|  |  |  | 

Жаңалықтар Оқиға Саясат

Елбасы Ақтөбедегі шабуылды дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстанушылар тобының террористік шабуылы екенін айтты

Мемлекет басшысының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті-деп хабарлайды Аөорда баспа сөз қызметі.

Жиында биылғы 5 – 6 маусымда Ақтөбе қаласында болған оқиғаға баға беріліп, елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың тізбесі анықталды. Сондай-ақ Бас прокурор Ж.Асановтың, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Жұмақановтың және Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың баяндамалары тыңдалды.

Қазақстан Президенті қаза болған әскери қызметшілер мен еліміздің бейбіт тұрғындарының туған-туыстары мен жақындарына кеңес мүшелерінің және жеке өзінің атынан көңіл айтты. Қаза болғандардың отбасыларына мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетіні атап өтілді.

Нұрсұлтан Назарбаев қылмыскерлерге қатысты әрекеттерді қолдағаны және кешегі Ұлттық аза тұту күнінде бірлік көрсеткені үшін барша қазақстандықтарға алғыс айтты.

Мемлекет басшысы полиция, Ұлттық ұлан, арнаулы бөлімшелер қызметкерлеріне террористерге лайықты қарсы тұра білгендері үшін ризашылық білдірді.

Қазақстан Президенті жасалған шабуылдарды мәнсіз және зұлым әрекет ретінде атап өтті.

– Мұның дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстанушылар тобының  террористік шабуылы екенін біз қазір біліп отырмыз. Республикада дін ұстану бостандығына кепілдік бере отырып, біз діннің атын жамылып елдегі жағдайды ушықтырушылардың барлығына қатаң тойтарыс беру ниетіндеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев террористердің жоспарына қарамастан бейбіт халық арасында көп адам шығынына жол берілмегеніне назар аударды.

– Күш құрылымдарының әрекеті қылмыскерлердің түгелге жуығының көзін жоюға мүмкіндік берді, бірнешеуі іздестірілуде. Біздің құқық қорғау органдарымыз барлығын табады деп ойлаймын, олар тиісті жазасын алатын болады. Террористік актілер қоғамның көңіл-күйін өзгертті, халық оларды әділ айыптап, батыл әрекет күтеді, – деді Қазақстан Президенті.

Осы орайда Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық және жүйелі сипаттағы бірқатар тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Үкіметке екі айдың ішінде терроризм мен экстремизмге, қару айналымы мен оны сақтауға және сатуға қарсы әрекет ету саласындағы, көші-қонды және діни бірлестіктерді реттеу саласындағы заңнамалық бастамалар жиынтығын әзірлеуді тапсырды.

– Халықаралық террористік ұйымдарға қатысы бар Қазақстан азаматтарына қатысты жазалау шараларын күшейту мәселесін қарастырған жөн. Бұл ретте олар мемлекетіміздің мүддесіне сатқындық жасап, өз Отанына қарсы соғыс жолына түсіп отырғанын ескеру қажет. Бұдан бөлек, террористік қауіп жөніндегі дабыл бойынша өткізілуі ықтимал арнаулы шұғыл шаралар ұйымдастыру жеңілдетілсін. Осы заңнамалық бастамалардың барлығын биылғы заң шығару жұмысы жоспарына кіргізу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев болып өткен оқиғалар күш құрылымдарының жұмыс тәсілдерін түбірімен қайта қарау қажеттігін көрсеткенін айтты.

– Заңнамамызды қатайтып, осы салаға қатысты қабылданған бағдарламаларға талдау жүргізетін және тиісті өзгерістер енгізетін кез келді,  – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы АҚШ, Израиль, Германия және өзге де бірқатар шет мемлекеттерде шеттен келетін қаражаттың пайдаланылуының жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған түрлі тәсілдер қолданылатынын атап өтті.

– Үкімет осы тәжірибені қарастырып, Қазақстанда біздің азаматтар мен ұйымдардың шет елден қаржыландырылу ісінің мониторингін енгізуге қатысты ұсыныстар беруі қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті қарудың барлық түріне елімізде тиым салу жөнінде қоғамда көтеріліп отырған мәселе мұндай  радикалды шараларды қолданбай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігі тұрғысынан мұқият зерттеуді қажет ететінін айтты.

– Заңнамалық тұрғыдан қару айналымын, оны сақтау тәртібін қадағалау күшейтілсін, бұл тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілік қатайтылсын, осы қызметпен айналысатын барлық субъектілерге кешенді тексеріс жүргізілсін. Ішкі істер министрлігі тез әрі рұқсатсыз қолдануға жарамды қаруды сатуға тиым салатын, сондай-ақ қару, оқ-дәрі және жарылғыш заттар сақталатын нысандар күзетіне қойылатын біліктілік талаптарын күшейтуді қамтамасыз етуге арналған өзгерістерді қажет болған жағдайда бір ай мерзім ішінде заңнамаға енгізсін. Бұдан бөлек, көппәтерлі үйлерде емес, арнаулы ғимараттарда болуға тиіс қару-жарақ дүкендерінің орналасқан жерлері анықталсын, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бақылаусыз көші-қонның, жерді өз бетімен басып алғандардың заңсыз қоныстарының қылмыс үшін қолайлы ортаға айналып отырғанына назар аударды.

– Үкімет заманауи технологияларға негізделген интегралданған миграциялық бақылау жүйесін құру жұмысын тездетіп, дактилоскопиялық тіркеу туралы заң жобасын әзірлеуге кірісуі керек. Оған дейін  халықты тіркеуге қою және есепке алу механизмдерін орындау қамтамасыз етілсін. Барлық әкімдерге осы жұмысты жүргізіп, әрбір жарты жыл сайын ол туралы баяндап отыруды тапсырамын. Елімізге келетін босқындардың міндетті түрде тіркеуге тұру мүмкіндігін қарастырған жөн. Осы айтылғанның бәрі заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерде көрініс табуы керек. Бұл елдегі қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіптің мүддесі үшін жүзеге асырылады. Үкімет Ішкі істер министрлігі жанынан миграциялық үдерістерді бақылау мен реттеу және осы салада талдау жүргізу ісіне жауап беретін Көші-қон мәселелері жөніндегі ұлттық бюро құру жұмысын тездеткені жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ақтөбедегі оқиғалар маңызды мекемелердің, халық көп жиналатын нысандардың күзетін күшейту қажеттігін де көрсетіп бергенін атап өтті.

– Барлық әуежайларды, автовокзалдар мен теміржол вокзалдарын өзге елдердегідей заманауи тексеру жүйелерімен, аулаларды сапалы бейнебақылау құралдарымен жабдықтаған жөн. Бұл шаралардың бірі де азаматтарға қолайсыздық туғызбауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті террористік акт және төтенше жағдай орын алған кезде жасалатын іс-әрекеттердің халыққа түсінікті алгоритмін әзірлеу қажеттігіне  назар аударды.

– Әрбір үлкен қалада міндетті түрде халықты дереу құлақтандыру жүйесі жұмыс істеп тұруға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев әскери қалашықтарды, әскери бөлімдерді, оқ-дәрі мен қару-жарақ сақталатын орындарды қоса алғанда, барлық әскери нысандарды қорғау шараларына айрықша көңіл бөлу керектігін атап көрсетті.

Мемлекет басшысы халықпен жұмыс жүргізу ісін түбегейлі жақсарту керектігін айтты.

– Әрбір жұмыссыз адам біздің есебімізде болуға тиіс. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып, әр адаммен жеке жұмыс жүргізіп, екі ай мерзім ішінде халықтың осы бөлігін жұмыспен қамту жөнінде ұсыныстар енгізуі тиіс. Қажет жағдайда Еңбек кодексіне тиісті өзгерістер енгізу жөнінде бастамалар ұсыну керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті полиция қызметкерлерімен халықтың қарым-қатынасы заңнама арқылы айқын регламенттелуі тиістігіне назар аударды.

-  Полицейлерге шабуыл жасау, құрметсіздік көрсету фактілерінің барлығына құқық қорғау жүйесі тарапынан қатаң құқықтық баға берілуге тиіс. Қажет болған жағдайда заңдарға өзгерістер енгізген жөн. Форма киген адам мемлекеттің айрықша қорғауында болуы керек, қызметтік міндетін орындау барысында оның өміріне қол сұғылмаушылықтың қамтамасыз етілуіне  кепілдік берілуге тиіс. Бұл ретте полиция өкілінің өзі де соған сай болуы керек. Осыған байланысты барлық қоғамдық институттарды, азаматтық қоғамды құқықтық тәртіпті сақтау органдарына қолдау көрсетуге, ел қауіпсіздігіне барынша үлес қосуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қылмыспен күресу үшін барлық қажетті ресурсты бөлу керек екенін айтты.

– Неге біз мұндай шаралар қолдануға мәжбүр болып отырғанымызды азаматтарымыз дұрыс түсінеді деп ойлаймын. Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық – мемлекеттің дамуы үшін және біз барлық  мақсатымызға жетуіміз үшін қажетті басты шарт. Біз бұл айтылған шаралармен шектелмейміз.  Жақын арада өзге мәселелер бойынша да кешенді шешімдер қабылданатын болады. Сөзімді Қазақстанның барлық азаматтарына арнаймын – біздің елімізде тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуы қамтамасыз етіледі. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар, ресурстар және адамдар жеткілікті, – деді Қазақстан Президенті.

Related Articles

  • Путин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери келісімдерді қайта қарауға көшті. Бұл оған не үшін керек?

    Путин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери келісімдерді қайта қарауға көшті. Бұл оған не үшін керек?

    Камилла ВАЛИЕВА Коллаж авторы — Тимур Тимаев Шілденің аяғында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімдерді қайта қарауды тапсырды. Қолданыстағы келісімдерді Мәскеу Астанамен 2013 жылы, ал Ташкентпен 2016 жылы жасаған. Қазір бұл құжаттар қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізуді, әскери мақсаттағы өнімдер алмасуды және технологиялар беруді реттейді. Алайда келісімдерде нақты не өзгеруі мүмкін және Ресей оларды дәл қазір неге қайта қарап жатыр? Әзірге Кремльдің Астана және Ташкентпен жасалған әскери-техникалық келісімдердің нақты қай тұстарын қайта қарастырып жатқаны белгісіз. Өзбекстан Қорғаныс министрлігі Азаттық радиосының сауалына жауап бермеді. Ал Қазақстан Қорғаныс министрлігі құжаттар бойынша жұмыс аяқталғанға дейін олардың мазмұнына түсініктеме бермейтінін мәлімдеді. “Шектеулі түрде таратуға жатпайтын ақпарат жұртқа мемлекеттік органдардың ресми ақпараттық

  • ЖАСТАР ҚАЛАСЫНДАҒЫ РУХАНИ КЕШ: АЛМАТЫ АСПАНЫ АБАЙ ӘНДЕРІМЕН КӨМКЕРІЛДІ

    ЖАСТАР ҚАЛАСЫНДАҒЫ РУХАНИ КЕШ: АЛМАТЫ АСПАНЫ АБАЙ ӘНДЕРІМЕН КӨМКЕРІЛДІ

    Әмірболат Құсайынұлы Абай күні қарсаңында Алматы қаласында ашық аспан астындағы сахнада мыңдаған көрермендер Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қолдауымен түсірілген Абайдың тұңғыш шығармалар жинағының жарық көру тарихын баяндаған «Алғашқы кітап» атты деректі фильмді тамашалады, деп жазады Muztaumedia.kz. Докудрама жанрындағы бұл деректі фильм қазақтың неше ғасырлық рухани тарихындағы таң қаларлық ұлы оқиға — 1909 жылы Петербор қаласында Ильяс Бораганский баспасынан жарық көрген Абайдың тұңғыш кітабының қилы тағдырын бейнелеген. Фильм жалғыз өзі тұтас бір әлем жасап, шығармашылықпен айналысқан небәрі жиырма жылдың ішінде қазақтың тілін де, көркемдік, этикалық танымын да күрт өзгертіп, бұрын-соңды түрік жұрты жетпеген биікке көтерген Абайдың алғашқы кітабы қалай басылып шықты, Абай көзі тірісінде өзінің

  • Президенттің Бенилюкс гамбиті немен аяқталады?

    Президенттің Бенилюкс гамбиті немен аяқталады?

    Еуропа жүрегінде ашылған гештальт. Президенттің Бенилюкс гамбиті немен аяқталады? Елімізде Алматы халқы жаңа такси ашып, ал Шымкент халқы өзбек көршісімен бірге кешкі матчты тамашалайын деп отырғанда қазақ үмітін арқалаған Airbus моторын дүрілдетіп, Брюссельге ұшып кеткен болатын. Президент Тоқаев геосаяси қақтығыстар, сауда соғыстары, санкциялық қысым мен логистикалық тәуекелдер күшейіп жатқан бұл заманда Қазақстанның инвестиция үшін ең тыныш айлақ екенін тағы бір еске салу үшін бара жатқаны анық. Тура осы сапар алдында Fitch Қазақстанның ВВВ рейтингін растап, мықты аргументті қалтамызға салып жіберді. Брюссель Еуропа капиталының сөресі екенін білеміз. Сол сөреде жатқан миллиард еуро инвестицияға біз қол салғанда, бастысы ешкім “тәйт” демеуі керек. Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: