|  |  |  |  | 

Мәдениет Руханият Қазақ дәстүрі Әдеби әлем

Қазақтың аспан әлемін тануы

Болат Бопайұлы Жота Қажы

Этнограф,сыншы, зерттеушіBolat Bopayuli

Қазақ халқы өзінің ұзақ ғұмыр тарихында, ғасырлар бойы мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы, аңшылық өнерді кәсіп қылып келді. Осы үш түрлі шаруашылықты тіршіліктің қайнар көзі етіп, онымен өмір бойы шұғылданды. Кең сахара төсінде, сайын далада асқар тауларды тұрақ етті, ағынды, долы өзендерді суат етті. Жұлдызды түндерде, нұрлы күндерде, сулы, нулы көгалды жайылымды өрістерде мыңғыртып малын бағып отын жағып еркін өмір сүрді. Ұрпақтарын тас түлек қырандай баулып өсіріп, қара қостарын таудан тауға, ойдан ойға көшіріп, ұлан ғайыр далаға ие болды. Ешкімнің ала жібін аттамай, ата кәсібін тастамай, оны ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырып отырды.

Қазақ халқы өзінің шаруашылығымен шұғылдана жүріп сол шаруашылығына тығыз қатысты болған табиғат жаратылыс дүниесінің құбылыстарын да, жұлдызды әлем аспанын да, ондағы сан алуан ғажайып өзгерістерді де бақылай жүрді, зер салып, зерттей жүрді. Әсіресе, табиғат дүниесіндегі ауа-райын жетік меңгерді. Өйткені, табиғат құбылысындағы өзгерістер қазақ халқының негізгі шаруашылығы осы ауа-райымен тығыз байланысты еді. Сондықтан ауа-райын тексеріп, зерттеудің нәтижесінде шаруашылығын шалқытып, байлығын балқытып ұстай білді. Ауа-райын бақылау арқылы әр күнгі, әр аптадағы, әр айдағы, әр жылдағы төрт маусымның ауа-райын алдын ала болжап, біліп отырды. Кейбір тосын толатын апаттардан сақтана білді. Сол арқылы бүкіл өмір-тіршілігін сақтап келген мал мен егін шаруашылығын көзінің қарашығындай қорғай алды.

Қазақ арасында аспан әлемін зерттеп, ондағы жұлдыздардың орын алмасуын бақылап, арнайы есеп жүргізетін дана сұңғыла адамдар болды. Олар тұтас жылдың ауа-райын есептеп, қай күні, қай аптада, қай айда қандай өзгеріс болатынын жыл бұрын айтып, дүйім елге алдын ала ұқтырып отыратын болған. Мұндай көріпкел, дана, әулие адамдарды қазақ «аспан есепшілері»,  не   «ауа-райын болжаушылар», болмаса «табиғат танушылар» деп атады.

Қазақтың алғашқы жаратылыс, табиғаттану және аспан әлемін тану ғылымы негізінен осы есепшілердің қарапайым көз болжамдарынан ұзақ уақыттық тәжірибелерінен, есептеп жазған естелік дәптерлерінен, құпия сақтаған қойын кітаптарынан келіп шыққан деуге болады. Бұл көп жылдық, ұзақ ғасырлық қазақ халқының тәжірибелерінің қорытындысы. Бір ауыз сөзбен қорытқанда  «қазақ даналығы», «халық парасаты», «халық тәжірибесі»  болып табылады.

Қазақ есепшілері ерінбей, жалықпай жұлдызды аспан әлемін үздіксіз бақылады. Ондағы әр алуан, ғажайып сырлы өзгерістерді хат сауаты барлар естелікке алып, жазып отырды. Өте сұңғыла есепшілер аспан әлеміндегі көрнекті жарық жұлдыздардың орнын, орын қозғалысын жақсы білді. Ол жұлдыздардың қай мезгілде аспанның қай бағытынан туатынын анықтады. Одан барып ол жұлдыздардың бейне-белгілеріне қарап оларға лайықты, жарасымды қазақ тілінде аттар арнап қойды. Әр жұлдызды сол қойылған атымен атады. Мәселен, Жеті қарақшы, Темірқазық, Ақбозат, Көкбозат, Шолпан, Кіші шолпан, Таңшолпан, Есекқырған, Сүмбіле, Үркер, Таразы, Сары жұлдыз, Босағалық, Құс жолы, Жамбас жұлдыз, Құйрықты жұлдыз, Қырықаяқ, Жарық жұлдыз, Егіз жұлдыз, Ақпа жұлдыз, Қызыл жұлдыз, Арқар жұлдызы, Үш арқар жұлдызы, Шілде жұлдыз, Мүйізді жұлдыз, Шүйде жұлдыз, Маңдай жұлдыз, Төбе жұлдыз, Ай, Күн, т.б. деген тәрізді аспан әлеміндегі көптен көп жұлдыздарға ат қойып, олардың тұрған орнын маусым ауысымы мен жұлдыздың орын ауысымын жақсы білді. Осы ауысымдарға қарай ауа-райында әр түрлі өзгерістердің болатындығын күн ілгері есептеп, біліп отырды.6ccea822f620a10c9b4c70ecd14bb7dc

Қазақ есепшілері өздері ат қойған жұлдыздардың қай мезгілде аспанның қай өңірінен қалай туып көрінетінін, таңға жақын қалай бататынын анық білді. Бұл жұлдыздардың орын ауысуына байланысты ауа – райында өзгеріс болатынын ұзақ тәжірибеден өткізді, оны есептеп, хатқа түсіріп, тәжірибе ретінде мұра етіп сақтап қалды. Ай қабағын, Күн дидарын да күзетті. Айдың толу, солуына, Күннің шығу, батуына қарай отырып, ауа – райын жақсы бақылай білді. Тіпті, Күн мен Айдың тоғысатын уақытын мөлшерлеп, жылды «мүшелеп» санады. Айды «тоғыспен» атады. Күндерді «апта», « жұмаларға» бөлді. Үш айды «бір тоқсанға» балап, бір жылды «төрт мезгілге» немесе «төрт тоқсанға» айырды. Он үш жылды «бір мүшелге» есептеді. Жүз жылды «бір ғасыр» деп тұжырым жасады. Міне, осы аталған уақыттарға түгел қазақы ат қойып, оны күнтізбе кестесіне келтірді. Бағзы замандардан ата-бабаларымыз жорамалдап, мөлшерлеп айтатын уақыттарды ендігі жерде рет тәртібімен нақты затты уақыт атымен ғылыми түрде қазақша атайтын болды. Сөйтіп, бір жүйеге келген, ғылыми қолданысқа енген «қазақ күнтізбе» барлыққа келді, жарыққа шықты. Біз төменде әр күн, әр апта, әр жылға қойылған қазақша аттармен атап, оларға жеке-жеке айдар ашып, тоқталамыз.

 

Ай тоғауы және

тоғыс туралы

 

Қазақ есепшілері – аспан айының үркер шоқ жұлдызын басып өткендегі үркер шоқ жұлдызы бойынша жүргізілетін уақыт есебін «тоғыс» деп атайды. Ал айдың айналымындағы үркерді басып өтуі «Ай тоғауы» делінеді. Ай тоғағанда үркер айдың ар жақ қалқасында, тасасында қалады да көрінбейді. Мұны «Ай тоғауы» деп те атайды. Ай тоғауы үш күнге созылады. Бірінші күні тоғайды, екінші күні ауыл-үй қонады, үшінші күні өріп шығады. Ай баяу ғана жылжып, үркереден өткен соң «тоғыс» аяқталады.

Қазақ есебінде «тоғыс айы» 28 күн немесе 27 күн 7 сағат 43 минут болады. Осындай есеппен бір жылда 13 тоғыс айы келеді. Жаздағы шілде айында ұркер шоқ жұлдызы аспан әлемінен көрінбей кетеді. Көкжиектен үркердің түсіп кеткен қырық күніндегі екі тоғысты адамдар көзімен көре алмайды. ал қалған он бір тоғысты көзбен көріп, бақылауға болады. Тоғыс айларының өзіндік есепті күндері болады. Оны бідің қазақ есепгілері былай атаған екен:

  1. жеті тоғыс – наурыз айы;
  2. бес тоғыс – көкек айы;
  3. үш тоғыс – мамыр айы;
  4. бір тоғыс – маусым айы;
  5. жиырма үш тоғыс – шілде айы;
  6. жиырма бір тоғыс – тамыз айы;
  7. он тоғыз тоғыс – қыркүйек айы;
  8. он жеті тоғыс – қазан айы;
  9.  он бес тоғыс – қараша айы;
  10.  он үш тоғыс – желтоқсан айы;
  11.  он бір тоғыс – қағтар айы;
  12. тоғыз оғыс – ақпан айы.

 

Он екі айдағы тоғыс күндер

 

Ай аты Тоғыс күн Ауыл үй қонған күн Өріп шығатын күн
Наурыз 7-күн 8-күн 9-күн
Көкек 5-күн 6-күн 7-күн
Мамыр 3-күн 4-күн 5-күн
Маусым 1-күн 2-күн 3-күн
Шілде Көрінбейді «Қырық күн»  — шілде болады
Тамыз 21-күн 22-күн 23-күн
Қыркүйек 19-күн 20-күн 21-күн
Қазан 17-күн 18-күн 19-кұн
Қараша 15-күн 16-күн 17-күн
Желтоқсан 13-күн 14-күн 15-күн
Қаңтар 11-күн 12-күн 13-күн
Ақпан      

 

Ескерту! Қазақтың кейбір есепшілері шілде айындағы «Тоғыс күнді» 23, 24, 25, күндері болады деп қарайды.  Сондықтан 23-тоғыс шілдені «Шіліңгір шілде» деп есептейді.

Қазақ – үркер шоқ жұлдызының аууынан күн райы өзгереді, әр айдағы үркер мен айдың тоғауында, әр айдың өліарасында ауа-райы құбылады, жауын-шашаын болады. Егер ай тоғамында аспан ашық болса, үш күнге созылған «тоғау», «ауыл-үй қону», «өріп шығу» күндерінде ай көзін бұт торламаса, аспанда жұлдыздапр самсап, жап-жарық болып анық көрініп тұрса, бұл айда жауын-шашын мөлшері аз болады. Ай дидары ашық өтті, бұ ай жайлы, ырысты ай деп есептейді.

Ал ай тоғаған кезде тоғысты күндерде ай көзін бұлт басып, аспан жұлдыздары көрінбей тұрса, ай қайта-қайта бұлт астына қорғалай берсе, бұл айда жауын-шашын мөлшері көп болады, ауа-райы салқын өтеді. Жел мен боран көп соғады деп ұйғарады.

Ай туған бірінші күні ай көзін бұлт торлап, екінші күні ашық болса, үшінші күні ай жүзін тағы бұлт жауып тұрса, бұл айдың басы жауын-шашынды болады, ортасы ашық өтеді, ай аяғы тағы да жауын-шашаынға ұласады деп болжам жасайды.

Қазақ есепшілері жазғытұрым үркер шоқ жұлдызы іргеге жақындаса, көктем келуінің нышаны, «үркер жерге түсті» деп қарайды.  Қазақта «Үркер жерге түспей, дер қызбайды» деген мақал бар. Бұл соның дәлелі. Мамыр айының аяғы мен маусым айының басында күн көкек жұлдызының белгісіне енгенде үркер шоқ жұлдызы аспан әлемінен көрінбей кеткен кезде қазақ есепшілері «үркер жерге түсті, жер қызды» дейді. Үркер шоқ жұлдызы осы бетімен жерде қырық күн жатады. Бұл жаз айларының ең ыстық кезі. Мұны «қырық күн шілде» деп атайды. Қазақ есебінде «қырық күн шілде» бүкіл жылдың ауа-райының өзгерісін бақылайтын әрі шешетін кезеңі деп сепетейді.

Қазақ есепшілері үркер құрғақ жерге түссе, табиғатта аңызық жел тұрып, қағыр қуаңшылық болады. Егін, шөптер күзге жетпей сарғаяды, қыр отында құрғаұшылық апаты жүреді деп алдын-ала сақсанады. Үркер тасқа түссе, шіліңгір ыстық болады, ала жздай күн қайнап, ми қайнап өтеді. Жаңбыр жауса да, қайыры аз болады. Егін мен жайылыс жерлер құрғақшылықтан қысырайды. Мал оты азайып, мал басына апат болады деп ұйғарады. Үркер суға түссе, бұл жылы жауын-шашын мол болады, егін мен жайлыым ұзарып, өсіп толады. Баяшат, әдемі, жайлы жаз өтеді. Мал мен бас артып, той-томалақ көбейеді деп жорамалдайды. Бұл қазақтың аспан әлемі туралы бағзы замандардан бері айтып келе жатқан аңыздық әңгімесі болып табылады.

Қазақ есепшілері қырық күн шілде өтіп, үркер шоқ жұлдызы көкжиекке көтерілгенде аспан әлемінен қайта көрінгеннен бастап, өсімдік тамыры тереңге тартты, дәнді-дақылдар дән ала бастады, шөп буыны бекіді, дәрілік шөптер қуаттанды. Мұндай жэайылымға жайылған мал тез шелденеді. Жайылым малға жұғысты бола бастады, өрістер шұрайланды, мөлдір бастаулар қайнар көзін ашты, су пісті деп ұйғарады. Осыған орай туған қазақта «Күзде аққан су семіз, күз өрісіндегі мал семіз» деген тәмсіл сөз бар. Өйткені жайлымы жұғысты болған сайын малдар қайта-қайта шауып келіп, суға, суатқа оралып су ішіп қайтып тұрады.

Қазақ халқы жұдызды аспанды бағып, ауа-райын болжау барысында мұндай мақал-мәтелдің, тәмсіл және қанатты қара сөздердің басқа да тұрақты сөз тіркестердің талайын тудырды. Мәселен, «Таразы туса таң салқын, Сүмбіле туса су салқын», «Сүмбіле туар сүмпиіп, жылқы семірер құнтиып» деп осы жұлдыздар туған кезде егін жинау, орақ ору қамына кіріседі. Пішен шауып, қора қопсақтарын жөндейді. Қыстың дайындықтарын алдын-ала жасай бастайды.

Қазақ күннің ұзару-қысқаруына байланысты «қаңтарда қарғадым», «ақпанда атадым», «шілдеде шыладым», күн ұзарады деп ұйғарады. 22 қаңтарда күн қысқару нүктесіне жетеді. Түн ұзару шегіне жетіп тоқтайды. Осыдан кейін тоғыз тоғыз сексен бір күнге жалғасқан суық амалдар кіреді. Күн түнді ұтады, ұзара бастайды, түн қысқара береді.

Ай қонысы және ай аттары

 

Қазақ есебінде көктегі ай жер шарын айналғанда, жер шары көктегі айды айналғанда аялдап, қонақтап өтетін он екі қонысы, а жұрты, ай аялдамасы болады. Оны қазақ «ай қонысы» не «ай жұрты» деп атайды. Ол ай өоныстарының ,ай жұрттарының тұрақты жұлдыздық аттары болады. Ол он екі жұлдыздың аттары төмендегідей аталады.

 

Арабша жұлдыз аттары:

  1. хамал;
  2. сәуір;
  3. зауза;
  4. сартан;
  5. әсет;
  6. сүмбіле;
  7. мизам;
  8. ахрыап;
  9. хауыс;
  10. жәди;
  11. дәли;
  12. хұт;

 

Қазақша жұлдыз аттары;

  1. тоқты;
  2. торпақ;
  3. егіздер;
  4. шаян;
  5. арыстан;
  6. бикеш;
  7. таразы;
  8. сарышаян;
  9. мерген;
  10. таутеке;
  11. қауғашы;
  12. балықтар;

 

Арабша ай аттары

  1. мухаррам;
  2. сапар;
  3. рабиғұл әуел;
  4. рабиғұл ақыр;
  5. жұмаділ әуел;
  6. жұмаділ аөыр;
  7. ережеп;
  8. шағбан;
  9. рамазан;
  10. шәуел
  11. зүлхағда,
  12. зүлхажжа;

 

Қазақша ай аттары:

  1. наурыз;
  2. көкек;
  3. мамыр;
  4. маусым;
  5. шілде;
  6. тамыз;
  7. қыркүйек;
  8. қазан;
  9. қараша;
  10. желтоқсан;
  11. қаңтар;
  12. ақпан;

 

Қазақ есебіндегі жаңа жыл жыл басы 21 наурыздан басталады. Бұл мұсылман күнтізбесіндегі мухаррам айына тура келеді. Григориан есебіндегі қаңтар айынан басталады.

Көктегі ай бір жыл аунағанда он екі қонысқа түгел қонақтап шығады, аялдап өтеді. Оның сапары осы он екі құт ұяға бағынышты болады. Он екі қоныс, он екі құт ұя айдың толу-солу, туу-бату сынды өзгерістерінен көрініс беріп тұрады. Жер бетіне жарық және қараңғылығын түсіреді. Әр айдың он бесі жарық, он бесі қараңғы болады. Табиғаттағы ауа-айының құбылып, өзгеруін бір жылдағы он екі айдың құт ұясындағы өзгерісі көрсетеді деп қарайды.

Аспан айы қысты күндері құт ұясынан шалқайып туса, күн суық, сары аяз болады. Сол айда арт-артынан қарлы боран соғады. Далада үскірік суық, ақ жорға жүріп тұрады. Ал ай құт ұясынан еңкейіп туса күн жылы болады. Сол айдағы ауа-райы жайлы болады.

kerey.kz

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • …ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз.

    Әлеуметтік желіде осы отандасымызды қызу талқылап жатыр екен. Көбі сын айтып жатыр. Видео жазбаның толық нұсқасы жоқ, пікір-талас тудырған бөлігі ғана тарап жатыр екен. Соған байланысты өз ойымды айта кетпекшімін: Бірінші, отандасымыздың видеосы, фотосы әлеуметтік желіде желдей есіп тарап жатыр. Ол азаматтың (азаматшаның) жеке құпиясы саналатын фотосы, видео жазбасы кімнің рұқсатымен тарап жатыр екен? Өз басым осы постты жазу үшін ол азаматтың (азаматшаның) видеодағы бейнесін қара бояумен өшіріп тастауды жөн көрдім. Және рұқсатынсыз фото бейнесін жеке парақшама салғаным үшін одан кешірім сұраймын. Діни ұстанымы, ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз. Екінші, отандасымыздың діни ұстанымына байланысты айтқан сөздері қоғамда қатты пікір тудырған екен. Тіпті оны “ұлт дұшпаны”

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • ҮЛКЕН МЫРЗА…….

    Мұса Шорманұлы (1818-1884) – Баянауыл аға сұлтаны, меценат, ағартушы. Ол жайлы Г.Н.Потанин: “Мұса Шорманұлы – Шоқанның туыс ағасы, ол даладағы өте беделді адам еді, дала басшыларының құрметіне ие болды, орыс полковнигі деген шен алған. Біраз жылдай Омбыда тұрды, екі рет Петерборға барған, жалпы айтқанда қазақтың нағыз еуропаланған тұлғасы” деп жазды. Біржан сал: “Қазақта бір құтым бар Мұса Шорман, Үзілмей келе жатыр ескі қордан” десе, Мәшһүр Жүсіп: “Бес жаста “бісмілла” айтып жаздым хатты, Бұл дүние жастай маған тиді қатты. Сегізден тоғызға аяқ басқан кезде, Мұса еді қосақтаған Мәшһүр атты” деп жырлаған. Мұсаны Баянауыл орыстары “Большой господин”, ауыл қазақтары “Мұса мырза” деп атаған. Өз қаржысына Баянауылда мешіт, медресе салдырады. Інісі Исамен бірге

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: