|  | 

Саясат

Тосын Трамп немесе әлемдiк саясаттағы жаңа тренд

“Бағы жоққа тағы жоқ”. Сонымен, АҚШ-та президент ауысатын кез жеттi. “Бақан тiрес, ит тартыс”, бұрын-соң­ды болып көрмеген айқай-шуға, өсек пен төсекке, жеке басқа барушылыққа дейiн жеткен cорақылау сайлаудан кейiн қаңтардың басында Ақ үйге демократ Обаманың орнына республикашыл Трамп келедi де, алдағы төрт жыл бойына дүние жүзiндегi ең дамыған елдi басқарады, әлемдiк саясатқа өз ықпалын жасайды.

Шындығын айту керек, о баста “миллиардер Трамп президент болады” деп еш­кiм ойлаған жоқ. Сол болжауды жоққа шығара алған Трамптың феноменi неде және одан бiз, Қазақстан, қандай қорытынды шығара аламыз? Әлде мәселе тек оның осы жолғы сайлауға жұмсаған 500 миллион долларында ма?
Бiрiншiден, бүгiнде әлем­нiң бет-бейнесi ғана өзге­рiп жатқан жоқ: адамзат өмiрiнiң барлық саласында күтпеген, тосын құ­былыстар мен оқиғалар орын алып жатыр. Дағдарыс тек экономика мен қаржы салаларын шарпып өтпедi. Құндылықтар, соның iшiнде қоғамдық-саяси және геосаяси маз­мұны бар ұстанымдар мен дәстүрлер де өз дағдарысын бастан кешiп жатыр. Бейнелеп айтар болсақ, Трамп – сол үлкен дағда­рыс­тың бiрегей көрiнiсi.
Саясат, соның iшiнде оның қалыптасып-түзiлген, көз үйренген заңдылықтары да жаңаша сипатқа ие болды. Әрине, Трамптың образын бiз көбiнесе оны онша жақтырмайтын шетелдiк БАҚ арқылы бiлiп жатырмыз. Сондықтан да бiздiң ол туралы ойымыз бiржақты кетуi де мүмкiн. Десек те, оның нақты мынандай имид­жi қалыптасып қалды. Атышулы шатаққұмар, даңғаза. Ертең не айтып, не қоятынын ешкiм болжай алмайтын эксцентрик. Өмiрдiң бар қызығына ешкiмнiң пiкi­рiне пысқырмай-ақ тойып жүрген қыдырымпаз. Кейде төбеден жай түскендей қо­йып қалатын шешен. Классикалық үлгiдегi саясаткерге мүлдем ұқсамайтын, ешқашан мемлекеттiк қызмет атқарып көрмеген бизнесмен. Халықаралық саясатта ел үш ұйықтаса түсiне кiр­мейтiн бастамалардың авторы.
Дәл осындай тосын мi­нездемесi бар адам АҚШ секiлдi үлкен державаның президентi болып шыға ке­ле­дi деп кiм ойлаған? Ешкiм де ойлаған жоқ! Тiптi маңдайы жетi қарыс, әлем­нiң ең үздiк те бiлгiр деген сая­саттанушылары да осы жолы дұрыс болжам жасай алмады! Оған қоса, кезiнде бiр ұйымның “уығын қадасып, шаңырағын көтерiскен” партияластары оның одағайлау, эксцентрикалық бол­­мысын қабылдай алмай, демарш жасап, одан бас тартқан жоқ па?! Бiр сөзбен айтқанда, үлкен саясат деп жүрген құбылыс ендiгi жерде басқаша қалыпқа құйылды, танымдық өлшем өзгер­дi.
Және де ол тек қана АҚШ-қа ғана қатысты емес. Германияиның беделдi Bild am Sonntag газетiнiң тапсырысы бойынша Emnid агент­тiгiнiң жасаған социологиялық зерттеуi бойынша, немiс­тердiң 44 пайызы осы күннiң өзiнде Трамп секiлдi саясаткердiң өз елдерiнде болашағы зор болар едi деп жатыр. Яғни, трампизм халықаралық аренаға шықты! Осы фактор басқа елдерде де қайталанып, саяси алаң­ға күнi ертең дәл осындай кейiпкерлер ойламаған жерден шыға бермей ме? Және де олардың дәстүрлi сая­сат­керлердi жеңбесiне кiм кепiл?!
Екiншiден,Трамптың сай­лауалды бағдарламасы талай жұртты таңғалдырып, ал кей тұстары тiптi шо­­шындырып жiбергенi бар. Әрине, мен Трампты та­нып- бiлдiм деуден аулақпын. Ол өз уәделерiнiң бәрiн жүзеге асыра ала ма? Әлде, нақты өмiр оған өз түзету­лерiн енгiзе ме? Мәселен, президент орынтағы үшiн күрес барысында Трамп Обаманың медицинадағы реформасының быт-шытын шығарып сынап, “түкке жарамсыз” деп танып едi. Ендi болса, “Обамамен сөйлес­тiм, оның реформасының бiраз оң тұстары бар екен” деп шегiншектеп жатыр. Немесе сайлау науқаны кезiнде “АҚШ пен Мексика шекарасында қорған тұрғызамын!” деген уәдесiн ала­й­ық. Солай-ақ болсын. Бiрақ соншама қаржыны Трамп қайдан табады? Және де қазiргi заманғы көлiктiк технологиялар тұсында ол қорғаннан не пайда? АҚШ-қа келгiсi келетiндер Мексикадан да басқа ел таппай ма? Мәселен, Канада немесе мұ­хит арқылы да “тең мүм­кiндiктер елiне” жете алады ғой.
Үшiншiден, сайлау алдында Трамп пен Клинтон екi түрлi аудиторияға арнап сөз сөйлеген сыңайлы. Клин­тон билiк басындағылар мен ықпалды қаржылық топтарға көбiрек үмiт артса, Трамп орташа тапқа, яғни қатардағы американдықтарға арқа сүйегендей. Оның саяси темiрқазығы солар болды. Сондықтан еке­уi­нiң де риторикасы, сөз саптауы мен көтерген мәсе­ле­лерi екi түрлi шықты. Оның үстiне Клинтон Обаманың iзбасары ретiнде қарастырылды, ал Обаманың сөзсiз жетiстiктерiмен бiр­ге, бiршама кемшiлiктерi де бар. Әсiресе, әлемдiк дағдарыстың отанына айналған Америкада осы күнге дейiн өз шешiмiн таппаған экономикалық және әлеу­меттiк мәселелер шаш етектен екенiн ескерсек, таразының басы қай жаққа ауғаны айтпаса да түсiнiктi.
Төртiншiден, Трамптың сайлауалды бағдарламасының осындай, шектен тыс әрi экзотикалық тұстарының қағаз жүзiнде қалатынының тағы бiр себебi бар. Оның түбi АҚШ-тағы билiк тармақтары арасындағы тепе-теңдiкте жатыр: ол елде президент барлық мәселенi жеке өзi шеше алмайды, ең маңызды шаруалар бо­йын­ша ол Конгрестiң келiсi­мiн алуы керек. Иә, қазiр Кон­гресте Трамптың партияластары басым. Бiрақ, ол ор­ганның құрамы жүйелi түрде жаңарып отырады. Сонымен бiрге ендi о бастан “ұзында өштi, қысқада кек­тi” Демократиялық пар­тия Трампқа ашықтан-ашық оппозиция болады, ал ол пар­тияның қатарында елге сөзi өтетiн мықты саясаткерлер бар. Олар сайлаудағы жеңi­лiсiн ұмыта қоймас та, есе­сiн қайтарар. Оның үстiне төрт жылдан кейiн тағы да сайлау, демократтар осы күннiң өзiнен соған дайындалары хақ! Мұның үстiне елдегi тәуелсiз прокуратура мен сот жүйесiн, еркiн БАҚ-ты қосыңыз. Әрбiр сөзiн аң­дап сөйлеуге үйрене қоймаған Трамптың әр қадамын олар ендi ерекше ыждағаттылықпен аңдып отырары да шын. Бiр сөзбен айтсақ, Трамп ендi “ұзын арқан, кең тұсау” бола алмайды. Әзiр­ше Трамп ескi әуе­нi­нен жаңыла қойған жоқ, бiрақ…
Трамптың iшкi және сырт­қы саясатының қай бағытта iске асарын болжап айтудың өзi мүмкiн емес; әлем­дiк саясаттану бұрын-соңды Трамптай құбылысты көрiп, бiлмеген, оның қай сөзiне сенерiн де бiлмей жатыр.
Әрине, халықаралық қа­рым-қатынаста адами, жеке тұлғалық тұрғыдан белгiлi бiр өзгерiстер болады, ол сөзсiз. Бiрақ АҚШ секiлдi түпкi мүдделерi ғасырлар бойына түзелiп, қалыптас­қан тұтас бiр конгломераттың сыртқы саясаты бiр күннiң iшiнде 180 градусқа өзгере қояды дегенге мен сенiңкiремеймiн. Бұл мәселе, әсiресе, НАТО мен Сирияға, Ресейге қатысты. Әлемде геосаясаттың тағы бiр мықты кiндiгi – G-7, яғни “үлкен жетiлiк” бар екенiн ескерсек, Трамптың сайлауалды сөздерi орындалса, АҚШ мұхиттың ар жағында оқшауланып қалуы әбден мүмкiн, Оған қарсы күштер Американың өзiнде жетер­лiк. Олардың пiкiрiн Трамп қалайша жоққа шығарады? “Жетiлiктен” тыс қалуы – дүниежүзiлiк трендтен тыс қалуымен пара-пар.
Ал Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қаты­нас­қа келсек, Ақордаға ұнамаса да, ащы шындық сондай – ол мәселе Вашингтон мен Мәскеу арасындағы байланысқа тiкелей тәуелдi. Өйткенi бiз өзi ұстараның жүзiнде отырған Ресейдiң шылауындамыз, онымен бiр одақтамыз, бiр блоктамыз. Ашығын айтсақ, санкцияның астында қалып, “ұшар көгi, қонар көлi тарылған” Кре­мль­дiң айтқанынан шыға алмаймыз.
Ал даудың басы болған Украина мен Сирияға қатыс­ты екеуара текетiрес тез арада шешiлетiн түйткiл емес. Кеше ғана Еуроодақ: “Бiздiң Ресейге және оған жариялаған санк­циялары­мыз­ға көзқарасымыз АҚШ-тың позициясына байланысты емес, ол ұжымдық пiкiрi­мiз өз­гер­мейдi!” деп кесiп айтты. Трамптың ең жақын серiкте­сi, өзi де миллиардер, Нью-Йорктың бұрынғы мэрi Рудольф Джулиани болса, “АҚШ Ресеймен күш тұрғысынан қарым-қатынас жасайды” деп тағы мәлiм­дедi. Байқап отырсақ, Трамптың антиресейлiк риторикасы Обаманыкiнен де қатқылдау боп тұрған секiл­дi.
АҚШ-пен байланыс туралы айтқанда жұрт “адам құқы мен бостандықтары, демократия” секiлдi ұғымдарды сабақтастырып жатады. Менiңше, Қазақстанда осы салада орын алған жағдайға Трамп немесе бас­қа президент болсын, бәрiбiр өз талаптарын айтып отырады. Өйткенi өз елiнiң iшiнде ол жалпыадамзаттық талаптар мызғымастай боп орныққан және де бостандығы шектелген елмен қарым-қатынасқа түсуi, сөзсiз, оның саяси оппо­нент­терiнiң аяусыз сынына ұшырайды. Сондықтан да, батыс елдерiнiң басшылары демократиялық риторикадан айни қоймайды. Оның үстiне Назарбаевтың орнын басар президент те леги­тимдi сайлау арқылы билiк­ке келуi керек, шетел инвес­тицияларының сақталуының бiр кепiлi сол емес пе? Батыс, соның iшiнде АҚШ та, соған мүдделi болуы тиiс.
Иә, Трамптың жеңiсiне қуана қоймаған адамдар аз емес. АҚШ-тың өзiнде мыңдаған адам көшеге шығып, наразылық бiлдiруде. Тiптi кейбiр сәуегейлер “Трампқа импичмент жариялануы мүм­кiн” деген болжам айтуда. Демократиясы дамыған Америкада бәрi де мүмкiн. Бiрақ бiр нәрсе анық: Трамп бiреуге ұнар, бiреуге ұнамас, бiрақ ол – АҚШ-тың келесi президентi. Ол фактыны мойындау керек. Кеше ғана “бақыттың да көзi соқыр” деген сыңайда оны келемеждеп жүрген бiраз тұлғалар бүгiнде өз ойларынан айни бастағаны да сезi­ледi: қызметтiң аты қызмет.
Сондықтан да ол, Трамп, АҚШ-тың 45-шi президентi ретiнде, институт және тұлға ретiнде, алдағы төрт жылда тек қана АҚШ-қа емес, бүкiл дүниежүзiлiк сая­сатқа өз әсерiн тигiз­бек.
Ол әсер оң бола ма, терiс бола ма, оны уақыт көрсетедi…
Әмiржан Қосанов
zhasalash.kz

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: