ҚЫРЫП ТАСТАЙ БЕРУ ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТКЕ ЛАЙЫҚ ЕМЕС
Бүгін, 10-маусым күні Қазақстан Республикасы Террорға қарсы орталығының Ақтөбе облыстық терроризммен күрес жөніндегі жедел штаб күштері іздеу жарияланған 5 лаңкестің көзі жойылғанын хабарлады. ҰҚК мен ІІМ арнайы мақсаттағы бөлімшелері Некрасов көшесіндегі лаңкестер тығылған пәтерді қоршап, оқшаулаған. Қауіпсіздік шараларын сақтап, тұрғындарды эвакуациялапты. «Келіссөз барысында лаңкестер өздігінен берілуден бас тартып, атысты бастады. Арнайы жасақ күштерінің батыл әрекетімен пәтердегі 4 лаңкестің көзі жойылды» делінген ресми хабарламада. Кейінірек тағы біреуі оққа ұшқан.
Құқық қорғау құрылымдарының қолында мұндай әрекет жасаушыларды құрықтаудың айла-амалдары да, техникалық мүмкіндіктері де жеткілікті ғой. Тіпті көзден жас ағызатын құрылғылар, естен тандырып тастайтын химиялық гранаталар бар емес пе? Әлгілердің қатарында мүлде жазықсыз, әйтеуір топқа еріп жазықты болғандар да бар шығар. Соларды қолға түсіріп, әрекеттерінің себептерін анықтап, істеген қылмыстарына қарай лайықты жаза тағайындау жөн емес пе еді. 2011 жылы Шұбаршиде 11 адам, Боралдайда 5 адам, 2012 жылы Алматыда «Ақкент» шағын ауданында 6 адам, бүгін міне тағы бес адам мерт болды.
Қазақстанның сотсыз, тергеусіз өз азаматтарын осылай қырып тастай беруі қаншалықты дұрыс болады? Қазақстан құқықтық мемлекет дейтініміз қайда?
Пікір қалдыру