“СВЕЖЫЙ” – “ЖАСҚЫН”, “БАЛКОН” – “ЕРНЕУІК”
Кеше, 30-қыркүйекте кәсіби Аудармашылар күні аталып өтіпті ғой. Кеш естіп қалыппын. Неге екенін білмеймін, өзімді сол аудармашылардың қатарына қосамын. Оған “герб” – “Елтаңба”, “гимн” – “Әнұран”, “столица” – “Елорда”, “отставка” – “доғарыс”, “час пик” – “нөпір шақ”, “боеголовка” – “оқтұмсық”, “сувенир” – “кәдесый”, “сюрприз” – “тосынсый”, “приспособление” – “айлабұйым” және тағы басқа бірқатар аудармалар жасағаным себеп болған шығар. Бір сәтті аударма жасауға әдетте бірнеше жыл уақытым кетеді. Миға тапсырма беріп қойып үнемі ойланып жүремін.
Сол аудармашылар күнінің құрметіне баламасы табылмай жүрген “свежый” деген сөздің қазақша “ЖАСҚЫН” деген аудармасы бүгін таңертең аузыма сап ете түскені. Өзіме ұнады. “Свежый” – “жасқын”. Бірнеше күн бұрын айтылған “жасымал” сөзіне ұқсас. Бірақ мағынасы ұғымға әдеқайда жақын. “Жасқын ет”, “жасқын сүт”, “жасқын ауа” деп пайдалануға болады.
Енді “балкон” сөзін “ернеуік” сипатында аударғым келіп жүр. Ұнамаса айтыңыздар. “Қылтимадан” гөрі дұрыстау ма деймін.
Пікір қалдыру