртпалық әкелу ықтималы себепті жаздырғысы келмейтінін айтқан. Бірақ, Сұлтан, Қытайдың 1979 жылдан бері әр салада реформалар жасап, есігін әлемге айқара ашып, демократиялық елге айланып келе жатқанын, сондықтан әрқандай шындықтын ашық айтылатын тұсқа жеткендерін айтып, өзіне бұл турасында ешқандай қиыншылық келмейтінін атап өткен. Тіпті елге барған соң естеліктерді кітап қып шығаратынын да тілге тиек еткен.
Осыдан кейін барып Нұрғожай батыр, Сұлтанның естелігін жазуына ұлықсат береді. Бірақ не жазса, екеу қып жазып, біреуін өзіне қалдыруын шарт етеді. Сұлтан бұған келісім береді де, екі дәптерге бірдей естеліктерді жазады. Сөйтіп біреуін өзі алып, екіншісін Нұрғожай батырдың өзіне беріп кетеді.
Біз осы естелікті пайдаландық. Бірақ Сұлтан Оспанұлы көп еңбек сіңіріп жазған еңбегін бастыруға мүмкіндік таба алмады. Елге барғаннан кейін, Алтайдағы Компартияның жергілікті белсенділері Сұлтаннан естеліктерін тартып алды. Қазір оның қайда екені белгісіз. 2004 жылы дүниеден озған Сұлтан Оспанұлына топырағы торқа, барған жері ұжмақ болсын дейміз. Ол осы естеліктерді қағазға түсіру арқылы үлкен еңбек сіңіргені дау тудырмайды.
Нұрғожай батыр естеліктерден соң екі жылдан кейін, атап айтқанда 1986 жылы 29 қазанда дүние салды. Оның отбасы батырдың естелігін көздерінің қарашығындай сақтап жүрді. Бір қанша адам жариялау үшін сұраса да бермеді. Олар естеліктердің жоғалуынан немесе бұрмаланауынан алаңдады. Сөйтіп естелік 2007 жылға дейін сандық түбінде жатты.
Нұрғожай батырдың бұдан тыс бір естелігін Мимар Синан көркем өнер университеті тарих кафедрасының меңгерушісі, өзімнің ұстазым профессор Гүльчин Чандарлыоғлы 2006 жылы Ыстамбұлда түрік тілінде жарыққа шығарды. Чандарлыоғлы ол естеліктерді Нұрғожай батырмен сұхбат өткізе жүріп, 1973 жылы бірнеше айда жазып алған. Кейін қарбалас жұмыстармен жүріп сол естеліктерді баспаға дайындауға мүмкіндік таба алмаған.
Біз 2006 жылы осы естеліктердің баспа жұмыстарына көмектесіп жүргенде екінші бір естеліктің, тіпті қазақ тілінде бар екенінен хабардар болдық. Сол естеліктердің ешқандай бұрмалаушылыққа жол берместен, тіпті мұның кепілі ретінде қолжазба нұсқасымен бірге бастыруды ұсыныс етіп оны жарыққа шығаруға ұлықсат алдық. Сөйтіп бір жылдан аса уақыт жұмыс істеп осы естеліктерді баспаға дайындадық.
Естелікті баспаға дайындау барысында тек төте жазуды қазақ әріптеріне көшірумен шектелмедік. Сонымен қатар естелікте баяндалған уақиғаларды басқа деректермен салыстырып, оларды сілтемелермен беттердің аяқ жағында көрсеттік.
Естелік ауызекі тілде жазылғандықтан бір сөйлем ішінде қайталаулар жиі кездесуде. Бізді оларды алып тастадық. Аз да болса түрік тілінен кірген сөздердің орнына қазақшасын қойдық. Емледе болған қателіктерді түзетіп отырдық. Бүкіл осы өзгерістерді жасағанда еңбектің мазмұнына ешқандай өзгеріс келтірмедік.
Мәтінде қолжазбаның бет нөмірлерін жақша ішінде көрсеттік. Адам, жер, су және қала аттары тек осы естелікте емес, Шынжаң қазақтары тарихы туралы кітаптарда да әрқилы жазылуда. Біз қазақ емлесіне сәйкес келетін қып оларды реті келгенде өзгертіп отырдық. Сонымен қатар естелікте ай аттары, бірінші ай, екінші ай ретінде жазылған. Бұларды біз қаңтар, ақпан түрінде ай аттарымен өзгерттік.
Нұрғожай батыр тіршілігінде Оспан батырдың күресіне өзіндік үлесін қосқан болса, енді естеліктерімен сол күрестің тарихының толығуына да сүбелі үлесін қосып отыр.
Осы естеліктерді баспаға дайындауымыз үшін бізге сеніп тапсырған Нұрғожай батырдың отбасына және кітапты басып шығаруға қолдау көрсеткен Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-мұхаммедке, КР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің бастығы Дархан Мыңбайға, Рухани ат баспа орталығының директоры Ербол Тілешовке алғысымды айтамын.
Әбдіуақап Қара
Мимар Синан көркем өнер университеті
Тарих ғылымдарының докторы
Отбасы жӘне балалық шағым
Өз өмірімде үлкен оқу оқып ғылыми жетістіктерім болмаса да, бір талай уақиғаларды басымнан өткіздім. Артқы ұрпақтар пайдалансын деген үмітпен өз басымнан өткендерді жазып қалдырайын. Абай “Заман соққан жел, дүние жатқан үлкен көл” деген екен. Дүниенің мәңгі жалғаса беретінін ескергенде, бір адамның өмірінің шекті екені даусыз. Шектеулі болса да, өз өмір тарихым кейінгі ұрпақтарға қалса деген арманым бар еді. Сол үшін өз тарихымды жазып отырмын.
Алдымен ата тегімді айта кетейін. Мен Орта Жүз, Алты Арыс ішінде Керей боламын. Ал Керей ішінде Абақ Керей, оның ішінде Жәнтекей руынан едім. Жәнтекейден Сүйінбай, онан Сәменбет болады. Ал Сәменбет ішінде алты Есентайдың бірі – Шақабай руынан тараймыз. Ал Шақабайдан таралуымыз болса мынадай:
Шақабай екі әйел алған. Үлкен әйелі Қосбике болып, осы анадан Қосан, Қоске, Жанбала, Балықбай туады. Екінші анадан Халықбай туып, осы бес Шақабай ішінде Қоске боламын.
Қоскеден бес ұл: Шәукел, Матақ, Тарпақ, Естек, Сегіз Сары (бұл кенже атамыз екен) болып, Сегіз Сарыдан Ұлтарақ жалғыз туады. Ал Ұлтарақтан Сәрсембі жалғыз болып, Сәрсембінің үлкені Серікбайдан Молдажан, Әміре тарайды. Менің әкем осы Молдажан болады. Әміреден Кенен, Омардан, Даукесер, Дәбей тарайды.
Өз өмірімде төрт әйелмен үйлендім. Оның екеуінен бала бар. Үлкен әйелім Асылыдан Имам Ахмет[1], Шарбану[2]. Бұлар тірі. Мекенде отыр. Екінші әйелім Жақсыханнан Имам Нұғман, Аюпхан, Qажыхан ұл болып, Қамар, Шолпан, Ғапура, Макбұза, Айгүл қыз болып, жиыны тоғыз бала өмірге келді. Бұлардан басқа бір ұл (Абдолла) бір қыз (Шамшабану) қайтыс болды. (1)
Өзім 1912 жылы 15 мамырда Қу Ертіс Шақабай тоғамында тудым. Жылым Сиыр. Биыл 72 жастамын. Мен туған кезде ұлы әкем тірі еді. Мен қазақ ғұрпы бойынша үлкен әкенің қолында өстім. Үлкен әкем бес жасымда қайтыс болды. Туған кезімде семьямда 300 тұяқ қой бар еді. Төрт айғыр үйір жылқысы бар еді.Менің шешемнің аты – Қадиша. Нағашы жұртым Жастабан елі, бай ел еді.
Жас кезімде Сүлеймен молладан бір жыл, Қажыбала молладан бір жарым жыл шамасында оқыдым. Онан соң семьяның малын бағып кеттім. 17 жасымда он екі сәудегермен бірге Қобда аймағына сауда істеуге кеттім. Монғолиядағы Шыбарайғыр Үмбет залыңның қолына бардым. Оның бір баласы менімен бажа еді. Монғолияға барып Ыбырайым деген дүңгенмен бірлесіп жасырын сауда істедім. Ол кезде астық сатылмайтын. Сатылатын товарлар апиын мен торғын бұйымдары еді. Бұл заттар монғолдар үшін өте қажетті еді. Екі жыл осы кәсіппен шұғылдандым.
Монғолияда сауда істеген күндерім
Мен 1931 жылы сауда істеп Монғолиядағы Сақсайға бардым. Ол жерде қоршау бар еді. Оның бастығы Ботағара Бақат еді. Сол жылы Ақтышқан тәйжі аудан бастығы болды. Үмбет залың Қошуын таңба алған екен. Ботақара Оразбай Қобданың уәлиі екен. Ботақара Нарын Қобданың сақшы мекемесінің бастығы еді. Дайынкөлде Шеруші мен басқа халық район болып тұрды. Ел ішінде Қоран Дарғы, Кешуін Оспан, Шыбарайғыр Орманбай секілді белгілі адамдар бар екен. Тұлбадағы Гүлдары дейтін әйел сол райондағы Кешуіндердің бастығы еді. Делуіндегі Оразбек үкірдай (Қошуыт Молқы) іс жүргізіп тұрды. Махұн Хай, Сара дейтін екі дүңген Тұлба мен Далакөл арасындағы (2) қашау сәудегер еді.
Мен осы екі дүңгенді тауып алып сауда жүргіздім. Сол районды басқарып тұрған Үмбет залың бізбен құда еді. Қарақас Төтебай менің жездем еді. Бұл адам да қашау сәудегер болатын. Бізбен бірге сауда істеп барған Төтебай, Тайкешкен Сүлеймен, (Молқы) Оспан екі батыр (екеуі күресуге барып балуан атағын алып келді) барып, бұл жолы бір жыл тұрып қайтып келді. Яғни 1932 жылдың тамыз айы еді. Қайта келгенде Үш Дабатыдан асып Ақсаламен Құрымтыға келдік. Ол кезде ол жерде алтын қазатын хансулар[3] мен дүңгендер бар болатын. Бұл кезде Ламаларға өте керекті заттар болған торғын, оқа, әсіресе етік, шапан, ер тоқымға қажетті нәрселер қашау сәудегерлер арқылы Ласадан шығып, 43 қолдан өтетін. Соның ең ақырғы қолы біз болып тұрдық.
Біз осы бұйымдарды Монғолияға апарғанда, Ламалар не сұрасақ соны беріп тұрды. Ол кезде Ұланқонда төрт бай қытай сәудегері бар еді. Ал Қобда қаласында бір ғана бай қытай сәудегері бар еді. Бұл сәудегерлер үнемі апиын саудасының кіндігі болып тұрды.
Мен сол жылдары Қобда кенті, одан шығып Бөкемұрынға, одан Құмшаға бардым. Қайта айналғанда Бұғы Аралмен Қайтуға келдім. Қайтудан шығып Ақ Көлді басып, Ақ Салшыққа дейін барып қайттым. Ақ Балшықтан Баян Өлгейге жүріп кеттім. Өлгейден Саркөлді басып Ресейден,[4] яғни Қазақстаннан келетін машина жолын басып Тұлбаға бардым. Қай жерде Лама болса, соны іздедім. Құдамыз Шыбарайғыр Үмбет залың қолында қошуын таңба болғандықтан, Монғолияның сол өлкесін аралауыма жағдай жасалып тұрды. Сол жылы таңбаны Үмбет залың Ақ Тышқан тәйжіге берді. Олардың тілмашы Зейнолла еді. (3) Монғолия елін аралап сауда істеп жүрген кезімде, Мәскеуден оқып келіп сол ел арасында жұмыс істеп жүрген Кенжебек, Шәріп, Абайлар да бар еді.
Монғолияны жаңаша тәртіп мұқыр толғаны күшті өткізіп жатқан кезі болатын. Тоқтыбайұлы Өзенбай, Үмбет залыңның ағасының баласы Жексенбайлар жаңадан келіп жұмыс жүргізіп жатты. Екі рет барып, 1933 жылы тамызда қайтадан үйге келдім. Өзімнің ауылым Бала Ертістің құйғанында екен.
Алғашқы Әскери қызметім
Сол жылы Күректіге Жанымхан қажы ауылдары үркіп көшіп келген екен. Мені Жанымхан шақырды. Үйіне бардым. Ол менен
- Қобдода қандай өзгерістер болып жатыр? – деп Монғолияда туып жатқан саяси жағдайды сұрады.
Мен өз білген ахуалымды айтып бердім. Жанымханның тор жорға аты жоғалған екен. Осының жайын сұрады. Мен:
- Алтайдан бір адам Монғолияның Оспан деген дарғысына 500 шайға бір тор жорға апарып сатыпты, – деп естіген бір хабарымды айтып бердім.
Әкелген сауда заттарыма тоғыз жүз қой, алпыс қара мал құрап алып, алдыңғы қатарлы семья болып алдым. Ел етекке түсті. Жанымхан аулы құлдай көшті. Мен ол кезде мырза болып мәдени киім кигендігімнен сырттай қараған елге оқымысты адамдай сезілуші едім. Осы пормама қарап Жанымхан мені алып кетті. Өйткені Шынжаңда Шың Сысай Қожанияз атындағы ұлт бірлік сап үкіметі құрылып оған дүниеде болмаған әділ үкімет делініп Абай айтқандай “Көрмеген жерге болмаған мақтау” айтылып жатты.
- Қара әкім Яң Сеңжың үкіметі жоғалтылды деп дүр-дүр, – етіп жатыпты.
Және Төре Шәріпхан Алтайдың уәлиі болатын болып Керейдің ұлықтарына мың әскер дайындауға бұйрық берген екен. Жанымхан мені Шақабай атындағы әскердің бастығы едіп жібермек болып алып келді. Сөйтіп Қаратай Ақтайлақ екеуміз Төре Шәріпханды қорғайтын әскердің бастығы болдық. (4)
1934 жылы Монғолияның Серин армиясы Шіңгіл еліне басып, кіріп Байқадам елін, ондағы Ханкелді Секелді шауып кетті. Осы жағдайды ұғып, елді реттеу үшін өзімізден Баймолла кеткен екен. Жанында Қаратай Тайқара деген жолдасы бар еді. Біз жиырма[5] әскер осы адамды қорғап Көктоғайдағы Каратүңкеге бардық. Біз Каратүңкеге барғанда Монғолияның елді қуалаған шолғыншы самолеті Каратөнкеге дейін келді. Сол күні кешінде біз Қалым тәйжінің үйіне қондық. Осы үйде қонып жатқанда, артқы елден “Қанафия бейсі өлді” деген хабар келді.
Сондықтан Баймолланың қасына ертіп келген Сейітқазы мұғалім Канафияның жаназасына баруға Каратүңкеден қайтып кетті. Сол күні қашып келген Байқадамды Каратүңкеден көрдім. Кешінде Қалым үйінде қонып ертеңінде Сейітқазыны алып Сарсүмбеге қайтып кеттім. Сарсүмбеге барғаннан кейін әскерлік міндеттен ұлықсат алып босап кеттім. Баймолланың жолдасы Тайқара мәлім себептер арқылы сол түні қашып кетіп еді. Мен 1935 жылы қыркүйекте қызметтен босадым. Осыдан кейін Үсейін, Мәмет, Ғофыр сәудегерлерден Ресейден өткен импорт товарларын алып, ел ішіне апарып сатып, тері, елтірі, қой, жүн, ішек қатарлы заттар жинадым.
1940 жылға дейін саудамен шұғылдандым. Сол кезге дейін өз әкем тірі еді. Әкем мерген болатын. Сондықтан ол аңшылық кәсіп істейтін. Әрі оны сүйетін адам еді. Қосымша тамыр ұстап дәрігерлік те істеп қоятын. Осы кезге дейінгі өмірімге балалық шағы, діни оқу шағы, мал бағу шағы, сауда істеу шағы, әскери міндет өтеу шағы деп қараймын. Сөйтіп ғұмыр мені сүйрелеп 28 жасқа жеткізіп қойды. Бұл кезде үйленген едім. Әйелім, бір балам бар еді. Аты Мафура болып жастай қайтыс болды. Сонымен балалық және жастық шақтар көзді ашып жұмғанша өтіп кетті.
Біз Молдажаннан төрт ұл едік. Оның үлкені мен едім. Бірінші інім Нұрғазы, ол бес жасында өлген. Екінші інім Кәбіл, кенже інім Шаймардан. Бұлардан басқа екі қарындасым бар еді. Қарындасымның (5) бірі менен үлкен еді. Ұзатылып барған жерінде қайтыс болды. Кенже қарындасымыз Бисара қазір тірі, ұрпағы да бар. Жолдасының аты Насихат, руы Қарақас еді.

Жалғасы бар…

Түсіндірмелер:

[1] Швецияда тұрады.

[2] Алтайда тұрады.

[3] Қытайлар

[4] Естелікте Россия деп жазылған.

[5] Қолжазбада “жиыр” деп жазылған.

baq.kz

Related Articles

  • Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Фото ашық дереккөздерден алында Өткен аптада Түркияның ұлттық білім министрлігі мектеп бағдарламасына «Түркістан» деген терминді енгізген еді. Шетел басылымдарының жазуынша, бұл атау енді «Орталық Азия» ұғымының орнына қолданылмақ. Білім министрі Юсуф Текин жаңа атау түркі әлемінің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Оның сөзінше, үкімет оқу бағдарламасынан империялық мағынасы бар географиялық атауларды алып тастамақшы. Ең қызығы, «Түркістан» аумағына Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан жатады екен. Сондай-ақ кейбір басылымдар бұл терминнің Қытайдың батысында орналасқан Шыңжан өлкесіне қатысы барын да атап өтті.  Кейбір ғалымдар «Орталық Азия» термині колониализмнен қалғанын жиі атап жүр. ХХ ғасырдағы әлемдік академиялық ғылымды сол кездегі ірі империялар қалыптастырғандықтан, бүгінде мұндай терминдер мен атаулар халық санасына әбден сіңіп

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ ҚАЗІР ЭЗОТЕРИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ  МЕНШІГІНДЕ

    ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ ҚАЗІР ЭЗОТЕРИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ  МЕНШІГІНДЕ

         Шығыстанушы-тарихшы Өмір Тұяқбайдың бұрында да «Қазаққа қандай тарих керек? Тәуелсіздік кезеңінде жасалған тарихи мистификациялар хроникасы» деп аталатын мақаласын  (22.05. 2025. Zhasalash.kz) оқып ем. Риза болғам. Жақында Ө. Тұяқбайдың «Қазақстанда тарихи бұрмалаулар мен мифтерге тосқауыл қоюдың жолдары» (02.10. 2025. Zhasalash.kz) атты тағы бір мақаласымен және таныстық. Өте өзекті мәселені көтеріпті. Тарихта орын алып жүрген жағымсыз жайттар турасында ой толғапты. Журналистерді, блогерлерді айыптапты. Тарихтан арнайы кәсіби дайындығы жоқ, бәрін бүлдіріп болды деп.  Келеңсіздікті тоқтатудың нақты жолдарын ұсыныпты. Бұған да көңіліміз бек толды. Әйтсе де тарихты бұрмалауға, өз өтіріктерін насихаттауға тек журналистер мен блогерлер ғана емес, «арнайы кәсіби дайындығы бар» «тарихшылардың» да «зор үлес» қосып жатқанын баяндап, айтылған пікірді одан әрі өрбітіп, жалғастырайық.

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • ЖАЛБЫРҰЛЫ ҚОЙБАС ЖАЙЫНДАҒЫ КҮМӘНДІ КӨҢІРСІК ӘҢГІМЕЛЕР

    ЖАЛБЫРҰЛЫ ҚОЙБАС ЖАЙЫНДАҒЫ КҮМӘНДІ КӨҢІРСІК ӘҢГІМЕЛЕР

                          1. АМАНДЫҚ КӨМЕКОВТІҢ АЙТЫП ЖҮРГЕНІ – АЙҒАҚСЫЗ БОС СӨЗДЕР        Қазақстанның батыс аймағында ғұмыр кешкен өнерпаздың бірі – Жалбырұлы Қожантай  жайлы соңғы кезде қисыны келіспейтін неше түрлі әңгімелер өріп жүр. Мұның басында тұрғандардың бірі – Амандық Көмеков. Бұрында да оның, басқа да кісілердің елді адастыратын негізсіз сөздеріне байланысты нақты дәлелдер келтіріп, «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды» деген атаумен түзген сын мақаламызды республикалық «Түркістан» газеті (28.09. 2023 жыл) арқылы жұрт назарға ұсынғанбыз-ды. Әлеуметтік желіде Азамат Битан есімді блогердің жуырда жариялаған видео-түсірілімінде А. Көмеков өзінің сол баяғы «әләуләйіне» қайта басыпты. Сөзін ықшамдап берейік, былай дейді ол: «1934 әлде 1936 жылы (?) Мәскеуде өткізілетін

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: