|  | 

Жаһан жаңалықтары

Сарапшылар: Ресей ықпалы мен орыс тілінің аясы тарылады


Украин тілі мен әдебиеті күні наразылық акциясында тұрған адам. Киев, 9 қараша 2016 жыл.

Украин тілі мен әдебиеті күні наразылық акциясында тұрған адам. Киев, 9 қараша 2016 жыл.

Америкалық Stratfor барлау және сараптама орталығы орыс тілінің қолдану аясы тарылып, демографиялық, мәдени, саяси және технологиялық өзгерістер қарқынды жүріп жатқандықтан, Кремльдің көршілерге ықпал ету мүмкіндігі азая береді деп болжайды.

Stratfor барлау және сараптама орталығының сарапшылары СССР дәуірінен кейін дүниеге келген адамдар саны артып келе жатқандықтан, Еуразияның постсоветтік аймағында әлі талай саяси және мәдени өзгерістер болады дейді. Совет одағы ыдырап, оның құрамында болған елдер тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр өтсе де, Балтық елдерінен басқалары әлі де орталыққа қатаң бағынған саяси жүйе мен жартылай капиталистік экономикалық модель бойынша өмір сүріп жатыр. Ал Ресей 1990 жылдардағы хаостан кейін ес жиып, бұрынғы одақтастарымен байланысты қайта нығайтты. Мәскеу әскерін орналастыру, саяси жолмен манипуляция жасау арқылы аймаққа ықпалын күшейтуге тырысып жатыр.

Әйткенмен Ресейдің көрші елдерге саяси, экономикалық және мәдени ықпалы азая береді, оған ең әуелі демографиялық өзгерістер себеп деп жазады Stratfor. Оның деректері бойынша, Орталық Азияда тұратын халықтың орташа жасы – 30 жас. Яғни, тұрғындардың жартысы ғана Совет одағын көргендер.

ОРЫС ТІЛІ ЕКІНШІ ОРЫНҒА ОЙЫСТЫ

“Бұрын Совет одағының құрамында болған елдердің барлығында орыс тілінің аясы тарылып барады” деп жазады Stratfor. Мектептерде орыс тілінің орнына француз, ағылшын, неміс, қытай тілдері оқытыла бастаған. Орыс тілін ана тілі ретінде қолданатындар да біртіндеп азайып жатқаны байқалады.

Украин тілінде білім беруді қолдау акциясында ата-аналарымен бірге тұрған балалар. Днепропетровск облысы, 20 мамыр 2017 жыл.

Украин тілінде білім беруді қолдау акциясында ата-аналарымен бірге тұрған балалар. Днепропетровск облысы, 20 мамыр 2017 жыл.

“БҰҰ мен ұлттық мәліметтерді қолданатын Euromonitor тобының деректері бойынша, 2016 жылы Украина халқының төрттен бірі ғана тұрақты түрде орыс тілінде сөйлеген. 1994 жылы орыс тілін ана тілім деп көрсеткендер Украина халқының 33,9 пайызын құраған. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 33,7 пайыздан 20,7 пайызға кеміген. Грузияда орыстілділер саны 6,4 пайыздан 1,1 пайызға азайған” деп жазады Stratfor.

Дегенмен, бұрынғы одақтас елдер тұрғындарының арасында орыс тілін екінші тіл ретінде меңгергендер баршылық, бірақ олардың саны да жыл өткен сайын азайып барады.

Америкалық сарапшылар кириллицадан латын қарпіне көшу әрекеттерін осы трендтің бір бөлігі деп санайды. Түркіменстан, Өзбекстан мен Әзербайжанның ізін ала Қазақстан да латын қарпіне көшуді жоспарлап отыр.

“Назарбаев билігі әліпби ауыстыруды 1990 жылдардың басынан-ақ ойластырған еді, елдегі орыс тілінің рөлі төмендеп, қазақ тілінің ауқымы кеңейгендіктен, енді бұл өзгерістің болмай қоймасы анық. Сөйтіп, уақыт өте келе Ресейдің айналасындағы лингвистикалық өзгерістердің нәтижесінде оның мәдени ықпалы да әлсірей бермек” деп жазылған Stratfor сараптамасында.

ЖАҢА ҰРПАҚТЫ ЕСКІ ӘДІСПЕН БАҒЫНДЫРУ

Оның үстіне, Ресейдің ескі әдіспен тәуелсіз елдердегі қоғамдық санаға дәстүрлі ақпарат құралдары арқылы ықпал ету мүмкіндігі де азайып келеді. Зерттеушілер оның екі себебін атайды. Біріншіден, советтік кезеңнен кейін дүниеге келген жаңа буынның билікке, саясатқа деген көзқарасы, ұстанымы аға ұрпақтікінен өзгеше. Совет одағы ыдыраған соң билікке келген басшылар СССР-дың бөтен ойлыларды қорқытып-үркіту әдісінен бас тартпады. Жаңадан құрылған тәуелсіз елдерде оппозиция басшыларын тұтқындау, қудалау әдістері жиі қолданылды. Соның арқасында көп ел біраз уақыт ішкі тұрақтылықты сақтап қала алды.

Бірақ, 21 ғасырдың алғашқы онжылдығының ортасына қарай Еуразия құрлығында демократиялық бұлқыныстар басталды. 2003 жылы Грузияда бейбіт түрде билік ауысты, бұдан соң Украина мен Қырғызстанда халық наразылығы арқасында төңкеріс болды. Stratfor сарапшыларының айтуынша, жаңа ұрпақ жаппай жемқорлыққа, Совет одағы кезіндегідей қатаң саясатқа төзбейтінін айқын аңғартты. Бұрын-соңды төңкерісті бастан кешпеген елдердің өзінде экономикалық дағдарыс пен жемқорлыққа қарсы халық наразылық білдіре бастады.

Минскінің орталығында наразылық кезіндегі полицияның арнайы жасағы. Беларусь, 25 наурыз 2017 жыл.

Минскінің орталығында наразылық кезіндегі полицияның арнайы жасағы. Беларусь, 25 наурыз 2017 жыл.

“Ақпан-наурыз айларында Беларустың түкпір-түкпіріндегі қалаларда мыңдаған адам көшеге шығып, елдегі экономикалық жағдайға және үкіметтің саясатына көңілдері толмайтынын ашық білдірді. Президент Александр Лукашенконың қауіпсіздікке қаншалық мән беретінін ескерсек, бірнеше жыл бұрын мұндай кең ауқымды әрі ұзақ демонстрацияның болатынын көзге елестету мүмкін емес еді” делінген Stratfor сараптамасында.

ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ДЕМОКРАТИЯҒА ӘСЕРІ

Ресейдегі наразылық шараларына жасы жиырманың төңірегіндегі жастардың көп қатысқанына ерекше назар аударған сарапшылар “экономикалық дәуірлеу кезінде жақсы өмірге үйреніп қалған Ресей халқының дағдарыс басталғанда бұл биліктен көңілі қала бастағанын” атап көрсеткен. Кең аумақты қамтыған және жастар өте көп қатысқан бұл демонстрациялар жаңа буынның өскенін дәлелдейді.

Коррупцияға қарсы шеруге қатысушылар. Мәскеу, Ресей, 26 наурыз 2017 жыл.

Коррупцияға қарсы шеруге қатысушылар. Мәскеу, Ресей, 26 наурыз 2017 жыл.

Stratfor сарапшыларының тұжырымы бойынша, бұл демонстрацияларда жаңа технология ерекше рөл ойнаған. Ресей жастары өзара байланыс орнату және шаралар ұйымдастыру ісінде әлеуметтік желілерге көбірек сүйенеді.

“Әлеуметтік желінің маңызды геосаяси құрал болғаны сондай, Украина үкіметі осы айда ұлттық қауіпсіздік мақсатында Ресейдің “ВКонтакте” және “Одноклассники” әлеуметтік желілерін бұғаттау туралы шешім шығарды” деп жазады сарапшылар. Дегенмен, бұрынғы Совет одағы елдерінің басшылары әлеуметтік желілерге шектеу қойып, белсенділерді қудалау дәстүрін әлі жалғастырып жатса да, наразы топтарды ескі әдістермен тұсаулаудың қиындап бара жатқанын түсінеді.

РЕСЕЙДЕ ТҰРҒЫНДАР САНЫ КЕМІП БАРАДЫ

Санасы да, технологиясы да жаңарған халыққа үкіметтер ескі әдіспен қарсы тұрмақшы, ал бұдан тұрғындар мен үкімет арасындағы қарым-қатынас нашарлай береді дейді сарапшылар. Бұл әсіресе демографиялық ахуал қиындаған Ресейде анық білінеді. Халқының саны азаятындықтан, Ресей Еуразияға ықпал етуді көздейтін басқа державалармен экономикалық және әскери бәсекеде жеңіліп қалуы ықтимал.

“Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша, 2050 жылға қарай Ресей халқы 143 миллионнан 129 миллионға азайып, 10 пайызын жоғалтады. Керісінше, АҚШ халқының саны 20 пайызға артса, Түркия мен Иранның да тұрғын саны біршама өседі” дейді сарапшылар. Оның үстіне, Ресейдегі славяндардың үлесі азайып, елдің мәдени және саяси бірегейлігі одан сайын күрделене түспек.

Ресейдің бұл сын-қатерлерге төтеп беріп, өз ішінде тұрақтылық пен көршілерге ықпалын сақтап қалуы оның жаңа жағдайға тез икемделуіне байланысты болмақ. Бұл ел мәдени, әлеуметтік және технологиялық өзгерістерге бейімделуге тырысып жатқанымен, демографиялық және лингвистикалық бетбұрыстарды тоқтату мүмкін емес. “Сондықтан, Еуразиядағы постсоветтік халық саны артқан сайын Ресейдің аймақтағы доминантты держава мәртебесіне қауіп төніп келеді” деп қорытындылайды америкалық Stratfor жекеменшік барлау және сараптама мекемесі.                                                                                                                                                                                  Азат Еуропа / Азаттық радиосы 

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Рид СТЭНДИШ Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) елге сапармен келген қытай генералы Чжан Юсямен қол алысып тұр. 2017 жыл. Өткен аптаның аяғында Қытайдың Орталық әскери комиссиясы төрағасының орынбасары қызметінен әрі Қытай коммунистік партиясы саяси бюросының мүшелігінен босатылды. Әскери басшылықтағы мұндай жоғары шенді тұлғаның орнынан алынуы Пекиннің Тайваньға қатысты жоспарына, АҚШ-пен бәсекесіне және аймақтағы тұрақты ойыншы ретіндегі рөліне қатысты бірқатар сұрақ туғызып отыр. 24 қаңтар күні Пекин қызметтен босатылған генерал Чжан Юся (Қытай басшысы Си Цзиньпиннің көп жылдан бергі сенімді серігі болған) тергеуге алынды деп хабарлады. Тосын шешімнен кейін Си Цзиньпин әскери басшылық шыңында жалғыз өзі қалды. Қытайды зерттеуші сарапшылар мұның билік сабақтастығына елеулі салдары болады дейді. Ал Пекиннің серіктестері

  • Tridon Mk2 зениттік қондырғы

    Tridon Mk2 зениттік қондырғы

    Швеция мен Дания Украинаға арнап британ-швед өндірісіндегі заманауи Tridon Mk2 зениттік қондырғыларын сатып алуға бірігіп кірісті. Кешен әсіресе жақын қашықтықта ұшатын ирандық «Шахед» дрондарына қарсы ең тиімді қарудың бірі. Қазіргі уақытта Tridon Mk2 өз класындағы ең озық әуе шабуылына қарсы жүйе саналады. Tridon Mk2 зениттік қондырғысының басты ерекшелігі атыс қарқыны. Ол минутына 300 оққа дейін жаудыра алады. Осылайша әуе кеңістігіне енетін шағын дрондардың көзін жылдам әрі дәл жоюға мүмкіндік туады. Тағы бір артықшылығы атылатын 40-мм снарядтардың құны небәрі 27 долларды құрайды. Экономикалық тұрғыдан тиімді екенін дәлелдейді. Қару-жарақ саласындағы мамандар Украинадағы әскери қақтығыстарды ескере отырып, арзан әрі тиімді әуе қорғанысы қаруына сұраныс жоғары екенін айтады. Tridon Mk2 жүйесінде қолданылатын арнайы британдық

  • Келешекте қай салаларды дамыту керек?

    Келешекте қай салаларды дамыту керек?

    Инвестордан артық қатаң реалист жоқ қой. Ол салған ақшасы өзіне еселеп қайтуы үшін тек перспективасы мол, келешегі жарқын салаларды таңдайды. JPMorganChase АҚШ-тағы, әлемдегі ең ірі банктің бірі ретінде алдағы 10 жылда 1,5 трлн доллар инвестиция құятынын қараша айында жариялады. Сөйтіп, негізгі 4 бағытты таңдаған. Олар ары қарай 27 салаға бөлінеді: – Озық технология: робототехника, фармакология, аса маңызды минералдар – Қорғаныс, аэроғарыш өндірісі: байланыстың жаңа буыны, мүлде жаңа дрондар – Энергетикалық тәуелсіздік: күн, атом, жаңа батареялар – Стратегиялық технология: ЖИ, киберқауіпсіздік, кванттық есептеу Арғы жағындағы 27 саланы оқысаң, мына банк әлемдік соғысқа дайындалып жатқан сияқты көрінеді. Себебі гипердыбыстағы ракета, 6G байланыс, ғарыш, адамсыз технология деп кете береді. Энергия көздерінің түр-түрі. Екінші

  • Зеленский Уиткофф және Кушнермен “мазмұнды әңгіме” болғанын айтты

    Зеленский Уиткофф және Кушнермен “мазмұнды әңгіме” болғанын айтты

    Владимир Зеленский  Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф және Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнермен телефонмен “мәнді әрі конструктивті” әңгімелескенін хабарлады. Уиткофф пен Кушнер 2 желтоқсанда Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. “Біз көптеген аспектіге назар аудардық және қантөгісті тоқтатып, Ресейдің үшінші рет басып кіру қаупін жоюға кепілдік беретін маңызды жайттарды, сонымен бірге Ресейдің өткен жолғыдай уәдесін орындамау қаупі сияқты нәрселерді талқыладық” деді Зеленский. Әңгімеге сонымен бірге қазір АҚШ-та жүрген Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров, қарулы штабтың бастығы Андрей Гнатов қатысқан. Axios дерегінше, әңгіме екі сағатқа созылған. Келіссөздерден хабары бар дереккөздің айтуынша, Уиткофф пен Кушнер екі жақтың да талаптарын жинап жатыр және Путинді де, Зеленскийді де

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: