|  |  |  | 

Жаңалықтар Руханият Әлеумет

БАС МҮФТИ: РАҚЫМ АЙЫ – РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

2016 жылдың 6 маусымы – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, 

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти 

 

 РАҚЫМ АЙЫ – РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

  Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.

Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз.

Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.

Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық!

Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға еткен. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады.

Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.

Биыл маусым-шілде айларына тұспа-тұс келген Рамазанда ауыз бекітуге күннің ыстығы кедергі келтірмейді деп сенеміз. Себебі, оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні хақ.

Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей!

Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин!

ҚМДБ: НАМАЗ УАҚЫТТАРЫ ӨЗГЕРДІ

Биылғы Рамазан айының қарсаңында Алматы қаласындағы В.Г.Фесенкова атындағы астрофизикалық институттың  көмегіне жүгіне отырып, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі жаңа намаз уақыттарын жасап шығарды.

Бұған дейін Қазақстан аумағында намаз уақыттары өзге елдердің астрономиялық есептеріне сәйкес жасалып келген болатын.

Бүгінгі таңда ҚМДБ-ға қарасты барлық діни-танымдық сайттар мен порталдарда аталмыш жаңа намаз уақыттары көрсетілген. Осы ретте, намаз уақыттарын және ораза кестелерін тек ҚМДБ-ның ресми muftyat.kz сайтынан алу қажеттігін ескертеміз.

Жалпы әлемде намаз уақыттарын зерттеп, белгілеумен айналысатын танымал бірнеше мекеме бар. Олар:

1. Дүниежүзілік мұсылмандар лигасы (MWL), 18°/17°;

2. Ислам ғылымдары университеті, Карачи (UIS) 18°/18°;

3. Египет ислами зерттеулер орталығы, Каир (UGAS) 19,5°/17,5°;

4. Солтүстік Америкалық Ислам қауымдастығы (ISNA) 15°/15°;

ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі және В.Г.Фесенкова атындағы астрофизикалық институты жаңа намаз уақыттарын есептеуде Солтүстік Америкалық Ислам қауымдастығының (ISNA) астрономиялық есептеуі мен жергілікті жердің «шығыс бойлығы» мен «солтүстік ендігі» координаттарын негізге алды. Себебі, аталмыш мекеменің астрономиялық есептеулері еліміздің басым көпшілік елдімекендерінің жағрафиялық белдеулік жағдайына және астрономиялық ерекшеліктеріне сай келеді.

Сондай-ақ, солтүстік ендігі 48°-тан жоғары белдеуде орналасқан еліміздің кейбір солтүстік, батыс, шығыс өңірлердегі жазғы намаз уақыттарын жасау барысында  жағрафиялық белдеулік ерекшеліктері сәйкес келетін, яғни солтүстік ендігі 48°-тан жоғары белдеуде орналасқан Ресейдің, Татарстанның озық тәжірибелері пайдаланылды.

Төменде әрбір намаз уақытына қатысты шариғи һәм астрономиялық есептеулер негізіндегі мәліметтер берілген.

 

Аңдатпа

Парыз намаздармен бірге қоса оқылатын сүннеттер, үтір, тарауых және айт намаздары үшін уақыттың кіруі – шарт. Парыз намаздар: бамдат (таң), бесін, намаздыгер (асыр, екінті), ақшам (намазшам) және құптан намаздарынан тұрады. Жұма намазы бесін намазының орнына өтеді. Уақыты кірмей ешқандай намаз оқылмайды. Уақытынан кейін оқылған намаз “намаздың қазасы” болып саналады. Намаз парыз адамға намаздың уақыттарын білу аса маңызды. Оның уақыттары Құран мен сүннетте келген.

Бамдат (таң) намазы

Екінші таңның атуынан күннің шығуына дейінгі мезгіл – бамдат намазының уақыты. Екінші таң – таңға қарай шығыс көкжиегінің бозаруы. Бұл уақытпен бамдат уақыты кіріп, құптан намазының уақыты шығады. Осы сәттен бастап ораза ұстайтындар үшін ғибадат уақыты басталады. Сол себепті бұны  «шынайы шапақ» деп атайды. Бұның алдында бірінші таң бар. Бұл – шығыс

көкжиегінің ортасында жоғарыға тікелей көтерілген, екі жағы қараңғы бейне бір созылған сымдай жайылған жарық. Бұл жарық аз уақыт ішінде жоғалып, орнын қараңғылық басады. Осыдан кейін екінші таң атады. Осы бірінші таңға, таң уақытының кіргенін көрсетпегендіктен әрі жалған жарық болғаны үшін «жалған таң» деп аталады. Бұл таң – түннің жалғасы. Бұл уақытта құптан уақыты шықпайды да, таң намазы кірмейді де. Ораза ұстайтындар осы уақытта ішіп-жеулеріне болады. Бұған мына хадис дәлел:

Алланың Елшісі (с.а.у.) былай дейді: « Таң (шапақ) екеу. Біріншісі – бамдат намазын оқуға болмайтын, бірақ ішіп-жеуге болатын жалған шапақ.  Екіншісі –ішіп-жеуді харам, таң намазын оқуды адал еткен таң шапағы». «Таң намазының уақыты – екінші таңның атуынан күннің шығуына дейінгі мезгіл»[1]. Күн шыққаннан бастап, түскі уақытқа дейінгі мезгілде – ешқандай парыз намаз міндеттелмеген аралық уақыт. Бамдат намазын айнала көрініп жарық болған кезде оқу – мұстахаб.

Ал астрономиялық есептерге сүйенсек, Күн көкжиектен төмен 15° орналасқан кезінде таң шапағының басталуымен таң намазының уақыты кіреді. Егер күннің 15° -ғы орналасқан жерінен таң ату аралығындағы уақыт 1,5 сағаттан көп болса, онда таң намазының уақыты күн шығу уақытынан 2 сағат алдын кіреді. Күннің шығуы математикалық тұрғыдағы көкжиекпен алынып, күн дискінің жоғарғы басының көріну уақытына сәйкес келеді.

 

Бесін намазы

Бесін уақыты – күннің көктің ең жоғары тұсынан батысқа қарай ауа бастағанда басталып, Имам Әбу Ханифа бойынша бесіннің уақыты барлық нәрсенің көлеңкесі, екі есе ұзарғанға дейін жалғасады. Осы кезде бесін намазы шығып, аср (намаздыгер) уақыты кіреді. Бесін намазы уақытының бастауына байланысты барлық мүжтәһиттердің сүйенген дәлелі мына аят: «Күн батысқа ауғаннан, түн қараңғылығына дейін намаз оқы»[2].

 

Ал астрономиялық есептерге сүйенсек, бесін намазының уақыты Күн дискінің аспан меридианынан толығымен өту уақытына сәйкес келеді.

 

Аср (Екінті)

Аср уақыты – бесін уақытының шыққан сәтінен бастап, күннің батуына дейінгі мезгіл. Бұған хадис дәлел: «Күн батпай тұрып, аср намазының бір рәкатына үлгерген адам, аср намазына үлгереді»[3]. Мүжтәһиттердің басым көпшілігі бойынша, аср намазын күннің сарғаю уақытына дейін кешіктіру – мәкрүһ. Өйткені, Алла Елшісі (с.а.у.) былай дейді:«Бұл уақытта оқылатын намаз – мұнафықтардың (екі жүзділердің) намазы. Мұнафық отырып алып, күнді күтеді. Күн шайтанның екі мүйізінің арасына кірген (бата бастаған) кезде, апыл-ғұпыл аср намазын төрт бас оқып, Алланы өте аз еске алады»[4].

Ал астрономиялық есептерге сүйенсек, аср намазы Ханафи мәзһабы бойынша кез келген заттың көлеңкесінің ұзындығы екі есе болғанда кіреді. Бұған тал түстегі көлеңкені де қосу қажет.

 

Ақшам намазы

Ақшам (намазшам) намазының уақыты – күннің толық батуымен басталып, шапақтың жоғалуымен аяқталады. Әбу Ханифа бойынша, шапақ – ақшам уақытында батыстың көкжиегіндегі қызылдан кейінгі бозамық. Әбу Юсуп, Имам Мұхаммед және Ханафилардан басқа үш мәзһаб пен Әбу Ханифадан риуаят етілген басқа бір риуаят бойынша шапақ – көкжиекте пайда болған қызамық. Күннің батуы күн дискінің жоғарғы басының көкжиекке бату сәтіне сәйкес келеді.

Ал астрономиялық есеп бойынша күннің батуы күн дискісінің жоғарғы басының көкжиекке бату сәтіне сәйкес келеді.

 

Құптан намазы

Құптан намазының уақыты–қызыл шапақтың жоғалған сәтінен екінші таңның атуына дейінгі мезгіл. Екінші таң атқан сәтте құптанның уақыты шығады. Бұған ибн Омардың (р.а.) бізге жеткізген мына хадисі дәлел: «Шапақ – қызамық. Шапақ жоғалған сәтте, намаз оқу парыз»[5]. Құптан намазын түннің үштен біріне дейін кешіктіру – мұстахаб. Түннің ортасына дейін кешіктіру – мубах, себепсіз екінші таңға дейін кешіктіру – мәкрүһ. Өйткені, бұл уақытта адам намаз оқып үлгермеуі ықтимал. Үтір намазының уақыты – құптан намазынан кейін басталады. Оның соңғы уақыты – екінші таңның атуына аз уақыт қалғанға дейін. Үтір намазын оянуына күмән келтірген адам ұйықтамай тұрып, ал оянатынына сенімді жан осы намазды түннің ақырына дейін кешіктірсе абзал. Тарауых намазының уақыты, таңдалған көзқарасқа қарай, құптан намазынан кейін басталып, бамдат намазының уақытына дейін жалғасады. тарауых намазы үтір намазынан бұрын оқылады. Бірақ құптан намазынан бұрын тарауых оқылса, қайта оқуға тура келеді.

Астрономиялық есеп бойынша күн көкжиектен төмен  15° батқан уақытта түнгі намаз уақытының кіргендігін білдіреді. Егер күн дискінің көкжиекке батуы мен көкжиектен төмен 15°-қа орналасу уақыт аралығы 1,5 сағаттан артық болса құтпан намазының уақыты күн батқаннан 1,5 сағат өткеннен кейін кірген болып есептеледі.

Ескерту: арнайы есеп жүргізілген нүктеден құлшылық атқарылатын орынның әр 30 шақырымға алыстауынан 1 минут қосылады. Осыны ескерген жөн. Демек, 150 шақырымға дейін алыстау – 5 минут қосу қажеттігін білдіреді.

 

ҚМДБ, Шариғат және пәтуа бөлімі.

 

ОРАЗА – 2016: МӘН БЕРЕР МӘЛІМЕТТЕР

■ Рамазан айы 2016 жылдың 6 маусымында басталады. Биыл мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша ораза 29 күн.

■ Осы жолғы ораза күннің ең ұзарған сәтіне сәйкес келіп отыр. Таңның атуы мен күннің батуы 17-18 сағатқа дейін созылады. Алайда күннің ұзақтығы мен шілденің аптап ыстығы отандастарымыздың ораза ұстауына кедергі келтірмейді деп сенеміз. Өйткені, Рамазан – жылына бір рет келетін, сауаптар еселеніп жазылатын берекелі, қасиетті ай. Мұсылман баласы мұндай мүмкіндіктер айын жіберіп алмауға тырысады.

■ Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өткен ҚМДБ Төралқа мәжілісінде өкіл имамдардың бірауыздан келісуімен Рамазан айында берілетін пітір садақа мөлшері 200 теңге болып бекітілді. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап, ораза айт намазына дейін беруге болады.

■ Пітір-садақадан түскен қаражат есебінен мүгедектер мен қарттарға, жесір әйелдер мен жетімдерге, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетіледі.

■ Қасиетті Қадір кеші – шілденің 1-нен 2-сіне қараған түн. Қадір түнінде мешіттерде таңға дейін рухани бағдарламалар ұйымдастырылады. Уағыз айтылып, Құран оқылып, жамағатпен дұға жасалады.

■ 5 шілде күні ораза айт мерекесі басталады. Ораза айт күндері мешіт аулаларына қазақ үйлер тігіліп, жамағат арасында ұлттық спорт түрлерінен (асық ату, арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру, т.б.) жарыстар ұйымдастырылады.

■ 5 маусым күні құптан намазынан кейін мешіттерде тарауих намазы оқылады. Тарауих намазы 29 күн оқылып, қасиетті кітабымыз Құран Кәрім толық хатым етіледі. Құдайға шүкір, қазір өз елімізден жас қарилар шығып, тарауих намазын оқуда. Өткен жылы «Әзірет Сұлтан» мешітінде 14 жастағы ең жас қариымыз, республикалық Құран жарысының Бас жүлдегері Дулат Болатбекұлы тарауих намазын өтеп, жамағаттың алғысы мен қуанышына бөленді.

■ Жолаушыларға, жүкті, етеккірі келген немесе омырауда баласы бар әйелдерге, науқас жандарға ораза ұстау – парыз емес.

■ Сапарда ораза ұстамауға болады. Бірақ басқа күндерде санын толтырып, ауыз бекітеді. Егер сапар қиындық туғызбаса, абзалы – ауыз бекіту.

■ Жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдер егер денсаулығы мен сәбиіне зиян келуден қорықса, ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады.

■ Рамазан кезінде етеккірі келген немесе босанған әйелдің оразасы бұзылады. Мұндай жағдайда аузын ашып, кейіннен ұстамаған күндердің қазасын өтейді.

■ Рамазан айы қарсаңында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мұсылман қауымына Үндеу жолдап, халқымызды оразаның әр күнінде жақсылық жасап, қайырымдылық іс-шараларға атсалысуға шақырды. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді тұрмысқа қажетті заттарға жеңілдік жасауға, жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатпауға үндеді.

■ Қасиетті айдың қарсаңында Алматыдағы Республика сарайында, Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында, облыстардағы мәдениет үйлерінде «Қош келдің, Рамазан!», «Берекелі мереке», «Берекелі Рамазан» деген тақырыппен рухани-мәдени, патриоттық кештер ұйымдастырылды.

■ Жыл сайынғы дәстүр бойынша Рамазан айының құрметі үшін «Тегін такси», «Тегін автобус», «Қайырымдылық – қайырлы іс», «Барыңмен бөліс», т.б. қайырымдылық акциялар ұйымдастырылады.

■ Тарауих намаздарынан кейін жамағат үшін мешіт аулаларына арнайы автобустар қойылып, тұрғындар тегін жеткізіледі.

■ Елімізде ауызашар берудің қазақы-мұсылмандық мерекелік мәдениеті қалыптаса бастады. Ауызашарларда тек уағыз-насихат айтылып қана қоймай, арнау, жыр-толғау, термелер орындалып, өсиетті өлеңдер оқылады. Сонымен қатар, жылы лебіздер мен тілектер айтылады. Ораза, имандылық, бірлік, ізгілік туралы ғибратты бейнероликтер көрсетіліп, тағылымы мол, адам өрісін дамытатын викториналық сұрақтар қойылады. Жеңімпаздар құнды сыйлықтармен марапатталады.

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі

Related Articles

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

  • Тек тілге байланысты…

    Тек тілге байланысты…

    Қазақ Республикасында бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол- қазақ тілі. Қазақ тілінен басқа ешбір екінші тілге мемлекеттік мәртебе берілмеуі керек! Отыз жылдан астам уақыттан бері геосаяси ахуалды сылтауратып келдік. Енді біздің де мінезімізді һәм мысымызды көрсететін уақыт келді. ҚР-ның азаматы һәм салық тапсырушы қатардағы тұрғыны ретінде талап етемін! Алдағы бес жылда Қазақ Республикасында елеулі демографиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда 2030 жылынан кейін қазақтардың республикадағы жалпы үлесі 80-85% ке дейін артады. Славян халықтарының өсімі азайып 10%-ға дейін түседі. Есесіне елдегі түркітілдес өзбек, татар, ұйғырлардың өсімі еселеп өсіп тіпті 10-15 жылда орыстардың орнын басып озуы мүмкін. Сол кезде Қазақ Республикасындағы жалпы түркітілдес халықтардың үлес салмағы 85-90% ке жетеді. Нәтижесінде қазақ мектептерінің саны,

  • “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін. “Жаңа конституцияның” 9-бап 2-тармағы тұрғанда құжаттар ешқашан қазақша жасалмайды. Тек аударма тілі болып қалады. Себебі мемлекеттік бюрократия 9-баптың 2-тармағына сүйеніп, іс-қағаздарды орысша жасап үйренген. Сол себепті іс-қағаздың бәрі алдымен орысша жасалады, кейін қазақшаға қалай болса солай аударылады. Сол себепті 1-тармақтың болғаны қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл мәртебесінде болуына еш көмектесе алмайды. Бір ғана жолы бар: конституцияда мемлекеттік тіл де, ресми тіл де – қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазылып тұруы керек. Құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасының ғана заңды күші болуы тиіс. Сол кезде басқа тілдердегі нұсқасы жай аудармасы болады. Сол кезде ғана қазақ

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: