Рух жыры

Мен – сол, баяғы Менмін!
Үзілмей қалған деммін…
Ұлы далада қасқырдай ұлып,
Заманға есесі кеткен елмін!
Қазақ
Менің ата-бабаларым арбаның дөңгелегін ойлап тапқан күннен бастап, тіршілік тізгініне жан бітіп, мына дүние дөңгеленіп жүре берді. Содан бастап өр рухым – мәңгі өлмеске бекіп, орнынан түрегелді.
…Тыныштық пен үнсіздік тылсым әуенге тұншығып, бесіктей тербеліп тұрды. Тылсым әуеннен сиқырлы үн шығарып, уілдеген үннен саз құраған ұлы дала ұлағаты – сол, менің өр рухыма дем беріп тұрды.
Ата тілім – Сақа тілім еді!.. Тәңірмен де тең сөйлесетін. Ана тілім – мейір тұнған тұма тілім еді, даламның тасын да тебірентіп, тербететін!
…Күннің қатты ыстығы, айдың жұмсақ жылуы бауырынан түлеген аспаптардың атасы – Қобызды ойлап тапқан да, жұмыр жердің жүрегін ән мен күйге бөлеген де – менің ата-бабам!
Мен – дүниенің барын түгендеп, жоғын іздедім.
Адам боп қалудың жолын іздедім.
Мәңгіліктің мәстегіне мініп алып,
Қорқыт боп жүріп, өлместің емін іздедім.
Алдында тұрып, Тәңір дейтін тақсырдың.
Ата жауымды ат тұяғына тапсырдым…
Саф алтын сауыт кисем де,
Бір құдайдан құрық бойы пәс тұрдым.
Тірі өлікті бүктетіліп, бүрместен
Өлексені назарыма да ілместен,
Асқақтығымды аласартпай аш жүрдім.
Өйткені мен – өрлігіне ғана құл болған
Бөлтірігі емес, бөрісі едім ғой қасқырдың…
Тіл мен ділім, дінім – бәрі бір өлшем,
Бөлшектенбей қайта қалқып шығатын
Табанында қалса-дағы тарих дейтін тасқынның.
Қас қылғанды – дос қылдым.
Достың өзін пенделікке қас қылдым.
…Дүниені түгел аралап,
Әлемді құшағыма алып, қапсырдым!..
Үмітімді дем үзілгенше, үзбедім.
Күй боп төгіліп,
жыр боп өріліп, тарихта жатыр іздерім.
Жұмыр жердей жүрегімді көтеріп,
Асанқайғы боп жерұйығымды іздедім!
Батырлығым – дала жырында.
Асылдығым – даралығымда.
Ақындығым мен хакімдігім –
Абайдың даналығында!..
Қилы-қилы қыңыр өткен заманды,
Қырсық шалып, бұрын өткен заманды,
Қиюы мен қыры кеткен заманды,
Зәузатыма жететіндей зауалды,
Зары менен мұңы жеткен заманды,
Қазақ болып өткізгенмін басымнан.
Ғапыл көріп, ғарасатты ғасырдан.
Аманат пен өсиеттің қолымен
Қасиетімді жинап келем шашылған.
Қосылмас та ажырамас ақ пен қара секілді,
Қайран дүние, қайда бұрдың бетімді?!
Дәстүр-дінімді дуалап,
Салт-санамды сыналап,
Кім өшірді менің нұрлы отымды?!
Көп отырғам,
қазан-қазан ой қайнатқан ошақтың
көмейінен от көрмей, сырт жағынан сығалап.
Оты ұрланған кәрі Шаһар секілді.
Тұрса-дағы арманыңның жолы алда
…көң тергізіп, қоң жинатқан қоғамда,
Ақшаның буымен буыны бекіп,
басқаның тілімен бұғанасы қатқан
сорлы ұрпақтың ертеңі – қорқынышты ертегі…
Балаң түгіл, бабаң шошып оянар!..
Сосын әлгі…
Жылап оянған баладай
Күні бойы көңілсіз боп, күмілжіп,
Шақша басы – шарадай
бір ынжықты жұбатады бір ынжық;
Соқырдың тілі өткір,
мылқаудың көзі өткір,
Қорқақтың қолы қатты,
Батырдың да жаны тәтті…
Соған бола мен қайтейін түңіліп,
Өмір ғой ол – жататұғын бір сүрініп-жығылып.
Соқырдың да көзіне тік қарағам,
Көк жүзіндей көкірегіне үңіліп…
Мылқаудың да жан айқайын естігем
Пәк-пышақтай бүктетіліп, бүгіліп…
Өлерменнің өзегінде өртенген
Өкініші өткір еді, не деген!..
(Тірі өлсе де… пәлен-түген демеген)
…Шаһитты да жерлеп тұрып, ерте өлген
өр намысын алып қалдым,
Еш бір жауға бермеген.
Құдайсынған пендеңді де ұрғам жоқ,
Кеуде соғып, «Мен!» деген.
Ар-намысты асқақ тұтқан рухым бар
Ешбір жаннан жеңілмеген, жеңбеген…
Жеңілмесем – кетпегені елге есем.
Ар жолынан аттамадым – жеңбесем.
Міне, осындай, менің рухым – алдаспан,
Мәртебем де мәңгілікке жалғасқан.
Бар адамзат ойсыз-мұңсыз тыңдаған
Менің «Бесік жырым» еді – алғашқы ән!
Әлдилеген әуенім де пәк еді
Пенделік-ай, әуезіне мұң қосқан,
Қу тірлік-ай, өзегіне зар қосқан…
Мысалы, анау, күн мен түндей, алма-кезек ауысып,
Жақсы менен жаманның да жүрегіне жабысып,
Бір пәле жүр!..
«Пәле, кет!» – деп айта алмайсың сен оған.
Өзің қашып құтылмайсың тағы да…
Оны өлтіру – өзіңді өзің өлтіру!
Өйткені ол – мына сенің,
жарқанаттай жабысып ап жаныңа,
сіңіп кеткен, жүрегіңе-қаныңа!
Иә, ол – Пендешілік!!!
О, Пенделік,
Күн мен түндей бір-біріне кіріге алмай, кіре алмай,
от пен судай бірін-бірі сүйе алмай не қия алмай,
«Мен – Ұлымын!..» дейді тағы ұялмай!
Адамдық пен пенделіктің арасы –
қас-қағым сәт болғанмен,
ортасында сан мың жылдың іздері бар,
азап көріп, қан кешкен!
Бесік-табыт, өмір-өлім арасы –
Қас пен көздің арасындай болғанмен,
Қадымдардың қасіретіне шомылып,
қазақ болып зар көшкен…
бұл ғаламда ештеңе жоқ мәңгі өшкен!
Қай қоғам да қайтара алмас ер намысын, ел сесін
Өйткені олар тіктеп алған өр рухымен еңсесін!
Бірақ мынау
жұмыр ай мен жұмыр күннің жүрегіндей жұмыр жер
талмаусырап жатқандығын,
сендер біле жүріңдер!
Ей, жүргіндер, …иә, біліңдер!
Бір кезде ол да жас еді…
Жасыл еді, жұмаққа тән жұпарлы.
Пенделіктің ең алғашқы оты неден тұтанды?!
…Сол-ау, бәрін бүлдірген.
Қызғаныштың қызыл итін үргізген.
Бақастық пен бақталастық, менмендік –
Ынтымақ пен берекенің
зерлі етегін түргізген.
Әйтпесе,
Күннің көзі солғын тартты дер ме едің?
Нұрдың өзі көр-құрсақты дер ме едің?
Бәрі-бәрі тірлігі еді пенденің!
Һәм анау,
Ібілістің нәті – әлгі, оттан дүр
Содан болар, сол сайтандар әлі күнге оттап жүр!
Бақ деген не?
Қорға айналған сұлбасы ма пенденің?
Құт деген не?
Мұңы болар, Қорқыт-Қобыз – кеуденің?
Осыны айтып зарлайды-ау кеп,
жүректегі жұмыр жер,
О, Жаратқан,
жүрегімдей жұмыр жерге ғұмыр бер!
Жерді айтсам, топырақ жылайды .
Желді айтсам, жапырақ жылайды.
Елді айтсам, азамат жылайды.
Ерді айтсам, қазанат жылайды.
Сөзді айтсам, ақындар жылайды.
Езді айтсам, батырлар жылайды.
Ұлтты айтсам, арыстар жылайды.
Рухты айтсам, намыс зар жылайды.
Көрді айтсам, күрегің жылайды.
Сорды айтсам, жүрегің жылайды.
Жылайды бәрі, жылайды бәрі, жылайды…
Тек жылатып алмаңдаршы,
Жүректің ішіндегі Құдайды!!!
Өйткені мен – мұңлымын да зарлымын…
Зарлап жүріп, зау көгіңе қарғыдым.
Қайғырғанда – қанатымнан от шаштым,
Қуанғанда – мұңменен дос ән-жырым.
Шапақ жиып шаттанам да кешқұрым,
Қарсы аламын Тәңір жүзді таң нұрын.
Келешекке – кемел болсын тағдырым,
Болашаққа – бедел болсын ар-жүгім.
…Ал бүгін,
етек-жеңін жинаған ел болсам,
Ата-баба аманатын сөйлеттім.
Жерұйыққа айналып жатқан жер болсам,
Жүрегімді адалдыққа шөлдеттім.
Астанадай Алты Алашқа төр болсам,
Аманатты арқалап жүріп ержеттім.
Ел үшін туған ер болсам,
Мен – кебінге емес, кебенекке айналар жөргекпін!
Бақыт БЕДЕЛХАНҰЛЫ Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері zhasalash.kz
Пікір қалдыру