Бішкекте құлаған ұшақта Атамбаевтың «АЛТЫНЫ» болған
Қырғызстандағы «Атамекен» парламенттік фракциясының лидері Өмірбек Текебаев «президент Алмазбек Атамбаевтың Кипр офшорындағы мүлкін тапқаны» үшін ұсталды. Бішкекте шұғыл баспасөз мәслихатын өткізген «Атамекен» партиясының заңгері Талайгүл Тоқтақұнова осылай деді. Заңгердің сөзінше, Текебаев Кипрге барған сапарында Бішкекте апатқа ұшыраған «Боинг-747» жүк ұшағына қатысты маңызды құжаттар алған.
Алайда Текебаев оны жариялап үлгермеген. Себебі құқық қорғау органдары осы құжат таралып кетпес үшін оппозицияшыл саясаткер Тәкебаевты әуежайда ұшақтан түскен жерінен ұстап, оған тіпті адвокатын да жібермеген. Тоқтақұнованың мәлімдеуінше, Текебаев тапқан құжатта 16 қаңтар күні «Манас» әуежайы маңында апатқа ұшыраған ұшақ Алмазбек Атамбаев пен оның әйеліне тиесілі болғаны және онда қымбат бұйымдар мен асыл тастар тиелгені айтылған.
Заңгер айтқан деректі бұған дейін ақпанның 13-і күні Өмірбек Текебаевтың өзі де мәлімдеп, «президент Алмазбек Атамбаевтың Кипр офшорында мүлкі бар» деген болатын.
Наурыздың бірі күні өткен парламент жиынында депутаттар әріптестері – «Ата мекен» фракциясының жетекшісі Өмірбек Текебаевтың ұсталуына көз жұмып қарай алмайтындарын, жалпы отырыста осы мәселені талқылауды талап етті. Көп кешікпей мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы мен бас прокурор депутаттардың алдында тұрды. Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының айтуынша, Текебаев ресейлік компания өкілдерінің «Альфа Телеком» акцияларын сатып алу кезінде делдалдық жасағаны үшін бір миллион доллар пара алған деген күдікке ілінген.
Алайда ресми орынның бұл сөзіне Текебаевтың жақтастары сенбей, істі саяси тапсырысқа санап, түрлі шерулер өткізіп жатыр. Сарапшылар қырғыз көктемі биыл тағы шерумен басталғанына, соңы үлкен саяси тартысқа ұласарына алаңдап отыр.
zhasalash.kz
Пікір қалдыру