|  |  | 

Тарих Әдеби әлем

ҮШ КЕЗДЕСУ

37- жыл құрбандарының аруағына арналған әңгіме

 

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ

ҮШ  КЕЗДЕСУ

ӘҢГІМЕ

1

Өткен ғасырдың бас кезі, тамыз айы болатын. Күн ала бұлтты,  жанға жайлы қоңыржай самал есіп тұрған , түс әлеті еді. Тосын құмының солтүстік шетімен жалғасатын қыраттың етегін жайлап, аздаған малын күйттеген Түгелсін руынан   үш төрт  ауыл бар. Осы жердегі үлкен қазан шұңқырда көктем кезінде біраз қар суы жиналады. Бұл ауылдың адамы да, малы да жаздай осы суды қорек етеді. Түс кезі болғасын, бірер мал осы көлшіктің маңында жайылып жүр. Айнала тыныштық, биелер мен құлындар  тұрған желі  басындағы бірер адам болмаса, көзге басқа ешнәрсе шалынбайды. Бір кезде шеттегі қараша үйден ықшамдау киінген жас жігіт шығып, шеткеріректе байлаулы тұрған ерттеулі күрең аттың шылбырын шешіп, атқа ырғып мінді. Бұл сүйегі етіне ілініп тұрғандай арық, бойшаңдау, қыр мұрынды, қараторы жігіттің аты Кәрім еді.  Жасы енді он төртке  қараған інісімен жақын туысы Қойшанның қолында. Інісімен екеуі соның аз -мұз малына қарасады. Әкесі ертеде барымта кезінде алған соққыдан көз жұмған. Шешесі Күнімай сол қазаны көтере алмай, ауруға ұшырап, бертінде қайтыс болды. Туыс қанша қамқор дегенмен, ағалы -інілі екеуі жетімдіктің зардабын тартып келеді. Бірақ тірі адам тірлігін істейді ғой, Кәрімнің жасы жиырмадан асып қалған, «Үйленіп,бөлек үй боп, ініммен екеуміз ел қатарына қосылып кетсек» деп армандайтын.  Өткен қыста ауыл арасында болған тойда, осы жерден отыз шақырымдай жердегі Ақши қонысында қыстайтын Сәлімжан дейтін орта қол шаруаның Ғазиза деген қызымен танысып, бір- бірін ұнатысып, көңілдері жақын болып қалған. Кәрімнің құда түсіп алдыруға шамасы жоқ. Содан Кәрім бір апта бұрын, Ақшиге  арнайы барып, жеңгелері арқылы Ғазизамен хабарласқан. Сол кеште Кәрім қызбен кездесіп, екеуі біраз сырласқан. Сол жолы қызда мұның жағдайын түсінді. Кәрімнің алып қашуына келіскен еді. Әне -міне дегенше, сөз байласқан күнде келіп жетті.  Кәрімнің  түс кезінде тап тұйнақтай болып атқа қонуының  да себебі сол еді. Бірақ, Кәрімнің қыз алып қашуға шыққанын тек жеңгесі ғана біледі. Тек сол ғана  бата беріп, оң сапар тілеген. Кәрім қызды ағасының үйіне емес, уез орталығындағы бір жақын ағайынның үйіне апарып түсіруге тоқайласқан. Сонымен Кәрім қыз ауылына қарай бірде аяң, бірде жорғалатып тартып келеді. Уәде бойынша, Ғазиза бие ағытып жатқан кезде ескі құдық басына келуі тиіс. Кәрім де ауылға бір шақырымдай қалған кезде атын құм ішіндегі жидеге байлап, ескі құдыққа қарай жақындай түскен. Бұл жердің бір жақсысы төбе төбе болып жатқан құмдар мен жиделер көп, жалғыз жарым адам оңайлықпен байқалмайды. Күнде алқызыл шуаққа бөленіп батуға  бет алған кез ғой,  осы кезде құдық жанындағы бір топ шиді тасалап отырған Кәрімге құмның суылы естілгендей болғасын жалт етіп қараса, Ғазиза екен! Мұның көзін қолымен басуға ыңғайланып келе жатыр екен, Бұл қуаныштан жүрегі аттай туласада, атып тұрып, қызды құшақтай алды. Еміреніп,көзінен қалай жас аққанын білмей қалды. Қуанышы ғой! Қуаныш пен махаббатың сезімі қанаттандырған екеуі байлаулы тұрған атқа қарай жүгірсін. Келсе, Кәрімнің жидеге байлап кеткен аты жоқ! Жын алып кеткендей! Құмда тек аттың тұяқтарының ізі қалған. Жігіттің басқа амалы жоқ, қызды қырық шақырым жердегі пошта бекетіне жаяу баруға көндірді. Екеуі кейде жол сүрлеуімен, кейде жолсыз солтүстікті бетке алып жүріп келеді. Бие сауымынан артықтай уақыт өткенде арттарынан адам айқайы естілді, екі салт атты бұларға қарай шауып келеді екен. Жігіт те, қыз да қуғыншылар екенін сезді. Әй- шәй жоқ, айқайлаған бірі алдымен жетті де, Кәрімді қамшымен салып жіберді, ол жерге ұшып түсті. Аттының екіншісі қыл арқанның бір ұшын Кәрімнің аяғына іліп жіберді де, сүйрей жөнелді. «Түгелсіннің шірігі, Жауғаштыдан қыз алып қашқанды мен саған көрсетейін!» деп атының үстінде айғайлап бара жатыр. Ғазиза әуелде  есі шығып,бір орнында сілейіп қалған, өйткені арттарынан қуып жеткендер Смайыл, Қонар деген туған ағалары болатын. Қонар деген ағасы Кәрімді атпен сүйреп бара жатқанын көргесін,  оларды тоқтатпақ болып, арттарынан жүгірген. Ызалары келіп, қандары бастарына шапқан қыз ағалары оңайлықпен қоя ма,  өркешті құмдарды айналып, Кәрімді атпен сүйреп жүр. Осы кезде құм төбеден біреудің ащы да, өктем айқайы шықты. Адам сүйреп жүрген жігіттер елең етіп қараса, құм басында тұрған бір мылтықты адам, бұларға «тоқтатыңдар!»деп айғайлап тұр екен. Қызу қанды екі жігіт оны елемей, ананы одан әрі сүйрей берейін деп еді, анау мылтығына қол созғасын, бұлар тоқтады.

Содан мылтықты адам бұларға жақын келіп, жерде жатқан жігіттің аяғынан байланған арқанды босаттырды. Сосын аналарға «Мен сендерден істің мән- жайын сұрамаймын. Не болса да бұл бала менің қарауымда қалады. Менің атым Бейсен. Ауылыңа, сәлем айт.» дейді . Қыз қуып келген жігіттер аң -таң, алдында тұрған кісіні екеуі де жыға танымайды. Бірақ, «Бейсен» деген кісінің уезде қызмет істейтінін, болыс- билерге беделі зор екенін бұрын естіген. Бұлар енді Ғазизаны атқа мінгізіп, кері қайтудан басқа қолдарынан келетін шара жоқ екенін түсінді. Қуғыншылар кеткеннен кейін, мылтықты адам атынан түсіп, жерде жатқан жігіттің қансырап жатқанын көріп, үстіндегі киімін шешіп, көйлегінің жыртындысымен, Кәрімнің бет аузын таңып, атқа теңгеріп, оны аман -сау пошта бекетіне жеткізді.   Сол жердегі адамдар Кәрімді таниды екен, «туыстарына жеткіземіз» деп алып қалды.

 

2

Содан кейін он шақты  жыл өткен. Кәрім інісін алып, уез орталығын келген. Осы жерде түрменің отын- суын таситын болып жұмысқа орналасқан. Бұл жерде оны «Жыртық бет Кәрім» деп атайды.Түрменің басқада жұмыстарын атқару осы  жыртық бет Кәрімнің мойнында. Керек болса, түрмені де күзетіседі. Күн көрістің қамы.

Бұл оқиғада жаз кезінде болды. Уезде үлкен жәрмеңке ашылып, орталықта халық ығы -жығы жиналған. Бір кезде жұрт у- шу болды да қалды. Үлкен төбелес басталыпты, көзді ашып жұмғанша болған жоқ, төбелес болған жерден жұрт енді кейін серпіле бастады. Тіпті кейі қашып, базаршылар арасына сіңіп кетті. Сөйтсе, төбелес ортасында болған жандарм өліп қалыпты. Жұрттың айтуынша, жандарм, базардан әдемі күміс белдік сатып алған кісіге тиіскен, оған пәле жапқысы келіпті. Содан жаңағы кісіге жақтастар табылып, жандарм мен арада талас туған. Төбелес содан туындап, біреудің қолындағы тас жандармның басына тиген екен. Көп ұзамай, жәрмеңкені жүз шақты солдат қоршап, базардан ешкімді шығармай қойды. Бір кезде жандарм өлген жерге пәуеске келіп тоқтап, одан уез бастығының орынбасары полковник дәрежесіндегі офицер түсті. Патша өкілдерінің ұғымында жандармның өлуі осы күнге дейін болып көрмеген уақиға. Полковник оқиғаның қалай болғанын, тілмәші арқылы сұрастырып, «Жандармның өлуіне себепкер болған барлық кінәлілер анықталып, айыпталсын» деген бұйрық берді де, пәуескесіне мініп кетіп қалды. Содан, әлгі базардан күміс белдік сатып алған кісі мен оған  болысам деген екі оқыған азамат ұсталып, айыпталды.Айыпталғандардың ішінде уездегі оқыған азаматтардың бірі Бейсен еді. Сол айыппен алғаш оны тұтқындап, түрмеге алып келгенде Кәрім оны бірден таныған. Бірақ, бұл бар болғаны түрмеге отын тасушы, қолынан келер көмегі жоқ. Тергеу мен сот жарты жылдан астам уақыт жүріп, айыпталушыларды сот жиырма бес жыл түрмеде отыруға  кесіп, Сібірге айдайтын болды.

Сотталғандарды Қостанайдың түрмесіне айдайтын күні қала қазақтарының бәрі жиналғандай, халық ығы- жығы. Сотталғандарды қоршаған жандармдар мен солдаттарда көп болды. Қаланың қызыл түрмесінен аяқ қолы кісенделген сотталғандарды шығарғанда, жұрттың айқайы, әйелдердің жылап сықтауы көбейді. Оларды бірнеше солдат қолтықтарынан ұстап әкеп,  түйе жегілген жабық арбаға  отырғызды. Түйені жетектеуші отын тасушы Кәрім екен.Жандармдардың бастық офицері: «Жүріңдер» деп бұйрық бергесін, солдаттар қоршаған арба орнынан қозғалды. Ел- жұрт , әйелдер сотталғандарды қала сыртына дейін жаяу жүріп шығарып салды. Жылап -сықтау, жоқтау дауысы бұл жерде біразға дейін басылмады.   Бұлар түйе желіспен жүріп отырып, Қызбелдің шетіне түн ортасында жетті. Біршама жерден түнгі оттың сәулесі көрінеді. Иттердің де үрген дауысы құлаққа шалынады. Бірақ бұларға ешқандай елді мекенге тоқтамау бұйырылған. Сондықтан, солдаттар тоқтаған жеріне от тұтатып, дәм ішіп, тыныстап алуды ұйғарған. Кәрімде солдаттармен бірге тамақтанған. Кісендегілерге де ыстық су, аздап сұйық шалап берілген. Кәрім де қанша дегенмен адами пейілден ада емес. Ол да Бейсенге іштей жаны ашиды. Ертеде бір өлімнен аман алып қалғаны бар. Оның алдында ақтай алмаған бір парызы бар екенін іші сезеді. Осы бір ой бірнеше күннен бері  маза берген емес. Сөйтіп жатып, ол қалай ұйықтап кеткенін сезбейде қалды. Бір кезде біреудің түрткенінен оянды. Айнала қараңғы, бірақ таң сібірлеп атып келе жатқан сияқты. Тал шыбықпен түрткен арбадағы қорапшада кісенделіп отырғандардың бірі екен. Ол ымдап шақырып алып «Қолыңан келсе, біздің қашуымызға көмектес»деп сыбырлады. Бұл күзеттегі солдаттарға қараса, бәрі қорылдап ұйықтап жатыр, шамасы жолдың ауырлығынан қатты шаршаған. Кәрім тал мен сымнан тоқылған арба қорабын адам денесі сиятындай етіп ашып, үшеуінің де сыртқа шығуына көмектесті де: «Анау, қопаға жетсеңдер, сендерді адам түгілі, жын таба алмайды» деді де, кісендегілер қопаға жетіп қалды -ау дегенде, айғайлап, солдаттарды оятты. Солдаттар жалма- жан винтовкаларына жармасып, қашып бара жатқандарды атқыласын. Таң атып, жарық әбден түсті -ау дегенде солдаттар қопаның шетін тінткілесін. Қопаның бер жағында қашқынның бірі табылды. Тірі,  аяғынан оқ тиіп, жүре алмай жатыр екен. Бұл баяғы күміс белдік сатып алып, базардағы төбелестің басталуына себепкер болған кісі екен. Солдаттар оны сүйреп арбаға алып келді. Байғұс, қансыраған болуы керек, Қостанайдағы түрмеге жетпей қайтыс болған. Ана екеуі қашып кеткен. Содан көп ұзамай, патшаның майданға қазақтан әскер алуға бұйрығы шығып, ел іші бүліншілікке түскен болатын. Ел көтерілісі бір жарым жылдан астам уақытқа созылып, уез орталығы біресе көтерілісшілердің, біресе ақ әскерінің, біресе алаштықтардың қолына өтіп, береке кетіп тұрған. Сол кезде алаштықтар болшевектердің бір тобын түрмеге жапқан. Бір күні бір топ милиционерлер келіп, түрмеде отырған  болшевектерді  сыртқа алып шықты. Сондағы алаш милиционерлері арасынан Кәрім Бейсенді көріп еді. Ал, анау бір топ болшевектер содан қайтып түрмеге оралған жоқ. «Оларды партизан сайында атыпты» деген өсекті естіген. Бірақ оның шын -өтірігін Кәрім білмейтін.

3

Одан кейін де Кәрім тағдырдың талай талқысынан өтті. Өмірдің заңы қызық екен ғой, колхоздандыру , бай -құлақты кәмпескелеу,жаңа экономикалық саясат деген кезеңдерді де көрді. Көріп қана қоймай, кеңес жүйесінде бірнеше қызметтер атқарды. Колхоз төрағасы, партия хатшысы, сот төрағасы тәрізді қызметтер істеуге қолы жетті. Үйленіп, сыйлы отағасы болған. Сөйтіп жүргенде, 37-жылда келіп жеткен. Бұл кезде аудандық партия бөлімшесінің хатшысы болып істеп жүрген. Сол күні аудандық жиналыс болып, «Қызыл жалау» колхозының төрағасына «жүздеген қой басын азықпен қамтамасыз ете алмай өлтірді» деген  айып тағылған. Сол төраға пәле -жалаға үйірлігімен атағы шыққан адам еді. Кәрім осы жиналыстан үйіне мазасыз оралған. Ұйқысыз жатқан ол, үйдің жанына келіп тоқтаған мәшине дыбысын естіп, орнынан тұрған. Сөйткенше болған жоқ, есік қағылды,Кәрім есік тиегін ағытқанда, оны итере -митере үйге үстерінде қара  былғары күрте  мен шекпен киген үш әскери адам кіріп келді. Кәрім бір пәленің болғанын білді. Үндемеді. Аналар мұны тез киіндіріп, әйелінің құшақтап жібермегеніне қарамай, сыртқа алып шығып, қара жәшікті мәшинеге отырғызды. Түрмеде ұйықтамай таңды атырды. Сөйтіп түрмеде сұраусыз бірнеше күнді өткерді. Қанша күн өткенін білмейді, бір күні оны тергеуге шақырды. Тергеушінің айтуынша мұның қылмысы көп екен, патшаға да, алаштықтарға да қызмет етіпті. Оның сыртында өткен жылы «Қызыл жалау» колхозынан бір жылқы, екі қой алып сойған екен, оның куәгерлері бар» деді. Тергеуші Кәрімнің қылмыстың бұл тармақтарымен жиырма бес жылға, не ату жазасына кесілетінін айтып, мұны түрмеге қайтарып жіберді. Екі күн өткеннен кейін мұны қайтадан тергеу бөлмесіне алып келді. Тергеуші бұған: «Қазір сен Кеңес үкіметінің қас жауы, жапонияның тыңшысы Бейсен Кәрібаевтың қылмысын бетіне қойып айтасың, айтпасаң, сен де атылуға кетесің» деді де, басқа бөлмеге алып кірді. Төрде стол басында бұйра шашын әдемілеп қайырған, төс қалталы  кител киген орта жастағы орыс азаматы отыр екен, жанында аудандық НКВД бастығы тұрды.  Оларға қарсы стөлде ақ шашты қолы кісендеулі бір адам отырды. Кәрімді оған қарсы отырғызды. Бірге кірген тергеуші Кәрімнен  қарсы алдында отырған адамды көрсетіп: «Мына кісіні танисыз ба?» деп сұрады. Кәрім ақ шашты кісіге қарап, бірден таныды.Баяғы өзі тұтқыннан құтқарған Бейсен ағасы! Өңіне әжімдер түскенімен, көп өзгермепті. Кәрім «Иә, танимын, бұл Бейсен Кәрібаев деген кісі» деді. Сосын төрде тұрған НКВД бастығы «Егер бұл кісінің Кәрібаев екенін танысаң, оның1918-жылы болшевектерді атуға қатысқанын білетін болуың керек!» деді. Кәрім сасқанынан: « Мен бұл кісінің түрмедегілерді милиционермен бірге келіп алып кеткенін көрдім, бірақ оларды атуға қатысқанын білмеймін» десін. Сонда төрде отырған кителді орыс   азаматы басын изеді. Соны күткендей, Кәрімді екі солдат қолтығынан көтеріп, түрмеге қайта алып кетті.

Содан кейін тергеуші бір қағазға қол қойдырған. Онда «Мен Кәрім Жетімеков Бейсен Кәрібаевтың болшевектерді атқанын көрдім» деп жазылғанын көзінің бір қиығымен көрген. Содан кейін Кәрім  Бейсен Кәрібаевтың атын  естіген де, көрген де емес.  Бұл да «экономикалық зиян келтіргені үшін» деген тармақпен жиырма жылға  сотталып кете барған. Содан Кәрім Сібірден 55-жылы оралды.Алпысыншы жылдары бұл кісі сексеннің сеңгіріне келіп қалды. Жас келгесін түрлі ауру да есеңгіретіп бара жатқандай. Бұл кезде ғылым саласында танылып қалған кенже баласы Сейітбекті  шақырып алып, кейінгі кезде мазалап жүрген бір тілегін айтқан « Қарағым, жасым болса сексеннен асып барады, заман түзеліп, сендердің ел қатарына қосылып, азамат болғандарыңды көрдім. Құдайға тәуба, немерелерімнің қызығын көріп, шөпшектерімнің күлкісін естіп жүрмін. Арманым жоқ. Пенде болғасын, менің де жасаған күнәләрім бар. Ол үшін Алла тағаладан күнде кешірім сұрап, құран қайырамын. Сонда да бір күнәмді арқалап көрге бірга ала кетпейін деп, саған бір тілек айтқалы отырмын!». Баласы Сейітбек әкесінің осынша ауыр сөз айтқанына елпектеп: «Әке, айтыңыз, қолымнан келер нәрсе болса, орындаймын» деген. Сонда Кәрім ақсақал: «Мені өлімнен құтқарған кісіні 37-жылы атылып кетуіне себеп болдым. Соның аруағының алдында қарызбын. Ол Бейсен Кәрібаев деген азамат еді. Басында қойылған белгі де жоқ. 37- жылы сотталғандар қазір ақталып жатыр ғой. Соны архивтен іздеп тауып, басына бір белгі қой. Менің саған айтар соңғы тілегім осы» деген. Көп ұзамай, заманның ағымы солай болды ма, ақталғандардың ішінде Бейсен Кәрібаевта болып, ел ішіндегі ағайындары қуанған. Сейітбек әкесінің көзі тірісінде тілегін орындап, уез орталығы болған тарихи жерде,  сол кездегі оқыған азаматтардың бірі -Бейсен Кәрібаевтың басына көрнекті белгі тұрғызған еді. Кәрім ақсақал иығынан бір ауыр жүк түскендей болып, көңілі орнығып, бұл дүниеден өтіп еді.

Related Articles

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • Шағын сараптама:Шыңжаң өлкелік үкіметі, шетелге оқушы жіберу жұмысы

    Шағын сараптама 1934-35 жылы жаңа Шыңжаң өлкелік үкіметі құрылған соң шетелден оқу, шетелге оқушы жіберу жұмысы кешенді жүзеге асты. Соның негізінде өлкелік үкімет Совет Одағынан оқитын жас талапкерлерге конкурс жариялап арнайы үкіметтің оқу стипендиясын бөлді, нәтижесінде 1935-39 жылдары ұзын саны 300-ге тарта студент Совет Одағында білім алды. 1935 жылдары Шығыс Түркістандық студенттердің ең көп оқуға түскен білім ордасы- Ташкендегі САГУ еді, атап айтқанда Орталық Азия Мемлекеттік Университеті. Ташкеннен оқыған Шыңжаңдық студенттер Шығыс Түркістанның барлық аймақтарында түрлі қызметте жұмыс істеді, оларды кейін “Ташкентшілдер” деп те атады. 1939 жылдан кейін Мәскеу мен Шыңжаң өлкелік үкіметтің арасы дипломатиялық дағдарысқа ұшырады, соның кесірінен ресми Үрімжі Совет Одағы құрамындағы студент азаматтарды елге шақыртып алды. Білім

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: